Иран базары (39)
Денсаулық туризмі – адамның физикалық және рухани саулығын сақтау, жақсарту немесе қайта қалпына келтіру мақсатында атқарылатын туризмнің бір түрі.
Адамзат баласы саяхаттауға әрдайым көңіл бөлген. Бұрынғы заманда сапардың басты мақсаты сауда мен зиярат болған. Ұзақ уақыт бойы сапар әртүрлі қоғамдарда аса бағалы тауар ретінде қарастырылған және тек қалталы адамдар ғана ұзақ сапарға шыға алған. Еуропада индустриалды революция болып, адам өмірінің әртүрлі салаларында даму болған кезде, соның ішінде тасымал мен қатынас дамығанда әлемде саяхаттау біртіндеп жалпылық сипатқа ие болды. Бүгінде туризм әлем экономикасында ірі әрі табысты индустриялардың бірі ретінде танылған. Мұнай мен машина жасау өнеркәсіптерінен кейін әлемдегі ірі үшінші өнеркәсіп туризм саналады. Ол жұмыс орындарын тудыру, табыс табу, кедейлікті жою және қоғамда әлеуметтік әділеттік пен әл-ауқатты таратуға септігін тигізіп жатыр.
Туризм құбылысы әртүрлі тармақтардан тұрады. Соның ішінде тарихи, табиғи, мәдени, ғылыми, діни туризм, сауда-экономикалық, спорт және шытырман оқиғалар туризмі бар. Осылай бөлудің негізі туристің басты ниетіне байланысты. Денсаулық туризмі – соңғы онжылдықтарда ерекше көңіл аударылып отырған туризм салаларының бірі. Медициналық қызметтер, соның ішінде алдын алу және емдеу үшін басқа елдерге сапар шегетін адамдар ем алатын туристердің қатарына жатады. Денсаулық туризмі – адамның физикалық және рухани саулығын сақтап, жақсарту немесе қалпына келтіру мақсатында атқарылатын туризмнің бір түрі. Сондықтан ем алатын турист басқа елдің медициналық орталықтарынан емдік қызметтер алу үшін өзінің тұрақты өмір сүретін жерінен әлемнің басқа жерлеріне сапар шегеді. Денсаулық туризмі әлемде тез дамып келе жатқан туризм салаларының қатарына жатады. Әлемде ем алуды мақсат ететін туристердің саны күн санап артып келе жатыр.
Әлемде жылына 7 млн-нан астам адам денсаулық туризмі қызметтерін алу үшін саяхаттайтын көрінеді. Бұл нарықтың дүние жүзі деңгейіндегі табысы жылына 100 млрд долларды құрайды. Денсаулық туризмі нарығы – әлемде табысы мол әрі бәсекелестік қабілетке ие индустрия салаларының бірі. Сол себепті макродеңгейде елдер осы индустрияның экономикалық артықшылықтарын пайдалануға қызығады. Әлемнің көптеген елдері, соның ішінде даму үстіндегі елдер осы индустрияға инвестиция салуға ынта танытып отыр. Әртүрлі елдердің арасында турист тарту бойынша бәсекелестік артып келеді.
Денсаулық туризмі әртүрлі тармақтарға, соның ішінде медициналық туризмге бөлінеді. Бұл – ең маңызды және ең көп таралған денсаулық туризмінің түрі. Медициналық туризм әлемде сапар мен медицина деп аталатын екі табысты индустрияның қосындысынан тұрады. Сапалы әрі мүмкіндіктері жоғары емдік қызмет алу, тәжірибелі дәрігерлер мен кәсіби мамандардың болуы, емдеу құнының төмендігі, емдеу кезегінде тұрып, күтпеу емделуді мақсат ететін туристің өз елінен шығып, медициналық туризм саласында жұмыс істейтін елдердің медициналық орталықтарына баруына себеп болып отыр. Мұндай туристердің мақсаты әдетте медицинасы жақсы дамыған және емделу құны төмен елдердің емханалары мен ауруханаларына бару болып табылады. «Тиімді баға» осындай қызмет алуда медициналық қызмет көрсететін ел үшін бәсекелестікке ие артықшылық тудырады. Көп жағдайда медициналық туризмнің мақсаты медициналық қызмет құнының төмендігі және қызметтің жылдам көрсетілуін қамтамасыз ету болып табылады Медициналық туризм саласында ұсынылатын қызметтер әрқилы және туристің таңдауына байланысты. Тіс емдеу мен косметологиялық ота сияқты қарапайым қызметтерден бастап тізе сүйегін (тізе тобығын) ауыстыру, жүрек пен көзге ота жасау және белсіздікпен күресу сияқты дамыған оталарға дейін барлығы емделетін туристің таңдауы бола алады.
Әлемнің көптеген туристік елдері табыс табу үшін медициналық туризм қызметтерін де көрсетеді. Алайда бір елдің медицина ғылымы мен емдеу қызметтеріндегі қарым-қабілеті ойын-сауық және спорт туризміне керісінше қаражат жұмсап, әртүрлі ғимараттар салудан қалыптаспайды. Тәжірибелі әрі шебер дәрігерлер, сол елдегі медицина ғылымының тарихы, емдеу инфрақұрылымдары, тиісті бақылау, стандартқа сай ауруханалар мен емханалар, заманауи медициналық жабдықтардың толықтығы, сондай-ақ, медициналық заңдар мен бақылаулардың болуы – осының барлығы бір елдің медициналық туризміне қажет инфрақұрылымдар саналады. Осындай әлеуеттердің болуы бір елге қонақ үй қызметі, туризм мен медицинаны қосуға мүмкіндік береді.
