Сәу 29, 2018 12:40 Asia/Almaty
  • Иран базары (33)

(Текстиль және киім-кешек өнімдері – машинамен тоқылған кілем) Текстиль өнеркәсібінің негізгі тармақтарының бірі – машинамен тоқылған кілем. Бүгінгі бағдарламада осы өнеркәсіп түрімен көбірек таныстырамыз.

Текстиль өнеркәсібінің негізгі тармақтарының бірі – машинамен тоқылған кілем. Бұл өнім өндірістің тізбегіндегі соңғы өнім болып табылады. Сондықтан экономикалық тұрғыдан қосымша құн салығына ие. Оны дамыту барысында көптеген қосалқы өнеркәсіптер іске қосылады. Машинамен тоқылған кілем – қолмен тоқылған кілемге керісінше өнеркәсіптік құрал-жабдықтармен тоқылып, өндірілетін қалы кілемнің үлгісі. Бұл өнім әртүрлі себептерге, соның ішінде  шикізаттың арзан болуы, қолмен тоқылған кілеммен салыстырғанда аз уақыттың ішінде көп өндіру мүмкіндігіне ие болуына байланысты өте төмен бағаға ие. Дамыған технологияны пайдалану, әртүрлі шикізаттар, тоқыманың алуандығы (тығыздық пен түйіндер саны) машинамен тоқылған әртүрлі кілемдерді қызығушыларға ұсынуға себеп болды.

Қолдан және машинамен тоқылған кілемдердің айырмашылықтарының бірі кілемді тоқуда акрил, полиэстер мен полипропилен сияқты жасанды талшықтарды қолдану болып табылады. Акрил машинамен тоқылған кілемді өндіруде ең көп қолданылатын жасанды талшықтар болып табылады. Жасанды талшықтардың бұл түрі жүн сияқты табиғи талшыққа қатты ұқсайды. Акрил басқа жасанды талшықтармен салыстырғанда жоғарырақ сапа мен ғұмырға ие. Нәтижесінде акрилден тоқылған кілем машинамен тоқылған басқа кілемдерден қымбатырақ. Полиэстер (жасанды жібек) – машинамен тоқылған кілемдерді өндіруде қолданылатын жасанды талшықтардың бірі. Оған көптеген себептерге байланысты, соның ішінде түгінің шықпайтыны, оңай жуылуы, жарқырай көрінуіне байланысты  әлемдік нарықта ең жақсы төсеніш ретінде көңіл аударылып отыр. Полиэстер талшықтарымен тоқылған кілем жоғары тұрақтылық пен жарқылға ие. Ол жібек кілемге ұқсас болғандықтан тұтынушылардың назарын өзіне көбірек аударады.

Кілем тоқу станогі

Кілемді бағалаудағы әсерлі факторлардың бірі – қолдан немесе машинамен тоқылғанынан бөлек, оның тығыздығы. Кілемді бағалауда тығыздық пен түйіндер саны деген екі термин қолданылады. Түйіндер саны мен тығыздық тиісінше кілемнің бір метр ұзындығы пен енінде қанша түйіннің жасалғанын білдіреді. Түйіндердің саны қаншалықты көп болса, кілемнің тоқымасы ұсақ болып,  қолдан тоқылған кілемге ұқсастығы көбірек болатындықтан бағасы артады. Кілемді бағалаудағы маңызды келесі факторлардың бірі – жоба мен нақыш. Бүгінде  машинамен тоқылған кілем өндіру заманауи жобаларды, соның ішінде геометриялық фигуралар, көркемдік нақыштар мен балалар үшін мультфильмдердегі кейіпкерлерді пайдалану арқылы артып келеді. Бірақ қолдан тоқылған ирандық кілемдердің басты әрі ескі жобаларынан шабыт алып машинамен тоқылған кілемдердің өз тұтынушылары бар. Бүгінде Иранның кілем тоқу өнерінің мыңдаған жылдық тарихының ізін елде машинамен тоқылған кілемдердің жоба-нақыштарынан көруге болады. 

 

Иранда машинамен тоқылған кілемдердің пайда болу тарихы шамамен жарты ғасыр бұрын басталған. Алдымен х.ш.ж.с.б. 50 жылдары (грегориан күнтізбесі бойынша 70 жылдары) Иранда машинамен тоқылған алғашқы кілем Кашандағы Махмал мен Абришам зауыттарында мақпал мен жылтыр жасанды талшықтарды пайдаланып тоқуға негізделген арнайы машиналар арқылы өндірілді. Кілемнің бұл түрінің салыстырмалы түрде қысқа әрі жеңіл түгі болды. Уақыт өте келе Кашан өнеркәсіптік компаниясы (Раванд кілем) ашылғаннан кейін бұл компания машинамен тоқылған кілем өндірумен қоса, осы өнеркәсіпке қажет шикізат өндіруді де өз мақсаттарының бірі етіп алған. Бұл зауыттың ең бірінші өнімі х.ш.ж.с.б. 1353 жылы (1974 жылы) нарыққа ұсынылды. Бұл өнімнің  қолдан тоқылған кілемдерге  ұқсастығы көп болғандықтан халықтың қолдауына ие болды. Содан кейін Гилян, Парс, Нақш-е Иран мен Экбатан сияқты әртүрлі брендтер негізінде машинамен тоқылған кілемдер шығаратын көптеген компаниялар ашылып, осы салада жұмыс істей бастады. Бүгінде Иранның әртүрлі  қалаларында машинамен тоқылған кілемдер шығаратын ондаған зауыт Сүлеймен қалы кілемі, Мешхед, Шираз, Мазандеран, Сетаре-е кабир және Бастан кілемдері деген әртүрлі беделді брендтермен жұмыс істеп жатыр.

