Қаң 02, 2019 16:31 Asia/Almaty
  • Иран базары (55)

Бүгінгі әлемнің ең маңызды мәселелерінің бірі электр қуаты екенін сеніммен айтуға болады. Электр қуаты әртүрлі қоғамдардағы адамдардың өмір сүру сапасын жақсартып, тұрақты дамуға қол жеткізуде маңызды рөл атқарады.

Электр қуатымен қамтамасыз ету – әлем елдерінің даму жолындағы басты мәселе. Энергетикалық қауіпсіздік, таза энергияны пайдалану және оның парниктік газдардың таралуының алдын алудағы рөлі, баршаның пайдалана алу мүмкіндігі және қайта қалпына келу қабілеті – осы салада көтерілген тақырыптардың бірі. Электр қуаты – елдердің өндірістік кәсіпорындарының қажеттіліктерін жоғары деңгейде қамтамасыз ете алатын таза энергия көздерінің бірі. Жыл сайын әлемде 21000 млрд кВт/сағат таза электр қуаты өндіріледі.  Оның 92 пайызға жуығы тұтынуға жұмсалады. Электр қуатын өндірудің жолдары әртүрлі.  Қазіргі таңда әлемде өндірілген таза электр қуатының 40 пайызға жуығы көмірден, 23 пайызы табиғи газдан, 21 пайызы қалпына келетін қуат көздерінен, 12 пайызы ядролық көздерден, ал 4 пайызы мұнай мен мұнай өнімдерінен алынады.

 

Әлемнің түкпір-түкпірінде әзірше 1 млрд адам электр қуатын қолданады. Алайда бұл өнеркәсіптің бүкіл әлемдегі адамдардың өмірінде айтарлықтай орны бар. Өз жерін суару үшін су сорғысын қолданатын елдерден бастап зертханаларда өз гипотезаларының сынақтарының соңғы кезеңін өткізетін зерттеушілерге дейін электр қуатының маңызын сезеді. Тіпті, күнделікті өмірде компьютер көбірек қолданыла бастағаннан бері электр қуатының рөлі арта түсті. Электр қуатының маңызы бір сәтке өшірілгенде көбірек сезіледі. Электр сөнген кезде азаматтардың денсаулығы мен қауіпсіздігіне қатер төнумен қоса, олардың өміріне ауыр шығын келеді. Электр қуатының сөнуі басқа қиындықтардан бұрын сезіледі. Оның басқа тапшылықтардан қатері көбірек.

Электр желісі әлемдегі ең ірі бағдарламалық жүйе. Таза әрі икемділігіне байланысты оны қолдану күннен күнге артып келеді. Электр қуаты тұтыну кезінде ауаны өте аз ластайды. Оның үстіне электр қуатының ластауын өндіріс кезінде бақылауға болады. Ластықты бақылаудың алғашқы кезеңі оны қалалардың аумағынан тыс жерде өндіру арқылы жүзеге асады.  Тасымалдануының жеңілдігіне байланысты ол басқа жерлерге оңай жеткізіледі. Электр қуаты өнеркәсібінің ерекшеліктерінің бірі жарық беру, тұрмыс заттары мен электр жабдықтарын істету сияқты көптеген аяларда теңдессіз орынға ие. Электр қуаты әртүрлі өнеркәсіптерде кең қолданылатындықтан ешбір ел бұл өнеркәсіптен бас тарта алмайды. Әлемде электр қуатын зерттеу орталықтарының мәліметтері бойынша 21 ғасырдың екінші жартысында электр қуатын өндіру әлеуетін дамыту басқа технологиялардың дамуына себеп болады. Осы тұрғыдан электр қуаты өнеркәсібінің стратегиялық маңызы зор.

Иранда электр қуаты өнеркәсібінің іске қосылғанына жүз жылдан астам уақыт өтті.  Х.ш.ж.с.б. 1284 жылы Мұхаммад Хосейн Махдави (Амин уз-зарб) деген адам көмірден қуат өндіретін аппарат сатып алып, орнату арқылы Теһран қаласының бір бөлігін электр қуатымен жарықтандырды. Әрине, бұл аппарат арқылы өндірілген қуат түннің алғашқы бірнеше сағатына ғана жететін еді. Көмірден қуат өндіретін аппараттың жоғары шығындарына байланысты бұл аппараттардың орнын дизельдік құралдар басты. Иранда ірі бөгеттер, соның ішінде Карадж бөгеті, Сепидруд бөгеті мен Деж бөгеті салынғаннан кейін электр қуатымен қамтамасыз ету үшін осы өндіріс нысандары назарға алынды. Мұнай табылып, өндіріле бастаған соң Иранда электр қуаты өнеркәсібіне қажет қуаттың басым бөлігі шөгінді түріндегі пайдалы қазбалардан алынып, осы күнге дейін жалғасын тауып келеді.

 

Сепидруд СЭС-інде 1783 МВт/сағ электр қуаты өндіріледі

Қалалар дамып, тұрғындар саны артып, Иранның экономикалық бөлігіне жаңа өнеркәсіп саласының енуі электр қуатына қажеттілікті одан сайын арттыра түсті. Елде электр қуатын өндіруге жауапты біртұтас ұйым құру қажеттігі қатты сезілді. Үкіметтің бұл салаға араласуы осы қажеттілікке берілген жауап болды. Иранда электр қуатын өндіру, жеткізу және бөлу, электр стансаларына қажет жабдықтарды жасау және электр желілерін дамыту мемлекеттік секторға жүктелді. Сонымен қатар, трансформатор, санауыш пен кабель өндіру сияқты салаларда жұмыс істеп жатқан жеке сектор үкіметтің қолдауына ие. Ирандағы электр қуаты өнеркәсібі инфрақұрылымдық сала әрі әлеуметтік қызмет көрсетуге бағытталған. Жеке сектордағы электр стансалар өндіру мен сату тұрғысынан ғана емес, электр қуатының сөну ықтималына алаңдауға байлансты салынды. Басқаша айтқанда, кейбір зауыттар мен экономикалық институттар электр қуатының сөнуінен туындайтын салдарлардың алдын алып, өндірістік нысандарда қуат өндіру үдерісінде қиындық туындамау үшін салынған.  

