Там 20, 2019 14:00 Asia/Almaty
  • Ирандық тұтқынның естелігі (3)

2019 жылдың 17 тамызы тұтқындардың исламдық Иранға қайта бастаған күнінің жылдығы болды. Осы күнге орай, Иран Телерадио бірлестігінің әлемдік қызмет торабындағы Қазақ радиосының қызметкері әрі Ирактың Иранға таңған соғысында тұтқында болып қайтқан ардагер Мұхаммадреза Каримзадеден алған сұхбаттың жалғасын назарларыңызға ұсынамыз.

Хабибулла шәһид болғаннан кейін жолдастарымның біреуі жаныма келіп: «Бұл жігіт шәһид болар алдында бір түс көрдім. Мен бұл түсім сен туралы деп ойладым. Бірақ мына жігіт шәһид болған соң, түсімнің ол жайлы болғанын түсіндім. Түсімде бір кептер сендердің бастарыңды айналып ұшып жүрді де, қонды. Сосын қанат қақты да, ұшып кетті. Осы түстен кейін мен сен шәһид болып кетерсің деп ойладым. Ертеңінде тұрғанда Хабибулланың көз жұмғанын көрдік»,‑деді. Оның жағдайы менікінен жақсы еді. Рухы берік болатын. Осындай жағдайда жатып, жаттығу жасайтын. Ал менің жағдайым физикалық тұрғыдан өте нашар болды. Басымнан өткен жағдайға байланысты денсаулығым оған қарағанда өте нашар болатын. Түрімнің өзгергені соншалықты, сол жерде болған достарымның бірі: «Егер қазір сені анаң көрсе, танымас еді»,‑дейтін. Сол себепті бұлар мені шәһид болады деп ойлаған екен. Сөйтіп, әлгі жолдасым маған түсін айтып берді. Мен осындай түс көрдім, оянған кезде түсім сен туралы болды ғой деп ойладым. Бірақ кейін мына Құдайдың құлы шәһид болғанын көргенде түсімдегі кептердің оның жанын алып кетуге келгенін түсіндік. Бұл досымның маған айтып берген түсі. Қысқасы, жағдайым нашарлай түсті... Ирактық дәрігерлер анда‑санда біздің лагерьге бас сұғып тұратын. Келген сайын жолдастарым мені нұсқап: «Мына Құдайдың құлының жағдайы нашар. Ауруханаға апарыңыздар»,‑дейтін. Олар тыңдамайтын. Әйтеуір, бір күні дәрігерлер мені ауруханаға жіберді. Бірінші кезекте аяғымдағы гипсті алып тастады. Гипс тобығымнан беліме дейін болатын. Отыра алмайтынмын. Гипсті ашты. Жеңілтеп қалдым, өзімді жақсырақ сезіндім. Ол жерде тұтқын едік. Бірақ гипсті шешкенде зынданнан босап шыққандай болдым. Қуанышым тек бір‑ақ күнге созылды. Келесі күні тағы да аяғыма гипс салды. Аяғымды суретке түсірген соң дәрігерлер: «Сүйектерің әлі бітпеген, тағы гипстеуіміз керек»,‑деді. Сөйтіп, қайта гипске маталдым.

  • Ол жерде аудармашы бар ма еді? Бір‑біріңізбен қалай түсіністіңіздер?
  • Иә, болды. Хузистанның жігіттері де тұтқынға түскен болатын. Хузистандықтар араб еді. Олар парсыша да, арабша да біледі. Солар бізге аударма жасады.
  • Сол жігіттер сізге аяғыңызды гипстеу керектігін айтты ма?
  • Жоқ, жігіттер ауруханада болған жоқ. Лагерьде аудармашымыз болды. Ауруханада аудармашы ұстайтындай көп болмайтын едік. Ирактықтардың өздері суретке түсіріп, сүйектердің бітпегенін көріп, аяғымды қайта гипстеді. Аударудың қажеті жоқ еді. Суретке қарап өздері‑ақ түсінді. Ал маған ишаратпен көрсетіп, аяғымның жөнделмегенін жеткізді. Қысқасы, аяғымды қайта гипстеді. Бөлмелерде тағы орын жоқ. Аурухананың бөлмелері шағын еді. Біз арнайы секциядағы үш‑төрт бөлмеде жаттық. Секцияның есігі жабық тұратын.
  • Сол Тикрит қаласында ма?
