Maм 26, 2016 14:08 Asia/Almaty

Солтүстік Хорасан облысының орталығы Боджнурд қаласы Иранның солтүстік-шығысында Копедаг таулы сілемінің оңтүстігі, Аладаг таулы сілемінің шығысы және Эльбрус тауының солтүстігінде орналасқан. Боджнурдтың теңіз деңгейінен биіктігі 1070 метр.

Оның Теһраннан арақашықтығы 821 шақырым. Боджнурд атауы көне еңбектерде «Бузанджурд» деп келтірілген. Бузанджурд – «Бижангерд» сөзінің арабтанған нұсқасы. Уақыт өте келе аздап өзгеріп, «Боджнурд» деп айтылатын болған. «Герд» сөзі қала және абадтандырылған деген мағынада қолданылады. «Боджнурд» «Бижан қаласы» деген мағынаны береді. Қазіргі Боджнурдтың солтүстік-батысында бір ескі төбе бар. Онда Бижангерд тарихи қаласынан қалған өте көне ескерткіштер сақталынған. Ол жер «Бижанюрт» деген атпен танымал.

Боджнурд немесе «Бижангердтің» тарихы Сасанилер дәуірінен басталады. Ислам дінінің келуімен көптеген мистиктер, ойшылдар мен имамзадалардың отанына айналды. Боджнурдтың айналасында көптеген жайлаулық ауылдардың болуы бұл аймақты Иранның туристік тартымдылықтарының қатарына қосқанын айта кету қажет.

Солтүстік Хорасан облысында 606-дан астам тарихи-археологиялық ескерткіш пен төбе бар. Солардың арасынан Эсферайендегі Белқейс қаласын, Айнахананы, Боджнурдтағы Мұфхам ғимаратын, Мане мен Самалкандағы Испаху отқа табыну орнын, Джаджарм Джалаледдин қамалын, Ширвандағы Арка төбесін (Надери төбесі) атауға болады. Мұнымен қоса, бұл облыста қасиетті мекендер мен зиярат орындары көп.

Боджнурдтағы сұлтан сейіт Аббас (Масумзаде) кесенесі, Джаджармдағы қажы Әли ибн Махзияр, имамзада Хамзе Реза Ширван, Эсферайендегі имамзада Ахмад бен Мұса кесенелері облыстың қасиетті мекендерінің қатарына жатады. Бағдарламаның жалғасында облыстың кейбір тарихи ескерткіштерімен таныстырамыз.

Иранның ұлттық мұрасының тізіміне енгізілген Еспаху тас ғимараты Боджнурдтың басқа тарихи ғимараттарының арасында өз түрі бойынша көрнекті ескерткіш болып саналады. Аталмыш ғимарат Сасанилер дәуіріне тиесілі. Ол тас пен сарудж қоспасынан жасалған. Осы тас ғимаратта қалыптасқан кеңістіктер шығыс жағындағы бір терраса бесік пішіндес арка мен шаршы пішіндес бөлмеден тұрады. Бұл ғимараттың қолданыс аясы жөнінде мамандар тарапынан әртүрлі пікірлер айтылады. Мұның өзі Еспахру ғимаратының шын мәнінде «аташкаде» – отқа табынатын жер болғандығын білдіреді. Бұл ғимарат аймақ адамдарының арасында Еспахру шіркеуі ретінде де танымал болған. Еспахру «аташкадесі» Боджнурдтың батысынан 100 шақырым қашықтықта Боджнурдтан Гүлістан облысына баратын тас жолға жақын жерге орналасқан.

Боджнурд қаласының солтүстігінде орналасқан биік те салтанатты «Мұфхам» айнаханасы – Боджнурдтың құнды тарихи ескерткіштерінің бірі. Бұл ғимарат Қаджарлар дәуірінің соңғы кезіндегі сардарлардың бірі Ярмұхаммадхан Шамлуға (сардар Мұфхамға) тиесілі болды. Ғимараттың сыртқы келбеті жеті түсті сырлы кірпіш және айна сынықтарымен көркемделген. Бұл оған ерекше сұлулық сыйлады. Ғимараттың жобасы тіктөртбұрышты. Шамамен 18х11 метрлік көлемдегі ғимараттың биіктігі шамамен 10 метр. Екі қабатта жалпы саны 9 бөлме орналасқан. Жоғары қабаттағы бөлмелердің бірі 3х8 метрлік көлемде салынған. Оның барлық қабырғалары мен төбесі әдемі жобадағы айна сынықтарымен көмкерілген. Бұл Насери дәуіріне тиесілі ғимарат Солтүстік Хорасан облысындағы бірегей туындылардың бірі. Бұрын бұл ғимарат үлкен бақтың ішінде орналасқан болатын. Басқа ғимараттар, соның ішінде Мұфхам ғимараты, Хауызхана кіреберіс дарбазасы, бақтағы субұрқақ, «Кулах-е фаранги» ғимаратымен бірге Мұфхамның кеңсесін құраған. «Кулах-е фаранги» ғимараты Боджнурдта орын алған қатты жерсілкінісі салдарынан қирап, бүгінде тек айнахана мен Мұфхам ғимараты ғана аман қалды. Айнахана Иранның ұлттық мұра тізіміне енгізіліп, х.қ.ж.с.б. 1379 жылдан бері құжаттар мен қолжазбалар мұражайы ретінде қолданылып келеді.

