Ақп 13, 2024 19:53 Asia/Almaty

"Иран Ислам революциясының қалыптасу тарихы" атты подкастымыздың бесінші эпизодының тақырыбы: Әлеуметтік әділеттік арманы және оның конституциялық революция мен Ислам революциясымен байланысы.

Армысыздар, ардақты ағайын! Сіздер "Иран Ислам революциясының қалыптасу тарихы" атты подкастымыздың бесінші эпизодын тыңдап отырсыздар. Бұл подкастта 1979 жылғы Иран революциясының қалыптасу үдерісін нақты түсіндіруге тырысып, оны басқа маңызды революциялардан ерекшелендіретін тұстарды санамалап, мынадай сауалдарға жауап береміз: 1979 жылы ақпанда болған Иран Ислам революциясы әлемдегі басқа барлық революциялардан несімен ерекшеленді? Өткен подкастта 1979 жылғы Ислам революциясы мен одан шамамен 70 жыл бұрын болған Машруте – конституциялық революциясы арасындағы байланысты тәуелсіздік арманы тұрғысынан қарастырдық. Айтып өткеніміздей, тарихшылардың көбі «шетелдік интервенцияларға реакция» және «тәуелсіздікке қол жеткізуге талпыныс» қазіргі заман тарихында Иранда болған саяси өзгерістердің маңызды себептерінің бірі болды деп дұрыс пайымдаған. Олардың ойынша, Конституциялық революцияның басты себебі Батыстың Иранға біртіндеп ықпал етуі және Иран үкіметі мен қоғамына қарсы интеллектуалдық, мәдени және әскери майдан жүргізуі болды. Бұл уәжді дәлелдеу үшін олар Ресей үкіметінің Иранға "Гүлістан" және "Түркіменчай" келісімін таңғанына, сондай-ақ масқара Париж келісімін жүктегеніне, Англияның Талбот пен Рейтер келісімшарттарын жасауға әрекеттенгеніне тоқталды. 1905 жылы Иранда болған конституциялық революцияның мақсаттарының бірі саяси тәуелсіздік алу және шетелдіктердің Иранның ішкі істеріне араласуын тоқтату болды. Бірақ революция бұл бағытта айтарлықтай жетістікке жете алмады. Интервенциялар тек Қаджар дәуірінің соңына дейін ғана емес, Реза шах пен Мұхаммед Реза шах Пехлеви тұсында да жалғасты. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Иранның істеріне араласқан үкіметтер елді басып алып, Реза шахты қызметтен кетуге мәжбүр етті. Х.ш.ж.с.б. 1332 жылы 28 мордадта болған масқара төңкерістен кейін доктор Моссадықтың заңды үкіметі мен Иранның мұнай өнеркәсібін мемлекеттендіру қозғалысы жеңіліске ұшырады. Иран 25 жылға АҚШ-тың артқы ауласына айналды. Тәуелсіздік арманынан бас тартылып, Қосылмау қозғалысы толығымен Иран үкіметінің күн тәртібінен алынып, ел АҚШ-тың қолшоқпарына айналған шақта Ислам революциясы орын алып, халық ішкі озбырлыққа қарсылық білдіріп, АҚШ, Кеңес Одағы және Ұлыбритания сияқты бөгде елдердің Иранның ішкі істеріне араласуын тоқтатып, қосылмау ұранын шынайы мағынада орындады. Имам Хомейни екіполюсті жүйенің шарықтау кезеңінде екі алпауыт державаның ешқайсысына тәуелді болмай, халыққа арқа сүйеу арқылы елді басқаруға болатынын дәлелдеді.

Конституциялық революцияның тағы бір мақсаты әділеттік орнату болды. Әділеттік орнатуды конституциялық революция мен Ислам революциясының ортақ ұғымдары мен идеалдарының бірі ретінде қарастыруға болады. Бұған қоса, бұл арман ислам мен шиіт мәдениетінде, тіпті ежелгі Иранда да кең мағынаға ие болған. Басқа сөзбен айтқанда әділеттік орнату арманы ирандықтардың тарихи ой-санасында терең орын алған. Ежелгі ирандықтарда әділдік жоғары орынға ие болған. Халықтың сенімінше, олардың арасында осы асыл ұғымды Рашну есімді құдіретті күш қорғайды. Өйткені ол көзін жұмып, бір қолына қылыш, бір қолына таразы ұстап, адамдарға әділ үкім ететін періште іспетті. Фердоуси «Шахнама» кітабында ежелгі ирандықтардың ой-пікірін дұрыс көрсетіп, әділдік дегеніміз әр нәрсенің өз орнында болуы деп жазып кеткен. Ирандықтардың әділдік туралы көзқарасы Платонның әділеттік теориясына да әсер еткен. Мұнымен қоса, ежелгі Иранның саяси саласында да әділдік маңызды орынға ие болған. Тарихшылардың пайымдауынша, Сасанилер әулеті құлап, Иран халқының исламға және оның тармағы шиизмге бет бұруының маңызды себептерінің бірі бұл дінде әділеттің маңызды болуы және Сасанилер билігінің соңғы жылдарында әділетсіздіктің кең таралғаны болса керек. Исламда және шиіт мектебінде әділеттің орны жоғары болғаны сондай, Құран кітабында болмыс, ғалам мен адамзат баласын жаратудың мақсаты және барлық діндердің түпкі мұраты әділет деп айтылған. Құран тұрғысынан әділеттің өзіндік құны бар. Барлық істердің орындылығы мен қауіпсіздігі осыған байланысты. Сол себепті Алла тағала барша адамдарға, әсіресе мүміндерге әділдікті сақтауды бұйырған. Құран Кәрімде айтылғандай, қоғамда әділдікке жетуге талпынғандарды Алла тағала жақсы көреді (ان‌الله یحب المقسطین) Осы ой мен сенім негізінде Ислам пайғамбары хазірет Мұхаммед (с.) пен оның шынайы жақтастары әрдайым қоғамда әлеуметтік әділеттікті орнатуға жан аямай кіріскен.  

