Сәу 19, 2016 13:54 Asia/Almaty
  • Балалар мен жасөспірімдердің тәлім-тәрбиесі: ислам көзқарасы тұрғысынан

Бұл бағдарламада жасөспірімдік кезеңдегі діни тәрбие, әсіресе, Алланы тану және оған иман келтірудің маңыздылығына тоқталамыз.


Жасөспірімдік шақ тағдырға әсер ететін уақыт саналып, бір адамның наным-сенімдерді үйренуі және оның діни тәрбиесінің маңызды кезеңі болып табылады. Осы кезеңде ата-ана, мектептегі мұғалімдер мен тәрбиешілер тарапынан үйретілетін ағартушылық істері, үкімдер, ахлақ пен әдеп-ғұрыптар уақыт өте келе жасөспірімнің болмысында қалыптасып, оның діни тұлғасының негізін қалайды. Осы кезеңдегі болмыс тыныштығының дауыл алдындағы тыныштық іспеттес екенін ұмытпаған жөн. Перзент осы кезеңнің аяқ шеңінде жыныстық жетілудің түбегейлі өзгерістеріне аяқ басып, күйзеліс пен мазасыз күйге енеді. Егер бала осы кезеңде ой-пікір, эмоциялық, діни және ахлақи тұрғыдан дұрыс тәрбие алмаса, ол жастық шақ кезінде шешілуі оңайға соқпайтын көптеген қиыншылықтарға тап болады.

Жасөспірімдік шақ – наным-сенімдердің қалыптасу кезеңі. Сол кезеңде жасөспірім ішкі ізденіс және талпыныс арқылы идеологиялық болмысқа қол жеткізуге ұмтылады. Осы ұмтылыс нәтижесінде олар тіпті өмір философиясына да қол жеткізуі мүмкін. Аталмыш кезеңде жасөспірімнің ойында наным-сенімге қатысты көптеген сауал туындайды. Ол өзінің жан-дүниесінде пайда болған сол сұрақтарға жауап табу үшін көп ізденеді. Ғылыми зерттеулердің нәтижелері көрсеткендей, жасөспірім балалық шақтан өткеннен кейін бұрын өз отбасынан үйренген оптимистік көзқарастарға күманмен қарай бастайды. Олардың ой өрістері дами бастаған кезде өз өмірлерінің басты мәселелері мен тақырыптарын ойлайтындай дәрежеге жетеді. Сондықтан олар ой-пікірі және эмоциялық қажеттіліктеріне толығымен жауап бере алатындай наным-сенім және ойлау жүйесіне жетуге талпыныс жасайды.

Жыныстық жетілу кезеңінде тағы басқа түйсіктер мен физикалық және психикалық қажеттіліктердің оянуымен қатар жасөспірімдік шақта діни және ахлақи сана-сезім де іске қосылып, баланы діни ақиқаттар мен түсініктер туралы ойлануға итермелейді. Сол себепті, осы жастағы жасөспірімдердің негізгі қажеттіліктерінің бірі – діни және илаһи қажеттіліктер мен түрткілер. Жасөспірімнің осы кезде бойында пайда болатын ерекше жағдай оны дін және наным-сенім тұрғысынан тәрбиелеуге көбірек назар аударуды қажет етеді. Бұл мәселе баланың осы кезеңнің белгісіздіктері мен түсініксіздіктерінен құтылып, өз өмірінің анық пәлсапасын табуына сеп болады. Діни иманға қол жеткізу жасөспірімді аталмыш кезеңнің қажеттіліктерінің бірі болып табылатын психикалық тыныштыққа жетуге көмектесіп, оның мазасыздығын да басады.

Дін жан-жақты жүйе ретінде өмір сүрудің анық пәлсапасын ұсынады. Діни жүйенің көмегімен басты сауалдарға жауап тауып, жасөспірімдік шақта терең әрі ауқымды болып келетін басты адами қажеттіліктерге қатысты белгілі бір бағытқа түсуге болады. Жасөспірімнің дінге иман келтіру арқылы тыныштық күйге енуі бірнеше себепке байланысты: біріншісі, дін жасөспірімді түсініксіздік пен белгісіздік күйден шығарып, оған ой өрісі мен іс-әрекеттің айқын жолын көрсетеді. Екіншісі, Аллаға иман келтіру жасөспірімнің көзқарас көкжиегін осы материалдық дүниенің деңгейінен жоғарылатады. Осылайша бала бұл дүниедегі сәтсіздіктер үшін қынжылмай, үмітсіздікке берілмейді.

Сондай-ақ, Аллаға иман келтіру мен онымен байланыс орнату табиғи қажеттілік болғандықтан, егер ол өтелмесе адам іштей де, ашық түрде де мазасыздыққа тап болады. Аллаға сену адамды разылық және қуанышпен түйіскен тыныштыққа жеткізіп, ішкі күйзелістен құтқарады. Құран Кәрім тек Аллаға иман келтіру арқылы ғана шынайы тыныштыққа жетуге болатынын қуаттайды. Алла Тағала Құранның "Рағыд" сүресінің 28-ші аятында былай дейді: «Естеріңде болсын, Алланы еске алумен жүректер орнығады».

