Қаз 15, 2023 01:57 Asia/Almaty

Аса қамқор әрі ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймыз! Армысыздар, ардақты ағайын! Мұхаммед пайғамбарымызға (с.ғ.с.) салауат айта отырып, «Нұрлы жол» бағдарламасының 904-бөлімін назарларыңызға ұсынып, Құран Кәрімнің аяттарына жасалған жеңіл тәпсірмен таныстыруды одан ары жалғастырамыз.

"Зухруф" сүресінің 57-58 аяттарына құлақ түріңіздер:

«وَلَمَّا ضُرِبَ ابْنُ مَرْیَمَ مَثَلًا إِذَا قَوْمُکَ مِنْهُ یَصِدُّونَ»، «وَقَالُوا أَآلِهَتُنَا خَیْرٌ أَمْ هُوَ مَا ضَرَبُوهُ لَکَ إِلَّا جَدَلًا  بَلْ هُمْ قَوْمٌ خَصِمُونَ»

Аяттардың аудармасы:

 (Мұхаммед Ғ.С.) Мәриям ұлын мысал келтіргенде, оған, елің қарқылдап күлді. (57)

Олар: “Біздің тәңірлеріміз жақсы ма? Не Ғиса жақсы ма?”,- деді. Олардың саған бұны айтулары, жанжал үшін ғана. Өйткені олар, қиқар ел. (58)

Тарихи құжаттар бойынша, Мекке мүшріктері өздерінің пұтқа табынушылығын ақтау үшін христиандардың ісіне меңзеп, Ислам пайғамбарына: "Олар да Мариям деген әйелден туған Исаға құлшылық етеді. Егер біздің ісіміз қате болса, олардың ісі де қате. Сенің айтуың бойынша, егер біз бен біздің пұттарымыз отта жанатын болсақ, Иса да тозаққа баруы тиіс. Өйткені ол да пұтқа айналды",-деген.  

Пұттар мен Иса пайғамбар арасындағы бұл орынсыз да жарамсыз салыстыруды мүшріктер Ислам пайғамбарымен пікірталас жүргізіп, қайшылық тудыру үшін көтерген. Олар өздерінің теріс қылықтарынан бас тартудың орнына басқалардың қателігін алға тартып, өздерін ақтауға күш салған. Бұл – бүгінде көптеген адамдар өздерінің қателіктерін ақтау үшін қолданатын әдіс.

Айта кету керек, адамдарды өзіне құлшылық етуге шақыратын перғауын сияқты құдай болғысы келетіндер тозаққа кіреді. Бірақ Иса пайғамбар ешқашан құдай болғысы келмеді, мұндай істі мүлде ұнатпайтын.

Бұл аяттардан үйренетініміз:

  1. Басқалардың қате пікірлерін келемеждеудің орнына біз оларды ақылмен және қисынмен теріске шығаруымыз керек.
  2. Ақиқатты білу үшін пікірталас жүргізу – Құранның ұсынысы. Бірақ өз қателігін ақтау үшін күресу және басқалармен соғысу орынсыз.

 

 "Зухруф" сүресінің 57-58 аяттарына құлақ түріңіздер:

«إِنْ هُوَ إِلَّا عَبْدٌ أَنْعَمْنَا عَلَیْهِ وَجَعَلْنَاهُ مَثَلًا لِّبَنِی إِسْرَائِیلَ»، «وَلَوْ نَشَاءُ لَجَعَلْنَا مِنکُم مَّلَائِکَةً فِی الْأَرْضِ یَخْلُفُونَ»

Аяттардың аудармасы:

Ол Ғиса (Ғ.С.) Біз өзіне игілік берген сондай-ақ Израил ұрпақтарына бір мысал қылған құл ғана. (59)

Егер қаласақ, сендерден періште жаратар едік те, олар орындарыңды басар еді. (60)

Алдыңғы аяттарда Мекке мүшріктерінің Исаны пұттармен салыстыруы туралы сөз болған. Бұл аяттарда Исаны қорғау үшін былай делінген: Ол өзін Құдайдың құлы санайтын. Ол христиандардың оны ғибадат етуін ешқашан қабылдамаған, мұнымен ұдайы күрескен. Алла тағала оған Бәни Исраил қауымының пайғамбары болу үшін, оларға кемел үлгі және тура жол көрсету үшін пайғамбарлық нығметін берді. Негізінде оның әрбір мұғжизасы Алланың ұлылығы мен пайғамбарлығының айқын белгісі еді. Ол адамдар арасында өмір сүрген барлық уақытта Құдайға құлшылық ету мәртебесін мойындады және барлығын жалғыз Құдайға қызмет етуге шақырды. Бірақ өкінішке қарай, христиандар Құдайдың орнына оған табынып, оны қасиетті тұлғаға айналдырды.