  • Иә, Тикриттегі әскери госпитальда болдық.  Қорғалған бір секция бар еді. Бізді сонда жатқызып, есігін жауып тастады. Ирактықтардың өздері де біздің сонда жатқанымызды білмеді.  Ол секцияны төрт күзетші күзететін. Үш‑төрт бөлме болды. Әр бөлмеде үш төсектен. Орын болмаған соң, мені төсектердің арасындағы жерге жатқызды. Басқалар төсектің үстінде, мен жерде жататынмын. Кейін ауруханада тағы жағдайым нашарлап кетті. Нашар болғаны соншалықты, бір ай не қырық бес күн өткенде бізге кіріп‑шығып жүрген ирактық мейіргерлердің жанайқайы шықты. Аурухананың өзінде менің денем қайта құрттап кетті. Мейіргер дәрігерге: «Мына гипс бұған харам.  Шешіңіздер оны»,‑деді. Арабтар өз диалектісінде «харам» дейтін. Жата‑жата денеме зақым түсті. Біз өз тілімізде «төсек зақымы» деп атаймыз. Үйде тұрып, жүре алмай, үнемі төсекте жататын адамдарды төсек зақымына ұшырады дейміз. Денесіне жара шығатын.
  • Тері қажалып қала ма?
  • Иә. Көбіне тұра алмай, төсек тартып қалған қарт адамдарда болады. Олар әдетте төсекте жатады. Төсек зақымы болмау үшін оларды үнемі қозғап, орнын ауыстырып тұру керек. Үйдегі балалары немесе ауруханадағы мейіргерлер төсек тартқан адамды зақымданбауы үшін денесіне ауа жеткізіп, қозғалтып тұрулары керек. Мен қозғала алмағандықтан төсек зақымына ұшырадым. Мені ешкім күтіп қарамады, сондықтан денеме зақым түсті. Ақырында мейіргердің маған жаны ашып, ирактық дәрігерге «Бұған гипс харам. Аяғынан гипсті алып тастаңдар» деді. Ақырында бір ай немесе қырық бес күн өткенде екінші гипсті аяғымнан алып тастады. Сөйтсек, аяқтарым қатып қалған. Тізем де, белім де қатып қалған. Гипсті алып тастаса да, бойымды көтеріп отыра алмадым. Қысқасы, жағдайы жақсарған жолдастарымның бірін босатып, лагерьге жіберген. Мені соның орнына жатқызды. Сондағы достарымның бірі: «Сен өзіңді қозғалтуға тырыс, сонда мына күйден шығасың. Аяғың қатып қалған. Бірақ сонда да қозғалтуға тырыс»,‑деді. Мен мүлде қозғалта алмайтынымды айттым. Мені негізі физиотерапияға апарулары керек еді. Аяғы немесе белі қатып қалған адамды физиотерапияға апарып, массаж жасап, буындарын іске қосулары керек. Бізді ешқайда апармады, тура сол секцияда қала бердік. Тағы бір жолдасым: «Аяққа байлайтын жіпті көрсетіп, бір басын төсектің аяғына, екінші басын қолыңа беремін. Өзіңді тартып, отыруға тырыс»,‑деді. Бұл да болмайтынын айттым. Қанша қозғалайын десем де, денем ағаштай қатып қалған, белім бүгілмей қойды. Жатқан төсегім жиылмалы болатын. Аяқтарын бұрағанда төсек ағылшынның W әрпі секілді жиналатын. «Былай істейік. Мен ақыры өз‑өзімді қозғалта алмайды екенмін, сендер мына төсектің аяқтарын айналдырыңдар, сонда денем ақырын‑ақырын созылып, иіле бастайды»,‑дедім. Күнде төсектің аяқтарын бұрап отырдық. Денем ақырын‑ақырын иіліп‑бүгілді. Аяғым ауырлап, тік қалыптан шыға бастады. Төсек W қалпына енгенде аяқтарым ақырын‑ақырын бүгілді. Біраз уақыт осылай жаттықтым. Тағы бірде әлгі жіппен аяқтарымды тарттым. Сөйтіп, жаймен денемді көтеріп, төсектің үстіне отыра алатындай болдым. Сосын аяқтарымды төсектің шетіне асып, салбыратып, қозғалттым. Бұдан бұрын тағы бір оқиға орын алды. Бұл да мен үшін бір естелік. Денем қалпына келе бастағанға дейін бір күні ұйқыдан тұрып қарасам, құмырсқалар төсегімнің шетімен қатар‑қатар тізіліп жүріп, аяғымның үстінен өтіп жатыр. Бұған дейін ауруханада құмырсқа болмаған. Сарбаздар сияқты   бірінен соң бірі тізіліп жүріп, аяғымның үстіне шығып жатты. Үстімдегі жамылғыны ашып қалсам, денемнен ірің аққан екен. Аяғымның астыңғы жағына дейін ірің аққан. Өте таң қаларлық жағдай болды. Төсегім іріңге толып кетіпті. Ирактықтарды шақырдық. «Қараңдар, мұнда құмырсқа жүр. Құмырсқалар менің аяғымның үстіне шығып жатыр. Жамылғыны ашсам, денемнен ірің шыққан»,‑дедім. Ирактықтар таңырқап тұрып қалды. «Мұнша іріңі бар кез келген адам баяғыда өліп қалуы керек»,‑деді. Инфекция түскен ғой. Сол ірің аяғымнан шықты. Сынған аяғымнан емес, екіншісінен. Бұл аяғым шытынаған еді. Не болғанын білмеймін, бірақ аяғым іріңге толып кеткен екен. Құмырсқалар келіп кеткен күннің ертеңінде белімнің үстінен тобығыма дейін денемде жиналған ірің сыртқа ақты. Құмырсқалар не істегенін білмеймін, зақымданған бөлікті ашқан болуы керек. Мен оларды «Құдайдың сарбаздары» деп атадым. Олар Құдай тарапынан маған келіп, аяғымның бір бөлігін ашып (орны әлі де бар), іріңді шығарды. Ирактықтар менің денемде ірің барын, инфекция барын білмеді. Содан кейін жағдайым оңала бастады. Егер ана ірің қалып, қаныма жетсе, мен тірі қалмас едім. Қысқасы, түрлі тәсіл қолданып, денемді қайта қозғалтып алдым. Бір күні аяққа тұра алдым. Ол күн өмірімдегі ең жақсы күн болды деп айта аламын! Өйткені мен өз жағдайыма қарап, енді ешқашан тұра алмаймын деп ойлаушы едім.
