Сәу 19, 2016 13:59 Asia/Almaty
  • Балалар мен жасөспірімдердің тәлім-тәрбиесі: ислам көзқарасы тұрғысынан

Адам өмірінің ешбір кезеңі ахлақи құндылықтар мен стандарттарды үйрену және қалыптасуы тұрғысынан жасөспірімдік кезең сынды маңызды болмайды.

 Қоғамтанушылар мен психологтар балалық және жасөспірімдік шақтардағы ахлақтың маңыздылығын баса айтады. Америкалық зерттеуші әрі психолог Жан Пиаже осы мәселе жайлы былай дейді: «Балалардың бойындағы ахлақтық түсініктердің дамуы тұрақты әрі өзгермейтін жүйелілікке ие болады.

Ол «ахлақтық реализм» деп аталатын кезеңнен басталады. Бірнеше жылдан кейін «шартты ахлақ» және «автономды ахлақ» кезеңдеріне жетеді. Ешбір адам «ахлақтық реализм» кезеңінен өтпестен, одан кейінгі кезеңдерге жете алмайды».

Ахлақ мәселесі – наным-сенім мен діни қағидалардан кейінгі Ислам дінінің маңызды мәселелерінің бірі болып табылады. Илаһи елшілердің басты мақсаттарының бірі адамзат арасында ахлақты тарату болғаны белгілі. Себебі ахлақ болмаса дін де адам үшін мағынасыз болады әрі олардың әлемі де түзелмейді.

Негізінде адам ахлаққа ие болса ғана адам атауына лайық болады. Егер адамның ахлағы түзу болмаса ол бұрыс жолға түсіп, адами ақыл-есті пайдаланып барлық нәрсені қирататын қауіпті хайуанға айналуы мүмкін. Мұндай адам өзінің заңсыз материалдық мүдделеріне жетуі үшін соғыс ашады. Ал өзінің қиратушы құрал-жабдықтарын сату үшін халық арасында іріткі салып, бейкүнә адамдардың қанын төгеді. Қазіргі кезде өзіміз де кейбір батыс елдерінің өз мүдделерін сақтап қалу үшін лаңкестік топтарды құрал ретінде пайдалану арқылы әлемнің жер-жерінде мыңдаған бейкүнә халықты өлтіріп жатқанына куә болып отырмыз.

Алла Тағала «Шәмс» сүресінің 9-10 аяттарында былай дейді: «Расында нәпсісін тазартқан кісі құтылды да, әлде кім оны кірлетсе қор болды».

Дұрыс білім алу ахлақ деңгейінің жоғарылауы мен нәпсінің тазаруына себеп болатыны тәрізді адамның бойында ахлақи қасиеттердің болуы да оның білім деңгейінің жоғарылауына себеп болады. Себебі адам ғылыми жетістіктерге жетудің жолына кедергі болатын қыңырлық, тәкаппарлық, өзімшілдік және соқыр фанатизмнен ада болған кезде ғана ғылымның ақиқатына жете алады. Кері жағдайда мұндай ахлақи бұзақылықтар ақиқаттың нағыз бейнесін көруге кедергі болады.

Адам жер бетіне аяқ басқан кезден бастап ахлақ мәселесі де пайда болды. Алланың елшісі хазірет Адам (ғ.с.) перзенттерін ахлақи үкімдермен таныстырумен қатар, Алла оны жаратып жәннаттың тұрғыны еткеннен бастап оған ахлақи үкімдер мен шектеулерді үйретті. Басқа илаһи пайғамбарлар да бірінен кейін бірі адамдардың бақуаттылығының бастауы болып табылатын нәпсіні тәрбиелеу және ахлақты жетілдірумен айналысты. Илаһи пайғамбарлардың, әсіресе Иса Мәсіхтің (ғ.с.) тапсырмаларының басым бөлігі ахлақи мәселелерден құралған. Иса Мәсіхтің (ғ.с.) ізбасарларының барлығы оны ахлақтың ғұлама ұстазы деп атайды. Ислам Революциясының негізін қалаушы имам Хомейни өзінің «Ұлы джиһад» атты еңбегінде былай деп жазады: «Алланың елшілері адамды қалыптастыру үшін жіберілген. Олар адамзатты ахлақи бұзақылықтардан алшақтатып, жақсы қасиеттер және әдет-ғұрыптармен таныстырды».

