Сәу 19, 2016 15:47 Asia/Almaty
  • Балалар мен жасөспірімдердің тәлім-тәрбиесі: Ислам көзқарасы тұрғысынан

Әр адамның рухани дамуы мен жетілуі оның кейбір қылықтар мен қасиеттерден алшақтап, басқа бір қасиеттерге ұмтылуына байланысты болады.

Ешбір адам дүниеге келген кезде кемел болмайды. Ол әрбір кезеңде рухани және қоршаған орта жағдайына байланысты жолнұсқауды қажет етеді. Осы арада Құран ең соңғы әрі ең толық аспандық кітап ретінде рухани кемелдікке жету жолын көрсететін ең жақсы жолнұсқа. Ал бұл кітапты пайдалануды жолы – оның аяттарын сараптауда. Бұл мәселе Құранда бірнеше рет қуатталған. Алла «Мұхаммед» сүресінің 24-ші аятында былай дейді: «Әйтпесе олар, Құранды түсінбей ме? Немесе олардың жүректері құлыптаулы ма?»

Құран – өсиет және нұр кітабы. Егер көзі ашық әрі ақиқатты іздеуші адам Құран әлеміне аяқ басса, шәксіз дұрыс жолға түсіп, бақытқа жетеді. Имам Садық (ғ.с.) былай дейді: «Құранға назар аударыңдар. Оның ішінен тапқан нәрсе сендерден бұрынғы адамдардың құтқарылуына себеп болса, оны қабылдаңдар. Ал егер сендерден бұрынғы адамдардың өліміне себеп болған болса, одан бойларыңды аулақ салыңдар».

Ислам Революциясының қазіргі жетекшісі хазірет аятолла Хаменеи де әрдайым жасөспірімдерге Құранды зерделеп, оны өмір бойы ой-пікірдің қайнар көзі ретінде пайдалануды тапсырады. Хазірет бұл жайлы былай дейді: «Адамның ой-санасында Құранның болуы – үлкен нығмет. Бір мәселе жайлы аят бар ма екен деп, Құран аяттары мен аяттардың тізімін қайта-қайта ақтаратын адам мен Құран аяттары ой-санасы, жүрегі мен көз алдында тұратын және өзіне қажетті ислам тағылымдарын Құраннан алып, оны зерделеп, пайдалана алатын адамдардың арасында айырмашылық бар».

Балалық, жасөспірімдік және жастық шақтардағы Құранмен жақындық үлкен нығмет болып табылады. Ата-ананың жасөспірім балалары алдындағы міндеттерінің бірі – оларды Құранмен таныстырып, оған жақындату. Себебі бұл әрекет жасөспірімді Құран ілімдерімен үйірлестіреді. Әкенің бала алдындағы үш парызының бірі – оған Құранды үйрету. Әке балаға Құранды не өзі үйретеді, не мұғалім алады. Имам Хосейн (ғ.с.) өзінің перзенті хазірет Әли Акбарға (ғ.с.) Құранды үйрету үшін қызметке мұғалім алған. Мұғалім Әли Акбарға «Хамд» сүресін үйретіп, Әли Акбар әкесі үшін оны оқып берген кезде, имам қатты риза болып, мұғалімнің қалтасын асыл тасқа толтырып, оған қымбат киімдер бергенде сахабалары: «Бұл сыйақы мұғалімнің азғана жұмысы үшін көп!» деп қарсылық білдіреді. Сол кезде имам: «Бұл заттар жойылады. Бірақ мұғалімнің жасаған жұмысы сақталып қалатын рухани іс» деп жауап қайтарған.

