Нұрлы жол. 859-бөлім, "Ғафир" сүресінің 16-20 аяттары
Алланың атымен бастаймыз! Мұхаммед пайғамбарымызға (с.ғ.с.) салауат айта отырып, «Нұрлы жол» бағдарламасының кезекті бөлімін назарларыңызға ұсынамыз. Құран Кәрім аяттарына жасалған жеңіл тәпсірмен таныстыруды одан ары жалғастырамыз.
"Ғафир" сүресінің 16-17 аяттарының оқылуына құлақ түріңіздер:
«یَوْمَ هُم بَارِزُونَ لَا یَخْفَى عَلَى اللَّـهِ مِنْهُمْ شَیْءٌ لِّمَنِ الْمُلْکُ الْیَوْمَ لِلَّـهِ الْوَاحِدِ الْقَهَّارِ»، «الْیَوْمَ تُجْزَى کُلُّ نَفْسٍ بِمَا کَسَبَتْ لَا ظُلْمَ الْیَوْمَ إِنَّ اللَّـهَ سَرِیعُ الْحِسَابِ»
Аяттардың аудармасы: Ол күні; олар, көрнеуге шығарылады. Олардан ешбір нәрсе Аллаға жасырын болмайды. “Бүгін патшалық кімдікі? Тек қана жалғыз, тым өктем Алланікі” (делінеді). (16)
Бүгін әркім істегені бойынша жазаланады. Бүгін зұлымдық болмайды. Күдіксіз Алла (Т.) тез есеп көруші. (17)
Өткен бағдарламадағы соңғы аятта мына жайт айтылды: Құдай аспани кітаптар мен пайғамбарлар арқылы адамзат баласына қиямет жайлы ескертті. Бұл аяттар қиямет күнін сипаттағанда мынадай ерекшеліктерді баяндады: ол күні перделер шетке ысырылып, барлық нәрсе айқын болады, ғамалдар дәптері ашылып, адамдардың іші көрінеді. Сол себепті ештеңе жасырын қалмайды. Әлемде Құдайдан ештеңе жарысын емес. Бұған қарамастан, адамдар Құдайдан бірдеңе жасырып қала аламыз деп ойлайды. Бірақ қиямет күні шын мәнінде Құдайдан ештеңе жасырын қалмағанын және олардың барлық істерінің нақты тіркеліп отырғанын түсінеді.
Қиямет күнінде адамдар өздерінің бар болмыс-бітімдерімен қиямет сахнасына шығады, ештеңе құпия болып қалмайды. Бұл өте бір ғажайып та қорқынышты сахна болары сөзсіз!
Ол күні Құдай баршаға үкім ететін болады. Әрине мына дүниеде де Алла бүкіл әлемге билік етіп отыр, бірақ бұл билік қиямет күні жаңаша көрініс табады. Онда залым әрі тәкаппар билеушілер болмайды.
Қиямет күні Құдайдың үстемдігі зор болатыны сондай, тіпті адамдар өз дене мүшелері мен аяқ-қолдарына ие бола алмайды. Сол себепті Құдай қалаған кезде адамның аяқ-қолы мен басқа дене мүшелері оған қарсы куәлік етеді.
Ол күні істелген істерге жаза мен сый беріледі. Әрбір адам өз қолымен істегенінің нәтижесін көреді. Шын мәнінде біздің осы дүниедегі ойларымыз бен істеріміздің рухымыз бен нәпсімізге әсер ететіні соншалықты, қиямет күніне дейін сақталып қалып, сол күні жазаның негізіне айналады.
Әлемде зұлымдық көп. Адамдар көбірек ляззат пен мүддеге қол жеткізу үшін бір-біріне зұлымдық жасайды. Бірақ қиямет күні адамда басқаларға зорлық-зомбылық жасауға мүмкіндік болмайды, өйткені онда абсолютті билік Алланың қолында. Ал Алла өз құлдарына зорлық қылмайды. Әрбір адамға амалына қарай жаза немесе сый береді. Әрине бұл іс тез атқарылады.
Бұ дүниеде бір үкімді шығару үшін бірнеше ай немесе жыл жұмсайтын соттарға керісінше қиямет күні құлдардың ісін қарау жылдам атқарылады, әр адамның ісі-міндеті тез айқындалады. Яғни қиямет күні айыпталушыларға (қылмыскерлерге) мұрсат берілмейді.
Осы аяттардан үйренетініміз:
- Құдайдан бірдеңе жасырып қаламыз деп ойламайық. Өйткені қиямет күні барлық сыр ашылады және жасыруға немесе теріске шығаруға мұрсат болмайды.
- Қиямет күнінде бірде-бір адам есеп айырысудан шетте қалмайды. Алланың жазасы мен сыйының негізі – біздің осы дүниеде жасаған амалдарымыз. Біздің орынсыз арман-тілектеріміз, туыстығымыз бен тәуелділіктеріміз емес....
- Алла тағала осы дүниеде қалтқысыз билікке ие болып, әлемді басқаруда теңдессіз болғанымен ешкімге зұлымдық жасамайды.