Иран – денсаулық туризмі саласында белсенділік танытып жатқан жоғары әлеуеттерге ие ел. Иран тәжірибелі дәрігерлер мен кәсіби мамандарға, дамыған жабдықтар мен ауруханаларға ие бола отырып, басқа бәсекелес елдермен салыстырғанда тиімді бағаға ең жақсы қызмет ұсыну мүмкіндігіне ие. Жылына мыңдаған емделетін турист медициналық қызмет алу үшін Иранға сапар шегеді. Шипажайлар мен минералды және гейзерлі су көздері бар кешендер Ирандағы денсаулық туризмінің артықшылықтарын көрсетіп, оны осы саланы дамытуға қолайлы елдердің біріне айналдырды.
Иран жүрек және қан тамырлары аурулары, жүрекке күрделі оталар жасау, белсіздік пен бала көтере алмауды емдеу, тіс емдеу, омыртқаға және ми мен жұлынға күрделі ота жасау, обырға қатысты ауруларды емдеу және сұлулықты арттыру үшін пластикалық ота жасау бойынша аймақта салыстырмалы артықшылыққа ие. Иран, сондай-ақ, аймақ бойынша кейбір медициналық қызмет түрлерін ұсынуда, соның ішінде азырақ араласатын жаңа тәсілдерге сүйенген лапароскопиямен емдеуде теңдессіз. Иран лапароскопия арқылы бүйрек трансплантациясын жасау бойынша Азияда бірінші, әлемде үшінші орында тұр.
Иранның ем алуды мақсат ететін туристерге ұсынатын қызметтерінің бірі офтальмологияға қатысты. Иранның көз емдеу саласы кәсіби маман тұрғысынан оқу деңгейінің жоғарылығына байланысты әлемде ерекше орынға ие. Ирандық мамандар диагноз қойып, емдеуде жоғары шеберлікке ие. Жыл сайын офтальмология мамандығы бойынша бітірген түлектер арасында өтетін жетілдірілген халықаралық офтальмологиялық сынақта ирандық дәрігерлер жоғары орындарға ие болады. Иранның офтальмологиялық құрал-жабдықтары жоғары дамыған заманауи технологияларға негізделген. Иранның емдеу орталықтарында қолданылып жатқан кейбір офтальмологиялық құралдар өте сирек кездеседі. Олардың үлгілерін әлемнің санаулы елдерінен ғана көруге болады.
Ирандағы беделді офтальмологиялық орталықтардың қатарында «Фараби» жоғары мамандандырылған офтальмологиялық емхананы (http://farabieye.tums.ac.ir) айтуға болады. Ол х.ш.ж.с.б. 1321 жылы Теһранның көне бөлігінде ашылған. Көрнекті ұстаздар, тәжірибелі дәрігерлер мен шебер персоналдың болуы бұл жоғары мамандандырылған орталықты Иранның офтальмология ғылымының полюсіне айналдырды. «Фараби» офтальмологиялық орталығы – аймақтағы осы сала мамандандарының назарына алынып отырған емхана. Аймақ елдері «Фараби» орталығының дәрігерлері мен ұстаздарынан кәсіби кеңестер алумен қоса, кейде өз науқастарына диагноз қойылып, емделу үшін осы ауруханаға жібереді. «Фараби» ауруханасы тәжірибелі кадрымен және дамыған заманауи жабдықтарды пайдалануы арқылы Таяу Шығыста бірегей орталықтардың біріне айналған. Онда жылына шамамен 40 мыңнан астам ирандық және шетелдік науқас емделіп, 57 мың ота жасалады. «Фараби» орталығының IPD бөлімінде науқасқа нақты күтім жасау үшін толық мониторинг жүргізетін бөлмелер бар. Онда қажет жағдайдың бәрі жасалған. Бұл бөлімнің барлық персоналы араб және ағылшын тілін біледі. IPD бөліміндегі мақсат науқастарға нақтылық, дұрыстық пен жылдамдыққа негізделген ең жақсы қызмет ұсыну болып табылады.
Ирандағы басқа да офтальмологиялық орталықтардың қатарында «Нұр» ауруханасы мен жоғары мамандандырылған орталығын (http://www.noorvision.com/en/default.aspx) атауға болады. Бұл орталық өзінің қарым‑қабілетіне байланысты әлемде офтальмология саласында маңызды барлық қызметтерді, соның ішінде диагноз қою, емдеу және косметологиялық оталар жасауды ең жоғары сапамен ұсынады. «Негах» жоғары мамандандырылған орталығы (http://negaheyehospital.com/pages/mainpage.asp?I=S1M5P2C1#) – Иранның көз емдеу орталықтарының әрі аймақтағы офтальмологияның негізгі полюстерінің бірі. Бұл орталық ирандық науқастарды тартумен қоса, Иранды көз ауруларын емдеу үшін таңдаған басқа елдердің науқастарының айтарлықтай бөлігін емдейді.