Сәу 30, 2024 22:40 Asia/Almaty
  • Иран Ислам революциясының қалыптасу тарихы (9)

"Иран Ислам революциясының қалыптасу тарихы" атты подкастымыздың тоғызыншы эпизодының тақырыбы: Мұнай – Иран халқының тәуелсіздікті талап етуінің символы

Бұл бөлімде біз Иранның конституциялық революциясының тағы бір арманы, яғни саяси-экономикалық тәуелсіздік алу арманының х.ш.ж.с.б. 1332 жылы 28 мордадта болған мемлекеттік төңкерістен кейін қалай жойылғанын қарастырамыз. Ұлыбритания, АҚШ және Мұхаммед Реза шахтың әріптестігімен жасалған төңкеріс шахтың АҚШ-қа тәуелділігін арттырумен қоса, Иранды 25 жылға озбырлық пен отаршылдыққа душар етті. 

Армысыздар, ардақты ағайын! Сіздер "Иран Ислам революциясының қалыптасу тарихы" атты подкастымыздың тоғызыншы эпизодын тыңдап отырсыздар. Бұл подкастта 1979 жылғы Иран революциясының қалыптасу үдерісін нақты түсіндіруге тырысып, оны басқа маңызды революциялардан ерекшелендіретін тұстарды санамалап, мынадай сұраққа жауап береміз: 1979 жылы ақпанда болған Иран Ислам революциясы неліктен әлемде болған барлық революциялардан өзгеше?

Өткен екі эпизодта Қаджар дәуірінің соңғы кезіндегі оқиғаларға шолу жасай отырып, конституцияшылдардың қозғалыс мақсаттарын жүзеге асырудағы сәтсіздіктерін зерттей келіп, бір жағынан Бірінші дүниежүзілік соғыс басталып, екінші жағынан Қаджар дәуірінің соңғы кезінде ішкі тұрақсыздық күшейген соң Иранда конституциялық революцияның негізгі мақсаттары болған азаттық, тәуелсіздік пен әділет аяққа тапталып, халық арасында үмітсіздік жайлағанын айттық. Осындай жағдайда Реза хан мүмкіндікті пайдаланып, х.ш.ж.с.б. 1299 жылы 3 есфандта төңкеріс жасап, Қаджарлар әулетін құлатып, өзін жаңа династия ретінде таққа отырғызуға жағдай жасады.   

Реза хан елдің қауіпсіздігін қамтамасыз етемін, аумақтық тұтастығын сақтаймын және конституционализм мұраттарын жүзеге асырамын деген уәдемен билікке келіп, қоғамның көп бөлігін өзіне жақтастыра алды. Бірақ көп ұзамай оның бетінен маскасы түсіп, шынайы ниеті барлығына аян болды. Ол өзінің жиырма жылдық билігі кезінде елді авторитарлық жағдайда басқарды, қарсыластарын басып-жаншыды, газеттерді жауып тастады, Ұлттық Мәжілісті бұйрық орындайтын мекемеге айналдырды, қоғамның барлық мәдени және экономикалық аспектілерінде кемсітушілік пен әділетсіздікті таратты, халық наразылығының күшеюіне себеп болды. Ағылшындардың көмегімен билікке келген Реза шах немістермен жақындасу арқылы ағылшындардан алшақтауға тырысты. Бірақ осы стратегиялық қателіктің салдарынан ол іс жүзінде одақтастарға Екінші дүниежүзілік соғыста Иранға шабуыл жасау және басып алуға сылтау берді. Ол х.ш.ж.с.б. 1320 жылы шахриварда ұлттық тәуелсіздік мұратының толығымен бұзылып, аяққа тапталғанын көріп, қызметінен кетуге мәжбүр болды. Конституциялық революцияның үш мұраты орындалмағандықтан халық тағы күңіренді.

