Қаз 06, 2020 04:14 Asia/Almaty

АҚШ-та құлшылықтың жойылғанына 150 жылдан асса да, елде нәсілшіл жүйелер әлі де дамып жатыр.

АҚШ-та құлшылықтың жойылғанына 150 жылдан асса да, елде нәсілшіл жүйелер әлі де дамып жатыр. Соңғы жылдары АҚШ-тың түрлі өңірлерінде орын алған қанды атыстар әсіре ұлтшылдық мен нәсілшіл қатігездіктердің күн сайын артып келе жатқанын көрсетеді. Дональд Трамп билік басына келгенге дейін АҚШ үнемі нәсілшілдікпен бетпе-бет келіп отырса да, ол Ақ үйге келгеннен кейін ақ нәсілді әсіре нәсілшілдердің тамырына жаңа қан құйылғандай болды. Адам құқығын қорғаушы топтардың көбі елде әсіре ұлтшылдық пен нәсілшілдіктің артып бара жатқанын ескертті. «Батыстың өмір салты» бағдарламасының осы аптадағы бөлімінде АҚШ-тағы нәсілшілдік мәселесіне тоқталамыз.

АҚШ-тағы нәсілшілдік

Марзия Һашеми – Press TV арнасының мұсылман тележүргізушісі әрі деректі фильм түсіруші.  2018 жылы АҚШ полициясы тарапынан ұсталып, 11 күн уақытша изоляторда жатқан ол Associated Press агенттігіне берген сұхбатында өзінің ұсталу себебін журналист болуы және өзіндік ұстанымының болуы деп атап, АҚШ үкіметінің оған өз әрекетінде абай болуды ескерткісі келгенін айтты. Осы тегі америкалық деректі фильм түсірушінің туындылардың бірі – «Дред Скоттың ұлты» (A DRED SCOTT NATION) атты фильм. Оның тақырыбы – АҚШ қоғамындағы кемсітушілік пен теңсіздік. Фильмде АҚШ жүйесі мен полициясының қара нәсілділерге көрсетіп отырған әділетсіздігі баяндалған. Фильм  америкалық қара нәсілді құл Дред Скоттың 1857 жылы АҚШ-тың Жоғары сотынан әділеттікті талап еткен өтінішімен басталады. Жоғары сот қазысының жауабы мынадай болды: «Қара нәсілді арыз айта алмайды, өйткені бір азамат ретінде есепке алынбайды. Сізде ақ нәсілді қожаларыңыз құрметтейтіндей құқық жоқ».  

Деректі фильм түсіруші АҚШ-та полицияның қолынан қара нәсілді жастар мен жасөспірімдердің өлтірілу фактілерінің көптігіне, соның ішінде 2014 жылы Фергюсонда 14 жастағы Майкл Браунның өлтірілгеніне  тоқталып, америкалық қара нәсілділердің құқықтары аяққа тапталып жатқаны АҚШ құрылғаннан осы күнгей дейін жалғасып келе жатқан ащы шындық деп атады. «Дред Скоттың ұлты» атты деректі фильмде мына жайтқа назар аударылған: АҚШ-та халықтың көбінің құқығы тері түсіне байланысты назардан тыс қалады, елдегі қара нәсілділердің басым бөлігі оп-оңай әрі еш дәлелсіз өлтіріледі. Осы фильмге түскен әлеуметтік белсенді Бритай Гарирус былай дейді:

«Көшеге шыққанымда алаңдайтын екі топ бар: бұзақылар мен полицейлер. Өзімді бұзақылардан қорғай аламын. Ал полиция алдында өзімді қорғай бастасам, өлтірілемін. Елде қара нәсілділерге деген терең жиреніш бар». Ол Майкл Браунның өлтірілгенін көргендегі сезімін баяндай келіп: «Жерде жатқан өзімді көрдім. 4,5 сағат бойы көшеде өліп жатқан өзімді көрдім»,-деді.

АҚШ-та орын алған нәсілдік кемсітушілік туралы көптеген оқиғалар тарихта тіркелген. Күнделікті басылымдарда түрлі жастағы америкалық қара нәсілді жастар мен жеткіншектердің өлімі туралы жазу әдетке айналған. Егер өлгендер саны көп болмаса немесе халықтың реакциясына ұшырамаса, мұндай жайттар басқа жаңалықтардың арасында көрінбей де қалады. Дональд Трамп билік басына келіп, нәсілшілдікке ашық түрде қолдау көрсетіп, ақ нәсілділерді қара нәсілділерден артық санайтынын айтқаннан кейін елде нәсілдік сипаттағы қатігездіктер көбейді. Бүгінде Трамп АҚШ қоғамындағы нәсілшілдік символына айналды. Дональд Трамптың әсіре ұлтшылдықты таратуы америкалықтардың оған «Нәсілшіл Президент» деп лақап ат қоюына себеп болды.

Вашингтон басшылары бұл елде нәсілшілдікке орын жоқ, барлық ұлт өкілдері бір-бірімен тату өмір сүреді деп айтқанымен, АҚШ-та орын алған қатігездіктерді нақты зерттей келе көретініміз: қатігездіктердің басым бөлігінің себебі – нәсілдік кемсітушілік. Зерттеулер бойынша, 2011 жылдың шілде айынан 2019 жылдың сәуір айына дейін адам өлімінің 73 пайызға жуығы АҚШ-тың түрлі жерінде ақ нәсілділердің артықшылығын жақтайтын нәсілшілдердің мигранттар, түрлі түстілер немесе діни азшылықтарға қарулы шабуылы салдарынан орын алған. Сарапшылардың айтуынша, нәсілшілдік обыр ауруы сияқты әлеуметтік желілер мен ғаламтордың қараңғы бөліктерінде белең алып, жайылып жатыр.

