Иран базары (63)
Иранда қазір күніне 630 мың баррель газ конденсаты өндіріледі. Х.ш.ж.с.б. 1400 жылға (2020) дейін газ конденсатын өндіру көлемі 1 млн 300 мың баррельге жетеді деп болжануда.
Құнды отын көздерінің бірі – газ конденсаты. Бұл отын табиғи газ кеніштеріндегі жұмыс барысында алынады. Ол табиғи газдың қосалқы өнімі саналады. Газ конденсаты – газ кенішіндегі температура жағдайына байланысты бу күйінде болатын, ал жер бетіне шығарылғанда температура жағдайына бейімделіп, сұйықтыққа айналатын көмірсутек. Ол көмірсутекті өнімдердің қатарына жатады, бірақ шикі мұнай (Crude), сұйық табиғи газ (LNG), сұйық газ (LPG) немесе шикі мұнай мен табиғи газдан алынатын басқа өнімдер – мазут пен бензиннен өзгеше. Газ кенішінен алынатын газда айтарлықтай көлемде газ конденсаты болады. Әсіресе егер кеніштен алынатын газ көлемі үлкен болса. Бұл көмірсутекті өнім газдың астында тұнба күйінде жиналады.
Газ конденсаты химиялық құрам тұрғысынан көбіне пентан және ауырырақ көмірсутектерден тұрады. Оның құрамында күкірт аз, әдетте металл қоспасы болмайды. Газ конденсаты өндірілгеннен кейін метан мен этаннан бөлу үдерісі барысында (табиғи газдың ең жеңіл әрі негізгі құрамы) алынады.
Табиғи газ кеніштен алынып, өңдеу зауытына жіберілгеннен кейін еңісі аздау құбыр арқылы өткізіледі. Табиғи газдың ауырырақ көмірсутектері жер бетіндегі температура мен қысымда сұйықтыққа айналып, осы құбырмен ағып, цистерналарға құйылады. Сол себепті газ конденсаты LNG-ге керісінше жер бетінде сақталу үшін температураның төмендетілуін немесе цистернадағы қысымды арттыруды қажет етпейді. Газ кеніштерінде ауыр элементтер жеңілдерден бөлініп алғаннан кейін ауыр құрам газ конденсаты (Plant Condensate) түрінде тұтынушы нарығына ұсынылады.
Газ конденсатының қолданыс аясы кең. Бұл құрамды конденсаттарға арналған өңдеу зауыттарында немесе мұнай-химия зауыттарында шикізат ретінде пайдалануға болады. Оның жартысына жуығын «нафта» құрайды. "Нафта" – жылулығы жоғары көмірсутекті сұйық отындардың бір түрі. Бұл жанғыш материал шикі мұнайды өңдеу зауытының дистилляционды мұнараларында LPG сияқты жеңіл газдар мен ақ мұнайдың арасынан алынады. Нафта – өте қуатты еріткіш. Ол жуғыш заттар мен басқа да көмірсутекті заттарды тазарту үшін қолданылады. Химия және мұнай-химия өнеркәсіптері – нафтаны қолданатын басты сатып алушылар. Оны әртүрлі мұнай-химия өнімдерін, соның ішінде еріткіштер мен сұйылтқыштар өндіруге қажетті шикізат, түрлі пластика, жасанды талшықтар мен өнеркәсіптің спирттердің бастапқы шикізаты ретінде пайдаланады. Сондай-ақ, бояулардың сұйылтқыштарының, пластикалық этиленнің құрамының көбі нафтадан тұрады. Катализ процестерін пайлану арқылы нафтаны жоғары октанды бензин мен басқа да мұнай отындарына айналдыруға болады.
Газ конденсаты – мұнай-газдан алынатын ерекше өнім. Өндіру, нарыққа ұсыну, потенциалды сатып алушылары мен баға белгілеу тәсілі тұрғысынан мұнай, табиғи газ бен басқа да мұнай өнімдерінен өзгеше. Газ конденсатының құрамында металл қоспалары, нитрат қоспалары мен күкірт аз болғандықтан оны өңдеу қаражаты шикі мұнайдан қарағанда азырақ. Газ конденсатының шикі мұнайдан ең маңызды артықшылығы жылу құндылығының жоғарылығы әрі тығыздығының төмендігі. Тіпті жеңілірек қоспалар жасау үшін оны ауыр шикі мұнаймен араластыру керек. Газ конденсатын әртүрлі тәсілдермен ақ мұнай, бензин мен джет отынына айналдыруға болады. Газ конденсатын өңдеу зауыттарының артықшылықтарының бірі – шикі мұнай өңдеу зауыттарымен салыстырғанда өңдеу үдерістерінің аз болуы. Бұл мәселе газ конденсатын өңдеу зауыттарында шығындарды азайтуға себеп болды.
2013 жылы әлемге ұсынылған газ конденсатының көлемі күніне 7 млн баррельден аса болған. Бұл көлем 2020 жылда күніне 9 млн баррельден асады деп болжануда. Әлемде өндірілген және ұсынылған газ конденсатының 83 пайызы мұнай мен газ кеніштерінің бұрғылау құдығы басындағы нысандардан алынады. Екі аймақ – Батыс Азия мен Солтүстік Америка әлемде газ конденсатының басым бөлігін өндіріп отыр.