Енді "Ғафир" сүресінің 18-20 аяттарының оқылуына құлақ түріңіздер:
«وَأَنذِرْهُمْ یَوْمَ الْآزِفَةِ إِذِ الْقُلُوبُ لَدَى الْحَنَاجِرِ کَاظِمِینَ مَا لِلظَّالِمِینَ مِنْ حَمِیمٍ وَلَا شَفِیعٍ یُطَاعُ»، «یَعْلَمُ خَائِنَةَ الْأَعْیُنِ وَمَا تُخْفِی الصُّدُورُ»، «وَاللَّـهُ یَقْضِی بِالْحَقِّ وَالَّذِینَ یَدْعُونَ مِن دُونِهِ لَا یَقْضُونَ بِشَیْءٍ إِنَّ اللَّـهَ هُوَ السَّمِیعُ الْبَصِیرُ»
Аудармасы: (Мұхаммед Ғ.С.) оларға жақындаған қиямет күнін ескерт. Сол уақытта, жүректер жұтқыншаққа келіп, қылғынып, лоқсушылар болады. Залымдар үшін бір дос та ықбалды болушы да болмайды. (18)
Алла көздердің қиянатын және көкіректердегі құпияны біледі. (19)
Алла (Т.) туралық бойынша үкім береді. Олардың Алладан өзге жалбарынғандары, еш нәрсеге үкім бере алмайды. Күдіксіз Алла (Т.) толық естуші, тым қырағы. (20)
Қиямет күнін сипаттаудың жалғасында мына аяттарда былай делінеді: Қиямет күні алыс, қалаған нәрсемді істеймін деп ойламаңыздар. Қиямет күні жақын екенін біліңіздер, барлық істеріңізге жауап бересіздер. Қиямет күнінен қорыққаннан адамдардың жаны тілінің ұшына келіп, жүректері қобалжудан жарылып, тамағынан шығып кете жаздайтындай болады екен. Бұл сипаттама қияметтегі қысым мен қиындықтың шарықтау шегін көрсетеді.
Әрине халық алдында абыройы төгілуден қорқып, Құдайдың нақты есебіне, азапқа душар болатынына алаңдап, адамдар қобалжуға түсетіні сондай, тіпті сипаттап беру мүмкін емес. Іші қам-қайғыға толады, бірақ тілдері байланып, сәл тыныштану үшін оны айтуға дәрмендері болмайды. Өйткені ол жер айқай-шудың жері емес, Құдайдың әділдік орнататын жері.
Осындай қиын жағдайда әрбір адам достары мен ықпалды адамдардың көмектесетініне үміттенеді. Құранда былай делінген: Осындай жағдайда саған көмектесетін және кем дегенде тыныштандыратын дос та, жаны ашитын адам да болмайды. Өйткені әр адам өз амалына жауап береді. Біреу басқа біреуге көмектесе (жауап бере) алмайды.
Аяттардың жалғасында Алла тағаланың ауқымды ғылымына меңзеліп, былай делінген: Басқалар сіздің қарап тұрғаныңызды байқамайтын жерде, сіз жөнсіз қарап, сізді ешкім көріп тұрған жоқ деп ойлаған кезде Алла тағала сонда болып, сіздің қиянат жасай қарағаныңызды біледі. Сіздің ішіңізден хабардар болып, сіздің пәс ойыңызды біледі.
Әрине көздің қиянаты әртүрлі қалыпта көрініс табуы мүмкін. Туыстығы жоқ (махрам емес) әйелдерге орынсыз қарау немесе басқаларға масқаралай және қорлай қарау көздің қиянаты түрлерінің бірі саналады.
Күмәнсіз, егер адам қияметте нақты есептің болатынына сенетін болса, тіпті оның көзқарастары, ойлары мен стимулдары микроскоптың астында қаралатынына сенсе, оның болмысында тақуалық пен дұрыстық ең жоғары дәрежеге жетеді.
Иә, адамның ішіндегі сырлар мен жасырын әрекеттерден хабардар Құдай қиямет күнінде халықты сынап, соттайды. Қазылық ету Оған тән. Ол тек әділеттікпен қазылық етеді. Алайда басқалар іш пен сырттан хабардар болмағандықтан дұрыс қазылық ете алмайды, егер төрелік етсе, құқықты аяққа таптап, зұлымдық жасайды.
Осы аяттардан үйренетініміз:
- Өлімнен кейін баратын Қиямет қақпасы өте жақын. Оны алыс деп ойламайық. Өзімізді осы күнге дайындайық.
- Қиямет күніндегі соттан қорқу бір жақынан, өткен істерге өкіну екінші жағынан күнаһарды өте ауыр жағдайға қалдырады, бірақ оның тіпті сөз айтып, айқайлауға шамасы келмейді.
- Қиямет – қылмыскерлердің жалғыз қалатын күні. Жан достар мен ықпалды адамдар қылмыскерлерге көмектесе алмайды. Жалпы ешкім ешкімді ойламайды.
- Құдай біздің ішкі ниетіміз бен ойларымыздан хабардар екеніне сену адамды зұлымдық пен зорлық-зомбылық жасаудан және жаман істер істеуден бас тарттырады. Және оның жүріс-тұрысын бақылайтын ең жақсы фактор болып табылады.