Иранның қазіргі заман кинематографиясы
Иран кинематографиясы Ислам революциясынан кейінгі жылдары өз қоғамына қатысты мәселелерді қарастыруға назар аударумен қоса, көршілес елдер мен басқа елдердің мұсылмандарына да көңіл бөледі.
Сондықтан ирандық киногерлер ең алдымен адами міндет, содан соң өздерінің қызығушылықтары бойынша және әлемнің сол кездегі жағдайына байланысты осы тақырыпқа бет бұрып, кей кездері көңіл аударуға тұрарлық туындылар тудырады. Ауғанстандағы соғыстар мен ішкі қақтығыстар, ауған мигранттардың Иранда ұзақ өмір сүруі – соңғы отыз жылдың ішінде ирандық фильм түсірушілердің назарында болған және осы салада көптеген фильмдер түсірген ең маңызды тақырыптардың бірі. Деректі фильмдер мен суреттерде көрсетілетін бейнелер ащы оқиғалар, қиыншылықтар мен азапқа толы. Тура осы жағдай кинематографиялық туындылардың да алғашында осындай оқиғаларға бағытталуына себеп болды.
Иран кинематографиясында Ауғанстан туралы түсірілген алғашқы фильм "Ұлымды сағындым" деп аталады. Онда бір қарт мұджахед Кеңес одағы армиясымен үсті-үстіне қақтығысқаннан кейін жарақат алып, сусыз шөл даладан өтіп, Иранға жетеді. Иранның шекарашылары оны шекараның арғы жағынан Иранның аумағына енгізіп, бір медбикеге тапсырады. Ақ киім киген медбике жараланған көршіге көмектесетін ирандықтардың ұжымдық рухының символы сынды. Медбике мен ауғандық қарияның арасында терең сезімге толы қарым-қатынас орнайды. Ауғандық қария медбикеге Ауғанстан жайлы баяндап, орыстардың оның өмірін қалай отқа орағанын айтады. Ақырында жаралы мұджахед қайтыс болып, Иран оның бақилық мекеніне айналады. Алайда қария өмірінің ақтық сәтінде медбикеге ұлын сағынғанын айтады.
Осы фильмнен кейін түсірілген туындыларда да режиссерлердің көбісі Ауғанстанның жапа шеккен халқын қорғауға бет бұрып, ауғандықтарды Иран халқының бауыры деп көрсетуге тырысқан. Кейбір туындыларда соғыстың тауқыметі, бақытсыздық пен одан туындайтын босқындық тақырыптары да қозғалған. "Қайран", "Мен Бен Ладен емеспін", "Ауған келіні", "Жұма", "Теһран: таңғы сағат 07:00", "Қызыл бау", "Жердің соңғы ханшайымы" фильмдері Иранда Ауғанстан жайлы түсірілген ең атақты фильмдердің қатарына жатады.
Абулқасым Талеби түсірген "Ауған келіні" фильмі Гүлмұхаммад есімді бір ауған жігіті жайында. Ол Талибан тобы билік құрып тұрған кезде өзі қатты жақсы көретін қызына үйленуге қажетті қаражатты табу үшін Пәкістанға барып, онда өте ауыр жұмыстарды атқарады. Гүлмұхаммад Ауғанстанға Талибан режимі ауысқан кезде қайтып оралған кезде сүйген қызының басқаға тұрмысқа шығып кеткенін естиді. Гүлмұхаммадтың көңілі түсіп, қайғыға батып, олардың үйіне барады. Сол кезде шын мәнінде тұрмысқа қалыңдығының сіңлісінің шыққанын, ал өз сүйіктісінің оны күтіп жүргенін біледі.
Бұл фильмде Ауғанстан халқының әдет-ғұрыптары мен мәдениетіне көңіл бөлініп, көрермендерге соғыстың салдарынан өзгеріп кеткен халықтың күнделікті тіршілігі таныстырылады.
Содан кейін бірнеше жыл бойы фильм түсірушілердің Ауғанстан мәселесіне назары тек фестивальдік фильмдермен шектеліп қалды. Бұл фильмдер халықаралық қауымдастықтың назарына ұсынылып, тіпті мадақ-марапатқа ие болғанымен олар шынайы көзқарас пен жанашырлыққа ие болмады. Бұл туындыларда ауғандарға Иранға пана іздеп келген мигранттар ретінде қаралып, олардың қиындықтары фильмнің басты тақырыбына арқау болған.
Біртіндеп Иран қоғамы мен кинематографиясы Ирандағы ауғандық мигранттардың мәселесіне тереңірек көз салуға, олардың Иран қоғамындағы орны мен болмысын дұрысырақ, жақсырақ тануды мақсат ете бастады. "Жұма" және "Баран" (Қыздың аты) фильмдері осы тұрғыдан түсірілген. "Жұма" атты фильмде ауғандық жұмысшы бір ирандық қызға ғашық болып қалса, "Баран" фильмінде ирандық жігіт бір ауған қызды ұнатып қалады. Екі фильмде де ирандық-ауғандық ғашықтар бір-біріне жете алмай, олардың әрқайсысы бөлек жолмен кетіп, тағдырлары тоғыспайды.