Ахлақтың ең ұлы ұстазы Ислам пайғамбары (с.ғ.с.) болып табылады. Алла ол туралы былай деген еді: «Сенің ахлағың жоғары әрі лайық».Рауаяттарда да ахлақ мәселесі туралы айтылған. Исламның ардақты пайғамбары (с.ғ.с.) былай дейді: «Мен тек ахлақи қасиеттерді жетілдіру үшін жіберілдім». Діни ғұламалардың өмір жолдары да олардың да барлық адамдарды ахлақи қасиеттерге шақырып, өздері де осы жолда адамдардың көз алдындағы жақсы үлгіге айналғаны туралы мәселені көрсетеді. Сол себепті жасөспірімдік шақта баланың илаһи елшілердің, әсіресе Исламның ардақты пайғамбары (с.ғ.с.) мен оның үмбетінің ахлағы мен өмір жолдарын тануы оның тұлғасының қалыптасуына көп әсерін тигізеді.

Ахлақ – адамның рухани сипаттары және оның ішкі болмысынан бастау алатын іс-әрекеттері мен мінез-құлқының жиынтығы.

Мысалы, бір адамның мейірімділік, кешірім мен басқаларға көмек көрсетуден алшақ болуының дәлелі оның рухы мен ішкі дүниесінде осы қасиеттердің түп-тамырының болуында. Ирандық ғұлама, тарихшы әрі философы Ибн Мискавейх «Таһзиб әл-Ахлақ» («Ахлақи тәрбие») атты еңбегінде былай деп жазады: «Ахлақ – адамның ойлауды қажет етпейтін, оның белгілі бір іс-әрекеттерді орындауына себеп болатын рухани жағдайы». Осы негізде ахлақ екі түрге бөлінеді: «Жағымды істердің бастауы болып табылатын әдеттер. Олар жақсы ахлақ және жағымды әдет деп аталады. Ал жағымсыз іс-әрекеттерге бастау болатын қылықтар жаман ахлақ немесе жағымсыз әдет деп аталады».

Мамандардың айтуы бойынша, адам ахлақи сипаттар мен іс-әрекеттердің жақсылары және жамандарымен танысып, олардың әрқайсысының салдарын білген кезде бұл мәселе оның тәрбиесіне көп мөлшерде ықпал етеді. Жаман ахлақ пен іс-әрекеттердің көбісі адамның надандығынан бастау алады деп айтуға болады. Сол себепті егер білім мен хабардарлық надандықтың орнын басатын болса, басқа сөзбен айтқанда, мәдениет пен діни наным-сенімдердің деңгейі жоғарылайтын болса, жағымсыз қасиеттердің көбісі өз орнын жақсы қасиеттерге, ал ахлақи бұзақылықтар орнын ахлақи жағымды сипаттарға беретін болады.

Өмірдің келесі кезеңі ахлақ негізінде дамуы үшін адамның мінез-құлқы мен болмысы балалық шағында қалыптасуы керек. Жасөспірімнің ахлақи тәрбиесіндегі маңызды мәселе ахлақ пен ахлақи іс-әрекеттің әдетке айналуы қажеттігінде. Алдымен адам жақсы істі хабардарлықпен әрі өзінің ниеті және қалауымен орындайды. Бірақ уақыт өте келе ол әдетке айналады. Мысалы, ахлақи әдеттерге адамның тұлғасын қалыптастыратын жақсы қатынас, жылы жүзділік, жылы сөйлесу, басқалармен ынтымақтасу, мұқтаж адамдарға қол ұшын беру, қайратты болу және тағы басқа қасиеттер жатады.

Айтып өткеніміздей, жасөспірімге ахлақтық қасиеттерді үйрету діни тәрбиенің тағы бір қыры болып табылады. Себебі ахлаққа негізделіп әрекет ету діни ахкамдардың бір бөлігі болып саналады. Мысалы, ахлақи қасиеттер болып табылатын кішіпейілділік, адамдардың қатынастарын жақсарту, басқалардың істеріне жәрдемдесу, адамдармен жақсы қатынас жасау және олардың қиындықтарын шешуге көмектесу пайғамбар (с.ғ.с.) мен оның үмбетінің (ғ.с.) өмірлік жолында ислам дінінің бір бөлігі әрі діни ахкамдар ретінде таныстырылды. Пайғамбар (с.ғ.с.) былай дейді: «Күндерді өткізіп, мұсылмандардың істеріне назар аудармайтын адам мұсылман емес». Осылайша, егер тәлім-тәрбие элементтері илаһи ой-пікір және дұрыс іс-әрекетпен қатар жүретін болса, шәксіз жасөспірім осындай кеңістікте рухани тұрғыдан дамып, ахлақи қаисеттерге ұмтылатын болады.

 

Тегтер