Босқындар – еуропалықтардың адам құқығына беріктігінің өлшемі (7)
Бүгінгі бағдарламада еуропалық елдердің босқындардың Еуропаға ағылуының гуманитарлық қырларына көңіл аудармауы тақырыбына тоқталамыз.
Бұл бағдарламаларда босқындардың Еуропаға ағылуының гуманитарлық қырлары мен гуманизмді жақтаушымыз деп уәж айтатын еуропалық елдердің осы құбылыстың гуманитарлық қырларына көңіл аудармауын талдайтын боламыз. Босқындардың Еуропаға ағылуы осы құрлық пен әлем халықтарына Еуропаның нашар да жағымсыз қырын ашып берді. Еуропаның босқындар дағдарысындағы жағымсыз бейнесін Грекия, Польша, Словакия, Дания, Македония, Сербия, Венгрия, Аустрия мен Еуропаның басқа елдері көрсетіп отыр. Бұл елдер босқындар дағдарысымен күрес үшін темір жұдырықты пайдаланады. Бұл бейненің қатқыл дауысы Венгрияның оңшыл Премьер-министрі Виктор Урбанға тиесілі. Ол Венгрия мен Сербия арасындағы шекаралардың бойына қоршау жасап, әскери құрал-жабдықтармен жарақтанған армия мен әскери күштерді босқындарды қарсы алуға жіберді.
Урбан босқындармен сыпайыласып тұрмайтынын, егер қажет болса, тек босқындардың белгілі бір көлемін ғана, соның ішінде христиан босқындарды ғана қабылдай алатынын айтты. Бұл жағымсыз келбет осы еуропалық елдердің мемлекеттік тұлғалары немесе әскери және қауіпсіздік саласындағы қайраткерлерінің шараларымен шектелмейді. Оңшыл әрі нәсілшіл саяси топтар мен партиялар, тіпті осы елдердің көбіндегі қарапайым адамдар босқындармен күресуге кірісті. Босқындарды бейнетаспаға түсіру барысында оларға аяқ көтерген венгриялық әйел тілшінің суреті – Еуропаның жағымсыз келбетінің кішкентай көрінісі. Грекияда Халықаралық Кешірім ұйымы өз есебінде: «Реакцияшыл топтар Грекияның Кос аралында босқындарға шабуыл жасап, оларды таяқпен ұрып соққан»,-деп хабарлады. France Press ақпарат агенттігінің хабарлауы бойынша, Халықаралық Кешірім ұйымының белсенділері осы аралда босқындарға жасалған дөрекі шабуылдың куәсі болған. АҚШ-тың CBS ақпарат агенттігі де жантүршіктірерлік деректі репортажда Грекияның жағалау патрулінің босқындарды елге кіргізуге кедергі келтіру үшін босқындардың қайықтарына шабуыл жасап, қайықтың жанармайын төгіп, оларды теңізде тастап кеткенін көрсетті. Батыс Еуропаның дамыған елдерінің бірі саналатын Дания босқындардың өз жеріне кіруіне тыйым салып, Түркия мен Ливанның газеттерінде жарнама жариялап, сириялық босқындарға «Данияда ешкім сіздерді қабылдамайды» деп ескерту жасады.
Грекияның жағалау патрулі сириялық босқындардың қайығын қасақана батырып жіберді
Көптеген еуропалық қайраткерлер Еуропа құрлығы жылына 1 миллион босқынды қабылдауға дайын деп айтқан жағдайда еуропалық елдер босқындар мен мигранттарды қабылдау заңын өзгертіп, қатаң қауіпсіздік шараларын күшейтуді күн тәртібіне қойып отыр. Швецияның Миграция министрі Морган Йохансен босқындардың Еуропаға келген жаңа толқынының басында сөйлеген сөзінде: «Еуроодақта жыл сайын 1 млн мигрант пен босқынды қабылдауға мүмкіндік бар. Еуропа бір құрлық ретінде дүниежүзілік босқындар дағдарысындағы өзінің міндеттемесін қабылдауы тиіс. Біз әлемдегі ең бай құрлықпыз. Егер біреу осы дағдарысты басқара алатын болса, бұл Еуропа құрлығы болатыны анық»,-деді.
