Ақп 04, 2019 16:22 Asia/Almaty
  • Мешіт – махаббат пен иманның тоғысқан мекені 53

Исламда мешіттің маңызды жұмыстарының біріне мақұрым таптың қажеттіліктерін шешуі жатады.

Мешіт – сәжде жасайтын мекен, сәжде – адамның Аллаға құлшылығының жоғары деңгейі. Мұсылман мешітке кірген кезде оның жүрегі мен жаны нұрланады. Мешіт мінез-құлықтың жақсаруына себеп болып, тәкаппарлық пен менмендіктен арылтатын, нәпсілік құмарлықтан құтқаратын пеш секілді. Адам осы пеште пісіп-жетілу арқылы шынайы құлшылықтың михрабында Жаратушысымен жолығуға лайық болады. Мешіт – адамды Аллаға шынайы құлшылық етуге жігерлендіретін санаулы мекендердің бірі.

Гераттың орталық мешіті 1962 ж.

Ислам қоғамы халықтың ынтымақтастығы мен тілектестігіне сүйенетіндіктен адамдардың мүдделері бір-бірінен ажырамайды. Мешіттегі жамағат негізі де намазхандардың бірлігіне негізделеді, өйткені олар бір-бірінің қамқоршысы, қорғаушысы болып, бір-бірінің көмегін қажет етеді. Ислам қоғамының мүшелері бір дененің мүшелері саналады. Әр мүшенің жақсылығы мен жамандығы қоғамның басқа мүшелеріне әсерін тигізеді. Оның саулығының шартының бірі барлық адамдардың бір-бірінің алдындағы жауапкершілігімен байланысты. Осы негіз бойынша, қоғамның әр адамы өз өмірі мен тұрмысына жауапты болғандай, басқалардың алдында да жауапты. Сондықтан басқалардың уайым-қайғысы мен қуанышына ортақ болуы керек.

Гераттың орталық мешіті 2009ж.

Мақұрымдардың қажеттіліктерін қамтамасыз ету – мешіттің маңызды міндеттерінің бірі. Өйткені мешітте ой-пікірлер бір-біріне жақындап, жүректер бірігіп, мүміндердің арасындағы махаббат пен мейірім нығаяды. Мешіт Исламның басынан бастап халық жиналатын, кедейлерге көмектесетін мекен болғандықтан, кедей адамдар көмек іздеп, мешітке келетін. Хазірет Әли (ғ.с.) мешітте намаз оқып тұрған кезде мұқтаждығы туралы мұңын шаққан кедейге қолындағы жүзігін шешіп берген. Алла Тағала бұл амалды «Мәиде» сүресінің 55-ші аятында мадақтады. Садақа, жақсылық, қайырымдылық пен жанкештілік секілді ислам дініндегі ерекшеліктер мұсылмандар арасындағы достық пен бауырластық сезімдерді сақтайды. Ислам қоғамдағы мақұрымдардың  қажеттіліктерін шешуді қоғамдық міндеттердің бірі санайды. Сондықтан Алланың үйі саналатын мешіттерде бұл қозғалыс өте жақсы түрде іске асырылуы керек. Бүгінгі күні де ислам қоғамдарында мақұрымдарға көмектесу мешіттердің маңызды бағдарламаларының бірі саналады.  Жерсілкінісі сияқты табиғи апаттардан зардап шеккендерге мешіттер мұсылмандардан көмек жинап, қамқорлық жасайды. Иранның Керманшаһ қаласында жуырда болған жерсілкінісінен кейін мешіттер апатқа ұшырағандарға көмек жинайтын орталықтарға айналды.

 

      Гераттың орталық мешіті

Гераттың орталық мешіті

Гераттың орталық мешіті – Ауғанстанның тарихы, мәдениеті мен өнерінің толық жиынтығы.

Рауаят бойынша, бұл мешіттің мекені басында Ахура Мазданың үйіне айналған ариялықтардың үлкен ғибадатханасы болған. Зәрдушт дінінің жақтастары оны отқа табынатын мекенге айналдырған. Хиджридің 29-шы жылы Герат халқы Ислам дініне бет-бұрғаннан кейін бұл ғибадатхана мұсылмандардың мешітіне айналды.

