Қар 14, 2020 23:42 Asia/Almaty
  • Иранның туристік тартымдылықтары (15)

Бүгінгі бағдарламада Чахармахал мен Бахтияри облысына сапарды жалғастырып, Саман қаласына барамыз.

Өткен аптада Загрос таулы сілемінің етегінде орналасқан Чахармахал мен Бахтияри облысының орталығы Шәһркүрд қаласын аралап, оның құнды тарихи ескерткіштерімен таныстық. Осы облыстың табиғи және тарихи тартымдылықтарының тағы бірсыпырасын көру үшін Шәһркүрд қаласынан 22 км қашықтықта орналасқан Саман қаласына аттанамыз. 

Саман – ауа райы жайлы шағын қала. Деһқан Самани мен Оман Самани сияқты танымал ақындардың туған жері. Заяндеруд өзені өмірдің қан тамырындай қаланың ортасынан ағып өтіп, қалаға жан бітіреді. «Заяндеруд» атауы Исфахан қаласы мен ондағы «Си о се пол» көпірімен біте қайнасып кеткені анық. Бірақ біліп жүргеніңіз жақсы: Заяндеруд өзені Чахармахал мен Бахтияри облысынан бастау алады. Сондықтан өзен таулар мен сайларды кесіп өтіп, Исфаханға жетеді.

Заяндеруд өзені өзінің ирелең арнасында тарихи тұрғыдан құнды көптеген көпірдің астынан өтеді.

«Заманхан» - осындай тарихи көпірлердің бірі. Ол Заяндеруд өзенінің үстіне тартылып, екі жағаны бір-біріне жалғастырып тұр. Саман қаласының ауа райы жайлы әрі миуалы бақтарға толы ауданында орналасқан осы көпірдің айналасында ойын-сауық және демалыс орындарының салынуы оны Чахармахал мен Бахтияри облысының туристік полюсіне айналдырды. Жылына отандық және шетелдік туристер мен жолаушылар осы тарихи көпірді көріп, оның айналасындағы әдемі табиғаттан ләззат алу үшін осы аймаққа сапар шегеді.

«Заманхан»  көпірі  

 

«Заманхан»  көпірінің ұзындығы – 4,5 метр, биіктігі – өзен бетінен 12 метр. Ол көшпелі тайпаның басшысы «Заманхан» деген кісінің қолымен Сефевилер заманында Загрос аймағы көшпенділерінің көші-қон кезінде өтуі үшін салынған. Әрине кейбіреулердің сенімінше, бұл жерде Сасанилер заманында салынған көпірдің қалдықтары болған. «Заманхан»  көпірінде екі доға іспеттес есікше бар. Олар үш тас ұстынның үстіне салынған. Ортаңғы ұстын  өзеннің тура ортасында орналасқан. Оның үстінде көпірдің салмағын азайту мақсатында бос есікше салынған. Көпірді одан ары беріктендіру мақсатында оны өзеннің бір бұрылысындағы жартастың үстіне салған. Көпірдің құрылысында кірпіш, алебастр, сарудж қоспасы пайдаланылған.  «Заманхан»  көпірі бірнеше жүз жыл уақыт өтсе де, әлі де өз айбыны мен салтанатын сақтап, Заяндеруд өзенінің толқындары мен жауын-шашыннан аман қалған.

«Заманхан» тарихи көпірі  Иранның ұлттық мұра тізімінде 1744 нөмірімен тіркелген.

«Заманхан»  көпірі 

 

Чахармахал мен Бахтияри облысына сапарда тұмса табиғат пен Иранның қазіргі заман тарихын сүюшілер үшін «Пирғам» туристік кешенін аралау қызықты болмақ. Бұл тұмса табиғат пен әдемі туристік орынды көру үшін Дәһчешме ауылына аттанамыз. Онда теңдессіз табиғатпен қатар Иранның қазіргі заман тарихына тиесілі тас жазбалар да бар. «Пирғам» туристік кешені Дәһчешме ауылының оңтүстігіндегі тауларда Фарсан қаласынан 6 км қашықтықта, Шаһркүрд қаласының оңтүстік-батысынан 38 км қашықтықта орналасқан. Туристік кешеннің жанындағы тас төбенің бір бөлігінде сардар Хосроухан Зафар Бахтияридің бұйрығымен насталиқ жазуымен үш тас бетіне мәтін қашалып жазылған. Жазбаларда жалпы бахтиярлардың Исфахан мен Теһранға шабуылы, бахтияр сардарларының Сағирдің үстемдігін басып-жаншудағы және Машрутият оқиғасында Мұхаммедәли шахтың құлатылуындағы рөлі баяндалған. Тас жазбалардың төменгі бөлігінде әктас үңгір бар, оның айналасында бұлақтар ағып жатыр. Үңгірдің жоғары жағындағы таудан әдемі әрі биік сарқыраманы көруге болады. Дәһчешме ауылының сауқатына бал, сүт өнімдері, жаңғақтар мен жемістер, қолдан өсірілген бақтақ жатады. Сұлу табиғат, жап-жасыл бақтар, «Пирғам» жанға жайлы туристік кешенінің болуы және ондағы тауда қашалған жазбалар, Хан қамалы мен тас арыстан – осының бәрі Дәһчешме ауылын Чахармахал мен Бахтияри облысының ең тартымды ауылдарының біріне айналдырып, күніне жүздеген туристің келуіне себеп болды. Біліп жүргендеріңіз жақсы, «Пирғам» тас жазбалары 1377 жылы Иранның ұлттық мұра тізіміне тіркелді.

Чахармахал мен Бахтияри – Иранның аңызға толы облысы. Бахтияр халқының фольклоры өте бай. Облыстың бір бөлігінде бахтияр халқының «Һәфт ләнг» тайпасы мекендейді. Бахтиярлар Иранда өмір сүретін ең ірі әрі текті ұлттардың бірі саналады. Бахтиярлар ата-тек тұрғысынан лурларға жатады.  Олардың диалектісі – парсы тілінің ең көне әрі ең танымал диалектілерінің бірі. Зерттеушілер мен этнографтардың бір тобы бахтиярлардың тегін ирандық деп санайды. Тіл мен кейбір әдет-ғұрыптар осы сөздің айқын дәлелі болып табылады.

Бахтияр халқының ерекше әдет-ғұрыптары аймақтың тартымдылығын арттыра түседі. Бахтияри аймағы көне заманнан осы күнге дейін ірі бахтияр көшпенді тайпасының көшіп-қонатын жері болып табылады. Чахармахал мен Бахтияри облысында қазір Куһранг, Фарсан, Ардал мен Лордеган аудандары бар.

Бахтияр тайпасының өзі ерекше өмір сүру салтына байланысты осы аймақтың теңдессіз тартымдылықтарының бірі саналады. Отандық және шетелдік туристер олардың көшпелі өмір салты мен ерекше әдет-ғұрыптарына қызығады.

Келесі бағдарламада бахтияр тайпасымен көбірек таныстырып, Загрос тауларындағы көшпелі тайпалардың таңғажайып көш жолын көріп қайтамыз.