Қар 22, 2022 19:38 Asia/Almaty
  • Иранның туристік тартымдылықтары (20)

Исфахан облысын аралауды жалғастырып, Кашан қаласына сапар шегеміз. Бізбен бірге болыңыздар!

Исфахан облысын аралауды жалғастырып, Иранның тарихи қалаларының бірі Кашан қаласына сапар шегуді жөн көрдік.

Кашан – Исфахан облысындағы Кашан ауданының орталығы. Ол облыс орталығы Исфахан қаласынан 200 км қашықтықта, Каркас таулары мен Иранның орталық шөлінің арасында орналасқан. Шөлді жерлерге тән ыстық ауа райына ие. Мұнда адамзат тарихындағы ең көне қоныстардың бірі Сиалк төбелері орналасқан. Мұнымен қоса, қалада жүргізген археологиялық қазба жұмыстары кезінде табылған жәдігерлерге сәйкес бұл төбенің тарихы 15000 жылдан асады, яғни тас дәуіріне (палеолит) тиесілі. 7 мың жылдық тарихы бар қаланы тамашалаудан қапы қалмаңызлдар.

Кашан қаласында архитектуралық құрылысы таңғажайып көптеген көне үйлер мен ғимараттар бар. Олар тартымды әрі теңдессіз архитектуралық стиліне байланысты айрықша танымал. Қазіргі таңда олар Кашан тарихи қаласының сүйікті туристік тартымдылықтарының біріне айналған. Біз де серуенімізді Кашанның ең әдемі тарих ғимараттарының бірі Табатабаи үйінен бастаймыз. Бұл үй басқа тарихи ғимараттар сияқты аймақтың ауа райы мен мәдениетіне сай архитектуралық жобалар мен салтанатты безендіру түрлеріне ие. Үйдің хешти – дәліз бөліміне аяқ басқанда салқын да жағымды самал жүзіңізді аялап, сізді үйдің ішіне қарай тартады. Баспалдақпен 20 саты төмен түсіп, әдемі әрі кең аулаға жетесіз. Таңғажайып сұлулыққа ие аула сізді бір сәтте баурап алады. Аулада үлкен әдемі хауыз бар. Оның айналасында гүлге толы сегізбұрышты 6 бақша орналасқан.

Табатабаи үйі үш бөлік – бируни (сыртқы), андаруни (ішкі) және қызметшілер бөлігінен тұрады. 4700 шаршы метр ауданды алып жатқан үйде 40 бөлме, 4 аула, 4 жерасты қоймасы, 3 желтартқыш және 2 қаннат – жерасты су желісі бар. Бұл үй 175 жыл бұрын салынса да, табиғи әрі тиімді ауа алмастыру және ылғалдандыру жүйесіне (желтартқыштар) ие. Ғимарат ішінде салқын да жайлы жел соғып, тұрғындардың қолайлы өмір сүруін қамтамасыз еткен. Бұл жүйе қазіргі ылғалдандыру жүйелерінен әлдайқайда тиімді. Табатабаи үйі 1504 нөмірімен Иранның ұлттық мұра тізіміне тіркелген.

Табатабаи үйі

Келесі баратын жеріміз – Бруджерди үйі. Ол Табатабаи үйіне жақын орналасқан. Бұл тарихи құнды үй Қаджарлар заманында салынған. Иесі Бруджердтен тауар әкеліп сататын болғандықтан "Бруджерди үйі" деген атпен танымал болып кеткен. 1700 шаршы метрге жуық ауданды алып жатқан үй бируни және андаруни деген екі бөліктен тұрады. Бұл үй Кашанның шөлді ауа райына қолайлы етіп, жобаланып салынған. Өте әдемі төбелер мен үлкен де жайлы аула – осы көне үйдің ерекшеліктерінің бірі.  Хауызханалар, биік террасалар, жеті есікті шах бөлмесі және ғимараттың барлық бөлмелері айрықша симметриямен салынған. Қабырғалар мен террасалардың беті түрлі алебастр жапсырмалар, архитектуралық сталактиттер, суреттер, түрлі тор ағаштар және басқа әрлеу түрлерімен безендірілген. Бруджерди үйі 1083 нөмірімен Иранның ұлттық мұра тізіміне тіркелген.  

