Иран базары (20)
Иранда өндірілетін тастардың түсі, сапасы мен жобасы бұл елді әлем бойынша бірінші орынға шығарды. Бүгінгі бағдарламада Иран базарының келесі бір бөлігімен таныстырамыз.
Геология ғылымында тас деп бір немесе бірнеше минералдың қосындысынан тұратын топырақ аралас жыныстарды атайды. Минералдар қатты, табиғи, әдетте кристалды, біртекті және белгілі бір химиялық құрамды жыныстар болып табылады. Осы уақытқа дейін табиғатта 3 мыңнан астам минералдың түрі анықталған. Олардың 20-дан астам түрі Жер планетасында кең таралған. Оларды тас түзетін минерал деп атайды. Тастар түзілу тәсіліне қарай шөгінді, магмалық және метаморфтық болып үш топқа бөлінеді.
Адам баласының құрал, баспана және өзіне қажет заттарды жасау үшін ең алғаш қолданған заты тас болған. Бүгінде тас ауырлығы, өндіру мен тасымалдаудың қиындығына байланысты әралуан қолданыс аясында, соның ішінде ғимарат салуда өз орнын кірпіш сияқты құрылыс материалына бергенімен, бұрынғыдай көп жағдайда, әсіресе көпір, туннель, көшкін бөгеті мен тас құрсаулар сияқты ауыр құрылыста өз маңыздылығын сақтап қалған. Мұнымен қоса, ғимараттарды салуда декоративті тастарды қолдану құрылыс саласында айшықты орынға ие. Әлемде құрылысқа арналған және декоративті тастардың шамамен 15 млрд тонна қоры бар. Олар жылына 80 млрд доллардан астам қаржы айналысын қалыптастырады.
سنگ های تزئینی
Декоративті тастар
Иранда тас өндірісі мен оның қолданыс тарихы тереңнен басталады. Ежелгі ирандықтар өз өркениеті қалыптасқан алғашқы мыңжылдықтарда құрылыс тастарын ғимараттар салып, көркемдеуге пайдаланған. Иранның солтүстігінде 7 мың жыл бұрынғы заманға тиесілі тастан қаланған үйлерден қалған қалдықтар бұл елде тастарды қолдану тарихының көнелігін көрсетеді. Персеполис, Пасаргад, Луристан облысындағы Сынған көпір (Шапур көпірі), Гилян облысындағы Бандарбен қамалы және басқа да көптеген тарихи ескерткіштер Иранда үй құрылысында тасты пайдаланудың кең таралғанын көрсетеді.
Персеполистегі үлкен тас кесінділері Иран жерінде тастарды пайдалану тарихының ертеден басталғанын көрсетеді. Бүгінде 4 млрд тонна құрылыс тастары мен декоративті тастарға ие Иран әлемдегі тас өнеркәсібінде алғашқы 10 елдің қатарына енген. Әлемдік рейтинг бойынша, Иран декоративті тастардың қоры бойынша төртінші орында. Сонымен қатар бұл ел әртүрлі құрылыс тастарына ие болу тұрғысынан әлемдегі бай елдердің бірі саналады. Еуропа мен Азияның кейбір елдері тас нарығында айшықты рөл атқарғанымен, олардың ешқайсысында Ирандағыдай тас алуандығы жоқ. Тіпті Иранда өндірілетін тастардың түсі, сапасы мен жобасы бұл елді әлем бойынша бірінші орынға шығарды. Иранның кен орындарынан 100-ден астам құрылыс тасы мен декоративті тасты табуға болады. Сонымен қатар, Иранда 1300-ге тарта құрылыс тастары кен орындары, 5 мыңнан астам тас кесу кәсіпорны, 600-ге жуық қосалқы өнеркәсіп түрі, соның ішінде тас кесу құрал-жабдықтарын шығару зауыттарының болуы бұл елді декоративті тастар өндіру тұрғысынан әлемдегі алғашқы 7 елдің қатарына қосты. Иранның көптеген облыстарында, соның ішінде Исфахан, Йезд, Керман, Хорасан-е Разави және Оңтүстік Хорасан, Фарс, Күрдістан, Шығыс және Батыс Әзірбайжан мен Луристан облыстарында сапалы құрылыс және декоративті тастар өндіретін кен орындары бар.