Адамның қажеттіліктері, әсіресе жасөспірімдік шақтағы қажеттіліктерінің бірі – ғибадат ету мен мадақтау. Бұл қажеттілік – адамзат психологиясының тереңдігінен бастау алатын басты қажеттіліктердің бірі. Ғибадат ету – болмыстың бір бөлігі әрі адамның табиғи ұмтылысы. Кейде бұл ұмтылыс пен табыну пайғамбарлардың көмегінің арқасында дұрыс жолға түсіп, бір Аллаға бас июмен аяқталады. Ал кейде жәһілдік, ауытқушылықтар мен қыңырлықтың салдарынан тас, ағаш, ай, күн, от сияқты түрлі құбылыстар мен заттарға сыйынуға ұластырады. Ирандық философ ұстаз шаһид Мүттәхари бұл жайында былай дейді: «Адам рухының ең берік әрі ең көне көріністерінің бірі және адамдардың болмысының ең негізгі қырларының бірі – табыну және мадақтау сезімі. Адамзат өмірін зерттеу нәтижелері адам болған кез келген жер мен әр заманда табыну мен мадақтаудың да болғанын көрсетеді....»

Барлық балалар мен жасөспірімдер табиғи түрде Жаратушыға ғибадат ету жайындағы сұрақтарға жауап іздейді. Сонымен қатар олардың болмысында табынуға деген ұмтылыс болады. Тәжірибелер көрсеткендей, балалар басқа қылықтар және мәселелермен салыстырғанда намаз бен ораза сияқты діни түсініктер мен мәселелерді үйрену және оған еліктеуге көбірек ынта білдіреді. Бұл мәселе Аллаға қарай талпынудың жасөспірімнің болмысындағы табиғи түйсік екенін көрсетеді.

Алла Тағала «Рүм» сүресінің 30-шы аятында былай деген: «(Мұхаммед Ғ.С.) бәрінен бет бұрып, жүзінді Ислам дініне жөнелт. Алла жаратылыста адам баласын соған арнап жаратқан. Алланың жаратуында өзгеріс болмайды. Осы түп-тура дін. Бірақ адамдардың көбі түсінбейді».

Сондай-ақ «Інсан» сүресінің 3-аятында былай жазылған: «Расында оған тура жол көрсеттік. Мейлі шүкірлік қылсын, мейлі қарсы келсін».

Алламен қатынас орнату және намаз оқу жасөспірімнің есейген кезде наным-сенімдерін нығайтып, оны қиыншылықтардан қорғайды. Намазға деген сүйіспеншілік жасөспірімнің рухы мен денесінде жақсылап қалыптасуы керек. Иран Ислам революциясының негізін қалаушы имам Хомейнидің қызы Заһра Мостафави былай дейді: «Күйеуім өз отбасында қалыптасып кеткен әдет бойынша қызымызды таңсәріде ұйқыдан оятып, оған намаз оқытатын. Имам осы оқиғадан хабардар болған кезде оған «Исламның жақсы бейнесін бала үшін жаман етіп көрсетпе» деп жазылған хат жолдайды. Бұл сөздердің қызымның рухы мен жүрегінде терең із қалдырып, оған әсер еткені соншалықты, сол кезден кейін таңертең намаз үшін уақытында оятуды өзі сұрайтын болды».

Діни мамандардың пікірінше, ата-ана намаз оқитын әрі иманды перзентке ие болу үшін алдымен өздері діни тағылымдар мен үкімдер негізінде ғамал етіп, намазды екіжүзділіктен аулақ әрі таза жүрекпен оқуға тырысулары керек. Егер олар пәк имамдар (ғ.с.) мен діни ғұламалардың өмірлік жолы мен тапсырмалары бойынша ғамал етсе, міндетті түрде иманды әрі намаз оқитын балаларға ие болады. Сонымен қатар балалық шақта перзенттерін намаз, діни отырыстар және орталармен таныстырып, олардың саналарында жақсы естеліктер қалдыруға және оларды мәжбүрлеуден аулақ болуға тырысулары қажет. Өзінің балиғатқа жеткен қызын таңсәрідегі тәтті ұйқысынан ояту үшін оның шашынан сипап, мейірімділік танытқан әке осы діни парызды әкелік мейірміділікпен үйретіп, осылайша перзентті ғибадат етуге ынталандырады.

