Maм 26, 2024 00:00 Asia/Almaty

"Иран Ислам революциясының қалыптасу тарихы" атты подкастымыздың оныншы эпизодының тақырыбы: Шах режимінің АҚШ-қа тәуелділігіне реакция

Осы бөлімде 28 мордад төңкерісінен кейінгі жылдардағы режимнің АҚШ-қа тәуелділігін талқылаймыз. Бұл Иран халқының шах режимі мен оның жақтастарына қарсы қоғамдық ашуын тудырды.

Армысыздар, ардақты ағайын! Сіздер "Иран Ислам революциясының қалыптасу тарихы" атты подкастымыздың оныншы эпизодын тыңдап отырсыздар. Бұл подкастта 1979 жылғы Иран революциясының қалыптасу үдерісін нақты түсіндіруге тырысып, оны басқа маңызды революциялардан ерекшелендіретін тұстарды санамалап, мынадай сұраққа жауап береміз: 1979 жылы ақпанда болған Иран Ислам революциясы неліктен әлемде болған барлық революциялардан өзгеше?

Өткен бөлімде Реза шах биліктен кеткеннен кейінгі елдің тәуелсіздік жағдайына баға беріп, Мұхаммед Реза билігінің алғашқы жылдарында Иранды одақтастар басып алған кезде елдің саяси атмосферасы салыстырмалы түрде ашық болып, баспасөз бен саяси партияларда жаңа өмір басталғанын айттық. Алайда басқыншы күштердің ұлттық егемендікке қол сұғуы және олардың елдің әр саласына үстемдік жасауы тәуелсіздік пен әлеуметтік әділеттілік деген екі мұратты ауыр жағдайда қалдырды. Одақтас елдер дүниежүзілік соғыс аяқталғаннан кейін Ираннан кетуге уәде берді. Бірақ олар әртүрлі себептермен бұл уәдені орындаудан бас тартты. 1320 жылдардың (1940 жылдардың) ортасында Кеңес одағы солтүстік мұнай концессиясын өзіне алу үшін Иран үкіметіне қысым жасады. Иран үкіметінің теріс жауабына тап болған кезде Кеңес одағы Пишевари және Қази Мұхаммад сияқты сепаратистерге қолдау көрсетіп, Ираннан Әзірбайжан мен Күрдістан аймақтарын бөліп алуды көздеді. Осы онжылдықта мұнай Иран халқының тәуелсіздікті талап ету символына айналды. Доктор Моссадық үкіметі британдықтарға Иранның оңтүстігіндегі мұнайды барлау, өндіру және сату артықшылығын берген 1933 жылғы отарлау келісімін елдің мұнайын мемлекеттендіру арқылы жоюға тырысты. Бұл қозғалыс Иран халқында ерекше құштарлық пен толқу тудырды. Өйткені Моссадық ел мұнайын мемлекеттендіру үшін ағылшындармен күресумен қатар шахтың озбырлығына қарсы тынымсыз күрес бастады. Бұл күрес көптеген отар елдерге үлгі болып, Қосылмау қозғалысының негізін қалады. Бірақ, өкінішке қарай, ирандықтар үшін бұл күрес халықтың озбырлық пен отаршылдыққа қарсы бұрынғы көтерілістері сияқты онша сәтті болмады. АҚШ, Англия және Иранның диктатор шахының араласуымен Моссадықтың заңды үкіметіне қарсы төңкеріс жасалып, Иран халқының үміті тағы да ақталмады. Төңкерістен кейінгі жиырма бес жылдық кезеңде Ирандағы барлық саяси, әлеуметтік және экономикалық істерде озбырлық, тәуелділік және әділетсіздік үстемдік етті. Бұл Ислам революциясының пайда болуына түрткі болды. Осы бөлімде 28 мордад төңкерісінен кейінгі жылдардағы режимнің АҚШ-қа тәуелділігін талқылаймыз. Бұл Иран халқының шах режимі мен оның жақтастарына қарсы қоғамдық ашуын тудырды.

