Сәу 06, 2024 21:37 Asia/Almaty

"Иран Ислам революциясының қалыптасу тарихы" атты подкастымыздың сегізінші эпизодының тақырыбы: Бірінші Пехлевидің саясаты мен жоспарларына реакция.

Бұл бөлімде біз сіздерді Реза шах дәуіріндегі саяси-әлеуметтік оқиғалардың басқа аспектілерімен таныстырамыз. Осы кезеңде конституцияшылдардың тағы екі арманы, яғни бостандық пен әділеттікке ұмтылу да тәуелсіздік алу талабы сияқты Иранның шешім қабылдау сахнасынан жоғалып кетті.  

Армысыздар, ардақты ағайын! Сіздер "Иран Ислам революциясының қалыптасу тарихы" атты подкастымыздың сегізінші эпизодын тыңдап отырсыздар. Бұл подкастта 1979 жылғы Иран революциясының қалыптасу үдерісін нақты түсіндіруге тырысып, оны басқа маңызды революциялардан ерекшелендіретін тұстарды санамалап, мынадай сұраққа жауап береміз: 1979 жылы ақпанда болған Иран Ислам революциясы неліктен әлемде болған барлық революциялардан өзгеше?

Өткен эпизодта Бірінші Пехлевидің Иранда билікке келуіне себеп болған ішкі және халықаралық факторларды талдай отырып, ел ішінде конституцияшылдардың сәтсіздікке ұшырауынан туындаған ішкі тәртіпсіздіктер және халықаралық жүйедегі өзгерістер мен қайта құрулар негізінде Реза ханның британдықтардың көмегімен 1920 жылғы әскери төңкеріс кезінде билікке келгенін айттық. I Пехлеви дәуірін шын мәнінде Ирандағы конституциялық революция идеалдарының регрессия кезеңі деп санауға болады. Осы кезеңде тәуелсіздік идеалы Иранның саяси сахнасынан мүлде жоғалып кетті. Бұған қоса Ұлыбританияның Ирандағы төңкеріс пен Реза ханның билікке келуіне қолдау көрсетуі Иранның саяси тәуелсіздігіне кедергі болды. Реза шах кезінде бұл идеалды жоюда екі маңызды оқиға әсерлі рөл атқарды: Оның бірі 1933 жылы Дарси келісімінің мерзімін ұзарту, Иранның мұнай табысындағы үлесін небәрі төрт пайызға көбейту және бұрынғы келісімге 32 жыл қосу болды. Тағы бір мәселе – Иранның нацистік Германиямен байланысы және Иранда неміс кеңесшілерінің болуы. Бұл одақтастар үшін Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Иранға шабуыл жасап, елдің тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығын бұзуға сылтау болды.

Бұл бөлімде біз сіздерді Реза шах дәуіріндегі саяси-әлеуметтік оқиғалардың басқа қырларымен таныстыруды көздеп отырмыз. Осы кезеңде конституцияшылдардың тағы екі арманы, яғни бостандық пен әділеттікке ұмтылу да тәуелсіздік алу талабы сияқты Иранның шешім қабылдау сахнасынан жоғалып кетті.  

Конституциялық революцияның сәтсіздігі, Бірінші дүниежүзілік соғыстың басталуы және шетелдіктердің Иранның ішкі істеріне кең көлемде араласуы салдарынан болған оқиғалар негізінде билікке келген Реза хан алдымен Иран қоғамының әртүрлі топтарының сеніміне ие болуға тырысты. Ол билігінің алғашқы жылдарында зиялы қауыммен жақсы байланыс орнатты. Діни рәсімдер мен әдет-ғұрыптарды орындап, діни үлемдерді өзін қолдауға шақырды. Ел ішіндегі саяси партияларды өзінің одақтастарына айналдырды. Ұлттық қауіпсіздікті нығайту, аумақтық тұтастықты сақтау және конституционализм мұраттарын жүзеге асыру уәдесімен, әсіресе заманауи армия құру, жалпы ұлттық темір жол желісін құру, Теһран университетін құру және жаңа оқу жүйесінің негізін салу, жаңа сот жүйесін құру және осы тектес бағдарламалар арқылы даму мен ілгерілеуге қол жеткізуді көздеп, халықтың сенімі мен ризашылығына ие болды. Бірақ бұл күндер ұзаққа бармады және Реза шах билігінің іргетасы бекігеннен кейін үкіметтің авторитарлық сипаты баршаға бірте-бірте ашылды. Ол билік баспалдағына көтерілу үшін көмек алған топтарды бірте-бірте әлсіретіп жіберді. Ол өз билігі нығайған кезде өзінің дінге адалдығын көрсететін барлық рәсімдер мен мінез-құлықтардан бас тартып, секуляризация саясатын жүзеге асырды, сондықтан бұл кезеңде діни қызметкерлерге үлкен құрметсіздік жасалды. Оның діни қоғаммен алғашқы бетпе-бет келуі дін қызметкерлерін әскери міндетті атқаруға шақыратын жарлық болды. Бұрын бұлай болмайтын. Ол діни әдепті заманға қайшы деп санады. Діни қызметкерлердің киімін елдің әдет-ғұрпына қайшы деп таныды. Осы уақытқа дейін діни қызметкерлердің басқаруында болған шариғат құжаттарын рәсімдейтін нотариусты ресми нотариуске айналдырды.  Осылайша ол діни қызметкерлердің құзыретін шектеп, олардың қоғамдағы күшін азайтты. Ататүріктің ықпалында болған Реза шах 1935 жылдың қаңтарында жамылғыны шешу заңын ресми түрде жариялады. Ал оның әйелі мен қыздары хиджабсыз Теһран дайындық академиясында өткен кездесуге қатысты. Ол осы кездесуде сөз сөйлеп, барлығын хиджабты шешуге шақырды. Бұл әрекеттер дін қызметкерлері мен халықтың қатты реакциясын тудырды. Ал кейбір жағдайларда, мысалы, Гохаршад көтерілісі немесе Құмға шабуыл, бұл үкімет пен дінбасылар арасында жаңа текетіреске әкелді. Ол өзінің дінге қарсы әрекеттерімен шын мәнінде өзінің озбырлығының іргетасын нығайтып, сонымен бірге билігінің негізін шайқап жатқан еді.

