Қар 01, 2023 21:34 Asia/Almaty

Аса қамқор әрі ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймыз! Армысыздар, ардақты ағайын! Мұхаммед пайғамбарымызға (с.ғ.с.) салауат айта отырып, «Нұрлы жол» бағдарламасының 905-бөлімін назарларыңызға ұсынып, Құран Кәрімнің аяттарына жасалған жеңіл тәпсірмен таныстыруды одан ары жалғастырамыз.

"Зухруф" сүресінің 63-64 аяттарына құлақ түріңіздер:

«وَلَمَّا جَاءَ عِیسَى بِالْبَیِّنَاتِ قَالَ قَدْ جِئْتُکُم بِالْحِکْمَةِ وَلِأُبَیِّنَ لَکُم بَعْضَ الَّذِی تَخْتَلِفُونَ فِیهِ فَاتَّقُوا اللَّـهَ وَأَطِیعُونِ»، «إِنَّ اللَّـهَ هُوَ رَبِّی وَرَبُّکُمْ فَاعْبُدُوهُ  هَـذَا صِرَاطٌ مُّسْتَقِیمٌ»

Аяттардың аудармасы:

Ғиса (Ғ.С.) мұғжизалармен келген заман, оларға: “Мен сендерге хикметті келтірдім. Алладан қорқыңдар, Маған бой ұсыныңдар” деді. (63)

“Дау жоқ, Алла, менің де, сендердің де Раббыларың. Сондықтан Оған құлшылық қылыңдар. Осы тура жол!” (64)

Өткен бағдарламада христиандардың хазірет Иса (ғ.) туралы теріс көзқарасына тоқтадық. Олар Исаны Құдайдың ұлы деп танып, оны қасиетті санап, оған табына бастады. Бұл аяттарда хазірет Исаның шақыруының мазмұнына тоқталып, былай делінген: "Иса да басқа пайғамбарлар сияқты сөзінің шын, миссиясының шынайы екенін дәлелдеу үшін мұғжизалар көрсетті",-делінген.  

Ол халықты хикметке шақырады, яғни Хаққа сенімді дұрыс қисынға негіздеп баяндайды, сөйтіп бәрі түсініп, қабылдауын, ой-пікірдің бұрмалануынан аман қалуын көздеді. Әрине хикметке амал алаңы да кіреді. Ол адамдардың мінез-құлқын түзеуге кірісіп, жамандықтан аулақ, ізгілікке жақын жүруге шақырған.

Адамдар арасындағы әртүрлі мәселелер бойынша дау-дамайлар ақылмен шешіліп, дұрыс және қорғалатын үкімдер шығарылуы – заңдылық.

Аяттардың жалғасында хазірет Иса өзінің құдай еместігін дәлелдеу үшін былай деген: "Құдай менің де, сендердің де Жаратушыларың". Хазірет Иса бұл сөздерімен анық айтып тұр: "Сен екеуміз бірдейміз, Жаратушымыз бір. Мен де сендер сияқты өз болмысымның барлық қырларында Жаратушыға, ақылшыға зәрумін. Ол менің жолбастаушым. Ол бәрінің Жаратушысы. Тек Оған ғана құлшылық етіңдер. Одан басқа нәрсе құлшылыққа лайық емес". Хазірет Иса өз сөзін толықтырып: "Тура да дұрыс жол – Жаратушыға құлшылық ету жолы. Бұл жолда бұлтару мен ауытқу болмайды",-деді.

Бұл аяттардан үйренетініміз:

  1. Пайғамбарлардың шақыруы хикмет пен айқын дәлелдерге негізделген. Сонда адамдар оның дұрыстығын, мызғымастығын ақыл және оймен түсініп, қабылдай алады.
  2. Діни және әлеуметтік келіспеушіліктерді шешудің жолы – илаһи пайғамбарлардың асыл ілімдеріне жүгіну, жеке және топтық талғамдардан аулақ болу.
  3. Хазірет Исаның негізгі жолдауы – таухидке шақыру.
  4. Құлшылық тек барлық істі реттей алатын күшке арналуы керек. Құдайдан басқа кісі мен нәрсеге табыну жолдан тайдырып, адастырады. Сондықтан тіпті ол пайғамбар болса да, мұғжизамен дүниеге келсе де, Одан басқа ешкім құлшылыққа лайықты емес.  

 

"Зухруф" сүресінің 65-67 аяттарына құлақ түріңіздер:

«فَاخْتَلَفَ الْأَحْزَابُ مِن بَیْنِهِمْ فَوَیْلٌ لِّلَّذِینَ ظَلَمُوا مِنْ عَذَابِ یَوْمٍ أَلِیمٍ»، «هَلْ یَنظُرُونَ إِلَّا السَّاعَةَ أَن تَأْتِیَهُم بَغْتَةً وَهُمْ لَا یَشْعُرُونَ»، «الْأَخِلَّاءُ یَوْمَئِذٍ بَعْضُهُمْ لِبَعْضٍ عَدُوٌّ إِلَّا الْمُتَّقِینَ»

Аяттардың аудармасы:

Дегенмен топтар өзара қайшылыққа түсті. Жан түршігерлік күннің азабынан сондай залымдарға нендей өкініш! (65)

Олар, өздеріне қиямет мезгілінің кенеттен өздері аңғармаған түрде, келуін ғана күте ме? (66)

