Әлемдегі су дағдарысы 12
Су тапшылығына ұзаққа созылған құрғақшылық, су ресурстарын дұрыс пайдаланбау, жерүсті және жерасты суларының ластығы себеп болуы мүмкін. Бүгін ұзақ құрғақшылықтың су дағдарысына тигізетін әсеріне тоқталамыз.
Тарих бойында және бүкіл әлемде адам өмірі әрдайым әртүрлі табиғи қауіп-қатерге ұшырады. Солардың кейбіреуі жер сілкінісі, жанартау, су тасқыны секілді геологиялық және геоморфологиялық жұмыстарға байланысты болды. Бірқатар табиғи апаттардың ауырлығы мен жиілігі жердің географиялық орналасуына байланысты. Құрғақшылық – адам өмірі мен табиғи экожүйелерге үлкен зиян келтіретін табиғи апат. Бұл климаттық аномалия ретінде ауа-райының ең жойқын құбылыстарының бірі. Бұл табиғи құбылыс барлық климаттық аймақтарда кездесетіндіктен оның салдары өз әсерін тигізеді. Халық санының қарқынды өсуі және ауылшаруашылық өнімдеріне деген қажеттіліктің артуымен азық-түлікпен қамтамасыз ету қажеттілігі артып, егістік алқаптарының кеңеюіне себеп болды. Ауылшаруашылық өнімдерінің саны мен сапасының төмендеуі, жайылымдардың жойылуы, орман өндірісінің қысқаруы, сулы-батпақты алқаптардың жойылуы, беткейлердің тұрақсыздығы, жойқын су тасқыны, жерасты су ресурстарының азаюы, қоршаған ортаның қалпына келтірілмейтін зияндары, экономикалық кедейлік пен жетіспеушілік, адам қоғамдарының әлеуметтік тұрақтылығынан айырылуы – адамзаттың табиғат және қоршаған ортамен қатынас орнатуының айқын белгілері.
Соңғы онжылдықтардағы адамзат қоғамына әсер ететін табиғи апаттардың бірі – құрғақшылық. Құрғақшылықтың басқа табиғи апаттардан айырмашылығы оған су тасқыны мен жерсілкінісі сияқты құбылыстармен салыстырғанда көмектесудің қиындығында. Бұл құбылысқа әртүрлі анықтама берілсе де, ол көбінесе бір немесе одан да көп маусымда жауын-шашынның болмауынан пайда болады. Құрғақшылық кез келген жерде орын алады, бірақ оның сипаттамалары әр аймақ үшін өзгеше. Құрғақшылық өмір мен қоғамның әртүрлі аспектілеріне, әсіресе табиғи ортаның өзгеруіне тікелей және жанама әсер етеді. Құрғақшылықты түсінбеу экономиканың әртүрлі салаларына, басқаруға, тіпті макро-жоспарлауға күмән тудырып, тоқырау қалыптастырады. Құрғақшылық үлкен аудандар мен үлкен популяцияларға әсер етіп, өрт, тұтқиыл су тасқыны, көшкін мен шаң сияқты экологиялық қауіп-қатер тудыруы мүмкін. Климаттың ауыспалы факторлары арасында жауын-шашын құрғақшылық жағдайын анықтайды. Жауын-шашын ең маңызды фактор болғандықтан оның өзгерістері топырақ ылғалына, жер бетіндегі ағындар мен жерасты су қоймаларындағы өзгерістерге тікелей әсер етеді.
Құрғақшылық су теңгерімін бұзып, салдарынан су тапшылығы, өсімдіктердің қурауы, су электр станциялары үшін су ағыны қарқындылығының төмендеуі, жерүсті суларының тереңдігі және топырақ ылғалдығының азаюына соқтыруы мүмкін.
Климаттанушы Дональд Вильгельм және атмосфералық ғалым Майкл Гланц «Құрғақшылық құбылыстарын түсіну: анықтамалардың рөлі» атты мақалалар жинағын жариялады. Олар құрғақшылық құбылысын су және метеорология, гидрология, ауыл шаруашылығы және әлеуметтік-экономикалық тұрғыларға бөлді. Метеорологтар құрғақшылықты климаттың өзгеруіне әкелетін қалыпты жауын-шашын мөлшері азаюының салдары санайды. Сондықтан құрғақшылық метеоролоиялық тұрғыдан жауын-шашын болмауынан туындаған жағдай. Құрғақшылықтың анықтамасы әртүрлі ел мен әр уақытта метеорологиялық тұрғылардан ерекшеленеді.
