Қыр 15, 2018 21:08 Asia/Almaty

«Исра» сүресінің бірінші, «Нәжм» сүресінің бесінші аяттары бойынша, Исламның ұлық пайғамбары түндердің бірінде Меккедегі әл-Харам мешітінен әл-Ақса мешітіне сапар шегіп, сол мешіттен аспанға көтерілген. Бір мекенде Жебірейіл пайғамбардан бөлініп қалып қойған. Сол мекенде Алланың елшісі мен Жаратушы құпия сұхбаттасқан. Кездесудің кейбір сөздері «Миғраж» хадисінде айтылған.

«Миғраж» хадисіндегі құлшылық пен Аллаға деген махаббат тақырыбы:

Имам Әли (ғ.с.)-нан Алла елшісінің миғраж түні Алланың хазіретке: «Уа, Ахмад! Алланы жақсы көремін деп айтқан әр адам, егер азғана тамақ пен қарапайым киімге қанағаттанбаса, сәжде мен намаздың уақытын арттырып, үнсіздікті сақтамаса, маған ғашық емес»,- деп айтқаны туралы жеткен.

Хадистің бұл үзіндісінде Алла Тағала оларды басқалардан ерекшелендіретін ғашықтарының сипаттарына тоқталады. Өйткені, Алланы жақсы көретіндіктері туралы уәж айтатын адам көп, бірақ олардың өмірлері мен амалдарынан махаббаттың белгілері көрінбейді. Имам Садық (ғ.с.) бұл туралы: «Ғашық тәбеттен айрылып, сусыннан ләззат алмайды, ұйқысы бұзылып, үй мен абадталған мекенді керек қылмайды, үстіне жұмсақ киім кимейді, тыныштық таппайды. Күні-түні Аллаға ғибадат жасап, Онымен сырласу туралы армандайды»,- деген. («Бихар әл-Анвар», 70-шы том). 

Хадистің келесі бөлімінде Аллаға ғашықтардың келесі ерекшелігі туралы: «Алланы жақсы көретін адам мешітті үйі ретінде таңдап, ғылымды серіктесі етіп, сопы және ғалыммен  бірге отырып, кедеймен дос болады»,- деген болатын. Алланы жақсы көретін адам Жаратушымен қарым-қатынас орнату үшін ең жақсы мекен саналатын Қағбаны барлық мекеннен артық көреді. Сондықтан ол   күніне бірнеше рет мешітке барып, Жаратушысымен сырласады. Сондай-ақ, Аллаға ғашықтар оның достарын да жақсы көреді. Алланың ең жақсы достары – ғалымдар. Ғалымдардың ерекшеліктерінің бірі олардың істерін Алла үшін орындауы саналады. Сол себепті ғалымдармен бірге жүріп, олардың жиындарына қатысушылар өз еріктерімен немесе еріксіз олардан көптеген білім үйренеді. Сондықтан имам Әли (ғ.с.) өз серіктері мен достарына: «Білімдерің артып, әдептерің жақсарып, жандарың тазару  үшін ғалымдармен қарым-қатынас орнатыңдар»,- деп кеңес беретін.

Алланың махаббаты адамдардың амалы мен жағдайына байқалатындай ерекше әсер тигізеді. Мұндай әсерлердің бірі адамды Алланың дұшпандарынан алыстатады. Хадистің жалғасында Алла өзінің ғашықтары туралы: «Менің ғашықтарым – Менің ризалығыма ие болып, жамандық жасаушылардан қашатындар»,- деген. Алланы жақсы көретіндер Оның ризалығына ие болып, бұл жолда бар талпынысын жасайды. Олар Алланың дұшпандарына жақындамайды, керісінше, олардан қашады. Алайда, кейде күнәһарды өзгертіп, дұрыс жолға нұсқау үшін онымен дос болады. Өйткені, илаһи әулиелер мен Алланы жақсы көретіндердің міндеті күнәһарларды тәрбиелеп, оларды дұрыс жолға нұсқау болып табылады. «Миғраж» хадисінде Алланы жақсы көретіндердің келесі ерекшелігі туралы: «Мені жақсы көретіндер әрқашан Мені естеріне алып, зікір айтып, уәделеріне берік болады»,- деді. Алланы жақсы көретіндер Жаратушыны ұмытпай, Оны мадақтайды. Өйткені, ғашық үшін сүйіктісін еске алудан жақсы еш нәрсе жоқ. Зікір – Алланы тек тілмен еске алу емес, іс жүзінде Құран мен Алла елшісінің бұйрықтарына сай ғамал ету. Алла елшісі: «Намаз оқып, ораза тұтып, Құран оқығаны аз болғанымен, адам Құдайға бағынушылық танытса, ол Құдайды зікір еткен саналады»,- деген болатын. 

Жүрек ластанған болса, оған Алланың махаббаты жол таппайды. Сондықтан Аллаға деген махаббат жүректің пәктігін көрсетеді.  Аллаға иман келтірген жүрек күнәларға ластанбай, Алладан басқаны жақсы көрмейді. Алла Тағала: «Менің достарымның жүректері – пәк. Олар намаз оқып, сауабыма ие болғысы келеді. Олар азаптан қорықпай, әрқашан Менің достарыммен бірге болады»,- деген.

Алланың ғашықтары мен достары дүниеден алыстауы керек. Өйткені, Аллаға деген махаббат дүниеқұмарлықпен жиналмайды. Аллаға деген махаббаттың әртүрлі тұрғысы бар. Алайда Алланы шынайы жақсы көруші Алладан басқа еш нәрсені жақсы көрмейді.

 

Тегтер