Иранда төңкеріс үкіметі құрылғаннан кейін мыңдаған патриоттар мен мұнай өнеркәсібін мемлекеттендіруді қорғаушылар тұтқындалып, түрмеге жабылды. Олардың кейбіреулері шах агенттерінің азаптауынан қаза тапты, ал кейбіреулері сот процестерінен кейін өлім жазасына кесілді. Төңкеріс жасаушылар билікке келгеннен кейін бүкіл елді террор жайлады. Тәуелсіз газеттерге тыйым салынып, олардың иелері мен басшылары көптеген шектеулерге тап болды. Төңкеріс үкіметі өз әрекеттерін заңдастыру үшін  бұйрық бойынша 18-ші парламент сайлауын өткізді. Ауқымды алаяқтық пен айла-шарғының арқасында олар парламентке алдын ала белгіленген өкілдерін жіберді. Осындай залым әрекеттерге қарсылық танытқан ирандық қоғамның бір бөлігі, соның ішінде базаршылар мен университет қауымы қатаң қысымға ұшырады. Бұл 1332 жылы 28 мордадтағы (1953 ж. тамыз) мемлекеттік төңкерістен кейін 1357 (1979) жылға дейін жалғасқан жалпы озбырлықтың бір бөлігі ғана еді.  Осы оқиғаның сипаттамасын келесі бөлімге қалдырамыз. Ал бұл жерде біз Ирандағы 28 мордад төңкерісінен кейінгі жылдардағы ұлттық тәуелсіздіктің тағдырын талқылап, төңкеріс нәтижесінде пайда болған үкіметтің Иран халқының ұлттық тәуелсіздікке жетудегі барлық үміттері мен армандарын қалай жойғанын және мұнай өнеркәсібін мемлекеттендіруден пайда болған үміт нұрын Иран халқы үшін, сонымен қатар әлемнің барлық тәуелсіздік пен еркіндік іздеушілері үшін үмітсіздікке айналдырғанын көрсетуге тырысамыз.

Моссадық үкіметі құлатылғаннан кейін төрт ай өтпей жатып, төңкеріс үкіметі Ұлыбританиямен қарым-қатынасты жандандыруға тырысты.  Олар тарихи фактілерді бұрмалау және доктор Моссадық үкіметінің әрекеттеріне күмән келтіру арқылы Англиямен келіссөздер жүргізуге және мұнай келісімшартын жасауға негіз дайындады. 1332 жылы азарда (1953 ж. желтоқсан), яғни төңкерістен бірнеше ай өткен соң генерал-майор Фазлулла Захеди төрт адамнан тұратын арнайы комиссия құрып, оған ағылшындармен мұнай дауларын шешу үшін келіссөздер жүргізуді тапсырды. Бірнеше айлық келіссөздерден кейін  төңкеріс үкіметі оңтүстіктегі мұнайды барлау, өндіру, өңдеу және пайдалану құқығын 40% акциясы бар британдық мұнай компаниясы, 40% акциясы бар бес америкалық компания, 6% акциясы бар француз мұнай компаниясы және басқа елдерден тұратын халықаралық консорциумға және 16% акциясы бар голландиялық Royal Dutch Shell компаниясына берді. Тараптар 1954 жылы бұл келісімшартқа қол қойып, оның мерзімі 25 жылға белгіленді. Консорциум туралы келісімшартқа қол қойылғаннан кейін АҚШ-тың Иран мұнайына қолы жетіп, соның нәтижесінде Иранның барлық саяси-экономикалық істеріне жолы ашылды. АҚШ пен Ұлыбритания арасындағы келісім және Мұхаммед Реза шахтың озбырлығы салдарынан Иран халқының азаттық пен тәуелсіздікке жету жолындағы күресі тағы да жеңіліске ұшырады. Төңкерістен кейінгі үкімет пен шах бұл масқара келісімді жасырып қалуға, қоғамдық пікірді алдау арқылы Иран халқы үшін оны үлкен артықшылық деп көрсетуге барын салды. Бірақ ақиқат мынада: бұл келісім АҚШ-тың Иранға ықпалы мен араласуына ресми сипат берумен қатар, Иранның осы елге экономикалық, әскери және қауіпсіздік тұрғыдан тәуелділігін арттыра түсті.  Бұл кезеңде мұнайдан түсетін табыстың өскеніне қарамастан, кең ауқымды шығындар мен шексіз талап-тілектер салдарынан үкімет әлі де бюджет тапшылығына ұшырап отырған еді. Осылайша Иранның АҚШ-қа экономикалық тәуелділігі одан ары арта түсті. Сондықтан үкімет бюджет тапшылығын толтыру үшін басқа елдерден, әсіресе АҚШ-тан несие алуға мәжбүр болды. Теһран мен Вашингтон арасындағы экономикалық байланыстар күшейгеннен кейін екі ел арасында әскери және қауіпсіздік байланыстары да орнатылды. АҚШ Батыс блогының көшбасшысы ретінде Кеңес Одағы мен Шығыс блок елдеріне қарсы блокада саясатын толықтыру үшін және коммунизмнің ықпалымен күресу мақсатында 1333 жылы қыста (1955 жылы ақпанда) Түркия мен Ирактың қатысуымен Бағдат пактісіне қол қойып, қорғаныс шеңберін толықтыру үшін 1334 (1955) жылы оған Иран мен Пәкістанды қосты. Иранның Бағдат пактісіне мүше болуы және Теһран үкіметінің Эйзенхауэр доктринасын қабылдауы іс жүзінде Иранның бейтараптық саясатын бұзып, Иранның сыртқы саясатын толығымен Батыс блогының, атап айтқанда АҚШ билігіне бағындырып бергенін көрсетті. Өйткені Эйзенхауэр доктринасының принциптеріне сәйкес, АҚШ қарулы күштеріне халықаралық коммунизмнің тікелей немесе жанама ықпалына ұшыраған мемлекеттерді қорғау үшін ішкі іске араласуға рұқсат берілді.