Айтып өткеніміздей, газ конденсатын өндіру газ кеніштерінің дамуына, газ өндіру көлемін арттыруға тікелей байланысты. 33 трлн-нан аса текше метр дәлелденген газ қорының болуына байланысты Иран – әлемдегі ең ірі газ қорына ие ел. Иранның газ өндірісінің басым бөлігі Оңтүстік Парс кенішінің жаңа фазаларын іске қосуға байланысты болып отыр. Оңтүстік Парс – Ирандағы ең үлкен газ кеніші. Ол Парсы шығанағында Иран мен Катардың ортақ шекара сызығында Иранның оңтүстік жағалауынан 105 км қашықтықта орналасқан. Иранда газ конденсаты алынатын ең негізгі кеніш – Оңтүстік Парс кеніші. Жүргізілген зерттеулер көрсеткендей, бұл газ кенішінде 18 млрд баррельден астам газ конденсаты бар. Соңғы жылдарда Оңтүстік Парс кенішінің әртүрлі фазаларында газ конденсатын өндіру айтарлықтай артып, қазір күндік өндіріс көлемі шамамен 600 мың баррельге жетті. Бұл көлемнен шамамен 450 мың баррель экспортталады. Осы уақытқа дейін Оңтүстік Парс кенішінен құны 10 млрд долларды құрайтын 200 млн баррель газ конденсаты экспортталған. Ираннан газ конденсатын сатып алатын елдер – Жапония, Оңтүстік Корея мен БАӘ. Оңтүстік Корея – Иранның газ конденсатын сатып алатын ең ірі ел.
Шетелдік ақпарат құралдары Иранда газ конденсатын экспорттау көлемінің азайтылғаны туралы ақпарат таратып жатқан шақта ИИР басшылары мұнай-газ саласында қуат көздерін оңтайлы пайдалану саясатын жүргізіп жатыр. Шикізат сатудың алдын алу үшін мұнай-химия өнеркәсібін дамыту және өңдеу зауыттарының өнімділігін арттыру – Иранның болашаққа жоспарлаған бағдарламаларының бірі. Орындалып жатқан бағдарламаларға сәйкес, Иранда өндірілген барлық газ конденсаты шикі күйінде экспортқа шығарылмай, елдің өңдеу зауыттарында бензин, нафта және сұйық газға айналдырылуы керек.
Осы салада "Парсы шығанағының жұлдызы" және "Сироф" атты өңдеу зауыттарын салу жобаларына тоқталуға болады. "Парсы шығанағының жұлдызы" өңдеу зауыты күніне 360 мың баррель өнімділікке, Сироф өңдеу зауыты күніне 480 мың баррель өнімділікке ие бола отырып, Иранда ең маңызды өңдеу нысандары болып саналады.
Осы зауыттар іске қосылғаннан кейін Иранда өндірілген газ конденсатының басым бөлігі аралық немесе қорытынды өнімдерге айналдырылады. "Парсы шығанағының жұлдызы" өңдеу зауыты мен "Нури" (Борзуйе) мұнай-химия кешені елде газ конденсатын қолданатын ең үлкен тұтынушылар болып табылады. Иранда газ конденсаты негізінде жобаланған алғашқы өңдеу зауыты ретіндегі "Парсы шығанағының жұлдызы" өңдеу зауыты 360 мың баррельдік 3 фазадан тұрады. Бұл өңдеу зауыты күніне 37 млн литр бензин өндіре алады. Қазіргі таңда күніне 12 млн литр бензин өндіріп жатыр.
"Парсы шығанағының жұлдызы" өңдеу зауытына қажетті басты шикізат – газ конденсаты. Ол ұзындығы 380 км құрайтын бір құбыр желісі арқылы Оңтүстік Парс кенішінен қамтамасыз етіледі. 700 га ауданды алып жатқан аталмыш зауыт аудан бойынша әлемдегі ең үлкен зауыт саналады. Оның өндірістік қуаты болашақта дамытылады деп жоспарланған. Бұл зауыт Иранға қарсы санкциялардың шарықтап тұрған кезінде отандық мамандар, мердігерлер мен кеңесшілер тарапынан жобаланып, салынды. Зауыттың құрал-жабдықтарының 80 пайызға жуығы Иранда жасалған. Зауытты салудың шарықтау кезеңінде шамамен 17 мыңға жуық адам тікелей жұмыс жасады. "Парсы шығанағының жұлдызы" өңдеу зауыты толығымен аяқталып, қолданысқа беріліп, Euro 4 және 5 сапасымен 36 млн литр бензин өндіргеннен кейін Иранда бензин өндіру күніне 100 млн-нан аса литрге жетті. Бұл көлем бензин импортын тоқтатып, ішкі нарықтағы отынның сапасын арттырумен қоса, бұл өнімді экспорттауға жағдай жасап, Иранды бензин экспорттайтын елдердің қатарына кіргізді.
"Парсы шығанағының жұлдызы" өңдеу зауытының 3 фазасы күніне 360 мың баррель газ конденсатын қажет етеді. Бұл зауыт толық салынып біткен соң қазіргі тұтыныс көлемі артатын болады. Әлемде ароматикалық (хош иісті) материалдар өндіретін ең үлкен кешен ретіндегі "Нури" мұнай-химия зауыты күніне 100 мыңнан аса баррель газ конденсатын тұтынады. Иранда күніне 630 мың баррель газ конденсаты өндіріледі. 2020 жылға дейін елде газ конденсатын өндіру көлемі күніне 1 млн 300 мың баррельге жетеді деп болжануда.