Жел 10, 2018 20:30 Asia/Almaty
  • Иран базары (52)

Мал және құс шаруашылығы (3) Осы аптадағы бағдарламада Ирандағы мал шаруашылығын таныстырамыз.

Жанұяның азық-түлік себетінде протеиннің басқа заттардан маңыздылығы жоғары. Мал шаруашылығы – ауыл шаруашылығының бірі тармағы. Ол адамзат баласын жануарлардан алынатын протеинмен қамтамасыз етеді. Бұл шаруашылық өнімдері адамдардың тамақтануы, қоғам мен адамның денсаулығы, жұмыспен қамту және қосымша құн салығын тудырудағы маңыздылығына байланысты әлемде үкіметтердің қолдауы мен назарына алынып отыр. Қызыл ет – мал шаруашылығы өнімдерінің бірі.  Ол протеин мен тағамдық құндылығына байланысты өте маңызды. Жануарлардан алынатын қызыл ет В тобындағы дәрумендер сияқты пайдалы дәрумендерге толы.  Қызыл ет протеин мен темірге толы әрі фосфор, темір мен В12 дәрумені көлемінің көптігіне байланысты қан аздық пен тістерді нығайтудың алдын алу үшін  пайдалы. Мұнымен қоса,  қызыл ет көздің жақсырақ көруіне әсер ететін А дәрумені, сүйектердің мығымдығына қажет D дәрумені,  антиоксиданттық және обырға қарсы қасиеттері бар Е дәрумені, қанның ұюына әсер ететін К дәруменінің айтарлықтай көлемі мен майдан тұрады.

Қызыл етті тұтыну денсаулық пен иммунитетті арттыру және дененің өсуі үшін қажет. Зерттеулер көрсеткендей, протеин өнімдерін тұтынбау жеткіншектің бойының қысқалығы, дамуының бәсеңдеуі мен сүйектерінің сынғыштығына себеп болады. Қызыл ет жемеген балалар көбіне шаршаңқы келеді және қоршаған ортаға салғырт қарайды. Мұндай адамдар тобының зейін қою қабілеттері төмен, күйзеліп жүреді және көбінесе аурушаң болады. Алайда дәрігерлер қызыл етті мөлшермен жеуге кеңес береді, өйткені қызыл етті мөлшерден тыс жеу обыр, жүрек талмасы мен буын ревматизмі сияқты ауруларға шалдығу қатерін ұлғайтады.

Қой қызыл етпен қамтамасыз ететін жануардың қатарына жатады. Әлемде 200 түрлі 1 млрд бас қой бар. Оның көп түрінің аса көп экономикалық құндылығы жоқ. Әлемдегі мал шаруашылығының төрттен үш бөлігінен астамын қой өсіру саласы құрайды. Ол қойдың танылған 20 шақты түріне негізделген. Экономикалық үнемділік тұрғысынан қой құбылмалы әрі құрғақ климатқа төзе алатын, ең қарапайым шөп пен қорекке қанағаттанып, өсуін жалғастыратын және басқа малмен салыстырғанда көп шығын қажет етпейтін малдың қатарына жатады. Қой – көпмақсатты малдың түрі. Одан ет, жүн, тері мен сүт алынады. Қойдың сүті бұл малды өсірудің экономикалық артықшылықтарының қатарына жатады және майлылық пен протеин тұрғысынан сиыр сүтінен нәрлірек. Қой сүтін өндіру көлемі аз болғанымен, оның сапасы жоғары.  Қойдың жүні де талшықтың түрі мен сапасына байланысты кілем тоқу мен текстиль өнеркәсібінде  қолданылады.

Қойдың экономикалық тұрғыдан құнды өнімдерінің бірі – оның ішегі. Қой ішегі – көп елдердің, соның ішінде Иранның экспорттық өнімдерінің бірі. Иран – әлемде қой ішегін экспорттайтын бесінші ел. Жылына шамамен 100 млн доллар малдың ішегі Ираннан Германия, Италия, Ресей, Үндістан, Түркия мен Пәкістанға экспортталады. Мақсатты нарықтардағы бұл өнімнің басты қолданыс аясы – тамақ өнеркәсбі мен ет өнімдерін, соның ішінде  сосиска мен шұжықты буып-түю өнеркәсібі. Сонымен қатар ішек ішіндегі ерекше протеин косметикалық және гигиеналық майлар жасауға қолданылады. Бұл протеин отадан кейін тігетін жіп дайындау үшін де пайдаланылады.

Тірі мал – Иранның мұнайдан тыс экспорттық тауарларының бірі. Бұл салада Иран әлемде тірі қой мен ешкіні экспорттайтын сегізінші ел болып табылады. Иранда әралуан түрдегі 70 млн-ға жуық бас қой мен ешкі бар. Ирандағы қойдың сүт пен ет өнімдері тұрғысынан ең жақсы түрі –"афшари". Қойдың бұл түрі Иранның көптеген өңірінде өсіріледі. Ирандағы басқа асыл тектердің бірі "зол" деп аталады. Зол қойының ерекшеліктерінің біріне құйрығының болмауы жатады. Майы еттің бойына бірдей бөлініп таралғандықтан ол еттің сапасы тұрғысынан ең жақсы қой түрі саналады. Ирандағы қой түрлерінен бәлучи, бахмани, талеши, қашқаи, зенди, шал, шахруди, бахтияри, қызыл, наини, макуи мен моғаниді атауға болады.

