Қар 16, 2018 17:16 Asia/Almaty
  • Иран базары (48)

Бау-бақша өнімдері: шие Иран ауыл шаруашылығы өнімдерінің алуандығы тұрғысынан әлемде төртінші, жеміс-жидек өндіру бойынша сегізінші орында тұр.

Иран жерін жемістер жұмағы деп атауға болады. Бұл елдің құнарлы жерінде алуан түрлі жеміс өседі. Француз саяхатшысы Жан Шарден (17-18 ғ.) Иранға жасаған сапарынан кейін жазған сапарнамасында Ирандағы жеміс-жидектің түрлеріне, атап айтқанда қауын, қияр, шие, абрикос, анар, алма, алмұрт, апельсин, айва, Бұхара өрігі, інжір, пісте, бадам, жаңғақ, фундук пен зәйтүнге тоқталып: "Иранда Еуропада бар жемістердің барлық түрі өседі, бірақ көбірек әрі бәрі дәмді",-деп жазған.

Иранның географиялық ерекшеліктері, соның ішінде климаттық және топографиялық алуандығы мен теңіз деңгейінен биіктігі ирандықтардың әртүрлі жеміс-жидектерге ие болуына себеп болды. Иранда субтропикалық аймақтарда өсетін құрмалардың түрінен бастап суық әрі қоңыржай аймақтарда өсетін жемістер, соның ішінде алмұрт, шабдалы мен нектаринге дейін бар. Иран төрт мезгілді климатқа ие. Ираннан жылдың барлық мезгілінде тропикалық және суық аймақтарда өсетін екі жемісті де табуға болады. Иранның солтүстігі мен оңтүстігінде өсетін апельсин мен қарбызды жеміс-жидек дүкендерінен бірдей көруге болады.

Иран – жеміс-жидек жұмағы

Иран ауыл шаруашылығы өнімдерінің алуандығы тұрғысынан әлемде төртінші, жеміс-жидек өндіру бойынша сегізінші орында тұр. Иран қалаларының көбі кемінде бір жеміспен танылған. Тіпті, қала мен жеміс атауы бір-бірін еске түсіріп, бір-біріне абырой-бедел сыйлайды. Мысалы, анар өндіруші өз жемісін тұтынушыға ұсынарда Саве қаласының атын қосып айтады. Сонымен қатар Натанз қаласының атауын алмұртпен бірге қолдану сатып алушы үшін оның сапасының жоғары екенін білдіреді. Бау-бақша өнімдері мамандарының айтуынша, Иранның әртүрлі өңірлерінің топырағы мен климатының алуандығына байланысты кейбір қалаларда бір жеміс жақсырақ өседі. Мысал ретінде Иранның оңтүстігіндегі Минаб ауданының қарбызына тоқталуға болады. Ол жерде күн нұрының мол болуына байланысты сапалы өнім өсіпшығады. Иранның солтүстігінде қарбыз жақсы өспейді.

Иранның картасы мен оның әртүрлі жерлеріндегі ауыл шаруашылығы өнімдеріне шолу жасау арқылы Иранды жеміс елі деп атауға болады. Өйткені, әрбір қала мен облыста кейде әлемдік танымалдыққа ие тәтті де хош иісті жемістер өсіріледі. Сол жемістердің бірі – шие.

Шие ағашының таралым аясы өте кең. Бұл ағаш тропикалық, қоңыржай, суық климаттарда өсіп, өнім береді. Бұл ағаштың өсуі үшін ең жақсы климат таулы өңірлерде қыс айларында жеткілікті жауын-шашынның, жаз айларында құрғақ, салқын ауа райының болуы саналады. Шие ағашы – қошқыл қызыл бұтақтары мен жалпақтау жасыл жапырақтары бар  тікенсіз аласа ағаш. Шие ағашы 20-30 жыл өседі. Шие жемісі сүйек және жұмсақтан тұрады; гүлдері ақ немесе қызыл түсті. Гүлдер бұтақта жеке, топтасып немесе сабақ түрінде өседі. Шие табиғатта  әдетте қызыл, қара, сары және қызғылт түсті болып келеді. Шие гүлінің түсі – қызғылтым. Ағаш көктем кезінде гүлдейді. Иранда шие ордибеһешт айының ортасында пісіп, теруге дайын болады. Шаһривар айының ортасына дейін оны жеміс базарынан табуға болады. Алайда піскен, тәтті әрі шырынды шиені сатып алудың ең жақсы мезгілі – хордадтың ортасы мен тир айының соңы.

Иран шиесі әлемдегі ең сапалы шиелердің қатарына жатады

Шиеде А мен С дәрумендері, көмірсулар, фолий қышқылы, протеин, калий, фосфор, темір, кальций, фтор, магний және тағы басқа минералды заттар бар. Шиеде май өте аз. Бұл жемісте холестерин мен натрий жоқ, талшықтарының қоректік құндылығы жоғары. Шие жемісінің қуаттылық құндылығы төмен. Шиенің әрбір 100 граммында шамамен 72 килокалорий бар.

