Ұлы тұлғаның алдында 93
Расында әйелдер отбасы ортасында ең кішкентай ісімен үлкен сауапқа ие бола алып, жанкештіліктерімен илаһи жолда қадам баса алады.
Жанұя орталығы мен осы ортадағы әйелдің беделін нығайтып, әртүрлі салалардағы әйелдің сындарлы рөліне назар аудару қасиетті Ислам дінінің негізгі қалаулары саналады. Бұл қасиетті діннің тағылымдарына сәйкес, әйел – ардақты жаратылыс және барлық салалар бойынша діни және заң тұрғыларынан құқықтарға ие.
Халықтың әртүрлі таптарына, әсіресе әйелдерге ерекше назар аударатын Иран Ислам революциясының жетекшісі аятолла Хаменеи әйелдердің алдында сөйлеген сөздерінде әке және қамқоршы ретінде әйелдерді өздерінің негізгі құқықтары және маңызды рөлдерімен таныстыруға талпыныс жасады.
Аятолла Хаменеи оқыған бойжеткендер мен хабардар әрі қырағы әйелдерге арнаған маңызды сөздерінде: «Менің сөзіме дұрыс көңіл бөліңіздер. Әйелдің рөлін үш тұрғыдан бақылауға болады: біріншіден, әйелдің адам ретіндегі рухани кемелдік жолындағы рөлі; екіншіден, қоғамдық, саяси, ғылыми және экономикалық жұмыстардағы рөлі. Исламның көзқарасы бойынша, әйелдердің ғылыми, экономикалық және саяси талпыныстары мен жұмыстары үшін барлық есік ашық. Үшіншіден, әйелдің отбасындағы рөлі. Бұл оның ең маңызды міндеті. Менің ардақтыларым! Ислам ерге әйелге зорлық-зомбылық көрсетуге рұқсат бермейді. Отбасында ерге шектеулі құқық берілген»,- деді.
Егер Ислам дініндегі әйелдің құқықтарымен танысқымыз келсе, әйелдердің үш саладағы рөліне шолу жасай аламыз. Аятолла Хаменеидің пікірінше, біріншіден, әйел – рухани жолда кемелдікке жеткісі келетін адам. Тарих бойында иманы жоғары деңгейге жеткен, Құран оларды бүкіл адамзат үшін тақуалықтың үлгісі деп атайтын ұлы әйелдер кездеседі. Құран Кәрімнің нұрлы аяттарына шолу жасағанда Алла Тағаланың мүміндер үшін адал адамнан мысал келтіргісі келген кезде Перғауының әйелі, яғни Әсия ханым мен хазірет Исаның анасы хазірет Мариямды үлгі ретінде атайтынын көреміз. Бұл мүмін әйелдер сияқты адамдар олардың кезінде болмаған немесе өте аз кездескен.
Аятолла Хаменеи бұл екі әйел туралы: «Тарихтың басынан соңына дейін қаншама мүмін, теңдессіз тұлғалар, әулиелер мен пайғамбарлар келіп кетті. Алла Тағала олар үшін үлгі ұсынғысы келгенде осы екі әйелді ұсынады: «Алла Тағала иман келтіргендерге Перғауынның әйелін мысал көрсетті. Сол уақытта ол: «Раббым! Өз жаныңнан маған пейіште бір үй жаса әрі мені Перғауын мен оның істегендерінен құтқар...»,- деді. Сондай-ақ, «Имран қызы Мариямды мысал көрсетті. Ол ұятты жерін қорғаған. Сондықтан рухымыздан үрлеген едік. Ол Раббының сөздерін және кітаптарын растаған еді...»,- деді («Тахрим» сүресі, 11-12-ші аяттар). Діни жетекші қасиетті Құран кітабының осы екі аятына тоқталып, Ислам дінінің көзқарасы бойынша, жыныстың негізгі емес, қосалқы мәселе екенін, адамзаттың кемелдікке жетуі жолында еш әсер етпейтінін, сондай-ақ бұл салада ер мен әйелдің арасында айырмашылықтың жоқтығын көрсетеді.
Аятолла Хаменеидің пікірінше, бұл екі қасиетті аяттағы маңызды мәселе бұл екі мүмін әйелдің отбасыларындағы рөлін байланысты осындай мәртебеге жеткендерін көрсету болып табылады.