Ғылыми тәжрибелер көрсеткендей, рухани тартымдылықтар және ғамалдардың, әсіресе рухани ғамалдардың қайталануы жасөспірімді өзіне баурап, оны діндар адамға айналдырады. Ата-аналар мен тәрбиешілер балалардың ғибадатқа жақындауы, ғамалдың қалыптасуы мен олардың әдетке айналуы үшін перзенттерін ғибадатты қайталауға ынталандыруы керек. Ислам мектебінің ғұлама тәрбиешісі ардақты пайғамбар (с.ғ.с.) өзінің қымбатты немересі хазірет имам Хосейн (ғ.с.) үшін намаз бен оны қайталауды үйретуде де осы тәсілді қолданған. Рауаяаттарда келтірілгендей, бір күні исламның ардақты пайғамбары (с.ғ.с.) намаз оқымақ болады. Имам Хосейн (ғ.с.) де хазіретпен бірге ғамал етуді ұйғарады. Пайғамбар (с.ғ.с.) тәкпір айтқан кезде имам Хосейн (ғ.с.) оны қайталай алмайды. Пайғамбар (с.ғ.с.) екінші, үшінші, төртінші, бесінші және алтыншы рет тәкпір айтады. Ақыр соңында жетінші рет имам Хосейн (ғ.с.) тәкпірді дұрыс айтқаннан кейін намаз басталады. Исламның ардақты пайғамбарының (с.ғ.с.) осы әрекеті ата-аналар мен тәрбиешілер үшін жақсы үлгі бола алады. Олар пайғамбар (с.ғ.с.) сияқты бала мен жасөспірімнің даму кезеңдерін назардан тыс қалдырмай, сабырлық және төзімділікпен олардың табиғи қажеттіліктеріне жауап беруге тырысулары керек.

Әрбір мұсылман адамның атқаруы тиіс ғибадат ғамалдарының тағы біріне ораза ұстау жатады. Ұл бала 15 жаста, ал қыз бала 9 жаста балиғатқа жетеді. Бірақ діни парыздарды үйрену мен оған жаттығуды балиғат жасына дейін кейінге қалдыруға болмайды. Адам балиғат жасқа жеткен кезде діни парыздар мен ғибадатқа ұмтылуы үшін балалық шақтан бастап олармен өзінің қабылдаушылық қабілеті мен ата-ананың дайындаған жағдайына байланысты танысуы керек. Олай болмаған жағдайда балиғатқа жеткен кезде ораза ұстау сияқты ғамалдарды орындау олар үшін қиынға соғады.

Исламдық рауаяттар ораза ұстауды үйретуді екі кезеңге бөлген. Бірінші кезеңде 9-14 жас аралығында бала ораза ұстау қағидаларымен өз шамасына сай, мысалы, жарты күн немесе одан азырақ немесе көбірек ораза ұстау арқылы танысады. Баладан толық әрі дұрыс ораза ұстау күтілмейді. Бұл жылдары баланы өз шамасына сай ораза ұстауға және өзін-өзі ұстау мен өз нәпсісін бақылауға шақыру керек. Екінші кезең 13-14 жаста басталып, бала балиғатқа жеткен кезде аяқталады. Бұл кезеңде оларға толық ораза ұстауды тапсыру керек.

Мұсылман факиһ ғұлама Маджлеси былай дейді: «Балиғат жасқа дейін балалар мен жасөспірімдердің ғибадат етуі олардың тәрбиесі үшін керек. Сондай-ақ, олар есейіп, балиғат жасына жеткен кезде діни парыздарды орындау олар үшін жеңіл болып, олар есейгенге дейін әдетке айналуы үшін жаттығу және алдын ала дайындалу болып табылады».

Жасөспірім ораза ұстаудың пәлсапасын да білуі тиіс. Жасөспірім оразаның балиғатқа жету кезеңіндегі мазасыздықтарды тыныштандыратынын білуі керек. Ораза энергияны басып, гормондарды реттеп, түнгі ұйқыны бір жүйеге келтіріп, таңсәрідегі оянуды жеңілдетіп, күйзелісті көп мөлшерде баса алады. Ораза ерік-жігерді және діни наным-сенімдерді нығайту арқылы жасөспірімді ашығу мен шөлдеу алдында табанды етеді. Осылайша оның өз-өзіне сенімділігі мен психикалық салауаттығына себеп болады. 

Тегтер