Хазірет Мұхаммедтің (с.ғ.с.) ойынша, барлық адамдар нәсіліне, тіліне, ұлтына, руына қарамастан тең және ешкімнің өзгелерден тақуалықтан басқа  ерекше артықшылығы жоқ. Ислам пайғамбарының айтуынша, адамдар жаратылысынан тең, сондықтан олар өз тағдырын анықтау үшін тең ерік пен еркіндік ие болуы тиіс. Оның ойынша, барлық адамдар тең және бір-бірімен бауырлас, сондықтан әділ қоғам құру үшін бір-бірімен ынтымақтасуы керек. Мұсылмандарды бауырластыққа шақыру арқылы Пайғамбар оларды әділетке негізделген, қысым мен кемсітушіліктен ада қоғам құруға бағыттаған. Ислам пайғамбарының мектебінде әділеттік, дұрыс бөлу, ынсап, басқалардың құқығын сақтау және әр нәрсені орынды қолдану сияқты ұғымдар салауатты және қалаулы қоғамның негізін құрайды. Осы ойдың негізінде Конституциялық революция кезінде сот үйін құру мәселесі шах Абдулазим Хасани кесенесін паналаған мигранттардың ең маңызды талабына айналды. Иран мен Ресей арасындағы соғыстың әсерінен Теһранда қант пен шекердің бағасы қымбаттағанда наразы үлемдер қарсылық ретінде шах Абдулазим Хасани кесенесіне көшіп кеткен болатын. Теһранның билеушісі Ала әд-Доуле қант сататын саудагерлердің бір тобын шақырып, тергегеннен кейін олардың кейбірін өлім жазасына кескен болатын. Осындай хабар тарағаннан кейін саудагерлер базарды жауып, діни үлемдермен бірге Шах мешітіне жиналып, кейін шах Абдулазим Хасанидың кесенесіне қарай ағылды. Олар осы наразылық акциясында шахтан сот үйін ашуды талап етті. Ақырында шах келісім берді. Шах жарлығында шариғат ережелерін орындау және барлық адамдардың құқықтарының теңдігін сақтау мақсатында әділ сот пен тәуелсіз сот институттарын құруға баса назар аударылған. Наразылардың талабындағы және шахтың жарлығындағы сот үйін құру мәселесі ағартушылардың ойлары мен еңбектерінен, уағызшылардың құтпалары мен саудагерлердің шағымдарынан әсер алғаны сөзсіз. Наразылар Парламент құрып, онда діни үлемдер, базаршылар мен ауқатты адамдардан өкілдер сайлануы тиіс деп талап етті. Шахтың өзі Парламентті басқарып, заң арқылы халықты зұлымдықтан қорғауы керек. Діни үлемдердің үкіметті сот үйін ашуға мәжбүрлеуі және Ала әд-Доуленің қызметткен кетуі қоғамда әділеттікке негізделген үкімет құруға үміт тудырды. Бірақ үкімет уақыт созып, наразылық білдірушілердің бұл талабын ұмытуға тырысты. Сондықтан біртіндеп талаптар аясы сот үйін құрудан асып түсіп, Ұлттық Кеңесі Мәжілісін құруға ойысты. Бұл кезде наразылар Құмға қоныс аударған болатын. Конституциялық революция және оның шарықтаулары мен құлдыраулары туралы өткен бағдарламада айтып өттік. Бірақ осы тақырыпқа қатысты мәселе мынау: Конституциялық революцияның бастапқы кезінде патшалардың зұлымдығы мен озбырлығынан шаршаған халықтың басты талабы сот үйін құру болды. Өздерін сарай маңындағылардың ойыншығы көрген халық ағартушылар мен діни үлемдердің үгіт-насихатының арқасында оянып, азаттық, әділет пен заңды талап ете бастады. Конституциялық революция тығырыққа тіреліп, конституцияшылдардың арман-мақсаттары солғындай бастаған соң сот үйін құру мақсаты да күңгірттеніп, біртіндеп ішкі деспоттар мен бөгделердің аяқтарының астында жаншылды.