1337 жылы (1958 ж.) Ирактағы монархия Абдул Карим Қасымның төңкерісімен құлатылған кезде Иранның авторитарлық үкіметі мен АҚШ үкіметі әскери және қауіпсіздік саласындағы қарым-қатынастарын нығайту үшін екіжақты әскери келісімге қол қойды. Осы келісімнің ережелеріне сәйкес, үшінші елдің кез келген тікелей немесе жанама агрессиясы болған жағдайда АҚШ-қа Иранға әскер жіберуге рұқсат берілді. Осылайша АҚШ-тың әскери кеңесшілері Иранның мемлекеттік органдарында ресми түрде қызмет жасайтын болды.

Елдегі саяси ортаның жабылуына және төңкерістен кейінгі жылдары АҚШ-қа тәуелділіктің күшеюіне байланысты 1330 жылдардың аяғында (1950 ж.) Иранның мұнайдан түскен табыстары елдің өсу және даму көрсеткіштерін жақсартудың орнына елде кедейшіліктің, жұмыссыздықтың және жемқорлықтың кең таралуына әкелді. Елде тәртіпсіздіктердің күшейгені сонша, АҚШ Иранда коммунистік революция болады деп алаңдады. АҚШ-тың Теһрандағы елшілігі сараптамалық мәліметтер жіберу арқылы Вашингтонға Ирандағы шектеусіз авторитарлық биліктің салдары мен әскери және қауіпсіздік шараларының күшеюі туралы ескертті. Осындай жағдайда 1960 жылы АҚШ-та президенттік сайлау өтті. Сайлауда  реформаларды, адам құқықтарын құрметтеуді, дос елдердегі коммунизмнің ықпалымен күресу үшін саяси ашық кеңістік құруды көздеген Джон Кеннеди бастаған демократтардың жеңіске жетуі жағдайды айтарлықтай өзгертті. Республикашылдармен кең қарым-қатынасқа қатты сенген Мұхаммед Реза шах АҚШ-тағы сайлауда Республикалық партияның кандидаты ретінде Никсонды қолдаған еді. Сондықтан демократтар жеңіске жеткенде қатты таң қалды. Бірақ шахтың АҚШ-қа тәуелді болғаны сонша, оның бұл саясатпен жүруден басқа амалы қалмады. Сол себепті америкалықтардың қысымымен шах ұлтшылдармен ынтымақтастығы бар, реформаторлық ойларға ие доктор Әли Аминидің премьер-министрлігіне келісімін берді. Әли Амини шаруалар арасында жер бөлу, саяси тұтқындарды босату, баспасөзге тыйымды жою, сөз бостандығын кеңейту және жемқорлармен күресу бағытында реформаларды бастады. Бірақ патша мұндай өзгерістерді қолдамады. АҚШ-тың келісімін алғаннан кейін жалған дағдарыс тудырып, ол Әли Аминиді қызметтен кетуге мәжбүрледі. Шах америкалық демократтарға реформаларды басқаруға уәде берген болатын. Әли Амини биліктен кеткеннен кейін америкалықтардың ұсынысымен ол «Ақ революция» немесе «Патша мен ұлт революциясы» атты бағдарламаны бастады. Мұхаммед Реза шах бұл бағдарламаны жүзеге асыруда да шыншыл болмады және оны толық жүзеге асырудан қашты немесе оны өзінің саяси мүдделеріне қарай бағыттауға мүмкіндік іздеді. Сондықтан АҚШ Вьетнам соғысына қатысып, Кеннеди қаза тапқаннан кейін ол Вашингтонның қысымынан құтылып, реформалардың бәрін аяқсыз қалдырды немесе оларды оппозицияның аузын жапқанша жалғастырды. Шах АҚШ-пен қарым-қатынасын нығайтып, ішкі және аймақтық базасын кеңейтіп, қарсыластарын жоюға мүмкіндік іздеді. 1343 жылы (1964 ж.) шах капитуляцияны қабылдау арқылы АҚШ басшыларына адалдығын көрсетті. Ал аятолла Хомейни оған қарсылық білдіргенде оны Түркия мен Иракқа жер аударды. "Бұл кезеңде шах АҚШ-тың қуыршағына айналды", дейді «АҚШ-тың сыртқы саясаты және шах» кітабының авторы Газиоревский.

