Қаң 29, 2023 00:40 Asia/Almaty
  • Иранның туристік тартымдылықтары (24)

Бүгінгі бағдарламада Йездтің көне ауданында орналасқан Су мұражайы мен Орталық мешітіне барамыз.

Армысыздар, ардақты ағайын! Йезд тарихи қаласымен таныстыруды одан ары жалғастырып, оның көне ауданына барамыз. Шамамен 740 га жерді алып жатқан бұл аудан Иранның ұлттық мұра тізіміне тіркелген. Көне ауданда орналасқан тарихи ғимараттар мен көшелер, базарлар мен басқа да жерлер туристік тартымдылықтардың қатарына жатады. Мұнда түрлі махаллелер бар. Олардың арасында Фаходон махаллесі Йездің ең көне махаллелерінің бірі саналады. Мұнда Илханилер заманынан Қаджарлар заманына дейінгі тарихи үйлер әлі күнге дейін сақталған. Бұл құнды үйлер осы өңірде өмір сүрген адамдардың дәстүрлі тыныс-тіршілігін еске салады. Архитектура мен тарих тұрғысынан аса маңызды. Бір қызығы, үйлердің көбінде адамдар тұрады. Үйлердің ерекшелігі ретінде орталық аула, зал, үш және бес есікті бөлмелер, биік қабырға, ауланың айналасына салынған түрлі ғимараттар мен әдемі өрнектелген қасбетті атауға болады.  

Йезд қаласының тарихи ауданы

 

Аға үйі, Тавана үйі, Афшар үйі және т.б. үйлер х.қ.ж.с.б. 8 ғасырдан қалған. Махмуди үйі, Ларилер үйі, Арабзада үйі, Мұртаз үйі, Навваб үйі және Вакиль үйі Қаджарлар заманына тиесілі қызықты да құнды үлгілердің бірі саналады. Мұрсатты пайдаланып, Йездтің көне үйлерінің арасында Кулахдуз үйін тамашалайық. Х.ш.ж.с.б. 1379 жылы бұл үй қолданыс аясын өзгертіп, Су мұражайы деп аталды. Осы салтанатты тарихи үйді аралап, су жүйесінің бірнеше мың жылдық тарихымен және оның осы шөлді өңірдегі маңызымен көбірек танысайық.

 

Су мұражайы – бес қабатты ғимарат. Оның теңдессіз архитектуралық жобасы кірген беттен-ақ жанды баурап алады.

Йездтің Су мұражайы – әлемдегі ең жақсы су мұражайларының бірі.   

    

 

Қаджарлар заманындағы саудагерлердің бірі марқұм сейіт Әли Акбар Кулахдуз бұйрық беріп, х.ш.ж.с.б. 1266-1269 жылдары осы ғимаратты салдырған. Кулахдуз үйінің алебастр жапсырмаларында гүл, өсімдіктер мен жануарлар бедерленген. Осының өзі ғимаратқа ерекше сипат беріп тұр. Үйдің ең әдемі жерлерінің бірі – Айна залы. Ороси (сырғыма) терезелер, түрлі түсті шынылар да үйдің сұлулығын арттырды. Бұлар үйде сан бояулы кеңістік тудырды. Йездтің Су мұражайын басқа мұражайлардан ерекшелендіретін нәрсе – жүздеген жыл бұрын оның астына тартылған бір кәріз (қаннат) жүйесі. Кәріз бір заманда халықты сумен қамтамасыз еткен. Шын мәнінде үйдің ең төменгі қабатында Рахимабад пен Зарадж деген екі кәріздің тармақтары орналасқан. Бүгінде 2000 жылдық тарихы бар 75 км-лік Зарадж қаннаты-жер асты су жүйесі әлі де жұмыс істеп тұр. Ғимараттың екінші қабаты "Пайаб" деп аталады. Онда әрқилы тәсілдермен алуан түрлі азық-түлік сақтайтын қойма болған. Пайаб – шын мәнінде тереңдігі 10 метр ғимарат. Ол сегіз бұрышты қалыпта салынған. Онда жылдың барлық мезгілінде ұдайы бір температура +14 сақталынған. Ғимараттың ортасында хауыз бар. Кәріз суы хауыздан өтіп ауа ылғалдығын сақтап тұрады.

 

Үшінші қабатта көптеген бөлмелер мен дәліздер бар. Ол жаздың аптап ыстығын өткізуге арналған жер болған. Төртінші қабатта жанұя мүшелері мен қызметкерлер тұрған. Бес есікті бөлмелер, зал, ороси бөлмесі пен ас үй орналасқан. Бесінші қабат немесе төбе "Чаһхана" деген атпен де танымал. Онда тұрғындардың қолдануына қажетті су сақталатын болған.

 

Су мұражайы – түрлі дәуірлерге тиесілі суға қатысты ғимараттар және ескерткіштермен танысуға қолайлы жер. Бұл мұражайда қаннатты қазуға қажетті 200-ден аса тарихи зат пен Йездтегі негізгі қаннаттарға қатысты құжаттар сақталған. Мұнымен қоса, бұрынғы заманда суды егіншілер арасында бөлуге және вакфқа беруге қатысты құжаттар мен заттар бар.  

Мұражайдың басқа бөлігінде суды сақтау және тасымалдауға қатысты заттар мен ыдыстарды көруге болады. Бірнеше мың жылдық құмыра – осы мұражайда сақталған көне тарихи кітаптарда аталған заттардың бірі.  

Йездтің Су мұражайы

 

Йездтің көне ауданында қыдырып жүргенде Орталық мешіттің биік көк мұнаралары көзімізге түсті. Бұл мешіт Иран сәулет өнерінің теңдессіз туындыларының бірі екені күмәнсіз. Биік маңдайша, екі қабатты күмбез, түрлі аулалар Ирандағы мұсылман өнерпаздардың талғамы мен шеберлігін көрсетеді. Иранның текті сәулет өнері Орталық мешіттің алебастр жапсырмалары, шабестандары – намаз оқитын залдары, аулалары мен биік мұнараларынан көрініс тапқан. Соларда өзінің шарықтау шыңы мен кемеліне жетті десе болады.

 

Йездтің Орталық мешіті

 

Биік терраса, күмбез және мешіттің айналасындағы кеңістік арабеска нақыштарымен және ағаш бөлшектерінен жасалған өсімдік өрнектермен әрленген. Мешіттің ең әдемі тұсы осы деп айтуға болады. Ол көрген адамды тамсандырып, таңдайын қақтырады. Теңдессіз сырлы кірпіштерден бөлек, мешіттің 52 метрлік мұнаралары – оның таңғажайып әрі теңдессіз элементтерінің бірі. Олар әлемдегі ең биік мұнара саналады.

 

Йездтің Кабир орталық мешітінің қазіргі ғимараты шын мәнінде сейіт Рокнеддин Мұхаммед Қази тарапынан Атиқ мешітінің үстіне тұрғызылған.   Ол өз кезегінде х.қ.ж.с.б. 6 ғасырдың басында Гүршасб бен Әли бен Фаромарз тарапынан салынған болатын.  

 

Әлемнің ең әдемі көне қалаларының бірі Йездте тарихи жерлер өте көп. Оларды ешқандай қаламмен жеріне жеткізе сипаттап бере алмайсың. Йездтің басқа да туристік тартымдылықтарымен танысу үшін келесі бағдарламада да бізбен бірге болыңыздар.  

 

Тегтер