Әлеуметтік істер жөніндегі сарапшы Мери Райянның айтуынша, «Батыста, әсіресе АҚШ-та нәсілшіл сипаттағы қылмыстарды қарастыру жүйесі тиімсіз. Оның тежегіш күші жоқ. Батыстың білім және ақпарат жүйесінде нәсілшілдікпен күреске дұрыс көңіл бөлінбегені былай тұрсын, керісінше ұдайы нәсілшіл қатынастарға түрлі тәсілдермен қолдау көрсетіледі. Бұлар қоғамды қауіпті жолға салады».

АҚШ-тағы нәсілшіл қатігездіктердің құрылымға еніп, жүйелендірілгенін айтуға болады. АҚШ саясаткерлері нәсілшілдікті халықтың өмір салтындай тануға, Америка қоғамының мәдениетіндегі бір сенім деп бекітуге тырысып жатқандай. Өзін қорғау сылтауымен қара нәсілділерге қару кезенетін полицейлер – балалық және жеткіншек шағында АҚШ-тың ақпарат кеңістігі таратқандай қара нәсілділерді жау көріп, қорқынышпен өскен халықтың бір бөлігі. Қара нәсілділерден қорқу олармен кезіккенде табиғи түрде бой көтеріп, олардың қате шешім қабылдауына себеп болады. Бұл қатынас АҚШ полициясынан басқа осы елдің сот жүйесінде де жайлаған. Сол себепті дәлелсіз қара нәсілділерді өлтірген ақ нәсілді полиция қызметкерлері сотта ақталып шығады.

FBI таратқан статистика бойынша, АҚШ түрмелерінде жатқан тұтқындардың жартысына жуығы – қара нәсілділер. 2 млн 300 мыңнан аса адам АҚШ түрмелерінде жатыр. Солардың 1 млн-ын қара нәсілділер құрайды. Қара  нәсілділердің АҚШ халқының жалпы санындағы пайыздық үлесін ескерсек, түрмеде жатқан қара нәсілділер саны ақ нәсілділерден 6 есе артық. Оларға «қылмыскер» аты таңылғаннан кейін олар тіпті ең қарапайым азаматтық құқықтардан айырылып, олардың орны мен жағдайы әрдайым төмендей береді.

1964 жылы АҚШ-та азаматтық құқық заңы қабылданып, азшылыққа қарсы кемсітушілік жойылды деп жарияланғанымен, заң бекітілген жылдан осы күнге дейін қара нәсілділердің орташа табысы АҚШ қоғамының ең төменгі сатысында тұрғанын көріп отырмыз. Табыс деңгейіндегі теңсіздік басқа да азшылықтар, соның ішінде латынамерикалықтарға да қатысты. АҚШ қара нәсілділерінің басым бөлігінің сенімінше,  бұл елде теңсіздіктер әлі де бар. Азаматтық құқық белсенділерінің айтуынша,  қара нәсілділер азаматтық қозғалыс басталғалы бері өткен 50 жылда айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізгенімен, көптеген салаларда, соның ішінде білім алу, медициналық қызмет және тұрғын үй саласында әлі де ақ нәсілділермен тең әрекет ете алмайды. АҚШ-та қара нәсілділердің қолындағы байлық көлемі ақ нәсілділердің байлығымен мүлде салыстыруға келмейді. Pew институтының зерттеулері көрсеткендей, бір ақ нәсілді америкалық жанұяның байлығы қара нәсілді жанұядан 13 есе артық.

Чикагода жақтастары көп қоғамдық белсенді әрі христиан діни қызметкері Рон Джереми бір сөзінде АҚШ қоғамындағы кемсітушілік туралы былай деді: «Үкімет өтірік айтса да, Құдай өтірік айтпайды. Үкімет өзгерсе де, Құдай өзгермейді. Бітті. Алайда тағы бір нәрсе айтуға рұқсат етіңіздер: Үкімет қабылданбайды. АҚШ үкіметінің үндістермен қатынасы қабылданбайды. Өйткені оларды арнайы аймақтарда ұстайды. Жапон текті америкалықтармен қатынасы қабылданбайды. Өйткені оларды топтық түрмелерде ұстайды. АҚШ-тың қара нәсілділермен қатынасы қабылданбайды. Өйткені оларды шынжырлап ұстайды, арнайы жерлерге қамайды... Оларды деңгейі төмен мектептерге жібереді. Оларды стандартқа сай емес үйлерде тұрғызады. Оларға дәрі салып, сынақ өткізеді. Олардың жұмысына ең төмен жалақы төлейді. Оларды құқықтық теңдік аясынан тыс ұстайды. Нәсілдік кемсітушілік жасап, жоғары білім алудан шектейді. Оларды көмексіз әрі үмітсіз қалдырады. Үкімет оларға есірткі заттарын береді, оларды түрмеге тоғытады. Оларға қарсы үш рет ұсталса, өмір бойы бас бостандығынан айырылады деген заң бекітеді. Содан кейін Құдайдан АҚШ-қа рақымшылық тілеуімізді сұрайды. Құдай АҚШ-қа рақымшылық жасамай-ақ қойсын, лағынет айтсын. Інжілде бар. Жазықсыз адамдарды өлтіргені үшін Құдай АҚШ-ты лағынет етсін. Қара нәсілділерге адамдықтан тыс қатынас көрсетіп отырғаны үшін Құдай АҚШ-ты лағынет етсін. Өйткені ол үнемі өзін мақтап, өзгелерден артық санап келеді».

Тегтер