Қаз 26, 2019 17:36 Asia/Almaty
  • Иранның туристік тартымдылықтары (3)

Керманшаһқа сапарымызды жалғастырып, "Һезар Масуле" қаласы деген атпен танымал Павеге аттанамыз. Бізбен бірге болыңыздар!

Иранның астанасы Теһраннан шамамен 500 шақырым қашықтықтамыз. Иранның батысында Иракпен шектесіп жатқан Керманшаһ облысына келдік. Ерте заманда бұл өңірді "Бахтаран" деп атаған. Қызығы, Иранның ең ыстық және ең суық қаласы осы облыста орналасқан. Облыстың теңдессіз қалаларының бірі Паве жайлы естіген сипаттамалар Керманшаһ және Сәрпол Заһаб қалаларынан кейін осы жерге жеткізді. Павенің "Һезар Масуле" қаласы деп аталатынын естіген боларсыздар. Иранның солтүстігіндегі Масуле ауылы мен ондағы баспалдақты үйлер туралы білетіндеріңіз анық.  

 

Иранның солтүстігіндегі Масуле

Енді Иранның солтүстігіндегі Масуленің ауданынан бірнеше есе үлкен бір қаланың биік таудың басынан бөктеріне қарай жайыла орналасқанын елестетіңіз.

Паве – "Һезар Масуле" қаласы

Таудың ең биік нүктесінен ең төменгі жеріне дейін жайыла жатқан үйлер теңдессіз қала архитектурасын тудырды. Әрбір үйдің төбесі одан жоғары орналасқан үйдің ауласы болып кете береді. Паве қаласы ғана емес, айналадағы ауылдардың барлығында осындай ерекшелік бар. Мысалы, Һаджидж әдемі ауылы. Онда "Һаджидж акуласы" деген атпен танымал имам Резаның (ғ.) інісінің кесенесі орналасқан.

Һаджидж ауылы

Сонымен қатар, бұл ауылда "Бел" атты әдемі сарқырама ағып жатыр. Ол айрықша химиялық құрамы бар минералды су көзі саналады. Жалпы табиғатпен үйлесімдікте өмір сүру Паве қаласы мен оның айналасындағы ауылдардың қалалық архитектурасында ең жақсы қалыпта көрініс тапқан. Паве Шаһу атты биік көрікті таулардың үстінде орналасқан. Бұл өңірде жазық жер сирек кездеседі. Таудың етегіндегі сайда жаңғақ, анар, інжір мен басқа да жеміс ағаштары өсетін бақтар бар. Шаһу Загрос таулы сілемінің бір тармағы болып табылады.  Кейде жаз айының ортасына дейін Шаһу тауының шыңында қар жатады.

 

Павенің әдемі табиғаты

 

 

Паве мен Һураманның көк тіреген шыңдарындағы өсімдік жамылғысының алуандығы шынымен көруге тұрарлық. Шаһу көктем маусымында, әсіресе ордибехешт айында түрлі түсті гүлдерге толады.  Сондай әдемі гүлдердің бірі – төңкерілген қызғалдақ. Ол Шаһу тауының биік жерлері мен Паве «оташгаһ»-отқа табыну орны маңында көп өседі. Шаһу тауының үстіндегі «оташгаһ» Сасанилер заманында Аһурамаздаға ғибадат ететін орын болса, қазір жүздеген төңкерілген қызғалдақ өсетін жер. Бұл әдемі гүлдің табиғат аясында маңғаздана өсетіні соншалықты, кез келген тамашалаушыны бірден өзіне баурап алады.   

 

 

Қоңыраудай салбыраған қызғылт сары түсті ірі күлтегінді лала гүлі – Иран табиғаты үшін құнды мұра. Оған қатысты ерекше аңыз бар. Халықтың сенімінше, Гарсиус қылышымен жаны таза Сиавуштың басын шапқанда төңкерілген қызғалдақ бұған куә болған. Бұл оқиғаның қайғысы гүлге зіл батпандай салмақ түсірген. Содан қызыл гүл қам-қайғының ауырлығынан басын төмен салып, Сиавуштың кінәсіздігін айтып, жылайтын болған. Төңкерілген қызғалдақтың жасы – шын мәнінде одан ағып шығатын түссіз сұйықтық.

Осы аңызға байланысты Паве мен Ураманатта төңкерілген қызғалдақты "Сиавуш жасы" гүлі деп те атайды. Иран күрдтерінің сенімінше, бұл гүлді терген әрбір адам Алланың рақымы мен берекесінен айырылады. Сол себепті оны "Нан бор" (Наннан айыратын) гүл деп те атайды.

 

Ураманат ауданындағы төңкерілген қызғалдақ

Иран тарихында осы сирек кездесетін гүлдің ізі қалған. Сасанилер дәуіріне жататын бағаналардың бастарында және Тағ-е Бустандағы төңкерілген қызғалдақ Сасани патшасының суреті жанынан көрініп, көз тартады. Төңкерілген қызғалдақ Сиавушты жоқтап басын төмен салады. Бұл аза Ирактың Иранға таңған соғысына дейін жалғасты. Қасиетті қорғаныс кезінде шәһидтердің қаны төгілген Паве жерінде бұл гүл әр көктемде осы азаны еске салып отырады. Азалы гүл өз сұлулығымен ғашықтық, кінәсіздік пен жоқтаудың символы болып табылады.

Паведен бірнеше шақырым жерде орналасқан "Ғури Қале" үңгірін атап өткеніміз жөн. Бұл үңгір Азиядағы ең үлкен сулы, Ирандағы ең ұзын сулы үңгір болып табылады.

 

"Ғури Қале" үңгірі

Үңгірдің бірінші бөлігінде кең көлшік орналасқан. Әртүрлі қалыптағы әдемі сталактиттер оның айналасын көмкеріп тұр. Әрқайсысы әртүрлі формадағы бұл сталактиттер – үңгірдің осы бөлігіне қойылған аттың негізгі себебі. Мысалы, мұнда хазірет Мариямға ұқсас сталактит бар. Сондықтан бірінші зал "Мариям" залы деп аталған. Үңгірдің 1000 метр тереңінде әлемдегі ең әдемі хауыз орналасқан зал бар. Ол жерден пердеге ұқсас сталактиттерді көруге болады. Әрқайсысына қол тигізгенде олардан музыкалық аспаптардың біріне ұқсас дыбыстар шығады. Сол себепті бұл бөліктің атауы "Бетховен" залы деп аталады. Одан сәл ілгерілекте қалыңдықтың киіміне ұқсап төгілген сталактитттер бар. Олар жарқыраған ақ кристалдардан түзілген. Бұл бөлік "Қалыңдық" залы деп аталады. 1700 метр тереңдікте әдемі сарқырама бар. Бірақ ол көпшіліктің көруі үшін әлі дайындалған жоқ. Бұл үңгірде ашылмаған жерлер көп. Болашақта үңгірдің басқа бөліктері де ашылуы ықтимал.

 

 

Жаратушының өнері мен шеберлігіне тәнті болуды қалайтын сіздерге де Иранның сұлу қаласы Павеге саяхаттау нәсіп етілеріне үміттенеміз.   

Тегтер