Нау 11, 2023 22:11 Asia/Almaty
  • Құраннан үйренейік (22)

«Бақара» сүресінің 17-ші аяты: «مَثَلُهُمْ کَمَثَلِ الَّذِى اسْتَوْقَدَ نَاراً فَلَمَّآ أَضَآءَتْ مَا حَوْلَهُ ذَهَبَ اللَّهُ بِنُورِهِمْ وَتَرَکَهُمْ فِى ظُلُمَتٍ لَّا یُبْصِرُونَ‏» «Олардың мысалы: (Далада) от жағып маңын жарық қылғанда, Алла олардың жарығын өшіріп, қараңғылықтарда қалдырған біреу сияқты, (бұл мысалда, екі жүзді мұнафықтар; жаққан оттары өшіп, тым-тырыс қараңғылықта қалғанға ұқсатылып отыр) олар көрмейді».

Алдыңғы аяттарда мұнафықтардың әрекеттері мен сөйлеу үлгілері көрсетілген.  Бұл аят оларды қараңғы далада от жаққан адамға теңеп: «Мұнафықтардың иманының жарығы оттың жалынындай, әлсіз және қысқа мерзімді, түтінмен, күлмен бірге жүреді»,- деді. Бұл әлсіз жарық бірте-бірте алалаушылық пен қыңырлықтың салдарынан әлсірейді. Ақырында зұлымдық пен надандық перделері және күпірлік қараңғылығы олардың бүкіл болмысын жаулап алады. Мұнафықтар екіжүзділік жолын таңдау арқылы «от» жұртының кәпірлерін де, «нұр» иелерінің мүміндерін де разы қыламыз,   кәпірлердің дүниесінен де, мүміндердің ақыретінен де пайда көреміз деп ойлайды. Сондықтан Құран оларды от жағу арқылы «от» пен «жарықты» бірге жинап, екеуінен де пайда көретін адамға теңеді. Бірақ өмірдің өрісі қараңғы шөлге ұқсайды, қауіп-қатерді жеңіп, межелі жерге аман-есен жету үшін жарқыраған әрі тұрақты нұрды қажет етеді. Өйткені оқиғалардың дауылы әрбір әлсіз жалынды сөндіреді және адамды қараңғылықта қалдырады.

 

Енді осы аяттан алатын сабақтарға тоқталамыз:

  1. Мұнафықтың  жарығы оттың жалыны сияқты әлсіз, тұрақсыз.
  2. Мұнафық  отты қоздыру, бүлік шығаруға себеп болады.
  3. Мұнафық нұрға жету үшін отты пайдаланады, ол күлге, түтінге және жануға әкеледі.
  4. Ақырында, Алла мұнафықты масқара етіп, оның сыртқы нұрын кетіреді.
  5. Мұнафықтың болашағы қараңғы және бұлыңғыр, оның құтқарылуына үміт жоқ.
  6. Мұнафық пен екіжүзділік, тіпті Алланың алдында ақылдылық пен зерделіліктің белгісі емес, қараңғылық пен бүлінудің белгісі.