Иранның туристік тартымдылықтары (21)
Кашан қаласына сапарды жалғастырып, ондағы басқа да көрнекті жерлермен таныстырамыз.
Кашан – тартымдылықтар қаласы, поэзия мен әдебиеттің бесігі, раушан гүлінің хош иісіне бөленген жер. Туристік тартымдылықтары мол, қызықты да әсерлі жерлерге бай қалада серуендеуді жалғастырып, тарихи базарға барамыз.
Иранның қай қаласына барсаңыз да, міндетті түрде көру керек жерлердің бірі – дәстүрлі базар. Ол сол қаланың құнды тарихи мұраларының бірі саналады. Кашан базары да бұл ережеден тыс емес. Кашанның көне үлкен базары – қаланың ең тартымды жерлерінің бірі. Базар Селжұқтар заманынан осы күнге дейін белсенді жұмыс істеп тұр. Өткен ғасырларда Иранға сапар шегіп, Кашанды аралаған танымал еуропалық саяхатшылардың көбі өздерінің сапарнамаларында базардың әдемілігі мен салтанатын мадақтаған. Базарда көптеген құжыралар мен қатарлар, ондаған тарихи ғимарат, мешіттер, керуен сарайлар, су қоймалары мен тимчелер бар. Ежелгі Иранның осы құнды туындысы көне сауда жолдарының бойында орналасқан. Ол теңдессіз архитектуралық жобаға ие болғандықтан Иранның ең әдемі әрі белсенді дәстүрлі базарларының біріне айналды. Базарды аралап жүріп, түрлі кәсіптермен танысумен қоса, Кашанның ең жақсы да сапалы сәлем-сауқаттарын, соның ішінде қолөнер бұйымдары, баклава, сухан, халуа-арде, арде-шире, қызылтал ноғлы сияқты тәттілер, түрлі шөптер, соның ішінде жалбыз, қызылтал, даршын тұнбалары мен гүл суын сатып алуға болады. Кашанның ең маңызды қолөнер бұйымы – қалы кілем. Кашандықтардың дәстүрлі кілем тоқу өнерінің құнды болғаны соншалықты, оның атауы ЮНЕСКО-ның материалдық емес мұра тізіміне тіркелген.
Кашан базары: Амин-ад-доуле тимчесі
Кашан қаласының ішіндегі тарихи және табиғи тартымдылықтармен қоса, оның айналасында да айрықша жерлер бар. Аран, Бидгол, Қомсар, Фин, Мешхед-Ардахал, Нушабад және Ниасар барлық мезгілдерде көруге болатын аудандардың қатарына жатады. Кашан – шөл далаға жақын жерде орналасқандықтан шөлді жақсы көретіндерге қолайлы аудандардың бірі.
Қомсар – Иранның ең әдемі әрі тартымды жерлерінің бірі. Бұл қаланы бәрі хош иісті гүл суымен таниды. Көктем кезінде Жер бетіндегі теңдессіз жұмаққа айналатын Дамаск раушан гүліне толы жерге әлемнің түкпір-түкпірінен туристер ағылады. Кашанның Қомсар қаласында Дамаск раушан гүлі егілген алқаптарды көру, оның естен тандыратын иісін сезу, көктем ауасымен тыныс алу және гүлден су алу процесін тамашалауды ең қызықты істердің бірі деп санауға болады. Кез келген турист осы қиялға толы өлкеге келгенде гүлден ләззат алады.
Бүгінгі бағдарламада Фин бағы мен моншасын да аралаймыз. Бұл – Кашанның ең маңызды әрі танымал туристік жерлерінің бірі. Фин бағы ЮНЕСКО-ның әлемдік мұра тізіміне тіркелген.
Фин бағы мен моншасы Кашаннан 6 км жерде, Фин көне қаласының аумағында орналасқан. Бұл әдемі бақ ирандық сәулет өнерінің сән-салтанатын еске түсіреді. Шөл далада айналаны түрлендіріп, гүлдендіру үшін суды қалай пайдаланған? Бақтың теңдессіз тартымдылықтарының бірі – Солеймание бұлағы. Ол бақтың одан ары жайқалып, түрлі гүлдер мен өсімдіктердің өсуіне жағдай жасады. Осы әдемі бақ ішінде басқа да табиғи бақтардағы секілді жобасы керемет ғимараттар салынған. Айнала биік шынар және сауырағаштары егілген. Ағаштар баққа айрықша сұлулық сыйлады. Фин бағының салынған уақыты Буйе әулеті билік еткен заманнан басталады. Бірақ оның бастапқы ғимараты Исламға дейінгі кездегі Сиалк мәдениетінен бастау алады.
Сефевилер заманында салынған Фин бағының ортасында Сефеви кушкы-шағын сарайы орналасқан. Онда тұрғын үй мен монша бар. Кейіннен оған Қаджар сарайы қосылған.
Фин бағында көптеген тарихи оқиғалар болған. Солардың арасында Насыреддин шахтың уәзірі Әмір Кәбірдің өлімін айтуға болады. Ол Иранда реформа жасау жолында маңызды шаралар атқарған болатын. Әмір Кәбір Насыреддин шахтың бұйрығымен Фин бағында өлтірілді. Бақ моншасында Әмір Кәбірдің өлгені ащы естелік қалдырса да, Фин моншасы осы аймақ халқының күш-қабілеті мен сәулет өнерінің теңдессіз қосындысы саналады. Айрықша әдемі қыш тақташалармен өрнектелген монша кез келген адамды таңқалдырады. Моншада Әмір Кәбір мен оның күзетшілерінің мүсіндері қойылып, оны өлтіру сахнасы көрсетілген.
Кашанның Фин бағы
Кашанға сапар шегіп, Каркас тауының етегінде орналасқан Иранның теңдессіз тарихи ауылдарының бірі Абианеге бармау мүмкін емес. Бұл ауыл Кашаннан 83 км қашықтықта, Натанздың солтүстік-батысынан 35 шақырым жерде Исфаханның шөлді аймағында орналасқан.
Қызыл үйлерден тұратын ауыл шөлдің ортасында жақұттай жарқырайды. Абиане – Иранда ең биік жерде орналасқан ауылдардың бірі. Қоңыржай ауа райы, үйлердің әдемі архитектуралық стилі, тарихи-туристік тартымдылықтары, жергілікті киім киген тұрғындардың болуына байланысты бұл ауыл бүгінде Иранның ең көп қаралатын ауылдарының біріне айналды. Отандық және шетелдік туристер онда көп барады. Ауылдың үйлері өзеннің солтүстік қапталындағы еңісте салынған. Ағаш терезелері "ороси" тәсілімен жасалған. Үйлердің сырты қызыл топырақпен сыланған. Табиғаты таңғажайып бұл ауылды аралау адамның рухы мен тәніне шаттық сыйлайды. Өте құнды мәдени және тарихи ескерткіштердің болуы Абиане ауылының х.қ.ж.с.б. 1354 жылы 30 мордадта (1976 жыл) 1088 нөмірімен Иранның ұлттық мұра тізіміне тіркелуіне себеп болды.