Машинамен тоқылған кілем өндіру жіп иіру, тоқу және кілемді толықтыру деген үш кезеңнен тұрады. Мұндай кілемді тоқудың бірінші кезеңінде алдымен талшықтар зауытқа әкелініп, боялғаннан кейін әртүрлі түстермен жіп иіру бөліміне жіберіледі. Бұл бөлімде кілем тоқуға қажет жіптерді дайындап, әртүрлі номерлермен "хит сет" жіпке айналады. "Хит сет" – машинамен кілем тоқуда қолданылатын жіптер үшін берілген атау. Жіптің ішкі  тоқыма үдерісі барысында иірілгеннен кейін бу мен жылудың көмегімен  тұрақтандырады. Бұл іс жіптің сапасы, содан кейін машинамен тоқылған кілем сияқты текстиль өнімдерінің сапасының артуына себеп болады.  "Хит сет" жіптермен тоқылған кілемдердің артықшылықтарының бірі – жуғаннан кейін  реңін өзгертпейді, жылу мен тұрақты сәулеге төзімділігі жоғары, иірілген жіптер берігірек, ауаның ластығы, шаң-тозаңға төзімдірек келеді; қолға жұмсақ, түгі шықпайды, ақырында кілемнің жарамдылық мерзімі ұзағырақ.

Машинамен тоқылған кілем өндіру кезеңдері

Машинамен тоқылған кілем өндіру үдерісінде жіп иіруден кейін тоқу кезеңі келеді.  Бұл жерде кілем станок арқылы тоқылады. Бұл үдерістегі үшінші әрі соңғы кезең – кілемді толықтыру. Оның өзі бірнеше бөлімнен тұрады: көлемін анықтау, кілемнің артық түгін қию, кесу, жағалай тігу, зигзаг тігу, артық жіптерін кесу, сапасын тексеру, домалатып қаптамаға салу. Осы жұмыстардың барлығы атқарылғаннан кейін  кілем базарға сатылуға жіберіледі.  Айта кету керек, Ирандағы кейбір зауыттар машинамен тоқылған кілем өндірудің тек белгілі бір сатысы, яғни тоқумен айналысады, басқа бір компаниялар өндірістің барлық желісіне ие болып, түпкілікті өнімді нарыққа шығарады.

Машинамен тоқылған кілем өнеркәсібі Иранның экономикасындағы өте маңызды салалардың бірі саналады. Бұл сала – елдің текстиль өнеркәсібіндегі таңдаулы 5 саланың бірі. Бұларды дамыту елдің Өнеркәсіп, кен және сауда министрлігінің стратегиялық бағдарламаларының қатарына жатады. Қазіргі таңда елдің машинамен тоқылған кілем саласындағы жалпы өндіріс көлемі жылына шамамен 120 млн шаршы метрді құрайды. Иранның текстиль саласында жұмыс жасайтын адамдардың 10 пайыздан астамы машинамен тоқылған кілем өндірумен айналысады. Бұл салада жылына 80 млн шаршы метр  машинамен тоқылған кілем өндіріледі. Ол елдің текстиль өнеркәсібі құнының 5 пайызын құрайды.

Иранда машинамен тоқылған кілем шығарумен айналысатын қалалардың арасынан Мешхед, Теһран, Йезд, Исфахан мен Делиджанды атауға болады. Исфахан облысында Аран, Бидгол мен Кашан  қалалары Ирандағы машинамен тоқылған кілем өндіру полюстері болып танылған және әлемде осы өнімді өндіретін басты аймақтардың бірі саналады. Иранның машинамен тоқылған кілем шығару зауыттарының 80 пайызы осы өңірлерде орналасқан. Онда елдегі кілемнің 70 пайызы тоқылады. Кашан қаласындамашинамен тоқылған кілем шығарумен айналысып жатқан 700 экономикалық бірлік бар. Бұл қаладағы кілем өндірісінің 80 пайызымашинамен тоқылған кілем өндіру және соған қатысты жіп иіру сияқты салаларға қатысты. Кашанның машинамен тоқылған кілемдерінің сапасы, әдемілігі мен жоба-нақыштарының алуандығы соншалықты, әлемнің әртүрлі елдеріндегі көптеген адамдардың назарын өзіне аударып отыр. Қазіргі таңда бұл өнім әлемнің 40-тан астам еліне экспортталады. Кашанның машинамен тоқылған кілемдерінің басты экспортталатын елдері – Аустралия, Белгия, Түркия, Германия, Ұлыбритания, Қытай,  Пәкістан, Ирак, Ауғанстан, Орта Азия мен Латын Америка елдері.

Кашан кілемі

Соңғы жылдары Иранның машинамен тоқылған кілем өнеркәсібі сапа тұрғысынан әлем бойынша бірінші орында, ал көлем тұрғысынан әлемнің екінші ірі өндірушісі болып табылады. Ирандық өндірушілердің машинамен кілем тоқуда қолданатын жоба-нақыштардағы жасампаздығы осы саладағы құрал-жабдықтарды өндіру технологиясының айтарлықтай дамуына себеп болып, жіп иіру машиналарын шығарушыларға тығыздығы 1200 түйіннен жоғары қолдан тоқылған кілемге ұқсас кілемдер шығаруға мүмкіндік берді. Жоғары технологияны пайдалану, осы салада жұмыс істейтіндердің шеберлігі мен өнері Иранның машинамен тоқылған кілем өнеркәсібінің болашағын жарқын етіп отыр.