Уақыт өте келе, электр желісі Иранның ауқымды бөлігіне тартылды. Электр станса салу жобалары елдің әртүрлі бөліктерін электр қуатымен қамтамасыз ету мақсатында орындала бастады. Иранның көптеген электр стансалары Ислам революциясынан кейін салынды. Бір стансаның пайдалану мерзімі 25-30 жыл екенін ескерсек, Ирандағы стансалардың 75 пайызы әлі жас. Бүгінде электр желілері бір-біріне қосылғаннан кейін Иранның барлық қалалары мен ондаған мың ауылы электр қуатын пайдаланып отыр. Иранның географиялық жағдайына байланысты қалалардың арасы бір-бірінен алшақ, сондықтан электр қуатын елдің түкпір-түкпіріне жеткізу және бөлу – ауқымды жұмыс.  Асуы қиын таулар, ормандар мен биік ағаштардың болуы электр қуатын жеткізу мен таратуды қиындата түсті. Соған қарамастан Иранда өндірілетін қуат 30 млн-нан астам абонент арасында 700 мың шақырымдық желіде таратылады.

 

Иранда электр қуатын тұтыну әлемдік стандарттардан шамамен 3 есе артық. Статистикалық мәліметтерге сәйкес, Иранда өндірілетін қуаттың жартысынан көбі сауда және тұрмыста пайдаланылады, 33 пайызы өнеркәсіпте, қалғаны ауыл шаруашылығы мен басқа салаларда тұтынылады. Иран 70 мыңнан астам МВт әлеуетпен электр қуатын өндіру саласында жоғары қабілетке ие. Иран қазіргі таңда әлемдегі электр қуатын өндіру әлеуеті тұрғысынан алдыңғы жиырма елдің қатарында, ал Таяу Шығыс бойынша бірінші орынға ие. Аймақта ең ірі электр қуаты желісіне ие болу, елдің желісін көршілес елдердің электр қуаты желісіне қосу, табиғи газ бен шикі мұнайдың жоғары қорына ие болу, стансалар салып, қолдануға қажет ғылым мен мамандарға ие болу, жабдықтарды жасауда өз-өзін қамтамасыз ететін жағдайға жету, білікті адам ресурсы Иранның электр қуаты өнеркәсібінің аймақтағы орнын айшықтайтын артықшылықтардың қатарына жатады. Иранның электр қуаты саласындағы әлеуеттері бұл елдің көршілес елдермен құрлық арқылы шектесетініне байланысты Иранға артық қуатты экспорттауға жағдай жасады. Иран қазіргі таңда  Ирак, Түркия, Пәкістан, Ауғанстан, Нахичеван, Армения, Түркіменстан мен Әзірбайжан сияқты көршілес елдерге электр қуатын экспорттайды.

Бір электр стансасын салудың шығыны жоғары және ұзақ болуы мен өнеркәсіп жобаларының күрделілігіне байланысты кейбір елдер өздерінің электр қуатына деген қажеттіліктерін оны импорттау арқылы қамтамасыз етеді. Иран өзінің стратегиялық жағдайына байланысты көршілес елдерге қажет электр қуатын транзиттеуде маңызды рөл атқарып, жылдың әртүрлі мезгілінде солтүстік пен оңтүстіктегі көршілес елдерде өндірілетін электр қуатының артығын тасымалдап, аймақтың экономикалық қатынасын  жақсарта алады.

Экономикалық дамуды арттыру үшін электр қуатын өндіру көлемін ұлғайту –  Иранның 1396-1400 жылдарға арналған алтыншы даму бағдарламасының басымдықтарының бірі. Бұл салада Иранның электр қуатын 100 мың МВт-дан асыру үшін  күн, жел және құрама цикл стансаларын пайдалану жоспарланған. Осыған сәйкес ИИР алдағы 7 жылда энергетика саласына, соның ішінде электр қуатын өндіру мен желілер салуға 50 млрд доллардан астам инвестиция салуға шешім қабылдады.

 

Иранда күн электр стансаларын дамыту

Бұл инвестициялар Иран жағалауларында жылу электр стансалары мен қайта қалпына келетін (күн, жел және жер жылуы) қуаттар саласында, сондай-ақ, CHP жылу мен жарықты бірдей өндіретін стансалар салуға жұмсалады.

Бүгінде Иран электр қуаты өнеркәсібіне қажет жабдықтарды жасап, экспорттайтын елдердің қатарына жатады. Иран электр қуаты өнеркәсібіне қажетті трансформатор жасаудағы 50 жылдан астам тарихында дамыған өнімдерді өндіруге қажет техникалық білімді  толығымен  жергіліктендірді. Иран әлемде трансформатор жасау бойынша үздік 10 елдің қатарында. Иранның электр қуаты өнеркәсібіне қажет жабдықтардың 85 пайызы ел ішінде қамтамасыз етіледі. Иранның осы саладағы техникалық-инженерлік қызметтері мен жабдықтары Таяу Шығыс, Африка мен Еуропа елдеріне, соның ішінде Италияға экспортталады.  

 

Тегтер