Махаллат ауданында өткен Иранның тоғызыншы халықаралық тас көрмесінен бейнебаян
Тастың сапасына әртүрлі факторлар әсер етеді. Тас қоршаған ортаның физикалық және химиялық жағдайына төзуі тиіс. Күннің нұры, жел, аяз, температураның өзгеруі мен барлық эрозиялық факторларға берік болуы керек. Сапалы таста желі, тамыр, жарық, шірік және қатпарларының борпылдақтығы болмауы тиіс. Оның түсі біркелкі, таза болады, жасанды материалдар болмайды.
Дайын тас шығару өндіру мен пайдалануға дейін әртүрлі кезеңдерден, соның ішінде барлау, өндіру, тасымалдау, кесу және өңдеуден өтеді. Кен орындарынан алынатын тастың үлкен кесектері оларға жасалатын амалдар кезеңіне байланысты әртүрлі қолданысқа ие болады. Кен орнынан алынған белгілі бір формасы жоқ тас шектеулі түрде тастардың арасын және құрылыстың астыңғы қатпарларын толтыру үшін пайдаланылады. Келесі кезеңде егер шеберханада тас кесетін құралмен белгілі бір қалыпқа ие болса, аса әдемілікті қажет етпейтін жолдың жиегі мен бетін жабуға қолданылады. «Мелон» тасы – кесу құралымен толығымен белгілі бір қалыпқа енетін тас. Әсіресе оның бір жақ беті теп-тегіс болады. Бұл туннель, көпір, жол жиегі, тас жол мен баспалдақ жасауға қолайлы. Ғимараттың іші мен сыртын әдемілеуге тас қолдану үшін кесек тасты қажет қалыңдықта кесіп, оны айнадай жылтырағанға дейін өңдейді. Арзан бағалы декоративті тастарды әдетте травертиннен, ал қымбатты гранит пен мәрмәрден таңдайды. Тастардың бұл түрі гүлдан мен шамдан сияқты декоративті заттарды жасау үшін пайдаланылады.
Тастардың техникалық сипаттамасы әралуан. Сол себепті құрылыстың әртүрлі бөліктеріне кез келген тасты қолдануға болмайды. Мысалы, гранит – атқылау арқылы пайда болған тастардың бір түрі. Ол өте мықты, берік әрі жалтырау қабілеті жоғары. Ұсатылған гранитті бетон жасауға, тас жол мен темір жолдың астыңғы қабаттарын толтыруға, кесек гранитті естелік мүсіндер, нысандардың инфрақұрылымын жасауға, ғимараттың іші мен сыртын әрлеуге және еденін жабуға қолданады. Граниттің түрлерінен габбро мен диабазды атауға болады. Иранның орталығындағы Йезд облысында граниттің 28 түрін кездестіруге болады.
انواع سنگ های گرانیت ایران
Травертин – шөгіндіден түзілетін декоративті тас. Ол гейзерлік су көздерінің әсерінен түзіледі. Бұл тастың ақ, сүтке ұқсас және сұр түстері бар. Травертин ғимараттың іші мен сыртын көркемдеу үшін пайдаланылады. Иранда Теһран, Исфахан, Шығыс Әзірбайжан мен Фарс облыстары травертин кен орындары бар аймақтарға жатады. Қызыл травертин өте сирек кездесетін декоративті тастардың бірі саналады. Иранның Шығыс Әзірбайжан облысындағы Азаршахр ауданы қызыл түсті травертинімен әлемге танымал. Әлемде қызыл травертин түзетін жыныс осы аудандағы Сардарабад кен орнында орналасқан.
Метаморфтық тастардың түрінен мәрмәр тасты атауға болады. Мәрмәр тас ғимараттың ішін, соның ішінде қабырға мен еденді көркемдеуге және өнер туындыларында қолданылады. Таза мәрмәр ақ түсті келеді. Ең жақсы мәрмәрдың кен орындарын Иран мен Италиядан кездестіруге болады. Түсінің алуандығы тұрғысынан Иранның мәрмәр тасы жоғарырақ. Мәрмәр тас қызыл, қызғылт, қою қызыл, бал түсті, сары, сұр, қою көк түсті болады. Кейбіреулері құрамдас түстерден тұрады. Керман облысының толқынды жасыл мәрмәр тасы елдегі ең әдемі әрі ең мықты мәрмәр тас саналады. Тастың бұл түрі түсінің әдемілігіне байланысты әдетте қасиетті орындарда қолданылады. Жасыл түс – иман, тыныштық, денсаулық пен өмірдің символы. Ирандағы ең жақсы мәрмәр тасының кен орны Керман облысының Рүстем ауылы мен Күрдістан облысының Ғорух қаласында орналасқан.