Сол күні тақуалардан басқа достар, бір-біріне дұшпан болады. (67)

 

Иса Бәни Исраилге пайғамбар ретінде жіберілді. Бірақ Бәни Исраилдің бір тобы оны өтірікші деп атап, оның жолдауын қабылдамады. Басқа бір топ оған қатысты асыра сілтеп жіберді. Олар оны пайғамбарлық дәрежеден тәңірлік дәрежеге көтерді. Ол аспаннан жерге келген және адам кейпіне енген құдай саналған. Кейбіреулер оны үштіктен тұратын адам деп атады. Ақырында үштік, яғни үш Құдай идеясы христиан әлемінде басымдыққа ие болды. Бүгінде көріп отырғанымыздай, христиандардың көпшілігі үштікке сенеді. Исаны әспеттеу ол өзін Құдайдың құлымын деп таныстырып, адамдарды тек Құдайға құлшылық етуге шақырған кезде жасалды. Сондықтан аяттың жалғасында: "Зұлымдық жасап, тура жолдан тайғандарға қасірет! Олар пайғамбарлық дәрежесіне құрметсіздік көрсеткендіктен қиямет күні тозаққа түседі",-делінген.

Олар Алланың пайғамбарына деген жалған көзқарастарынан не күтеді? Олар кенеттен келетін қияметтен басқа нәрсе күте ме? Иә, өлім мен қайта тірілу адамдарды таңғалдыратыны соншалық, олар оған мүлде дайын болмай шығады. Құрдымға кетеміз деп деп ойламайды.

Бұл аяттардан Қиямет күнінің жойқын оқиғасы екі сипатта болатынын білуге болады: Бірі – оның кенеттен болуы, екіншісі – адамдардың қапыда қалуы, оған дайындықтың жоқтығы.

Аяттардың жалғасында Қиямет күні сипатталып, былай делінген: Ол күні илаһи емес байланыстар үзіледі. Зұлымдық, бұзақылық, күнә жолында бір-бірімен қол ұстасып жүргендер бір-біріне жау болады. Өзінің адасып, бейшара халге түскені үшін басқалардың бәрін жауапты санайтын адам былай дейді: "Сен мені адастырдың. Көзіме дүниені көркейттің, сенімен достасып,  араласудың кесірінен мына сұмдық тағдырға түстім".

Бұл дүниеде достығы мен дұшпандығы илаһи құндылықтарға негізделгендердің ғана достығы Қиямет күні де жалғасып, қарғыс пен дұшпандыққа айналмайды. Тақуалардың достығы мәңгілік құндылықтар өзегінде қалыптасқандықтан, бұл байланыс мәңгілік. Әрине, бұл достықтың жемісті нәтижесі қиямет күні айшықтала түседі.

Бұл аяттардан үйренетініміз:

  1. Қайта тірілу кенеттен болады. Оның уақыты ешкімге, тіпті пайғамбарларға да белгісіз, білімі Аллаға тән.
  2. Дүниелік байланыстар ақырет өлшемдеріне негізделмесе, қиямет күні дұшпандыққа айналады.
  3. Мүміндермен достық тұрақты да мәңгілік. Ал тұрақсыз әрі сенімсіз адамдармен достық баянсыз.

 

"Зухруф" сүресінің 68-69 аяттарына құлақ түріңіздер:

 «یَا عِبَادِ لَا خَوْفٌ عَلَیْکُمُ الْیَوْمَ وَلَا أَنتُمْ تَحْزَنُونَ»، «الَّذِینَ آمَنُوا بِآیَاتِنَا وَکَانُوا مُسْلِمِینَ»

Аяттардың аудармасы:

(Алла тақуаларға): “Әй құлдарым! Бүгін сендерге қауіп-қатер жоқ әрі қайғырмайсыңдар” (дейді). (68)

Олар сондай иман келтіріп, бой ұсынушылар. (69)

Бұл дүниеде тақуалардың сенім тұрғысынан иманы берік әрі тұрақты болады. Ал практикалық тұрғыдан алғанда олар Алланың әмірлеріне толығымен мойынсұнған. Олар илаһи аяттардың растығына күмән келтірмейді, сондай-ақ бүлікшіл нәпсінің қалауларына ермейді.

Алла Тағала мұндай кісілерге қиямет күні ешбір қорқыныш болмайтынын және өткенге қайғырмайтынын, болашақты уайымдамайтынын сүйіншілейді.

Қандай қызық жолдау?! Бұл – адам жүрегінен мұңды кетіретін, болашаққа алаңдайтын Құдайдан тікелей келген жолдау. Иә! Әрқашан өз міндетін орындауға ұмтылған адам нәтижеге қол жеткізе алмаса, жеңіліс пен мұңды сезінбейді және қорқыныш пен үрейге ұшырамайды. Ол Алланың рақымына үміт артып, Оған тәуекел етеді.

Бұл аяттардан үйренетініміз:

  1. Нағыз тыныштыққа жетудің және қиямет күніндегі сұмдық оқиғаларда қорқыныш пен үрейден сақтанудың жолы – Аллаға құлшылық етіп, Оған бойұсыну.
  2. Жалғыз иман жеткіліксіз, амал да қажет және Алланың әміріне бағыну керек.

 

 Бүгінгі бағдарлама осымен аяқталды. Баршаңызды бір Аллаға тапсырамыз.

Тегтер