Реза шах бірте-бірте зиялылардан алшақтай бастады. Ал оның билікке келуіне тікелей қатысы бар адамдар да елдің шешім қабылдау алаңынан шеттетіліп, кейін көзі жойылды. Патшаның жақын, сенім артқан, сарай министрі қызметін атқарған Тимурташ біраз уақыттан кейін Реза шахтың қаһарына ұшырап, уланып, түрмеде қайтыс болды. Реза шах құрмет тұтқан, оның билікке келуіне маңызды да тиімді рөл атқарған білімді, зерделі, еңбекқор және қырағы Әли Акбар Давар Әділет министрі ретінде бірнеше жыл қызмет етіп, жүрек талмасынан 50 жасында қайтыс болды. Өлімінен біраз уақыт бұрын ол Реза шахпен бір мәселеде келіспей қалып, шахтың наразылығын тудырған болатын. Екі министрлік – Қаржы және Сыртқы істер министрлігін басқарған Фируз Фарманфарманы Реза шах пара алды деп айыптап, түрмеге жапты. Басқа зиялылар мен ойшылдардың жағдайы жақсы болған жоқ. Өйткені олардың бәрі патшаның қаһарына ұшырады. Реза хан бостандық пен конституциялық құрылысқа қатысудың символы болған парламентті тек бұйрық орындайтын және мойынсұнғыш институтқа айналдырды. Реза шах Ұлттық кеңеске кіруді мұқият қадағалады. Және ол сайлау нәтижелерін өзі белгілеп, әрбір парламенттің құрамын өзі анықтады. Шахтың бақылау механизмі парламентке тек мойынсұнғыш кандидаттарды ғана кіргізетіндей болды. Оның бақылау механизмі де қарапайым еді: Патша ықтималды үміткерлердің тізімін қарап шығып, оларға лайықты, жаман, ұлтжанды емес, ақылсыз, тәкаппар, зиянды, ақымақ, қауіпті, ұятсыз, қыңыр, бірбеткей немесе бейбастақ сияқты сипаттармен белгілейтін. Сосын бұл атаулар дауыс беру жәшіктерінен «тиісті» адамдар шығуы үшін Ішкі істер министрлігіне берілді.

Парламенттік сайлау толығымен жобаланған болса да, Реза Шах әлі де өкілдердің мойынсұнуын қамтамасыз ету үшін парламенттік иммунитетті елемеген. Сол себепті де тәуелсіз, еркін ойлы, кейде шах саясатын сынайтын санаулы өкілдердің тағдыры сұмдық болды. Реза шах кезінде кейбір өкілдер сатқындық үшін өлім жазасына кесілді немесе тапа-тал түсте атылды. Ал Модаррес сияқты кейбіреулері елдің шалғай жерлеріне жер аударылып, кейін өлтірілді.

