Қаң 27, 2024 16:55 Asia/Almaty

Аса қамқор әрі ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймыз! Армысыздар, ардақты ағайын! Мұхаммед пайғамбарымызға (с.ғ.с.) салауат айта отырып, «Нұрлы жол» бағдарламасының 913-бөлімін назарларыңызға ұсынып, Құран Кәрімнің аяттарына жасалған жеңіл тәпсірмен таныстыруды одан ары жалғастырамыз.

"Духан" сүресінің 37-аятына құлақ түріңіздер:

«أَهُمْ خَیْرٌ أَمْ قَوْمُ تُبَّعٍ وَالَّذِینَ مِن قَبْلِهِمْ أَهْلَکْنَاهُمْ إِنَّهُمْ کَانُوا مُجْرِمِینَ»

Аяттың аудармасы:

(Мұхаммед Ғ.С.) олар артық па? Немесе Тұббағ елі ме? Олардан бұрынғы елдер ме? Оларды да жоқ еттік. Өйткені олар қылмысты еді. (37)

Бұл аятта Ислам пайғамбарына қырсығып әрекет еткен Мекке мүшріктеріне қаратып: "Сендер мықтысыңдар ма, әлде Арабия аралының оңтүстігіндегі Йемен жерінде өмір сүретін адамдар мықты ма? Олардың иелігінде гүлденген, берекелі жерлер болды. Олар үлкен күшке ие болды. Бірақ олар зұлымдық жасап, озбырлық көрсетіп, бағынбай бүлік шығарғандықтан өлтірілді. Сендер де көршілеріңдегідей тағдырға ұшыраудан қорқыңдар",-делінген. 

Бұл аяттан үйренетініз:

  1. Құранның адамдарды тура жолға салып, ескерту құралдарының бірі – келер ұрпаққа сабақ болуы үшін бұрынғы заман халықтарының тарихын айту.
  2. Бұл дүниедегі кейбір амалдар да адамды Алланың қаһары мен азапқа ұшыратады. 

 

"Духан" сүресінің 38-39-аяттарына құлақ түріңіздер:

«وَمَا خَلَقْنَا السَّمَاوَاتِ وَالْأَرْضَ وَمَا بَیْنَهُمَا لَاعِبِینَ»، «مَا خَلَقْنَاهُمَا إِلَّا بِالْحَقِّ وَلَـکِنَّ أَکْثَرَهُمْ لَا یَعْلَمُونَ»

 

Аяттардың аудармасы:

Көктерді де, жерді де әрі екі арасындағы нәрселерді де ойыншық қып жаратпадық. (38)

Екеуін ақиқат бойынша жараттық. Бірақ олардың көбі білмейді. (39)

 

Өткен аяттарда қайта тірілу туралы айтылды. Ал бұл аяттарда қияметтің келу себебіне тоқталып былай делінген: "Өлгеннен кейін аяқталып, жоққа айналатындай аспан мен жер және осы ұлы дүние босқа және мақсатсыз жаратылып па еді? Олай болса, бұл балалардың ойынына ұқсап қалады. Олар әртүрлі бөлшектерден ғимараттар салады және соңында оны бір ұрып сындырады. Өйткені олардың ойын мен көңіл көтеруден басқа мақсаты жоқ".

Қияметті жоққа шығарушылар мен кәпірлер өлімді өмірдің соңғы нүктесі деп біледі. Басқа сөзбен айтқанда, олардың көзқарасы бойынша сонша талант, қабілет және күш-қуаты бар адам баласының жаратылысы осы бірнеше күнге ғана арналған және бәрі өліммен аяқталады. Әрине, мұндай көзқарас негізінде жаратылыс – бос әрі жарамсыз нәрсе. Қияметті жоққа шығарушылардың көзқарасына керісінше, Құдай тұрғысынан өлім – мәңгі әрі үлкен әлемге кіруге көпір әрі дәліз. Бұл дүние онымен салыстырғанда өте кішкентай әрі елеусіз. Алла Тағаланың осынау алып құрылғыны мақсатсыз, өмірдің осынау аз ғана күндері үшін жаратқанына сену мүмкін емес. Бұл ешбір жағдайда Құдайдың даналығына сәйкес келмейді. Бұл аяттарда жер мен көктің жаратылуының хикметі бары айтылады. Бұл алып жүйенің заңдылығы оның ақылға қонымды мақсатының болуын талап етеді және бұл басқа дүние болмайынша мүмкін емес.  

Бұл аяттардан үйренетініз:

  1. Адамның еңбегі өліммен бітсе, адам үшін жаратылған ұлы болмыс бос, түкке тұрғысыз болады.
  2. Егер тіршіліктің мақсаты болса, біз, адамдар жаратылыстың мақсатын дұрыс біліп, соған өзімізді сәйкестеуіміз, үйлестіруміз керек.
  3. Қайта тірілуді жоққа шығарудың бір себебі – жаратылудың мақсатын білмеу. Көптеген адамдар оны дұрыс түсінбейді.