 

Гераттың Орталық мешіті

Гераттың Орталық мешіті – Ауғанстанның сәулет өнері жауһарларының бірі; елдің мақтан тұтатын қазынасы. Бір мыңнан астам намазхан сиятын мешіттің 460 күмбезі, 130 аркасы, 444 тірегі, 12 мұнарасы, 4 дарбазасы, Құран Кәрім аяттары  мен танымал мистик ақындардың өлеңдері жазылған үлкен төрт жазбасы, үш залы, тастан қаланған мінбері, 4000 кітаптан тұратын кітапханасы, вузуханасы, кірпіш, плитка, сылақпен безендіру өнері,  сондай-ақ, "куфи", "сулс" және "насталик" көркем жазулары мен суреттер – осы өлкенің өнермен өрнектелген қысқаша тарихы. Декоративті сәулеттің әр суретінен қоғам халқының мәдениеті мен наным-сенімдерінен шабыт алған құндылықтарды байқауға болады. Сәулет адамның назарын ғимараттардың қабырғаларындағы суреттердің сыртқы әдемілігіне аударып, көрерменді суреттердің мәдени және діни сырларын түсінуге ынталандырады.

 

Гераттың Орталық мешіті

Гераттың Орталық мешітінің құрылысына жасаған шолу оның тек бір кезеңмен немесе тек бір сәулет тәсілімен шектелмегенін, мешіттің құрылысында Гури мен Тимури әулеттерінің, сол жерде өмір сүрген халықтардың сәулет тәсілдері қолданылғанын көрсетеді. Гераттың орталық мешіті тарих бойында көптеген оқиғалармен бетпе-бет келді. Бұл мешіт әртүрлі кезеңдерде сан рет қиратылып, қайта жөнделді.

Гераттың Орталық мешіті

Хиджри қамари жыл санағы бойынша 414-ші жылы боялған ағаштан салынған мешіттердің жартысы өрттеніп кетті, бірақ Ходже Мұхаммад Такидің басшылығы және халықтың ынтымақтастығымен қайта жөнделді. Бұл оқиғадан шамамен екі ғасыр өткен соң шейх ул-ислам Фахреддин Разидің ұсынысы және сұлтан Ғиаседдин Ғуридің бұйрығымен мешіттің қабырғалары кірпіштен қаланып, әдемі мозаика және көркем жазулармен безендірілді.

Бұл мешітке Шыңғысханның шабуылы көп зиян келтірді. Хиджри қамари жыл санағы бойынша 707-ші жылы сұлтан Ғиаседдин Карттың бұйрығымен мешіттің қираған бөлімдері жөнделіп, солтүстік бөлімінде «Ғиасие» деп аталған медресе салынды. Сонымен бірге мешіт алаңының бір бұрышына үлкен қазан орнатылды.  Ол сәулет және безендіру тұрғысынан бірегей мұра саналады. Бұрынғы замандарда қасиетті күндері қазан шербетке толтырылып, халыққа таратылатын. Хиджридің сегізінші ғасырында салынған қазаның тереңдігі – 1,5 метр.

Гераттың Орталық мешіті

Халыққа азанның дауысын жеткізу үшін салынған мешіт мұнараларының биіктігі – 17-36 метр, диаметрі – 7-10 метр.  Төбелері көгілдір ақық асыл таспен қапталған.

 

Герат мешітінің мұнарасы

Гераттың Орталық мешіті хиджри жыл санағы бойынша 10-шы ғасырда сұлтан Хосейн Байқара мен уәзірі Амир Алишир Наваидің кезінде де қайта жөнделіп, үлкен аркасы қайта тұрғызылып, тіректері қымбат тастармен безендірілді.

Шамси күнтізбесі бойынша 1322-ші жылы Ауғанстанның соңғы сұлтаны Мұхаммад Захирханның тапсырысы және Абдоллахан Молкиардың басқарумен мешіттің келесі жөндеу жұмыстары басталды. Ол Гераттың бұрынғы сәулет өнеріндегі әдістерінен хабардар шеберлерді шақырып, оларды Орталық мешітті жөндеуге міндеттеді. Мешіттің көркем жазулары жазудың жеті түрлі тәсілінің шебері ұстаз Молла Мұхаммадали Аттар Херавиге тапсырылды.

Қызық жайт, қазіргі күні де бұл тарихи ғимаратта жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Герат халқының рауаяттарының бірінде «Бұл мешіттің жұмысы еш уақытта аяқталмайды, егер бір күні мешіттің жұмысы толығымен аяқталса, сол күні қиямет келеді-міс» деп айтылған.    

 

Мешіттегі жөндеу жұмыстары 2009 ж.

Гераттың Орталық мешіті туралы айтатын келесі мәселе бұл мешіт басқа мешіттер сияқты тек намаз оқып, басқа ғибадаттарды ғана орындайтын мекен болған жоқ. Жылдар бойы Ауғанстанның ең үлкен ғылыми және діни оқу орны болды. Бұл мешітте кезінде әйгілі мистиктер мен ғұламалар сабақ оқыды немесе өздері сабақ берді. Ғұламалардың ішінен Құран тәпсіршісі, хадисші әрі ахлақ ұстазы "Пире Һарат" деп танымал болған Ходже Абдолла Онсариді атау керек.

 

Гераттағы Ходже Абдолла Онсаридің зираты

 

Тегтер