Аяттың жалғасы мүшріктерге былай делінген: "Алла мен Оның елшісі сендерді тура жолға шақырады. Алла сендердің сенімдерің мен құлшылықтарыңа мұқтаж емес. Өйткені Алла қаласа, Жер бетінде сенің орнынбасарларың болатын, Құдайға бойсұнып, Оған қызмет ететін үнемі турашыл періштелерді орналастыра алады".

Бұл аяттардан үйренетініміз:

  1. Аллаға құлшылық ету – адамның кемелдігінің құралы. Ал пайғамбарлар құлшылықтың ең жоғары деңгейіне жеткен.
  2. Тарих бойы еврейлер Исаға қарсы болғанымен, ол Бәни Исраил қауымынан шыққан. Сондықтан яһудилердің оны қабылдамауы қыңырлық пен қырсықтықтан туындаған.
  3. Алла тағала адамзаттың саналы және ерікті түрде иман келтіруін қалайды. Әйтпесе адамдардың орнына ерік күші жоқ, Құдайға үздіксіз құлшылық ететін періштелерді Жерге жіберер еді.

 

"Зухруф" сүресінің 61-62 аяттарына құлақ түріңіздер:

 «وَإِنَّهُ لَعِلْمٌ لِّلسَّاعَةِ فَلَا تَمْتَرُنَّ بِهَا وَاتَّبِعُونِ هَـذَا صِرَاطٌ مُّسْتَقِیمٌ»، «وَلَا یَصُدَّنَّکُمُ الشَّیْطَانُ  إِنَّهُ لَکُمْ عَدُوٌّ مُّبِینٌ»

 

Аяттардың аудармасы:

Күдіксіз (Ғиса Ғ.С.) қиямет мезгілінің белгісі. Сондықтан оған күдіктенбей Маған еріңдер. Міне осы тура жол. (61)

Сендерді шайтан тура жолдан тоспасын. Өйткені ол, сендер үшін ашық дұшпан. (62)

Алдыңғы аяттардан кейін бұл аят Исаның тағы бір қасиетіне сілтеме жасап: "Исаның болуы – қайта тірілу белгілерінің бірі. Өйткені оның анадан әкесіз дүниеге келуі – Алланың қиямет күні адамдарды қайта жарату құдіретінің белгісі",-делінген. Сондай-ақ Исаның кереметтерінің бірі осы дүниеде өлгендерді тірілту болды. Сонымен қатар, шынайы исламдық дәстүрлер мен христиандық сенім бойынша ақырзаманда аспаннан Иса Мәсіхтің түсуі қияметтің жақындауы мен қайта тірілудің белгісі болып табылады.

Аяттың жалғасында Қиямет күнінің анық болатынына тоқталып, былай делінген: Бұл туралы ешқашан күмәнданбаңыз. Өйткені қиямет күніне немқұрайлы қарау әртүрлі қылмыс пен адасуға алып келеді. Мұның ақыры тозаққа түсу болмақ. Керісінше Алланың тура жолымен жүріңіз. Бұл – пайғамбарлар түсіндірген, адамды дүние мен ақыретте бақытты болуы үшін оны күтіп тұрған көптеген қауіптерден құтқаратын жол. Әрине Алланың жолына қарсы шайтанның жолы бар. Ол сізді Алланың жолынан тайдырып, ақыретке көңіл бөлгізбей, дүние мен ақыретте тұзаққа түсуіңізді қалайды.

Шайтанның бұл ісінің түп-тамыры – Адам атаның алдына сәжде етпегені үшін Алланың есігінен қуылғанына байланысты адамға деген ежелгі дұшпандығы. Сосын ол ақырзаманға дейін Адам балаларын адастырудың амалын жасауға ант етті. Енді осы ант-су ішкен жаудың алдында қалай үнсіз қалып, үсті-үстіне азғырып тура жолдан тайдыруына жол бересің?

Бұл аяттардан үйренетініміз:

  1. Әулиелердің болуы және олардың сөзі мен мінез-құлқы қайта тірілуді еске түсіреді.
  2. Адамға тура жолда жүру үшін үлгі керек. Сондықтан тура жолды Алланың пәк құлдарынан, яғни пайғамбарлардан үйрену керек.  
  3. Әйтпесе адам өз нәпсісіне және шайтанның азғыруына түсіп қалады. Өйткені ол өзін дұрыс жолдамын деп ойлайды.
  4. Ібіліс әртүрлі жолдармен адамның жүрегі мен рухына әсер етіп, оны тура жолдан тыю үшін ұдайы тасада дайын тұрады.

Бүгінгі бағдарлама осымен аяқталды. Баршаңызды бір Аллаға тапсырамыз.

Тегтер