Ислам көзқарасы бойынша, адам балиғат жасына жеткен кезде ержеткен адам болып саналады, яғни ол өзінің әрбір жасаған іс-әрекеті үшін, мейлі ол жағымды, мейлі жағымсыз болсын жауапты болады. Бұрынғы заманда үлкен ғұламалардың кейбіреулері өздерінің жасөспірім перзенттерінің кәмелет жасқа толуына орай той жасайтын. Бұл тойға діни ғұламалар шақырылып, салтанатты рәсімдерде балиғат жасқа жеткен жасөспірім ересек адам аталып, оған құттықтаулар айтылатын. Осы уақытта жасөспірім өз өмірінің осы кезеңінен бастап басқа ересек адамдар сияқты Алланың сөзінің өзіне де қаратып айтлатынын, жауапкершілікке ие болып, илаһи шектеулерді сақтайтын жаңа әрі құнды өмірдің бастамасы екенін түсінеді.

Хиджри жыл санағы бойынша 6-шы ғасырдың ғұламаларының бірі Сейед Ибн Тавус өз перзентіне қаратып, былай деген екен: «Егер мен Алланың рақымымен тірі болсам, сен балиғатқа жеткен күні той жасаймын....Балам, осы уақытта сені маңызды етіп, ғибадат ғамалдарын сақтайтын періштелерді жіберіп, ақырет күні сен үшін куә болатын хазіреттің жоғарғы орны мен кешірімділігін ұмытпа...». Жасөспірімнің діни жауапкершілікті қабылдауы оның рухани және психикалық дамуына көмектеседі. Сондай-ақ уақыт өте келе оны болашақ өмірдің жауапкершілікке толы міндеттерін қабылдауға дайындайды.

Ислам дұрыс көзқараспен жасөспірімге мына мәселені үйретеді: пайда болуына адамның өзі жауапты болған адамның өмірінде болатын әрбір жағымсыз оқиға – оның мақсаты адамды жетілдіру және кемелдендіру болып табылатын Алла тарапынан жіберілген сынақ болып саналады. Құран Кәрім хазірет Жүсіптің (ғ.с.) жасөспірімдік шағы туралы баяндайды. Ол сезімтал болып табылатын балиғатқа жету кезеңінде ең қиын сынақ пен өз заманының ең ауыр тарихи оқиғасын бастан кешірді. Бірақ ол күшті ерік-жігер және шынайы иманмен сол илаһи сынақтан өтті. Хазірет Жүсіптің (ғ.с.) тұлғасы жасөспірімдер үшін толық үлгі ретінде ұсынылған. Тарих бойындағы ұлы тұлғалар, данышпандар мен жетекшілердің өмірін талдау арқылы олардың көбісі хабардар түрде өмірдің түрлі қиыншылықтарымен арпалысқанын және олардың ересек кездерінде табысқа жетуінің балалық және жасөспірімдік кезеңдерде көрсеткен қайсарлық пен төзіміділіктеріне байланысты болғанын көреміз.

Қазіргі батыс әлемінде жасөспірімдер көптеген қиындықтармен, соның ішінде, есірткі заттар және өз-өзіне қол жұмсаумен бетпе-бет келеді. Батыстық ойшылдар осы қиыншылықтардың себептерінің қатарында дін және мазхабтан алшақтауды, лаицизм мен секуляризмнің билігін, өмірдің түрлі салаларындағы дін рөлінің солғындауын атайды. Патрик Бьюкенен өзінің «Батыстың өлімі» кітабында Батыс болашағының көкжиегіндегі өлім нышандарының пайда болуынан хабар береді. Бьюкененнің ойынша, Батыстың өлімінің алғашқы түрі дәстүрлі тәлім-тәрбиелік, отбасылық және ахлақи құндлықтардың жойылуына себеп болған жаңа мәдени бағыттың пайда болуынан туындаған ахлақи өлім. Ол бұл мәсле жайлы былай деп жазады: «АҚШ мектептерінің секуляримзге бет алған уақыт мәсихи діні үшін бір жойқын жеңіліс болды... Саясат Батысты дағдарыстан шығара алмайды. Себебі бұл дағдарыс материалдық емес, керісінше рухани дағдарыс болып табылады...».

Сөзімізді қорытындылай келе жасөспірімдік шақта Алланы тану және оған иман келтірудің адам мен отбасы және қоғамның салауаттығына көп ықпал ететіндігі, Аллаға иман келтіру және онымен байланыс орнату аясында жасөспірімнің рухани тұлғасының дамитынын баса айтқан жөн. Жасөспірімнің сұрақтарына дұрыс жауап берудің нәтижесінде оның болашағы да жарқын болады.

Тегтер