Гидрология – су айналымын, таралуы мен сапасын зерттейтін ғылым саласы. Құрғақшылықтың бұл бөлігі жауын-шашын мен жерасты суларының мерзімді жетіспеушілігінің салдарымен байланысты. Барлық су тапшылығының атмосфералық жауын-шашын жетіспеушілігінен туындағанына қарамастан гидрологтар бұл жетіспеушіліктің рөліне ерекше назар аударады. Гидрологиялық тұрғыдан ағып жатқан судың, өзендер мен көлдердің және жерасты суларының мөлшерін өлшеу – құрғақшылықтың көрсеткіші. Метеорологиялық критерий құрғақшылықтың басты көрсеткіші бола алмайды, өйткені жауын-шашын мен жерүсті және жерасты суларын нақты бағалай алмайды.
Ауылшаруашылығы тұрғысынан алғанда топырақтың ылғалдығы дақылдың нақты қажеттілігінен аз болғанда дақылдардың бүлінуіне себеп болады. Сондықтан ауылшаруашылық тұрғысынан құрғақшылық түсінігі әртүрлі өнімдер үшін әркелкі. Ауылшаруашылық құрғақшылығы көбінесе метеорологиялық құрғақшылықтан кейін, су тапшылығынан бұрын болады. Ауылшаруашылығы көбінесе құрғақшылықтан зардап шегетін бірінші экономикалық сектор. Ауылшаруашылығындағы құрғақшылық су тапшылығымен тығыз байланысты. Ауыл шаруашылығындағы маңызды фактор болып өсімдікке қажет су мөлшері саналады. Бұл фактор ауа-райының жалпы жағдайына, әрбір өсімдіктің биологиялық сипаттамалары мен өсімдіктердің өсу деңгейі және топырақтың физикалық-биологиялық қасиеттерімен байланысты.
Әлеуметтік және экономикалық тұрғыдан алғанда, құрғақшылық – су тапшылығы адам қажеттіліктері үшін әлеуметтік және экономикалық қиындықтар тудыратын кез. Құрғақшылықтың салдарын азайту үшін дағдарысты басқару, бақылау және бағалау өте маңызды. Құрғақшылықтың салдары басқа табиғи апаттарға қарағанда көп. Оның әлеуметтік, экономикалық және экологиялық салдарлары құрғақшылық аяқталғаннан кейін де ұзақ сақталады. Құрғақшылықтың салдарын бірнеше топқа бөлуге болады: жел эрозиясы және оның салдары; аймақтағы өсімдіктердің жойылуы; шөл және шөлейт жерлердің көбеюі; көлдердің құрғауы салдарынан құстардың қоныс аударуы мен үй жануарларының өлімі. Сондай-ақ, құрғақшылық адам өміріне, соның ішінде халықтың денсаулығына қатты әсер етеді. Құрғақшылық адам өміріне тікелей әсерін етіп, өкпе инфекциясы, гидратсыздандыру және сонымен байланысты басқа ауруларға, азық-түлік тапшылығы, ауылшаруашылығы өндірісінің төмендеуі, ашаршылық, жеке және топтық көші-қон, тұрғылықты жерден көшу сияқты түрлі мәселелерге соқтыруы мүмкін. Құрғақшылық суға байланысты әлемдік деңгейде соғыс туғызады. Өйткені Жер құрлығы құрғаса, суға қол жеткізуді соғыс құралы ретінде қолдануға болады. Әлемнің кейбір сезімтал аймақтарында су соғысы қазірден басталып кетті.
Сөзімізді біздің заманымызға дейінгі V ғасырда Иран жерінде билік еткен Ахеменид патшасы Дарийдің дұғасымен аяқтаймыз. Ұлт пен қоғам өміріне қауіп төндіретін үш факторды бейнелейтін жазба Персеполистегі Ападана сарайының оңтүстік қабырғасында қашалған: «Уа, Алла, бұл елді жаудан, құрғақшылық пен өтіріктен қорғай гөр».