  • Қанша жаста едіңіз?
  • Ол кезде 19-да едім. Енді мүлде тұра алмаймын ғой деп ойлаушы едім. Сол күні қиналып аяғыма тұрғанда енді‑енді жүргісі келетін балаға ұқсадым.
  • Тәй‑тәй басып жүрдіңіз бе?
  • Жоқ, мүлде жүре алмадым. Қолдарыммен қабырғаны қармап, зорға тұрдым. Сол күні қатты қуандым. Қайта аяққа тұрған күнім өмірімдегі ең күшті күнім болды! Ирактықтардың өздері менің бір күні бойымды тіктеп тұратыныма сенбеген. Мен тұрардан бұрын бір ирактық күзетші демалысқа кеткен еді. Ауруханадағы күзетшілер лагерьдегілерден жақсырақ болды. Бізге тиіспейтін. Кейде менімен сөйлесіп қоятын. Жасырын бізге балмұздақ әкеп беретін. Жасырын! Егер бастықтары білсе, олардың өздерін жазалайтын еді. Оларды жақсы адам деп айтуға болады. Солардың бірі демалысқа кеткен еді. Ол жұмысқа қайта келгенде мен ақырын‑ақырын бөлмеден шықтым. Әдетте егер біз әжетханаға барғымыз келсе, бөлмеден шығып, рұқсат сұрауға тиіс едік. Мен енді‑енді жүре бастаған болатынмын. Ол демалыста болған соң менің жүретінімді білмеді. Күзетші қайта жұмысқа шығып, бөлмеміздің алдында отырғанда мен ақырындап есіктің алдына барып, қолымды көтеріп, «Әжетханаға барғым келеді» дедім. Ауызы ашылып тұрып қалды. Жаныма келіп: «Мұхаммадреза, орныңнан тұрдың ба? Сен жүріп жүрсің бе?!!!»,‑деп қатты қуанды. Оған біреу жарты дүниені бере салғандай шаттанды. Жағдайымның нашар болғаны соншалықты, өзімді қойшы, ешкім де менің орнымнан тұрып, жүре бастайтыныма сенбеген еді. Ол шынымен‑ақ қатты қуанды. Мен сол ауруханада жағдайым жақсарып, лагерьге қайтқанға дейін шамамен 9 ай болдым... Ауруханадағы тағы бір ирактық күзетші жайлы естелігім бар. Ауруханада жатқаныма 6 ай болған еді. Дәрігер мені босатып, лагерьге жіберейін деп жатқан. Бірақ олар лагерьде не болып жатқанын білетін. Онда тұтқындарды ұрып‑соғатын, тамақсыз қалдыратын, көп тиісетін. Күзетші менің жағдайымның енді ғана жақсарып қалғанын көрді. «Дәрігер келгенде орныңнан тұрма. Әлі жағдайың жақсармағандай төсекте жата бер. Мен сенің лагерьге барғаныңды қаламаймын»,‑деді. Дәрігер басқа бөлмеде жолдастарымды тексеріп жатқан еді. Ана ирактық күзетші дәрігердің менің бөлмеме келуін күтпеді. Өзі ірі болатын. Мені бала сияқты белімнен көтеріп, дәрігердің алдына апарды да: «Дәрігер мырза, мынаның жағдайы әлі нашар. Денсаулығы жақсарғанға дейін осында қалатындай бірдеңе істеңіз»,‑деді. Яғни мені сонда қалдыратындай қылды. Тағы 3 ай жаттым. Содан кейін өзім де шаршадым. Онда ешкім жоқ еді. Ешкім келіп‑кетпейтін. Зындан сияқты жабық жер. Ақыры «Мен шаршадым. Лагерьге барғым келеді» дедім. 9 ай деген аз емес. Сіз ауруханаға барғанда жүйкеңіз тозады. Тез босап шыққыңыз келеді. Ал мен 9 ай жаттым. Қысқасы, өзім өтініш жасаған соң, дәрігер: «Өзің қалап тұр екенсің, бара ғой»,‑деді...

Тегтер