Реза шах құлап, оның ұлы Мұхаммед Реза билікке келгеннен кейін Иран жаңа кеңістікке аяқ басты. Иранды 37 жыл басқарған ол халықтың конституциялық мұраттарын жүзеге асыруға деген үмітін құрдымға жіберді. Осылайша Иранда жан-жақты төңкерістің орын алуына негіз дайындалды. Реза шах құлап, елді билеген тиран жойылғаннан кейін саяси атмосфера салыстырмалы түрде ашылды, баспасөз өркендеді, Ұлттық  Мәжіліс өкілдері еркін пікір мен ұстанымдарын білдірді, саяси партиялар мен ұйымдардың белсендігі артты, конституциялық құндылықтарды жаңғыртуға, әсіресе бостандық пен саяси дамуға жағдай жасалды. Бірақ бұл кезде ел одақтас күштердің оккупациясында болды. Саяси тәуелсіздігі жоқ елде еркіндік те, саяси даму да терең болмайды. Одақтастар Иранды басып алғаннан кейін елдің ұлттық егемендігі мен аумақтық тұтастығы бұзылды. Бес жыл бойы Иран үкіметінің абыройына айтарлықтай зиян тиді. Бұл кезеңде басқыншы державалар елдің барлық саяси, экономикалық және әлеуметтік істеріне араласты. Ал ел мәселесіне қатысты шешім қабылдау билеуші ​​жүйенің, тіпті шахтың өзінің еркінен тыс еді. Бұл араласулар елде хаос тудырды. Экономикалық хаос, инфляция, жұмыссыздық, ашаршылық, ақша мен вексельдерді жөнсіз әрі негізсіз басып шығару, мұнайды тонау, ауыл тұрғындарынан азық-түлік пен ауылшаруашылық өнімдерін арзан әрі күштеп сатып алу және оны одақтастардың соғыс майдандарына әкету және ақырында шетелдік өнеркәсіп өнімдері мен халық тұтынатын тауарларды жоғары бағамен сату елді басып алудың бір салдары болды. Бұл бейберекет экономикалық жағдай кемсітушілік пен әлеуметтік әділетсіздіктің таралуына да себеп болды. Қарапайым халық пен байлар арасындағы алшақтық күн өткен сайын тереңдей түсті. Соғыс пен оккупация қоғамның жоғары және орта таптарындағы тауар сату және несие берумен айналысатын кейбір адамдардың пайда табудың жаңа мүмкіндіктеріне ие болуына себеп болды. Бірақ төменгі таптар мен тұрақты табысы бар адамдар қатты зардап шекті. Реза шах құлаған кезде елде саяси ашық кеңістік туындады. Алайда ұлттық тәуелсіздікке нұқсан келіп, одақтастардың елді басып алуы және оның экономикалық және әлеуметтік салалардағы зардаптары салдарынан әлеуметтік әділеттілік те құлдырап, еркіндік жағдайы мен салыстырмалы саяси даму ұзаққа бармады. Бұл жағдай екінші Пехлеви кезеңінің соңына дейін азды-көпті жалғасып, Ислам революциясының пайда болуына негіз болды.

Бүгінгі эпизод пен кейінгі екі эпизод барысында Мұхаммед Реза шах дәуірінде осы үш мұраттың тағдырына тоқталып, бостандық, тәуелсіздік және әлеуметтік әділеттік деген үш мұраттың бұзылуы 1979 жылғы революцияның жеңісіне қалай жол ашқанын түсіндіреміз.

Одақтас күштердің Иранды басып алуы өз алдына Иранның ұлттық тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығын бұзу болды. Бірақ осы бес жыл ішінде басқыншы күштер шектен шығып, басқыншы елдерге мұнай концессиясын берсін деп үкіметке қысым жасады. 1323 жылы (1944) Кеңес Одағының сыртқы комиссарының орынбасары Сергей Кавтарадзе бастаған делегация Иранға келіп, елдің солтүстік провинцияларында мұнайды пайдалану артықшылығын беруді сұрады. Бұған дейін АҚШ үкіметі мұнай концессиясы туралы келіссөздер жүргізу үшін Тегеранға делегация жіберген болатын. Иран үкіметі бұл өтініштерге қарсылық білдірген кезде үкіметті әлсірету үшін ауыр үгіт-насихат толқыны басталды. Бір жылдан кейін, яғни Екінші дүниежүзілік соғыста Германия жеңіліп, Жапония берілгеннен кейін Кеңес Одағы соғыс кезінде елдің егемендігін құрметтеу және соғыс аяқталғаннан кейін Иранды тез арада, 6 айдың ішінде босатуға қатысты міндеттемелеріне қайшы әрекет етіп, түрлі сылтаулармен, әсіресе Иран үкіметінің Солтүстік мұнай концессиясын бермеу туралы шешіміне байланысты Иранды босатудан бас тартты. Кеңес одағы "Ұзақ жылдар бойы оңтүстіктегі мұнай ағылшындардың қолында болды. Солтүстіктің мұнайын бұл елге бермеу – Мәскеуді кемсіту" деп уәж айтты. Кеңес Одағы Иран үкіметіне Солтүстік мұнай концессиясын беруге қысым жасау үшін Иран жерін босатпаумен қатар, Иранның орталық үкіметінен бөлініп шығып автономия алуға ұмтылған Әзірбайжан Демократиялық партиясы мен Күрдістан Демократиялық партиясын құруға да көмектесті. Қаввам үкіметі солтүстікте мұнайды игеруде Кеңес Одағымен бөлісу туралы келісімді қабылдаудан бас тартқаннан кейін Кеңес Одағы Иран жерін босатпайтынын және автономиялық күштерге қолдау көрсетуді тоқтатпайтынын айтты. Бұл келісім Иран премьер-министрінің зерделілігі мен парламенттің бекітпеуіне байланысты қабылданбады. Иранның тәуелсіздігін, аумақтық тұтастығы мен ұлттық мүдделерін нысанаға алған үлкен қауіпті жоба жойылды. Бірақ оқиғаның екінші жағында АҚШ жаңа держава ретінде Ирандағы билік вакуумын толтыруға тырысты. Бұл билік вакуумы қосполярлық және қырғи-қабақ соғыс кеңістігінде халықаралық қатынастарда Англияның ықпалының бірте-бірте төмендеуі салдарынан туындады.

Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталғаннан кейін әлемдегі билік теңгерімі айтарлықтай өзгерді. Кеңес Одағы мен Америка Құрама Штаттары бастаған Шығыс және Батыс блоктары пайда болды. Екінші дүниежүзілік соғыста Германия жеңіліп, ауыр соққыға ұшырады. Бірақ Франция мен Англия соғыстың залалынан аман қалмай, ауыр шығынға ұшырады. Осы себепті жаңа пайда болған держава АҚШ Батыс блогының басшылығын өз қолына алды.  Америка бұл елдерге соғыстың ауыр шығынын өтеуге көмектесті. Бірақ олар Американың көшбасшылығы мен жоғары орнын ресми қабылдауға және мойындауға мәжбүр болды. Сондықтан әлем сахнасында АҚШ пен Ұлыбритания арасында бәсекелестік пайда болды деп айтуға болады. Теңгерім АҚШ-тың пайдасына шешілгені анық. Қосполярлық кеңістіктің қалыптасуымен бір мезгілде отарланған елдерде отаршылдарға қарсы өзіндік сана-сезім, ояну қалыптаса бастады. Бұл толқын көптеген отарланған елдердің тәуелсіздік алуына септігін тигізді. Кейбір елдерде, соның ішінде Иранда ұлттық қозғалыс пайда болды. Ол осы қосполярлы ортада Шығыс пен Батыс деген екі блоктың ешқайсысына да берілмеуге тырысты. Бұл қозғалыс бірте-бірте басқа елдер арасында таралып, «Қосылмау қозғалысы» (Non-Aligned Movement) деген атқа ие болды. Расында, Иран бұл қозғалыстың әлемдік деңгейде бастаушыларының бірі болды. Шығыс пен Батыс блоктарына қосылмау қозғалысы Ирандағы мұнай өнеркәсібін мемлекеттендірумен байланысты болды.

Шын мәнінде Кеңес одағы Ираның солтүстігіндегі мұнайға концессия ала алмағаннан кейін Иран халқы тағы да ұлттық тәуелсіздігін алуға тырысты. Бұл кезде елдің саяси және экономикалық тәуелсіздігін бұзу және тәуелді болудың ең үлкен символы концессия еді. Бұл шамамен 40 жыл бұрын Иран үкіметінің Вильям Нокс Дарси (William Knox D'Arcy) есімді британ азаматына берген мұнай концессиясы болатын. Аталмыш құжат 1933 жылы британдықтардың қысымымен Ұлыбритания үкіметінің атынан (Вильям Нокс Дарси емес) қайта ұзартылған еді. Ұлыбритания осы келісімшарт барысында Иранға мұнайдан түсетін табыстың 20 пайызын ғана төлеуге міндеттеме алу арқылы ашық түрде елдің саяси-экономикалық тәуелсіздігін бұзып, Иран халқының қатты ашу-ызасын тудырды.