"Духан" сүресінің 40-42-аяттарына құлақ түріңіздер:

«إِنَّ یَوْمَ الْفَصْلِ مِیقَاتُهُمْ أَجْمَعِینَ»، «یَوْمَ لَا یُغْنِی مَوْلًى عَن مَّوْلًى شَیْئًا وَلَا هُمْ یُنصَرُونَ»، «إِلَّا مَن رَّحِمَ اللَّـهُ  إِنَّهُ هُوَ الْعَزِیزُ الرَّحِیمُ»

Аяттардың аудармасы:

Расында олардың бір араға жиналатын билік күні. (40)

Ол күні достың досқа еш пайдасы болмайды әрі оларга жәрдем етілмейді. (41)

Бірақ Алла мәрхамет еткен кісі ғана пайдалана алады. Күдіксіз Ол Алла, тым үстем, ерекше мейірімді. (42)

 

Қияметтің келетінін дәлелдейтін маңызды себептердің бірі болмыс жүйесінің бір мақсатпен жаратылғаны туралы аяттардың жалғасында Қиямет күнінің кейбір ерекшеліктері айтылып, былай делінген: "Бұл күн – бөлінетін күн. Бұл күні адам өз амалдарынан басқа барлық нәрседен бөлінеді.  Бұ дүниеде достар бір-бірінің қиыншылықтарын шешуге көмектесе алады. Ал Қияметте туыстық және әлеуметтік қатынастар бір-біріне ажырайды. Онда достар көмекке келе алмайды, туыстар да бір-бірінің түйткілдерін шеше алмайды. Жоспарлардың бәрі бұзылады. Жолдар тығырыққа тіреледі. Алланың рақымынан басқа ешкім адамды құтқара алмайды. Алла тағала тақуа адамдарды рақымына бөлеп, өзінің мейірім теңізінен сусындатады",-деді.  

Бұл аяттардан үйренетініз:

  1. Қайта тірілу – адамдардың бір-бірінен ажырайтын күні. Адам мен оның барлық достары мен туыстары арасында алшақтық орнайды. Сондықтан қиямет күні олардың ешқайсысының көмегіне сенбейік.
  2. Адамдардың бәрі Қиямет күнінде болатыны анық. Бұл күні барлығы бір жерге жиналады. Мұнымен бір мезгілде көпшілік ортасында болса да, әр адам жалғыз әрі панасыз болады.
  3. Қиямет күні адамдардың тек Құдаймен ісі бар. Кәпірлерге құрметпен және құдіретпен, мүміндерге рақым және мейіріммен қатынас жасалады.

 

"Духан" сүресінің 43-50-аяттарына құлақ түріңіздер:

«إِنَّ شَجَرَتَ الزَّقُّومِ»، «طَعَامُ الْأَثِیمِ»، «کَالْمُهْلِ یَغْلِی فِی الْبُطُونِ»، «کَغَلْیِ الْحَمِیمِ»، «خُذُوهُ فَاعْتِلُوهُ إِلَى سَوَاءِ الْجَحِیمِ»، «ثُمَّ صُبُّوا فَوْقَ رَأْسِهِ مِنْ عَذَابِ الْحَمِیمِ»، «ذُقْ إِنَّکَ أَنتَ الْعَزِیزُ الْکَرِیمُ»، «إِنَّ هَـذَا مَا کُنتُم بِهِ تَمْتَرُونَ»          

Аяттардың аудармасы:

Шынында заққұм ағашы; (43)

Күнәкарлардың тамағы. (44)

Балқыған кен сияқты қарындарында қайнайды. (45)

Қайнаған су құсаған. (46)

“Оны ұстаңдар да сүйретіп, тозақтың ортасына тастаңдар.” (47)

“Сосын басының үстіне азап ретінде қайнар су қойыңдар.” (48)

“(Азапты) тат. Расында сен өзіңше үстем, құрметті едің.” (49)

“Шынында күдіктенген нәрселерің осы.” (50)

 

Қайта тірілудің бір сипатына сілтеме жасаған алдыңғы аяттардың жалғасында бұл аяттарда қылмыскерлердің тозақтағы жазасы жантүршігерлік қалыпта суреттелеген. Оны ойлағанда адамның денесі тітіркенеді. Тозақта осы дүниедегідей от жанып, күлге айналады деп ойлаймыз. Осы аяттар бойынша тозақ тұрғындары оттың ортасында өмір сүреді, су ішіп, тамақ жейді. Бірақ су мен тамақ  ауру мен азап тудырады. Күйдірерліктей ыстық су мен ащы да қайнап тұрған тамақ ауру мен азаптан басқа ештеңе әкелмейді. Тозақ тұрғындары үшін бұдан құтылу мүмкін емес. Онда оттың жалыны олардың бар болмысын шарпып, күйдіреді.

Ауыр физикалық азаппен қоса, жан қаритын психикалық жазалар бар: қылмыскер күнәһар және бүлікші деп аталады. Сен өзіңді ең күшті әрі құрметті адам санайсың. Кедейлерді шынжырлап, оларға қысым көрсетіп, зұлымдық жасадың. Сен өзіңді айрықша құрметке ие жеңілмейтін құдірет санаған болатынсың.

Әрине, адамдардың жазасының мөлшері олардың қылмысы мен күнәсінің мөлшеріне сәйкес келетіні анық. Дүниеде кез келген қылмысты оңай жасап, ешкім оларға зиян тигізе алмайды деп есептейтіндер бәрінен көбірек жазаланады. Олар шын мәнінде өз істерінің нәтижесін көреді. Оларға былай делінеді: Бұл – сендер үнемі күдіктенген нәрсе. 

 

Бұл аяттардан үйренетініз:

  1. Қиямет күні күнә адамның іші-сыртын жалмап, күйдіретін от ретінде көрінеді.
  2. Ендеше бұл дүниеде жүргенде күнәні тастап, Алладан кешірім сұрау арқылы өзімізді тозақтан құтқарайық.
  3. Қиямет күніндегі жаза физикалық және психологиялық сипатқа ие. Тозақ тұрғындары күйіп, қорланып, мазаққа айналады.

 

Осымен бүгінгі бағдарлама аяқталды. Аман-сау болыңыздар!

Тегтер