Маджид Маджиди "Баран" фильмін х.ш.ж.с.б. 1379 жылы (2000 жылы) түсірген. Оны Иранда ауғандар жайлы түсірілген ең сәтті фильмдердің бірі деп санауға болады. Халықаралық кинофестивальдерге қатысқан бұл фильм әлемнің Ауғанстан халқына деген көзқарасын біршама өзгерте алды.
Фильмнің сюжеті мынадай: бір құрылыс алаңында ауылдан келген жұмысшылар мен ауғандық жұмысшылар жұмыс істеп жатады. Бір ауғандық жұмысшы ауырып қалған соң оның орнына ұлы келіп жұмыс істейді. Ол біртіндеп басқа бір жұмысшының орнын алып алады. Жұмыстан айырылған жаңағы жұмысшы әлгі ұлға тиісе бастайды. Бірақ бір күні ауғандық жұмысшының "Баран" есімді қыз екенін байқайды. Ол шарасыздықтан ерлердің арасына келіп, әкесінің орнында жұмыс істеп жатыр екен. Осы мәселе ирандық жігіттің әлгі ауған қызға ғашық болып, оның жұмыстарына көмектесуіне себеп болады. Ирандық жұмысшы олардың тұрмыс жағдайының ауырлығын көргенде өзінің жинаған бар ақшасын ауған жанұясына береді. Бірақ Баран мен оның жанұясы белгілі бір уақыттан кейін Ираннан біржолата кетуге мәжбүр болады.
2000 жылдан кейін Ауғанстанда көптеген қысқа метражды, деректі және көркем фильмдер түсірілді. Олардың көп бөлігін ирандық режиссерлер түсірды. Мұның өзі Ауғанстан халқы жайлы берілген бейнелердің шындыққа жақындай түсуіне себеп болды. "Жер мен Маржан" фильмі – ауғандардың өмірі туралы қалыпты бейнелерді шетке қойып, көрерменге жаңа бейнені көрсететін туындылардың бірі. Бұл фильм өз әйелін қақтығыста қаза болды деп санайтын ауғандықтың өмірбаяны жайында. Ол қызын тұрмысқа шығарып, ұзату тойын жасамақ болған кезде өз әйелінің әлі тірі екендігін түсінеді. Осы жайт оқиғаның желісін өзгертеді. Бұл фильмде бір ауған жанұясының өмірі, адамдар арасындағы қарым-қатынастар мен әлеуметтік байланыстар, Ауғанстан халқының өміріндегі қатынастардың бірі көрсетіледі. Мысал ретінде әкесінің өз қыздарымен мейірімге толы қатынасын атауға болады. Мұның өзі осыған дейін ауғандық ер адам туралы әлемге таныстырылған бейнеден мүлдем бөлек.
Соңғы жылдары Иранда Ауғанстан жайлы түсірілген фильмдер адамдар арасындағы қарым-қатынастарға тоқталумен қоса, соғыс пен басқыншылыққа қарсы, Ауғанстанның америкалықтар тарапынан жаулап алынуын да айыптайды. Осы жайт ирандық режиссерлерді америкалық фильм түсірушілерден ерекшелендіреді. Өйткені Голливуда АҚШ-тың әскери құзырын қорғау, бейбіт ауғандарды құрбан ететін шабуылдарды ақтау – сценарийлердің басты өзегіне айналған. Ал Иранда басқыншыларды айыптау және Ауғанстан халқының тәуелсіздікке ие болу құқығын қорғауға көңіл бөлінеді.
Ауған тілі мен диалектісін ирандық туындыларда пайдалану жиіледі. Кейбір жағдайда фильм түсіру үшін ауғандық актерлер мен Ауғанстанның өз жерлері пайдаланылған.
Вахид Мусаиан түсірген "Гүлчехре" фильмі – Ауғанстан жайлы түсірілген соңғы фильмдердің бірі. Аталмыш фильмде осы елдің халқына қатысты өзгеше көзқарас көрсетілген. Бұл фильм Кабул кинотеатрының иесі Ашрафханның хикаясын баяндайды. Ол Наджибулла үкіметі құлап, мұджахедтер Кабулды басып алғаннан кейін кинотеатрды қайта жөндемек болады. Бірақ үкіметтің біртұтастығы ұзаққа бармай, Кабулдың қирандыларында азамат соғысы басталады. Бұл соғыс Ауғанстан халқының киномұражайын да шарпиды. Мұнда бір ұлттың бейнесі түріндегі тарихы жинақталған еді.
Бұл фильмде өздерінің жеке өмірімен бірге мәдениет саласына да жаны ашитын, өнер және мәдениет саласындағы жетістіктерді құтқарғысы келетін, өз әлемін өзгелерге, болашақ ұрпаққа көрсеткісі келетін адамдар көрсетілген.
Соқыр догманың салдарынан мәдениеттің жойылуы және өркениеттің тоқырауы осы фильмнің бейнелері арқылы көрерменге көрсетіліп, оны ауыр қайғыға батырады. Алайда бұл қайғы әрекетсіздікке соқтырмайды, керісінше артқа тартатындарға қарсы белсенді реакция көрсетуге ынталандырады. Бұл фильм халықаралық фестивальдеде де сәтті көрсетіліп, Ирандағы "Фаджр" кинофестивалі мен Грузия, Үндістан елдері мен Хьюстон қаласындағы фестивальдерде көптеген жүлделерге ие болды.