Иранның мұнай өнеркәсібін мемлекеттендіру қозғалысын басқарған доктор Мұхаммед Моссадық х.ш.ж.с.б. 1320 (1940) жылдардың аяғында елдің тәуелсіздік туын көтеріп шықты. Кеңес одағы Ираның солтүстігіндегі мұнайға концессия алу туралы өтініш бергенде Мәжілісте болған Моссадық осы ел мен оның ішкі қолдаушыларының өтінішіне реакциясында ашық түрде: "Иран үкіметінің саясаты оң сальдо емес, теріс сальдо немесе нөлдік теңгерім болуы керек",-деген. Бұл мынадай мағына береді: Иранның оңтүстігіндегі мұнай британдықтардың қолында болғандықтан, елдің солтүстігіндегі мұнайды Кеңес одағына беру керек деген сөз емес. Керісінше британдықтардан да концессия құқығын қайтарып алу керек. Сонда тепе-теңдік орнайды. Х.ш.ж.с.б. 1329 (1950) жылы доктор Моссадықта 16-шы Мәжілістегі жақтастарының қолдауымен мұнай өнеркәсібін мемлекеттендіруге қажет шеңбер жасап беретін бір статья қабылдауға қолайлы мұрсат туындады. Осы статья бекітілгеннен кейін Мәжіліс Моссадықты Премьер-министр етіп тағайындауға ниет білдірді. Шамамен бір айдан кейін Мәжіліс бекіткен заңды орындау үшін ол Иранның Премьер-министрі болды.

Моссадық бір мезгілде екі майданда соғыса бастады: Бірінші майдан азаттықты талап етуге, конституциялық принциптерді қайта жандандыруға және патшаның озбырлығына қарсы заңды күшіне енгізуге бағытталды. Екіншісі оңтүстік мұнай концессиясын жою арқылы Англиядан Иранның саяси және экономикалық тәуелсіздігін алуға бағытталды. Англия Иран үкіметінің мұнай өнеркәсібін мемлекеттендіруіне үш түрлі реакция көрсетті: бірінші – халықаралық қауымдастыққа шағымдану; Екіншісі – Иран үкіметінің мұнай экспорттауына жол бермеу үшін Абаданнан мұнай танкерлерін шығару; Үшіншісі – "Маврикий" әскери кемесін Парсы шығанағы аймағына жіберу. Англия Моссадықтың ұлттық үкіметіне Иран мұнайын экспорттауға жол бермеді. Осы уақыт ішінде мәселені шешу үшін келіссөздер жүргізілді. Бірақ Англия Иран халқының талаптарына бағынбады. Осы себепті Иран әскері Абадан мұнай өңдеу зауытын басып алып, ағылшындардан Абаданнан кетуді талап етті. Екі ел арасындағы шиеленіс деңгейі өте жоғары болды. Бір жағынан мұнай сатудың аздығынан Иранның экономикалық жағдайы аса мәз емес еді. Осындай жағдайда АҚШ Иранға қаржылай көмек пен несие беруден бас тартты. Шетелдік майданда соғыса жүріп, Моссадық ішкі озбырлық майданына да қарсы тұрды. Моссадық Иран халқының саяси және экономикалық тәуелсіздікке ұмтылуынан бас тартқысы келмегендіктен оны биліктен кетіру үшін сол кездегі республикашыл Эйзенхауэр бастаған АҚШ, Англия және үшінші тарап, шах пен сарай маңындағылардың коалициясы құрылды.

Бұл коалиция х.ш.ж.с.б. 1332 жылы 28 мордадта (1953 ж. тамыз) доктор Моссадықтың заңды үкіметіне қарсы мемлекеттік төңкеріс жасауды жоспарлап, жүзеге асырды. Бұл өз кезегінде Ирандағы озбырлық пен отаршылдыққа қарсылықтың символына айналған мұнай өнеркәсібін мемлекеттендіру қозғалысының сәтсіздікке ұшырауына әкеліп соқтырды.  

Осы масқара төңкеріс халықтың конституциялық мұраттарды жүзеге асыруға деген үмітін тағы да жойып, елді 25 жыл бойы озбырлық пен отаршылдық етігінің астында жаншыды.

Ардақты ағайын, "Иран Ислам революциясының қалыптасу тарихы" атты подкастымыздың тоғызыншы эпизоды аяқталды. Бұл подкастта 1905 жылғы конституциялық революцияның тағы бір мақсаттарының бірі, яғни саяси-экономикалық тәуелсіздік алу арманының  х.ш.ж.с.б. 1332 жылы 28 мордад (1953 ж. тамыз) төңкерісінен кейін қалай жойылғаны туралы айттық. Бұл төңкеріс Англия, Америка, Мұхаммед Реза шах және сарай маңындағылардың ынтымақтастығымен болғанын айттық. Сонымен қатар, бұл төңкеріс шахтың АҚШ-пен қарым-қатынасының қалыптасуына негіз болды.  

Тегтер