Шие антиоксидантқа бай болғандықтан обыр мен жүрек және қан тамырлары ауруларына шалдығу ықтималын азайтады. Бұл жеміс жүрек, ішек пен асқазанның жақсы жұмыс істеуі үшін өте пайдалы. Шие буын ауруларын емдеуге де пайдалы. Шиенің крахмалы аз болғандықтан диабет пен буын ісігіне шалдыққандарға оны тиісті мөлшерде тұтынуға кеңес беріледі.Бұл жемістің қанты диабетпен ауыратындарға зиян келтірмейді. Шие адам денесінің метаболизмін арттырып, тамақтың қорытылуына көмектеседі, жүйке жүйесін тыныштандырады. Тіпті, адам денесінде қуаныш гормонын тудырып, өзін жақсырақ сезінуге көмектеседі. Бұл шырынды жеміс қан мен асқазанды тазартып, интеллектуалдық күшті нығайтады. Осы өсімдіктің қасиеттерін жақсырақ түсіну үшін оның барлық бөліктерін, яғни жұмсағын, тұқылы мен сүйегін, жапырағы мен сабағын тұтынуға болатынын білуіміз жеткілікті. Дәстүрлі медицинада шиенің жапырағы мен тұқылының қайнатпасы қуықтағы тастың жойылуы мен несеп жолын тазарту және бүйректі емдеуге қолданылады.

Әдемі шие бақтарын Иранның әртүрлі қалаларынан көруге болады. Батыс Әзірбайжан облысындағы Ашнавие шекаралық қаласын шие бақтарына  байланысты "Иран шиесінің астанасы" санайды. Иран әлемде шие өндіретін үшінші ел. Ол шиенің алуан түрін өсіріп, көбейтті.  Ирандағы бұл жемістің алуан түрінен Мешхедтің қара шиесін, Лавасанаттың қызғылт шиесін, Хадж Юсефи мен Мешкиншахрдың шиесін атауға болады. Хорасан-е Разави облысында өсірілетін Мешхедтің қара шиесі мен  Теһран облысындағы Лавасанат ауданында өсетін қызғылт шие дәмділік пен тәттілік тұрғысынан Иранның ең жақсы шиесі саналады.  "Такдане" шиесі – Иранның кейбір аудандарында, соның ішінде Ардебил облысының Дәшт-е Моған деген жерінде егіліп, өсірілетін жоғары сапалы шиенің бір түрі.

"Такдане" шиесі

"Такдане" қара шиесі – ең көп сатылатын түр. Содан кейінгі қызыл шие елдің солтүстік батыс облыстары мен Хорасанның аудандарында өсіріледі. Қызғылт және сары шиелер отандық және шетелдік нарықтарда өзінің потенциалды тұтынушылары бар бау-бақша өнімдерінің бірі саналады. Иранның экспорттық шиелерінің бірі ретінде Нишапур мен Урумиенің "Такдане" шиелерін атауға болады. Жоғары сапасына байланысты оның Ресей мен Парсы шығанағы елдеріндегі нарықтарында көптеген тұтынушылары бар. Әдетте Иранның экспорттық шиелері тир айының басында бақтардан жиналып, тиісті қаптамаға салынып басқа елдерге экспортталады.

Шие бүгінде балғын күйінде қолданылумен қатар тәтті-дәмді пісіруде пайдаланылатын маусымдық жеміс болып табылады. Бұл жемісті балғын күйінде ұзақ мерзімге сақтауға болмайтындықтан көбінесе оны тосап, желе, компот пен мармелад дайындауда пайдаланады немесе құрғақ және шырын ретінде қолданылады. Кейбір жемістердің, соның ішінде шиенің сақталу мерзімі аз болғандықтан іргелі ғылымға негізделген ирандық компания ауыл шаруашылығы өнімдері мен азық-түлікті сақтау мерзімін арттыратын өнім шығарды. "Сапак" сауда атауымен нарыққа ұсынылатын бұл өнім нанотехнологияны пайдалану арқылы өндірілген.  Бұл өнімнің жұмысы смарт полимерлерді пайдалану, қаптама ыдыстың ішіндегі оттегі, көміртегі, этилен сияқты газдарды бақылау, ылғалды бақылау және бактериялар мен саңырауқұлақтардың алдын алу болып табылады. Ауыл шаруашылығы және азық-түлік өнімдерін сақтап, тиісті базарға тасымалдау кезінде осы өнімді пайдалану қалдықтардың көлемін айтарлықтай азайтады. "Сапак" өнімнің сақталуын 60 пайыздан аса арттырады. Бұл өнімнің алуан түрі бар. Ауыл шаруашылығы мен азық-түлік өнімдерінің әрқайсысы үшін оның арнайы түрі қолданылады.

Сапак

Осы күнге дейін әлемде екі елдің ғана бұл технологияға қол жеткізгенін айту керек. Иран жасаған түр қолданылған технология тұрғысынан оған ұқсас үлгімен салыстырғанда жаңарақ әрі оның бағасы шетелдік үлгінің бағасының төрттен бірін ғана құрайды.    

Тегтер