Батыстағы адам құқығының бұзылуы: болжамнан ақиқатқа дейін 6
Батыс мемлекеттері мен Сауд Арабиясының Йеменнің адам құқығын бұзуы туралы мәселеге тоқталамыз.
Осы уақытқа дейін Йемендегі Сауд Арабиясының қылмыстары туралы жарияланған мәліметтер бойынша 8 мыңнан астам йемендік қаза болып, сол елдің 16 мыңнан артық азаматы жарақат алған. Бірақ халықаралық Амнистия ұйымы 2016-шы жылдың 26-шы ақпанында сол күнге дейін 35 мың йемендіктің қаза болғанын жариялады. Халықаралық Амнистия ұйымы Сауд Арабиясының Йеменнің тұрғын үйлері мен инфрақұрылымдарын нысанаға алып, бір жылға жетпейтін уақытта Йемен халқының 35 мың адамын қырып, елдің ішінде және шекараларының сыртында 2 жарым миллион халықты босқынға айналдырғаны туралы дәлелді құжаттарға ие. Ауруханалар мен емдеу орталықтарын, тіпті БҰҰ-ның қарамағындағы шекарасыз дәрігерлердің ауруханасын бомбалау, тыйым салынған кассеталық бомбаларды пайдалану, жан-жақты қоршауға алып, Йеменнің ішіне гуманитарлық көмектерді кіргізуге рұқсат бермеу, бомбалаулар мен экономикалық инфрақұрылымдарды қирату халықаралық заңдарды әшкере түрде бұзу саналады. Осы кезге дейін Йеменнің 14 әуежайы, 10 порты, 512 көпірі мен жолы, 125 электростанциясы мен электоргенераторы, 164 су қоймасы, 970 үкіметтік ғимараты, 546 азық-түлік қоймасы, 353 базар және сауда орталығы, 409 азық-түлік тасымалдайтын керуен, 238 бензин құятын станция, 190 кәсіпорын, 42 спорт орталығы, 7 элеватор, 325 мың 137 үй, 238 қызмет көрсету у орталығы, 569 мектеп пен оқу орталығы, 39 университет, 16 ақпарат орталығы, 615 мешіт, 59 тарихи мұра және 119 туристік орталық жермен-жексен болды. Йемендегі адам құқығы көбінесе Батыс үкіметтері жіберген қарулар арқылы бұзылатындықтан, халықаралық Амнистия ұйымы Сауд Арабиясына қару жіберуді тез арада тоқтатуды талап етті. Сондықтан халықаралық Амнистия ұйымындағы адам құқығының белсенділері үкіметтерді 29-шы ақпанда Женевада өткен Қару саудасына қатысты келісімді іске асыруға қатысты келіссөздердің соңғы кезеңіне қатысуға шақырды. Олар үкіметтерден қайшылықтарды шетке қойып, Сауд Арабиясына құны миллардтаған доллар тұратын қару жіберуді тоқтатуды талап етті. Қару саудасы келісімі бойынша, барлық мемлекеттердің қару экспорты аталмыш келісімге мүше елдер және келісімге қол қойғандар арқылы қадағаланады. Өйткені бұл келісімнің мақсаты қару саудасына қатысты әлемдік деңгейдегі жаңа заңдар арқылы адамдардың қиындықтары мен мәселелерін азайту болып табылады. Қару саудасы келісімі бойынша барлық қару-жарақ келісімдері нақты критерийлерге сай орындалуы керек. Бұл келісім бойынша, қару экспорттайтын үкімет жіберіп жатқан қаруының соғыс қылмыстарына қолданылатынын болжаса немесе қару экспорты адам құқығын бұзуға, лаңкестік және халықаралық қылмыстарға себеп болатын болса оны жіберуден бас тартуға міндетті. Мұндай жағдайда қару экспортына рұқсат етуге болмайды. Халықаралық Амнистия ұйымының соңғы есебі бойынша Франция, Германия, Италия, Черногория, Голландия, Испания, Швеция, Швейцария, Түркия, Ұлыбритания мен АҚШ-тан құрылған коалиция Сауд Арабиясына қару сатқан. 2015-ші жылы сатылған қарудың бағасы 25 миллиард доллардан асады. Қарулардың ішінде ұшқышсыз ұшақтар, бомбалар, радарлар, зымырандар бар. Аталған қару-жарақты осы кезде Сауд Арабиясы және оның одақтастары Йеменге қарсы құрлық және әуе шабуылдарында қолданп, сол елде адам құқығының бұзылуы мен соғыс қылмыстарының орын алуына себеп болуда. Жоғарыда аталған есеп бойынша, 2015-ші жылдың 1-ші қаңтарынан 30-шы қыркүйегіне дейін Ұлыбритания Сауд Арабиясына әскери қару-жабдық сатуға 152 лицензияны бекіткен. Бұл қарудың бағасы жалпы алғанда 4,16 миллиард долларға тең. Айта кететін жайт, лицензиялардың тек жетеуі бомба, радар мен зымыран сатуға қатысты. Олардың бағасы 1 миллиард доллардан артты. Сонымен бірге 2015-ші жылдың қаңтар айынан маусым айына дейін Испания Сауд Арабиясына 28,9 миллион долларға ұшақтар, атуды бақылайтын жүйелер мен бомбалар және зымырандарды экспорттады. 