Иранның туристік тартымдылықтары (17)
Иранда серуендеуді жалғастырып, осы аптада Исфаханға сапар шегеміз.
Армысыздар, ардақты ағайын! Иранның əртүрлі қалаларына сапардың жалғасында елдің ең танымал əрі əдемі Исфахан облысының орталығы Исфахан қаласына барамыз. Исфахан облысы көне ескерткіштердің көп болуына байланысты ел облыстары арасында айрықша орынға ие. 1850 ескерткіш Иранның ұлттық мұра тізіміне, 7 ескерткіш ЮНЕСКО жаһандық мəдени мұра тізіміне тіркелген. Ислам өркениеті мен Иран мәдениетінің бесігі саналатын Исфахан – əлемге танымал қалалардың бірі. Исфахан əлемдегі кейбір қалалар, соның ішінде Қытайдың Сиянь, Малайзияның Куала-Лумпур, Италияның Флоренция, Ресейдің Санкт-Петербург, Испанияның Барселона, Германияның Фрайбург, Кубаның Гавана, Пәкістанның Лахор, Сенегалдың Дакар қалаларымен бауырлас саналады.
Исфахан аумалы-төкпелі кезеңдерді бастан өткерді. Түрлі замандарда қатты қиратылып, қайта салынып, гүлденді. Бұл қаладағы ескерткіштердің басым бөлігі ислам келгеннен кейін, əсіресе Селжұқтар мен Сефевилер заманына тиесілі. Мешіттер, керуен сарайлар, алаңдар, көпірлер мен көшелерде сирек кездесетін туындылар бар. Исфахан қаласында сәулет өнерінің түрлі стильдерінде жасалған теңдессіз үлгілерді көруге болады. Сондай-ақ, қаланың тарихи ескерткіштерінен түрлі күмбездер, керамикалық тақташалар, алебастр жапсырмалар, архитектуралық сталактиттер, ағаштан ойылған өрнектер мен каллиграфиялық жазбаларды ең жақсы қалыпта көруге болады. Францияның атақты жазушысы Андре Мальроның айтуынша, Исфаханды тек Бейжің және Флоренциямен салыстыруға болады. Түрлі тартымдылықтар Исфаханды Иранның туристер ең көп баратын қалаларының біріне айналдырды. Осы қаламен көбірек танысу үшін бізбен бірге сапар шегіңіздер!
Исфахан қаласы Иранның астанасы Теһранның оңтүстігінен 435 км қашықтықта теңіз деңгейінен 1570 метр биіктікте орналасқан. Чаһармаһал мен Бахтияри облысындағы Зәрдкуһ тауынан бастау алатын Заяндеруд өзені қаланың пайда болуы мен дами түсуіне себеп болды.
Исфахан – Иран үстіртінің ортасында орналасқан қалалардың бірі. Бүгінге дейін аумалы-төкпелі кезеңдерді бастан өткерді. Көптеген мамандардың айтуынша, Пишдадтардың үшінші патшасы Тахмурас осы қаланың негізін қалады. Александр Македонский Иранға шабуыл жасаған кезде бұл қала габилер қауымының орталығы болған. Тарихта Исфахан қаласы Жоғары Парста "Гей" немесе "Джей", "Габай" немесе "Табай" деп аталған. Ахеменилер заманында бұл қала тоғыз жолдың торабында болып, шах сарайы орналасқандықтан маңызды қалалардың бірі саналды. Грек географы Страбон бұл қаланы Иран елінің орталығы деп атаған.
Ашканилер заманында Исфахан Ашкан патшаларының кең байтақ уәлаяттарының бірінің орталығы болды. Жалпы Исфаханның географиялық тұрғыдан Иранның ортасында, батыста Дамаск және Алеппо мен шығыста Самарқанд пен Бұхараға дейін баратын ескі сауда жолдарының бойына орналасуы және суы мол Заяндеруд өзенінің болуы бұл қаланың түрлі кезеңдерде уәлаят астанасы (Але Зияр кезеңінде) және мемлекет астанасы (Селжұқтар кезеңі) ретінде таңдалуына себеп болды. Селжұқтар заманында көптеген өнерпаздар Исфаханға ағылды. Қалада мешіттер, керуен сарайлар мен көпірлер сияқты көптеген ғимараттар салынды. Моңғолдардың шабуылында Исфахан Иранның басқа қалалары сияқты қиратылды. Алайда шах Аббас Исфаханды х.қ.ж.с.б. 977 жылы Сефевилердің астанасы деп жариялап, оның қайта гүлденуіне себеп болды. Шах Аббас бірнеше жылдан кейін Исфаханды дамудың шарықтау шегіне жеткізіп, оны халықаралық астанаға айналдырды. Қиыр Шығыс елдері мен Еуропадан елшілер мен саудагерлер келетін.
Қазіргі таңда Исфахан Иранның орталық бөлігіндегі көне қала ретінде Теһран мен Мешхедтен кейінгі халық саны көп үшінші қала, турист қабылдау тұрғысынан Мешхедтен кейінгі екінші қала, өнеркәсіп тұрғысынан Теһраннан кейін екінші қала саналады.
Исфахан қаласы көптеген тартымдылықтарға байланысты Иранның туристік полюсі саналады.
Сондай-ақ қала экономикасының бір бөлігі оның айналасындағы егін және ауыл шаруашылығы қожалықтарына негізделген. Омарта және балық шаруашылығы – Исфаханда кең таралған кәсіп түрлері. Өнеркәсіп те Исфаханның экономикасында маңызды рөл ойнайды. Қалада темір балқыту зауыты, «Мобараке» болат зауыты, полиэкриль зауыты, әскери қорғаныс өнеркәсібі, тамақ өнеркәсібі, пластикалық бұйымдар зауыты, тоқыма фабрикасының болуы – осы сөзіміздің дәлелі.
Өнеркәсіп орындарымен қоса, қаланың экономикасына кен орындары да керемет әсер етеді. Олардың арасында тас, алтын және қорғасын кендерін атауға болады.
Қалада туризмнің жақсы дамуы қолөнер кәсібінің айрықша орынға ие болуына септігін тигізді. Исфаханның қолөнершілері хатамсази – инкрустация, минакари – темір бетіне бояумен өрнек салу, кілем тоқу, секмедузи – аяқ киім тігу, қаламкари – мата бетіне бояумен өрнек салу, миниатюра жасау, сурет салу, тахзиб – кітап бетін әрлеу, сырлы тақташа – керамикалық тақташалар жасау, күміс бұйымдар жасау, малилесази – сымнан бұйымдар жасау саласында ерекше шеберлікке ие. Қолөнер бұйымдарын жасау да Исфахан тұрғындарының табыс көзі саналады.
Исфахан тұрғындарының көбі ислам дінінің шиіт мазхабын ұстанады. Қалада армяндар, яһудилер, христиандар, зороастрлар мен басқа да діни азшылықтар бар. Исфаханның тұрғындары парсы тілінің исфахан диалектісінде сөйлейді. Исфахан диалектісінде сөздердің дыбысталуы мен сөйлем құрылысында айырмашылықтар бар.
Исфаханның теңдессіз тарихи тартымдылықтарымен танысуды келесі бағдарламада жалғастырамыз.