Иранның зол қойы

Ешкі – Иранда өсірілетін малдың бірі.  Ежелгі Иранның  тас жазбаларында мүйізді ешкінің бедерленгенін ескерсек, бұл жануар мыңдаған жыл бұрын осы жерде өсірілген сыңайлы. Қазір Иранда шамамен 20 млн. бас ешкі өсіріледі. Оның 10 млн-ын туатын ешкілер құрайды.

Ешкінің еті сырттай қойдың етіне ұқсас, бірақ майлылығы азырақ және ұзақ піседі. Ешкі етінің қой етінен артықшылықтарының бірі – оның тез қорытылатындығы. Ешкі әлем елдерінің көбінде ұсақ мал ретінде адам тұтынатын сүттің ең басты көзі болып табылады. Сиырдың сүтіне  сезімталдығы бар адамдардың көбі оның орнына ешкі сүтін қолдана алады. Сонымен қатар балаларға сиырдың сүтінің орнына ешкінің сүтін беруге кеңес беріледі. Жылына шамамен 600 мың тонна сүт Иранның ұсақ малынан алынады. Оның 50 пайыздан астамын ешкі сүті құрайды.

Ет пен сүтпен қоса, ешкінің түбіті жоғары экономикалық құндылыққа ие. Ешкінің түбіті – әлемдегі ең жақсы, ең қымбат, ең жұмсақ, ең көне табиғи талшық. Әртүрлі елдерде ешкі көп болғанымен, олардың аз ғана бөлігі түбіт өндіреді. Тропикалық және шөлді аймақтарда ылғалы аз құрғақ ауа райында өсірілетін ешкілер "корки"  немесе "кашмире" деген атпен танымал. Мұндай ешкі өсіретін негізгі жерлер Иран, Ауғанстан, Қытай, Моңғолия мен Ресейдің кейбір бөліктерінде орналасқан. Түбітті ешкілердің түрі көп. Олардың сыртқы пішін мен түс тұрғысынан бір-бірінен  айырмашылығы бар. Иранның Керман, Оңтүстік Хорасан мен Йезд облыстарында осындай ешкілер өсіріледі.

Раинидің корки ешкісі

Түбітті ешкі жүнінің талшықтары өте әдемі әрі нәзік. Ол шұлық, қолғап пен шәлі сияқты қыстық киімдерді тоқу үшін қолданылады.  Иранның «корки» бас киімі – ешкінің жүнінен бастырылған өнімдердің бірі. Иранның сезілетін мұраларының ұлттық тізіміне тіркелген бұл бас киім Иранның Солтүстік Хорасан  облысының Гарме мен Джоджрум аудандары тұрғындарының ежелгі қолөнер түрлерінің бірі саналады. Бұл бас киімнің ең маңызды ерекшелігі суық пен ылғал өткізбейтіндігінде. «Корки» бас киімінде сезімталдыққа қарсы ерекшелік бар. Кейбір адамдар «корки» бас киімі бас ауруын жазып, тыныштандырады деп санайды. Ешкінің жүні оңайлықпен тұтана қоймайды. Сол себепті ол өнеркәсіпте де қолданылады. Ешкі жүнінің ерекшеліктері бұл өнімнің әлемде сатып алушыларының көп болуына септігін тигізді. Әсіресе, түтілген таза ешкі жүні әлемде жоғары бағамен сатылады. Ешкі жүнінің құны иіргенде қанша талшықтың қосылғанына, нәзік болуы, жіптің ұзындығы, жүннің түсі мен тазалығына байланысты анықталады.

Ешкі жүні және одан жасалған бас киім

Сиыр өсіру Ирандағы мал шаруашылығының бір бөлігін құрайды. Қазіргі таңда Иранда 26 мыңнан астам сиыр шаруашылығы сүт және ет өндірісі бөлімінде жұмыс істеп жатыр. Елдегі шамамен 8 млн бас сиырдың бір миллионға жуығы өнеркәсіптік бірліктерде сақталынады. Иранда сүт өндіру саласында істейтін заманауи сиыр шаруашылықтарын ашу тарихы 50 жылдан астам уақыт бұрын басталған. Мұндай шаруашылықтар ашудың шарықтау шегі Ислам революциясы жеңіске жеткеннен кейін 80-90 жылдары орын алды. Бұл жылдарда Иран сүт өнімдерін өндіруде айтарлықтай дамыды. Иран өзін‑өзі қамтамасыз ететін дәрежеге жетіп, сүт өнімдерін сырттан әкелуді тоқтатып, мал шаруашылығы өнімдерін экспорттау саласында алғашқы қадам жасап, Ауғанстан, Ирак, Түркия мен Пәкістандағы тұтынушылардың базарына шықты. Қазір Иран сүт өнімдерінің өнеркәсібі шамамен 1 млн тонна сүт өнімін әлемдің 30‑дан астам еліне экспорттайды.