Шахтың АҚШ-пен қарым-қатынасты нығайтуға деген ұмтылысы 1969 жылғы сайлауда Никсон билікке келген кезде жүзеге асты. Осы кезеңде Никсонның билікке келуі және Генри Киссинджердің АҚШ-тың қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі әрі сол кездегі Мемлекеттік хатшысы ретінде белсенді рөлі Иран мен АҚШ-тың қарым-қатынасында бетбұрыс жасады. Осы доктрина негізінде Иран АҚШ-тың аймақтық саясатындағы негізгі ойыншылардың біріне айналды. АҚШ-қа қарсы қозғалыстарды басып-жаншу және Иранды, Сауд Арабиясын және Кувейтті қаруландыру арқылы Американың Парсы шығанағы аймағындағы саяси-экономикалық және мұнай саласындағы мүдделерін қамтамасыз ету Никсонның Парсы шығанағы аймағындағы доктринасының негізгі бағыттарының бірі болды. Бұл стратегияны шах пен Иран үкіметі де қолдады. Өйткені аймақтағы белсенді рөлді қабылдау режимнің ішкі оппозицияны басып, аймақ елдеріне үстемдігін нығайтуда қолын босатқан болар еді. Бұл шахтың қалауларының бірі болды. Осылайша шах АҚШ-тан 7 миллиард долларға ең озық қару-жарақ пен әскери жүйелерді сатып алуға мүмкіндік алды. Екі жылдан кейін 1972 жылы Иран мен АҚШ арасындағы 2 миллиард долларлық қару-жарақ сатып алу туралы ең ірі келісім жасалды. Бірақ Иран үкіметінің ең шулы және ең даулы қару келісімі 1352 жылы 2,3 миллиард долларға 80 F-14 ұшағын сатып алу болды. Иран мен АҚШ-тың саяси-экономикалық, әскери-қауіпсіздік саласындағы байланыстары 1970 жылдардың ортасында шарықтау шегіне жетті. Иран АҚШ-қа толықтай тәуелді елге айналды. Бұл жағдай АҚШ-та Демократиялық партиядан Джимми Картер билікке келгеннен кейін де жалғасты. 1356 жылы фарвардинде (1977 ж. наурыз) Картер сайлау науқаны кезінде адам құқықтарына қатысты жариялаған қағидаттарына керісінше AEW&C ұшағын Иран үкіметіне сатқысы келетінін білдірді. AEW&C –  әуеде ерте ескерту және бақылау жүйесінің аббревиатурасы. Ол командалық-басқару және соғысты басқару (C2BM) операциялары үшін қуатты және жылжымалы радиолокациялық станция ретінде жасалған. Бұл – радиолокациялық көру қабілеті бар ұшақ түрі.

Айтылғандарға шолу жасасақ, Иран 28 мордадта болған мемлекеттік төңкерістен 1357 жылға дейін, яғни Ислам революциясы жеңіске жеткен жылға дейінгі 25 жыл ішінде ең тәуелді елдердің біріне, Батыс блогы мен АҚШ-тың қуыршағына айналды деп айтуға болады. Бұл Иран халқының ең негізгі тарихи талаптарының бірі және 1979 жылы шах режиміне қарсы халықтың толқуы мен наразылығының себебі болған ұлттық тәуелсіздік идеалын толығымен жоюды білдірді. Осы себепті Иран халқының күрестеріндегі тәуелсіздік ұраны халық талаптарының тұрақты және өшпес негіздерінің біріне айналды.

Ардақты ағайын, «Иран Ислам революциясының қалыптасу тарихы» атты подкастымыздың бұл бөлімі де аяқталды. Келесі бөлімде біз сіздермен шах кезіндегі еркіндік пен әлеуметтік әділеттік деген екі мұраттың жағдайы мен тағдыры туралы әңгімелеп, оның Иран халқының революциялық күрестеріндегі орнын түсіндіреміз.

Тегтер