Қаң 10, 2024 01:48 Asia/Almaty

Аса қамқор әрі ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймыз! Армысыздар, ардақты ағайын! Мұхаммед пайғамбарымызға (с.ғ.с.) салауат айта отырып, «Нұрлы жол» бағдарламасының 911-бөлімін назарларыңызға ұсынып, Құран Кәрімнің аяттарына жасалған жеңіл тәпсірмен таныстыруды одан ары жалғастырамыз.

"Духан" сүресінің 19-21-аяттарына құлақ түріңіздер:

«وَأَن لَّا تَعْلُوا عَلَى اللَّـهِ إِنِّی آتِیکُم بِسُلْطَانٍ مُّبِینٍ»، «وَإِنِّی عُذْتُ بِرَبِّی وَرَبِّکُمْ أَن تَرْجُمُونِ»، «وَإِن لَّمْ تُؤْمِنُوا لِی فَاعْتَزِلُونِ»

Аяттардың аудармасы:

“Аллаға астамшылық қылмаңдар. Шын мәнінде сендерге ашық дәлелмен келдім.” (19)

“Күдіксіз мен сендердің таспен атуларыңнан Раббыма және сендердің де Раббыларың (Аллаға) сиындым.” (20)

“Егер маған иланбасаңдар, менен аулақ болыңдар.” (21)

Өткен бағдарламада айтылғандай, Құдай Мұса пайғамбарға перғауынның сарайына барып, исраилдіктерді құлдықтан босатсын деп сұрауды тапсырды. Бұл аятта хазірет Мұсаның сөздері былай жалғасады: "Ей, перғауындықтар! Мен сізге нақты дәлелдер айттым. Сондай-ақ мен сендерге мұғжизалар көрсеттім. Сондықтан Алланың бұйрығына бой ұсыныңдар. Оның алдында тікірейіп, тәкаппарлануды қойыңдар. Ей, перғауындықтар! Өліммен қорқытсаң, таңдаған жолымнан бас тартамын деп ойлама. Мен Алланың елшісімін. Сендердің қастандықтарыңнан сақта деп Одан пана сұраймын.  Егер Ол қаласа, мені қауіптеріңнен сақтайды. Ақыры маған сенбей, Алланың әміріне мойынсұнбайды екенсіңдер, жайыма қалдырыңдар, мені мен серіктерімнің талпыныстарына кедергі жасамаңдар".

Бұл аяттардан үйренетініміз:

  1. Басқа адамдарға менмендікпен қарау – жаман қылық. Ал адамдарды жаратқан Алла алдында тәкаппарлану – одан да жаман әрекет.
  2. Пайғамбарлардың таухидке шақыруы әркімге түсінікті қисын және себептермен қатар жүрді.
  3. Қарсыластардың қабылдамауы пайғамбарлардың өсиетін түсінбеуінен емес, менмендігі мен өзімшілдігінен болған.
  4. Ақиқатқа шақыру жолында дұшпандардың қысымы, азаптауы, қоқан-лоққылары бізді әлсіретпеуі керек, жолды жалғастыруымызға кедергі болмауы тиіс.
  5. Діни мақсаттарды ілгерілету мақсатында кейде тәкаппарлармен қақтығысудың орнына олардан аулақ болу керек. Сонда жұмысты жалғастыруға қолайлы жағдай жасалады.

 

Духан" сүресінің 22-24-аяттарына құлақ түріңіздер:

 

«فَدَعَا رَبَّهُ أَنَّ هَـؤُلَاءِ قَوْمٌ مُّجْرِمُونَ»، « فَأَسْرِ بِعِبَادِی لَیْلًا إِنَّکُم مُّتَّبَعُونَ»، «وَاتْرُکِ الْبَحْرَ رَهْوًا  إِنَّهُمْ جُندٌ مُّغْرَقُونَ»

Аяттардың аудармасы:

Сонда (Мұса Ғ.С.): “Бұлар қылмысты ел” деп, Раббына жалбарынды. (22)

(Алла Т.): “Құлдарымды түнде алып кет. Сөз жоқ, арттарыңа қуғыншы түседі.” (23)

“(Теңізден өтіп алғаннан кейін) теңізді ашық қойып қой. Өйткені олар суға бататын ләшкер! (24)

 

Мұса пайғамбар перғауын мен сарай маңындағыларға жол көрсету және ескерту үшін барлық жолдарды қолданып, нәтиже ала алмағаннан кейін Құдайдан қылмыскерлер мен бұзылғандар тобын өз қалауынша жазалауды сұрады.