Перғауынның әйелі Әсия үлкен пайғамбарлардың бірін, яғни хазірет Мұсаны өз құшағында тәрбиелеп, оған иман келтіріп, оған көмектесіп, сол жолда көптеген қиындықтардан өткені үшін Жаратушының алдында жоғары беделге ие болды. Әсия шынайы ақиқатпен кезіккен кезде илаһи болмысы оянып, Аллаға жақындауды көздеді. Аятолла Хаменеидің пікірі бойынша, Перғаунның салтанатты сарайы Әсияны қызықтырмаған. Тұрмысы жақсы әрі сарайда өмір сүрген, «Перғауынның әйелі» деген атаққа ие, сондай-ақ, ата-анасы мен жақындары дінсіздер болған, сырт көзге нығмет пен ғиззатқа бөленген әйелдің жүрегін хазірет Мұсаның иманы өзіне тартқан. Сөйтіп, Әсия хазірет Мұсаның Құдайына иман келтіріп, өзінің бүкіл тыныштығы мен тұрмысын шетке қойып, салтанатты сарайдан баз кешіп: «Раббым! Өз жаныңнан маған жаннатта бір үй жаса әрі мені Перғауыннан және оның істегендерінен құтқар, бұл дүниедегі өмірдің құны жоқ..»,- деді. («Тахрим» сүресі, 11-ші аят).
Хазірет Мариям де тақуалық жолында басқан қадамы үшін Жаратушының назарына түсті. Діни жетекші «Тахрим» сүресінің Имран қызы Мариям туралы: «...Ол ұятты жерін қорғаған...» деп айтылған 12-ші аятына сүйеніп: «Хазірет Мариямның өмірінде оның пәктігі мен намысына қауіп-қатер тудыратын жайттер болды. Хазірет Мариям солармен күресіп, пәктігін сақтай алды»,- деді.
Ұлы әйелдердің бұл екі үлгісіне, әсіресе Әсияның өміріне назар аударып, ешбір әйел бөленген тыныштығы мен көптеген нығметтерге ие болуын сылтауратып, Жаратушы мен өзінің илаһи болмысын ұмытып, материалдық мәселелерге шырмалып, күпірлікке бара алмайды деген нәтижеге жетеміз. Ал хазірет Мариямның өміріне көңіл бөлу арқылы әйел Аллаға сүйеніп, қатерлерге қарсы тұрып, өзінің болмысы мен пәктігін қорғауға міндетті деген сабақ аламыз. Әр адам: әйел болсын, ер болсын рухани мәселелерге бет бұруға жақын тұрады. Өйткені, Алла Тағала барлық адамдарды Өзіне жақын жаратты. Бұл мәселе исламда әйелдердің рухани құқықтарының қатарына жатады. Сондықтан, ешбір ер адам әйелдің руханиятқа бет бұруының алдын алып, оған кедергі бола алмайды. Айта кететін жайт, Жаратушы әйелдердің әдемі болмысы үшін олардың рухани биіктіктерге жетуін жеңілдетті. Сөйтіп, әйелдің үй жұмыстарын орындап, жұбайы мен перзенттеріне қарауды жақсы көруіне байланысты Алла Тағала әйелдің бұл жұмысы үшін үлкен сый дайындады.
Исламның ұлық пайғамбарының хадистерінің бірінде: «Әйелдің жиһады – жұбайына жақсы қарауы»,- деп айтылған. Алла Тағала әйелдерден махаббатпен өмір сүру тәсілімен танысуды талап етеді. Бұл мәселенің маңыздылығы қазіргі дүниеде анық көрінеді. Дамыған мемлекеттерде әйелдер үшін жұбайымен қарым-қатынас орнату туралы сабақтар өтеді. Алла әйелдердің болмысында жұбайы мен отбасына қарауға қажет нәрселерді қалыптастырғанымен бұл оңай іс емес. Кейде ер адаммен бірге өмір сүріп, оның қажеттіліктерін қамтамасыз ету әйел үшін ауыр жұмыс болады. Сол себепті жұбайына жақсы қарау әйелдің жоғары қасиеттерінің бірі саналады. Ер адамға да әйелімен жақсылық және махаббатқа сүйеніп, қарым-қатынас орнату міндеттелді. Ер адамдарға қатысты та: «Сендердің араларыңда ең жақсы ерлер әйелдеріне жақсы қарайтындар» деп айтылған.
Иран Ислам революциясының жетекшісі аятолла Хаменеи «Әйелдің жиһады – жұбайына жақсы қарауы»,- деп айтылған хадис туралы: «Соғыс майданына барып, өз жанын қиған жастың жиһадының сауабы жұбайына жақсы қарағаны үшін әйелге де беріледі.. Өйткені, бұл істің де қиындығы мен еңбегі аз емес. Жұбайға қарау өте қиын. Жұбайының талаптары мен қалауларына, жаман мінезі мен дауыс көтеруіне және өзін жоғары санауына төзу қиын. Бірақ, жақсы әйелдің соның барлығына қарамастан отбасының ортасын мейірімге бөлеп, достық қатынас пен тыныштық орнатуы үлкен өнер. Бұл – шынында жиһад. Бұл «үлкен жиһад» деп аталған нәпсіге қарсы жиһадтың бір бөлігі»,- деп қуаттады.
Расында әйелдер отбасы ортасында ең кішкентай ісімен үлкен сауапқа ие бола алып, жанкештіліктерімен илаһи жолда қадам баса алады.