2015-ші жылдың қаңтар айынан қараша айына дейін Италия да Сауд Арабиясына 39,7 миллион долларға қару мен басқа да әскери жабдықтар сатты. Халықаралық Амнистия ұйымының қару және адам құқығының бақылаушысы Брайан Вуд: «Үкіметтер мен БҰҰ және басқа ұйымдардың сенімді әрі нақты мәліметтері Ұлыбритания мен одақтастарының Сауд Арабиясына қаруды Йемендегі соғыста пайдалануға жіберіп, адам құқығын бұзушылық пен соғыс қылмыстарына себеп болуда» деді. Еуропа Парламенті 2016-шы жылдың ақпан айының 25 күні Сауд коалициясының Йеменге қарсы қатыгез шабуылдарына қатысты танытқан кеш реакциясында бұл Одаққа мүше елдерге Сауд Арабиясына қару-жарақ экспорттауға тыйым салатын заң бекітті. Бұл құжат бойынша Еуроодаққа мүше үкіметтерден Сауд Арабиясына қарсы айыптаулар зерттелмей тұрып, бұл елге қару жіберуді тоқтату талап етілді. Еуропа Парламентінің «жасылдар» қозғалысының сыртқы қарым-қатынастар жөніндегі ақпарат хатшысы Алан Смит: «Еуропа Парламентінің Сауд Арабиясына қару жіберуге тыйым салу талабы бұрын-соңды орын алмаған әрекет болғандықтан, бұл елдің әуе күштерінің Йеменге қарсы соғысына деген ызасын арттырды. Сауд Арабиясы Ұлыбритания мен Францияның ең үлкен қару сатып алушы елдерінің бірі болды. Қарулардың Йеменде пайдаланылуының халықаралық заңдарды бұзғаны туралы құжаттар бар. Еуроодақта шығарылған қару-жарақтың Сауд Арабиясына экспортталуы туралы нақты дәлелдер бар» деп қуаттап, Еуроодақтың Сыртқы саясатының жоғарғы өкілі Федерика Могериниден санкция салудың жолдарын қарастыруды талап етті. Еуропа Парламентінің әрекеті кеш орын алуымен бірге міндетті түрде орындалатын заң болмады. Сауд Арабиясына қару сату туралы қарар бекітілгеннен көп ұзамай Ұлыбритания Премьер министрі Дэвид Кемерон 26-шы ақпанда: «Қару-жарақ шығаратын ВАЕ компаниясының Сауд Арабиясы үшін «Тайфун» әскери ұшақтарын шығаруы маңызды мәселе. Алдағы айларда Ұлыбритания үкіметі өзінің ұшақтарын бүкіл әлемге сатуға талпыныс жасайды. Біз Сауд Арабиясы үшін көбірек жұмыс жасаймыз»,- деді. Ұлыбритания Премьер министрінің бұл сөздерінен кейін халықаралық Амнистия ұйымы оның сөздерін айыптап: «Ұлыбритания Сауд режимін қарумен қамтамасыз етуді жалғастырып, әлемдегі қатерді шешпейді»,- деді.
Халықаралық Амнистия ұйымындағы Ұлыбританияның қару бақылау бағдарламасының жауапкер тұлғасы Оливер Спрейг Кемеронның қару жіберудің маңыздылығы туралы сөздеріне тоқталып: «Дэвид Кемеронның әскери ұшақтар сатуды маңызды деп атауы Сауд әскеріне қару сатудан ауқымдырақ мәселе. Экономикалық мүдделері АҚШ пен Ұлыбританияны қару сатуды жалғастыруға итермелеуде. Әскери емес мыңдаған йемендік қарапайым халық Сауд коалициясының шабуылдары салдарынан қырылып немесе жарақаттанып жатқан жағдайда Сауд Арабиясына сатылып жатқан қарудың көбінің заңсыз түрде сатылуы туралы құжаттар бар»,- деді». Халықаралық Амнистия Ұйымы өз мәлімдемесінде: «Қарапайым халықтың төзуге болмайтын қиындықтары мен мәселелері және Сауд Арабиясының Йеменге қарсы соғысының үлкен шығындарына қарамастан, еуропалық үкіметтер адам құқығын бұзудың алдын алып, бейтарап зерттеулер жүргізіп, соғыс қылмыскерлерін әділ сотқа тапсырудың орнына қару-жарақ сатып, пайда көргісі келеді. Батыс үкіметтерінің бұл әрекеті қару нарығының заңдарын әшкере түрде бұзу болып табылады» деп баса айтты. Батыс үкіметтері адамгершілік пен адами құндылықтардың аяққа тапталуына бейқамдық танытып, өздерінің қырып-жоятын қару саудасымен айналасып отырған жағдайда бірқатар йемендік белсенді Халықаралық Сотқа Сауд режимінің басшыларын соғыс қылмыскерлері ретінде айыптауды талап ететін шағым түсірді. Олар өздерінің талаптарында Сауд режжимінің Йемен халқына қарсы кейбір қылмыстарына тоқталып, геноцид пен соғыс қылмыстарын қарастыру құзыретіне ие Халықаралық соттан Сауд режимінің басшыларын жазалауды сұрады. Әлемнің жер-жеріндегі халық қажетті мөлшерде қол қойса, бұл талап халықаралық сотта қарастырылатын болады. Сондай-ақ, заңгерлер мен құқық ұйымдары Сауд режимінің йемендік әскери емес азаматтарға қарсы қылмыстары туралы құжаттарға сүйеніп, бұл істі қадағалайтындықтарын айтуда.