Құдай оған былай деп бұйрық берген: Перғауынның қолында тұтқында болған Исраил қауымын дайындап қой, оларды түнде Мысырдан Палестинаға қарай жібереміз. Әрине перғауындықтар оларды қуатыны анық.

Бірақ Құдай Исраил қауымына жол ашып, Нілдің асау толқынынан аман-сау өткізуге уәде берген. Сондықтан алаңдамаңдар. Ал перғауын әскері Нілге кіргенде Алланың әмірімен суға батып кетеді. Олардың қолы Мұса мен оның жолдастарына жетпейді.    

Бұл аяттардан үйренетініміз:

  1. Пайғамбарлар сөздерінің адамдарға әсер етпеуінің және олардың шақыруларын қабылдамаудың бір себебі – адамдардың күнәға батып, бұзылғандығы.
  2. Күш-жігерсіз оқылған намаздың мағынасы жоқ және нәтиже бермейді. Біз өз міндетімізді орындауымыз керек. Алладан бізге нәтижеге жетуге көмектесіп, жабық жолдарды ашсын деп тілейік.   
  3. Егер Құдай қаласа, Ніл өзенін Мұса мен оның серіктері үшін ашық та қауіпсіз қылады, бірақ перғауынның жабдықталған әскерін суға батырып, жояды.  

 

"Духан" сүресінің 25-27-аяттарына құлақ түріңіздер:

«کَمْ تَرَکُوا مِن جَنَّاتٍ وَعُیُونٍ»، «وَزُرُوعٍ وَمَقَامٍ کَرِیمٍ»، «وَنَعْمَةٍ کَانُوا فِیهَا فَاکِهِینَ»

Аяттардың аудармасы:

Олар қаншалаған бақшалар, бұлақтар қалдырды; (25)

Қаншалаған егіндер, көркем мекендерді де. (26)

Сондай-ақ ішінде қарқ болып кенелген дәулеттерді де. (27)

 

Бұрынғы аяттардың жалғасында перғауын мен оның әскерінің Ніл өзеніне батып кеткені туралы былай делінген: Өзін Құдай санаған перғауын Мұса пайғамбардың шақыруын қабылдауға дайын болмады. Ақыры бар дүние-мүлкінен айырылып, оның бәрі Исраил қауымына бұйырды. Бірер сағат бұрын құл болған қауым енді перғауынның тәжі мен тағына, бағы мен сарайларына, мал-мүлкіне ие болғаны таңданыс тудырады.

Сарайлар мен бақтар ғана емес, перғауындықтар өздері үшін даярлаған барлық жағдай Исраил қауымының ықтиярына берілді. Ал перғауындықтардың бәрі Ніл өзеніне батып, денелері суда қалқып жүрді.

Мұның барлығы илаһи мұғжизалардың берекесінен болған. Мұса асасымен Ніл өзеніне соққанда су тоқтап, Исраил қауымы үшін өзен ортасынан жол ашылды. Олар аман-сау өтті, бірақ перғауындықтар жолға кіргенде су қозғалып, бәрін батырып жіберді.      

 

Бұл аяттардан үйренетініміз:

  1. Құдайдың қалауы кез келген ерік-жігерден артық. Алланың қалауымен перғауынның тісіне дейін қаруланған және ат үстіндегі әскері жаяу исраилдіктерді қоршап, жойып жібере алмады.
  2. Материалдық-тұрмыстық нысандар қауіпсіздікті қамтамасыз етпейді, құтқарылуға кепіл бола алмайды. Мықты сарайлар, мұнаралар мен қорғандардың ешқайсысы илаһи күшке төтеп бере алмайды.
  3. Материалдық жетістіктер жойылады. Жетістік деп саналған көптеген құралдар қалды, ал иелері жоқ.
  4. Билік пен байлық құтқарылу немесе бақыт көзі емес. Керісінше бұлар адамдардың жойылуына себепші болады.

Осымен бүгінгі бағдарлама аяқталды. Баршаңызды бір Аллаға тапсырамыз.

Тегтер