Швеция либералистік саясаттары үшін соңғы жылдарда шетелдік босқындарды қабылдауда айтарлықтай рөл атқарып, 2015 жылда босқындарды тарту саласында басқа елдерден көбірек қызмет етті. Швеция Миграция министрінің сөздері орталық Еуропа елдерімен ашық түрде қайшы келеді. Ол Еуроодақ тарапынан босқындарды қабылдауда үлеске бөлуге қарсылық білдірді. Еуропа комиссиясы Германияның канцлері Ангела Меркельдің ұсынысымен босқындардың Еуропаға ағылу толқынына жұмсалатын қаражатты осы одаққа мүше барлық елдер арасында бөлу мақсатында Еуроодақтың мүшелері арасында тұрғындардың санын ескере отырып, босқындарды бөлу жобасын бекітті. Алайда Еуроодақ мүшелерінің көбі, әсіресе Еуропаның орталығы мен шығысында орналасқан елдер осы жобаға қатты қарсылық білдірді. Еуропаның ең негізгі мемлекет басшылары мен партиялары оңшыл партиялар мен қайраткерлердің босқындармен қатаң қатынасына келіседі. Бұлар хазірет Исаның гуманистік тағылымдары мен дініне бет бұрған адамдар болып саналады. Алайда Рим папасы Франсис II-нің еуропалық елдерге босқындарға құрмет көрсетіп, оларды қабылдау туралы насихатының да соғыс пен қиратудан шаршап, көмекті қажет ететін адамдар толқынына қатысты гуманистік көзқарасты қалыптастыру үшін жағымды әсері болмады. Рим папасы Франсис өз сөзінде: «Еуропалық елдер осы шетелдік азаматтарды өз жерлерінде орналастыру үшін өздерінің қабылдау қабілетін шынайы түрде нақты зерттеп, бағалауы керек. Босқындардың алдында есіктеріміз бен жүректерімізді жабу адамгершілікке жатпайды, өйткені бұл істің ұзақ мерзімде саяси тұрғыдан салдарлары болуы мүмкін»,-деп мәлімдеді. Әлем католиктерінің басшысы мигранттар мен босқындардың арасын ажыратуды қалайтынын айтып: «Мигранттармен айрықша заңдарға сәйкес қатынас жасалуы тиіс, өйткені миграция –құқық, ал соғыс, бейберекеттік, аштық, пен ауыр жағдайдан қашқан босқындар көбірек күтімді қажет етеді»,-деді.
Еуропалық елдерде Рим папасы Франсистің бұл насихаттарын тыңдайтын құлақ болмады. Тіпті олар БҰҰ-ның мигранттар мен босқындар істері жөніндегі басшыларының насихаттарына да көңіл аудармады. БҰҰ-ның мигранттар мен босқындар істері жөніндегі бұрынғы жоғары комиссары және БҰҰ-ның жаңа Бас хатшысы Антонио Гутьеррес БҰҰ-ның комиссары ретінде еуропалық елдердің босқындар толқыны туралы алдарқататын жарнама жасап, оны ұлғайтып көрсететінін сан рет мойындады. Антонио Гутьеррес осы жөнінде: «Біз мына мәселені назарда ұстауымыз керек: әлемнің түкпір-түкпіріндегі 15 млн-ға жуық босқынның 80 пайызы даму үстіндегі елдерден қолдау табуға тырысады. Еуропада босқындарды қабылдау әлеуеті көбірек»,-деді. Антонио Гутьеррес Еуроодақта босқындар заңын өзгерту қажеттігін айтып: «Осы саладағы бір маңызды қадам босқындарға Еуроодақта еркін жүруге рұқсат беру бола алады»,-деді. Алайда еуропалық елдердің саясаттары шіркеу мен БҰҰ-ның ең жоғары лауазымды тұлғаларының өтінішіне қайшы болып отыр. Еуропаның барлық елдері дерлік босқындарға қарсы қатаң шараларды күшейтуді және босқындарды өз елдерінен шығарудың жолын табуды көздеп отыр. Германия канцлері Ангела Меркель 2017 жылы пана алу өтініші қабылданбаған 200 мың босқынның Германиядан шығарылатынын хабарлады. Словакия үкіметі ешбір мұсылман босқынды қабылдамайтынын мәлімдеді. Кейбір еуропалық елдер Шенген мен еркін жүріп-тұру келісіміне керісінше босқындардың өз елдеріне кіруіне тосқауыл қою үшін қауіпсіздік шараларын қолданды. Еуропалық елдердің босқындар толқынына реакциясы Еуропаның «құндылықтар құрлығы», «тілеулестік құрлығы» емес екендігін көрсетті. Мыңдаған босқынның Жерорта теңізіне батып кеткені туралы хабар еуропалық елдер үшін күнделікті бір қарапайым хабарға айналды. Еуропалық елдердің босқындардың Еуропаға ағылуымен күресіндегі барлық талпынысы оларды Еуропаның шекараларына жеткізбеу және екінші кезеңде оларды Еуропадан шығару жолын табуға бағытталған.
Босқындардың жағдайы мен еуропалық елдердің олармен қатынасы көрсетілген аянышты сурет