Бруджерди үйі

Кашанда серуендеуді жалғастырып, Америлер үйіне барамыз. Ол да Кашанда Зендтер мен Қаджарлар заманынан қалған танымал тарихи үйлердің бірі. 12000 шаршы метр ауданды алып жатқан үйдің инфрақұрылымы 9 мың шаршы метр. Онда Қаджарлар заманы стилімен салынған ғимарат пен ортасында әдемі хауызы бар аула орналасқан. Үйдің айналасын көкке өрлеген ағаштар қоршап тұр. Үйдің көптеген бөлмелері өте әдемі алебастр жапсырмалар және айна сынықтарымен безендіріліп, көрген адамның көзін жаулап алады. Бұл үйдің теңдессіз архитектуралық жобасы мен оның түрлі жерінде қолданылған безендіру үлгілері шынымен-ақ көрген жанның көзін тартады. Иранның ұлттық мәдени мұра ұйымы х.ш.ж.с.б. 1377 жылы бұл үйді сатып алып, жөндеу жұмыстарын жүргізді. Қазір ол Батыс Азиядағы ең үздік 20 қонақ үйдің бірі ретінде отандық және шетелдік қонақтарды қабылдап жатыр. Ирандағы ең үлкен дәстүрлі қонақ үй саналады.

Америлер үйі

Осы қонақ үйге қонып, Кашанның тарихи үйлерін аралау ләззатына бөленерсіздер деп үміттенеміз.

Кашанда басқа да үйлер бар. Бірақ біздің уақытымыз шектеулі. Сондықтан тарихи үйлерден жаяу жүріп отырып, Кашанның Аға Бозорг мешітіне жетеміз. Ол ислам заманының салтанаты асқан ғимараттарының бірі.   

Бұл мешіт шын мәнінде Молла Мехди Нарағиге тиесілі үлкен мешіт пен медреседен тұрады. Молла Мехди Нарағи бұрын шиіттердің діни үлгісі болып, Аға Бозорг деген атпен әйгілі болған. Бұл ғимарат халыққа да, діни тәліптерге де қызмет етеді. Ғимараттың іргетасын х.қ.ж.с.б. 13 ғасырда қайырымды жан қажы Мұхаммедтақи Ханбан мен оның ұлы қалаған. Құрылыс салу уақыты Мұхаммед шах Қаджардың билігі кезіне сәйкес келеді.  

Аға Бозорг мешіті

Бұл мешітті тартымды еткен нәрсе – оны безендіру үлгісі. Шынымен-ақ оны көрген адамның көзі қызығады. Мешіттің кіреберіс маңдайшасындағы архитектуралық сталактиттер, нәзік алебастр жапсырмалар мен әдемі керамикалық тақташалар – осының бәрі мешіттің тартымдылығын арттырып, туристердің ағылуына себеп болды. Аға Бозорг мешіті – ислам әлеміндегі жалғыз бес қабатты мешіт. Осының өзі оның маңызын арттырып жіберді.

Аға Бозорг мешіті

Көне моншалар – қаланың негізгі бес элементінің бірі (мешіт, базар, үй, монша, су қоймасы). Сол себепті Кашанның көне тарихи бөлігінде жүрген соң Сұлтан Амир Ахмад тарихи моншасын көргеніміз жөн. 1100 шаршы метр ауданды алып жатқан монша – Иранның теңдессіз моншаларының бірі. Архитектуралық жобасы мен безендіру үлгісі көз тартады. Табылған ескерткіштер мен деректерге сәйкес, монша Селжұқтар заманында салынған. Алайда қазіргі ғимараттың киім ауыстыратын бөлігі Қаджарлар заманына тиесілі. Тартымды архитектуралық жоба, алтын және көк түсті керамикалық тақташалар, аркалы төбе, қабырғаға салынған суреттер, түрлі түсті шынылар мен әдемі алебастр жапсырмалар моншаның тартымдылығын арттырып жіберді. Моншаны жобалауда қолданылған әдемі безендірулермен қоса, оның төбесі де көруге тұрарлық. Ол Ирандағы күмбезді төбелердің теңдессіз үлгілерінің бірі. Төбеде бірнеше күмбез байқалады. Олар дөңес оптикалық шынылармен жабылған. Сол арқылы ішке нұр түсіп тұрады. Сонымен қатар ішкі кеңістікті көруге мұрсат берілмейді. Біліп жүргендеріңіз жақсы, монша бұрынғы заманда тек жуынатын жер болмаған, бос уақытты өткізіп, әңгімелесіп, пікір алмасып, шаршағанды басып, тіпті ғибадат етіп, достар жиналып, күнделікті мәселелерді шешетін жер болған. Шын мәнінде Сұлтан Амир Ахмад моншасының киім ауыстыратын бөлмесінің кеңдігі – осы сөзімізге дәлел. Монша 1351 нөмірімен Иранның ұлттық мұра тізіміне тіркеліп, бүгінде мұражайға айналдырылған.