Жалпы Парламент демократияны жүзеге асыру институты және тиранияға қарсылықтың символы ретінде Реза хан тұсында Иранда маңызды да салмақты рөл мен ұстанымға ие болмады деп айтуға болады. Және бұл іс жүзінде Реза шахтың озбырлығы мен абсолютті билігіне заңдылық беру болды. Басқаша айтқанда, Парламент тек патшаның жарлықтарын бекітетін формальды орган болды. Сонымен қатар патша елдің көптеген ұсақ-түйек істеріне араласты. Премьер-министр министрлерді тағайындағанда оның пікірін сұрап, ескеруі керек еді. Осыған байланысты көптеген министрлер өздерін Шахтың нөкері санады. Ал егер мұндай жағымпаздану болмаса, олар патшаның ашуына тиер еді. Мұнымен қоса, саяси партиялар мен ұйымдардың еркін жұмыс істеуге құқығы болмады. Және олар елдің саяси сахнасынан іс жүзінде аластатылды. Шах барлық саяси партияларға, соның ішінде шах жақтастарына және тәуелсіз оппозициялық партияларға тыйым салды және қоғамдағы ой мен сөз бостандығының символы ретінде барлық тәуелсіз газеттерді жауып тастады. Ол тыңшы және құпия агент тағайындау арқылы саяси белсенділердің барлық іс-әрекетін бақылап отырды. Реза шах Иранда заманауи ұлттық армияның негізін қалады. Бірақ өзінің авторитарлық сипатына байланысты оны күшті әлеуметтік базаға айналдыра алмады. Осы себепті одақтастар Иранға шабуыл жасағанда, ол елді жеткілікті түрде қорғай алмай, күйреді.  

Реза шах өзінің абсолюттік билігін нығайту үшін саяси бостандықтарға нұқсан келтірумен қатар, әлеуметтік әділеттілік жолына адал болып қалмады және елдегі мәдени-әлеуметтік және экономикалық салаларда қысым мен кемсітушілікті насихаттады. Саяси билікті бір орталыққа шоғырландыру мақсатында көшпелі тайпаларды қатты әлсіретіп, отырықшы өмір салтын қабылдауға, бірдей киім киюге мәжбүр етті. Тайпалар мен көшпелілерді басып-жаншып, Иранда біртұтас мәдениет пен біртұтас саяси билігі бар біртұтас ұлт құруға тырысты. Иранда мәдени және әлеуметтік тұрғыдан плюралистік қоғам болған. Бұл фактіні елемеу іс жүзінде елдің көшпелі тайпалар субмәдениетіне қысым жасауды білдіреді. Ол ирандық тайпалардың көне ұлттық киімдерін заңсыз деп жариялап, тіркелген діни қызметкерлерден басқа барлық адамдарды батыстық киімдер мен пехлеви бас киімдерін киюге мәжбүрледі. Экономикалық тұрғыдан алғанда, Реза шах кезіндегі ауқымды күш-жігер мен үлкен жоспарларға қарамастан, соның ішінде мұнайдан түсетін кірісті арттыру, ұлттық темір жолды құру, жолдар мен коммуникация желілерін дамыту, заманауи білім беру арқылы арнайы мамандар даярлауға күш жұмсаса да, оның экономикалық жетістіктері соншалықты жарқын болған жоқ. Өйткені бұл дамулардың негізі эндогендік даму емес, мұнайдан түскен табыстар мен халыққа салынған салық қысымына негізделген еді. Реза шахтың осы экономикалық жетістіктері жалпы халықтың әл-ауқатының артуына септігін тигізбеді. Экономикалық және таптық алшақтық қоғамның әртүрлі топтары арасында әлі де сақталып қалды. Әсіресе ауыл мен қала арасындағы алшақтық тереңдей түсті. Басқаша айтқанда, экономикалық жетістіктер әлеуметтік әділеттіктің кеңеюіне әкелмеді. Өнеркәсіп пен қызмет көрсету саласына назар аудара отырып, үкімет ауыл шаруашылығы саласын елеусіз қалдырды. Ал бұл ауылдардың экономикалық тұрғыдан өспеуіне және халықтың әл-ауқатының артпауына себеп болды. Бұл қоғамдағы таптық алшақтықты кеңейтті. Реза шахтың аймақтық саясаты да теңгерімді дамуға қол жеткізбеуге және әлеуметтік әділеттік орнатпауға әкелді. Осылайша көптеген ауылдық және ауылшаруашылық аймақтарынан, соның ішінде Иранның солтүстік-батысындағы Әзірбайжанның үлкен және құнарлы аймағында тұратын көптеген адамдар Иранның астанасы Тегеранға қоныс аударды.

Қорытындылай келе айтарымыз, әлеуметтік әділеттік идеалы бірінші Пехлеви дәуіріндегі еркіндік пен тәуелсіздік идеалы сияқты құлдырады. Реза шахтың авторитарлық негіздері нығайғаннан кейін халықтың Қаджар патшаларына қарсы көтерілгендегі үміттері мен армандары ұмытылды.

37 жылдан кейін Ислам революциясы жеңіске жеткен соң елде азаттықты, әлеуметтік әділеттікті және тәуелсіздікті қалпына келтіруге деген халықтың ұрандары қайта бой көтерді.

Ардақты ағайын, "Иран Ислам революциясының қалыптасу тарихы" атты подкастымыздың сегізінші эпизоды аяқталды. Бұл подкастта біз Реза шах Пехлеви тұсындағы Иранның конституциялық революциясы идеалдарының жойылғаны туралы айттық. Келесі бөлімде біз сіздермен II Пехлеви дәуіріндегі саясаттар мен бағдарламалар және олардың Ислам революциясының пайда болуына әсері туралы сөйлесетін боламыз.

Тегтер