Жел 20, 2022 18:22 Asia/Almaty
  • Иранның туристік тартымдылықтары (22)

Иранда серуендеуді жалғастырып, бүгінгі бағдарламада Хансар қаласымен танысамыз. Бізбен бірге болыңыздар.

Исфахан облысына сапарды жалғастырып, Исфахан қаласының солтүстік-батысына қарай бет алдық. Иранның орталық шөлінен 160 км жүріп өткеннен кейін Хансар қаласына жетеміз. Ол Ирандағы және Исфахан облысындағы бір "бақ қаланың" толық үлгісі. Көшелердің екі жағын бойлай өскен биік ағаштар доға пішінде қабысып, жасыл туннель тудырған. Таза ауа мен ағаштың көлеңкесі жүргіншілерге әрдайым жайлылық пен шаттық сыйлайды.

Қала теңіз деңгейінен 2250 метр биіктікте орналасқан. Шөл даладан аз ғана қашықтықта түрлі өсімдіктер, соның ішінде жаңғақ ағашы, сауырағаш және өрік пен алма сияқты жеміс ағаштарының өсуі қаланың сұлулығын еселендіріп жіберді.  

Хансар халқы қонақжай. Оқымыстылар, музыканттар мен каллиграфтар көп. Сондай-ақ бұл қалада діни үлемдер, жетекшілер және Наджаф, Құм мен Исфаханда дәріс беретін діни оқытушылар тәрбиеленеді. Шыншылдық, діндарлық, аманатқа беріктік, өз-өзіне сенімділік, рух тыныштығы және тілеулестік Хансар халқының ерекшеліктері саналады.

Хансар – бір бақ қаланың толық үлгісі.

"Хансар" атауы "хан", яғни бұлақ және "сар", яғни мол деген екі сөздің қосындысынан тұрады. Атынан мәлім болғандай, бұл қала таңғажайып тартымды табиғи бұлақтарға толы. Хансарды  әдемі бақтар, дәстүрлі үйлер, төңкерілген лалагүлдер және ағаштармен көмкерілген көшелер орналасқан жер деп айтуға болады. Мұнда табиғи тартымдылықтар айрықша үйлесім тапқан. Табиғатты сүйетіндер үшін жұмақтай мекен болып саналады. Хансардағы су көздерінің көбі – бұлақтар. Қала ішінде шамамен 450 бұлақ ағып жатыр. Сондықтан қала жап-жасыл болып тұрады. Қаланы аралап, әдемі көшелері және бақтарында серуендегеннен кейін тарихи ескерткіштермен таныстыруды жөн көрдік. Хансардың орталық мешіті "Мәсджед-е Чахаррах" деген атпен танымал. Ол қаланың оңтүстік-шығысында орналасқан. 350 жылдық тарихы бар мешіт Сефевилер заманында қайта жөндеуден өткен. Шамамен 3 мың шаршы метр ауданды алып жатқан мешітте күмбез жоқ, тек үш метрлік шағын бір мұнара бар. Мешіт іші алебастр жапсырмаларымен өрнектелген. Мешіттің ағаш есігі ғимараттың солтүстік жағында орналасқан. Есік монаббат өнерімен безендірілген. Михраб та өте нәзік өнер түрлерінің үлгісі саналады.

Хансардың орталық мешіті

Сефевилер заманынан қалған ескерткіштердің бірі Баба пир немесе шейх Абааднанның кесенесін көру үшін Хансардың "Сәрчешме" саябағына бардық. Шейх Аднан х.қ.ж.с.б. 6 ғасырда өмір сүрген сопы болса да, оның кесенесі Сефевилер заманында салынған. Кесене күмбезі пирамида пішіндес, ал ұшар басы 12 қырлы конус пішіндес болып келеді. Сырлы кірпіштермен әрленбеген.

"Сәрчешме" саябағының солтүстік-шығысында орналасқан кесенеде тағы 6 шейх пен сопы жерленген.

Хансардағы Баба пир кесенесі

"Сәрчешме" саябағы Хансар қаласының оңтүстігінде шамамен 15 га жерді алып жатыр. Хансар тауының етегінде орналасқан бұл саябақ үздік туристік аймақ саналады. Баба пир кесенесі маңынан Марзангуш, Шоторхун және Пир сияқты көптеген бұлақтар ағып жатқандықтан саябақ айрықша әдемі әрі жайлы. Сондай-ақ тау етегінде түрлі ағаштардың өсуі және жолаушылар мен қонақтардың демалуына арналған орындардың салынуы саябақтың табиғи тартымдылығын арттырып жіберді. Саябақтың басты бұлағы сұлулықты арттыруымен қатар, Хансардың егіс алқаптарын сумен қамтамасыз етеді. Хансардың 11 арығы одан су алады. "Сәрчешме" ұлттық саябағы жыл бойы Иранның түкпір-түкпірінен қонақтар мен туристерді қабылдайды.

"Сәрчешме" саябағы

Хансарға сапар шегіп, "Гүлістанкуһ" қорығын араламаған адам кемде-кем. Бұл қорықта лалагүлдердің ең сирек кездесетін түрі өседі. "Гүлістанкуһ" қорығы Хансар қаласының оңтүстігінен 10 км қашықтықта орналасқан. Ауа райы жайлы әрі жап-жасыл аймақ жайлауға қолайлы. Көктемде қорықтың бүкіл аумағы жабайы жуа мен әдемі гүлдер, соның ішінде лалагүлдердің түр-түріне толып кетеді. Бұталар мен жартастардың арасында өсетін өсімдіктердің емдік қасиеті бар. Аймақ наурыз-маусым айларында айрықша әдемі болады.

Хансардың табиғи және тарихи тартымдылықтары көп. Алайда біздің мұрсатымыз аз. Сапардың соңында осы қаланың танымал сәлем-сауқаттарымен таныстыруды жөн көрдік.

Хансардың басты сауқаты – бал. Иранда ерекше танымал. Бақ өнімдері жаңғақ, бадам пен өрік те Хансардың сәлем-сауқатының қатарына жатады. "Гяз" Исфаханның сәлем-сауқаты болып саналғанымен, Хансардың гязі де жоғары сапалы.  

Әрине Хансарда бірнеше қолөнер түрлері дамыған. Қалы кілем тоқу, қыштан ыдыс жасау, құмыра жасау, шыт мата тоқу және т.б.  кең таралған. Солардың арасында Хансар кілемі ерекше беделге ие. Иранның текті кілемдерінің бірі "Саруқ" кілемі Хансар қаласы маңындағы Вист ауылында тоқылады. Ойша тоқылатын кілемге табиғи түсті жіптер қолданылады. 240 жылдық тарихы бар Саруқ кілемі тек Вист, Аржанак және Кеһрат ауылдарында тоқылады. Кілемнің бұл түрі 1391 жылы Иранның материалдық емес мұрасының тізіміне тіркелген.

Саруқ кілемінің үлгісі АҚШ-тың Хантингтон мұражайында

 

Тегтер