Пехлеви режимі кезінде қоғамда саяси-әлеуметтік әділеттік орнатуға көп көңіл бөлінбеді, өйткені бұл мұратты жүзеге асыру конституционализмнің қағидалары және негіздерімен тікелей байланысты болды. Бұл екі мақсат бір-бірінен ажырамайды. Реза шахтың абсолюттік билігі кезінде әділет нұры сөніп, Мұхаммед Реза шах тұсында мүлде жойылып кетті. Екінші Пехлеви дәуірінде мұнайдан түсетін табыс көп болып, билеушілердің езгісі күшейіп, экономикада жемқорлық көбейгендіктен әлеуметтік әділеттік мұраты Иран ұлтының қол жетпес арманына айналды. Осындай жағдайда имам Хомейни шах режимімен күрес туын көтеріп шығып, қоғамда әділеттік орнатудың жаршысына айналды. Имамның ойынша, әлеуметтік әділеттік саяси-әлеуметтік заңдардың айқын ерекшелігі, саяси-әлеуметтік топтар мен ұйымдардың рухы, қайырымды қоғамның ең маңызды ерекшелігі болып табылады. Осы ойдың негізінде имам Хомейни діни басқарудың түпкі мақсатын исламдық және діни стандарттарға негізделген әлеуметтік әділеттікті жүзеге асыру деп санады. Имам Хомейни әділетке болмыстық сипат берген. Оның сенімінше, барлық заңдар, соның ішінде шариғат заңдары мен әдет-ғұрып заңдары да әділеттікке негізделуі керек. Өйткені бұл заңдарды белгілеу және заң шығару философиясы – әділеттікті сақтау. Ол осы мәселені түсіндіре келіп, өзінің "Әл-Бай" кітабында былай деп жазады: "Шариғат заңдары – Ислам заңдары. Бұл шешімдер – үкіметтің істері. Бұлар – билік жүргізіп, әділет орнатуға керек құралдар". Имам Хомейни сондай-ақ басқа бір жерде: "Расында да Ислам әділ үкімет орнату үшін көтерілді. Онда салық пен қазынаға қатысты заңдар белгіленіп, оны барлық әлеуметтік топтардан алу әділеттікке негізделуі керек. Сотқа қатысты құқықтық заңдар әділетке негізделуі керек",-деді.

Имам Хомейнидің пайымдауынша, илаһи пайғамбарлардың миссиясының негізгі мақсаты жеке және әлеуметтік салаларда әділеттікті қатар жүзеге асыру болды. "Пайғамбарлардың барлық күш-жігері әлеуметтік салада адамдар үшін әлеуметтік әділеттік пен жеке адам үшін ішкі әділеттік тудыру болды". Имам осындай ойдың негізінде Ислам революциясы мен Ислам республикасын құру дискурсының маңызды негіздерінің бірін әлеуметтік әділеттік орнату және зұлымдықты жою деп атап: "Ислам республикасында зұлымдық та, зорлық та болмайды... Кедейлердің әл-ауқаты жақсартылады. Кедейлер өз құқықтарын алады...  Қоғамда Құдайдың әділдігі орнайды",-деді ("Сахифе-е нур. 6-том, 525-бет). Имам Хомейни әділ билеушінің арқасында қоғамда әлеуметтік әділеттік орнайтынын айтып, Имам Заман келгенге дейін қоғамда әлеуметтік әділеттікті әділ факиһ орнатуы тиіс деп сенген. Ол "Велаят-е факиһ" кітабында  Имам Заман келгенге дейін әділ факиһтің басқару негіздері мен ықтиярлар аясын түсіндіп, діни үкімдер мен әділетті басқаруды тек заңды да әділ фақиһ атқара алады деп санаған. Ол үстемдікке негізделген үкіметті айыптай отырып, зұлымдыққа қарсы тұруды және әділетсіз үкіметті құлату үшін күресуді әрбір мұсылманның міндеті деп санады. Іс жүзінде ол осы саясат пен көзқарасты ұстанып, Ислам революциясын жеңіске жеткізді. Имам Хомейнидің пікірінше, әділ факиһ басқаратын діни үкімет құрмайынша, әлеуметтік әділеттікті жүзеге асыру мүмкін емес. Сондықтан бұл үкіметті құру Иран қоғамында әділеттікке жетудің алғышарты болып табылады.

Ардақты ағайын, "Иран Ислам революциясының қалыптасу тарихы" атты подкастымыздың бесінші эпизоды аяқталды. Бұл подкастта 1979 жылы болған Ислам революциясының қалыптасу барысын шынайы түсіндіріп, әлемдегі басқа революциялардан айырмашылығын санамалап жатырмыз.  

Тегтер