Мұфхам ғимараты да Боджнурдтағы Қаджарлар дәуірінен қалған тарихи ғимараттардың бірі. Ол х.қ.ж.с.б. 1300 жылдың басында сардар Мұфхамның бұйрығымен оның өзі мен жанұясының үйі ретінде салынған. Бұл ғимаратта 34 бөлме мен екі үлкен зал бар. Ғимараттың негізгі беті оңтүстік жағында орналасқан. Оның беті адам, жануар, арабеска және геометриялық нақыштармен безендірілген жеті түсті сырлы кірпіштермен көмкерілген. Ғимаратты салуға кірпіш пен алебастр қоспасы қолданылған. Ғимараттың әрбір қабатында оңтүстік пен солтүстік террасасы бар. Ғимараттың жер-жері әртүрлі тәсілдермен шикі, әдемі сырлы кірпіштер, көгілдір, сары, алқызыл, күлгін, ақ, жасыл, қызыл және қара керамикалық тақташалармен көмкерілген. Оның әрбір бағаны ерекше жобамен безендірілген. Ғимараттың алдыңғы бетінен х.қ.ж.с.б. 13 ғасырға тиесілі қанатты періште, адамның түрлері, гүл мен өсімдіктер, құстың суреттері, табиғат пен геометриялық пішіндердің нақыштарын көруге болады. Мұфхам ғимараты жөндеуден өткізілгеннен кейін үлкен археологиялық және этнографиялық мұражайға айналды.

Боджнурд қаласының ортасындағы тарихи құрылыстар бөлігінде орналасқан Джаджарм хұсейниесі, яғни шиіттердің діни рәсімдерін өткізетін орын – осы қаладағы Қаджарлар дәуірінің соңынан бері қалған жәдігер. Қолда бар жазба тақташа бойынша бұл хұсейние х.қ.ж.с.б. 1325 жылы салынған.

Джаджарм хұсейниесі – орталық аула түріндегі дәстүрлі сәулет өнерінің бір үлгісі. Бұл үлгіні интраверт архитектура деп атайды. Онда барлық есіктер, терезелер мен нұртартқыштар аулаға қаратылып салынады. Мұндай архитектуралық стиль көбінесе құрғақ та шөлді аймақта қолданылған, бірақ Боджнурд аймағында сирек кездеседі. Ғимараттың жалпы құрылысы шаршы пішіндес, шығыс және батыс жағында екі қабаттан тұрады. Жалпы алғанда шамамен 600 шаршы метрді ауданды алып жатыр. Хұсейниенің кіреберісі бір дәліз арқылы ортадағы ауламен жалғасып жатыр. Екі баспалдақ солтүстік-шығыс және оңтүстік-батыс жағынан жоғары қабатқа баратын дәлізге апарады. Ғимараттың әртүрлі бөліктері архитектуралық көркемдеу түрлері, соның ішінде кірпішпен көмкеру, алебастр жапсыру, архитектуралық сталактиттер жасау, жазба тақташаларын жапсырумен безендірілген.

 «Белқейс» деген атпен танымал Эсферайендегі «Кохандеж Белқейс» қаласы Бам қамалынан кейінгі Иранның шикі кірпіштен жасалған ең үлкен мұраларының бірі. Ол бағзы замандардан-ақ Ұлы жібек жолының бойындағы маңызды қалалардың бірі болған. Эсферайеннің оңтүстік-шығысынан 3 шақырым жерде орналасқан бұл көне қала Солтүстік Хорасан облысының ең танымал архитектуралық тартымдылықтарының бірі болып саналады.

Осы қаладан табылған қыш бұйымдар Сефевилер дәуіріне тиесілі. Бірақ ол қала Сефевилер дәуірінен бұрын салынған сынды. Сасанилер дәуіріндегі архитектуралық стиль бойынша салынған Белқейс қаласы Кохандеж, Рабаз және Шарестан деп аталатын 3 бөліктен және биіктіктері әртүрлі 29 мұнарадан тұрады. Бұл қала Сефевилер дәуірінде қаңырап бос қалып, Эсферайен қаласы осы қирандылардың солтүстігінен шамамен 3 шақырым жердегі қазіргі орынға ауыстырылды. Исламның алғашқы дәуіріне тиесілі бұл ғимарат Иранның ұлттық мұра тізіміне тіркелген.

Өткен бағдарламада айтып өткеніміздей, Солтүстік Хорасан облысы әралуан табиғи тартымдылықтарға ие. Ол өзінің өсімдік жамылғысы мен жануарлар дүниесімен өте құнды. Бұл аймақ 1361 жылы Гүлістан ұлттық паркінен бөлініп, қорғалған аймақ болып жарияланды. 43000 га-дан астам ауданды алып жатқан Қурхуд Солтүстік Хорасан облысының тың табиғи аймақтарының бірі болып саналады. 1000-2700 метр биіктіктерде жылдық орташа температура – 9 градус, жылдық жауын-шашын мөлшері – 660 мм. Сондықтан аймақ жартылай ылғалды, қоңыржай және жерорта теңіздік ауа райына ие. Бір-бірімен жалғасқан биік шыңдар, тұрақты мұздықтар, үлкен жартастар, сайлар мен көптеген субұрқақтар, кең алқаптар, ормандар мен әдемі жайылым жерлер, үлкенді-кішілі үңгірлер, көптеген су көздерінің болуы, өсімдік жамылғысы мен жануарлар дүниесінің әралуандығы кез-келген тамашалаушының назарын осы аймаққа аударады.

Тегтер