Жетекші көзқарасы: Табриз халқымен кездесу
https://parstoday.ir/kz/radio/uncategorised-i24606-Жетекші_көзқарасы_Табриз_халқымен_кездесу
29 баһман Табриз халқының 1356 жылдың дей айының 19 күнгі көтерілісінің шəһидтерінің қырқын еске алу мақсатында батылдықпен көтеріліске шыққанын еске түсіреді. Бұл көтеріліс Ислам революциясының жеңіске жету үдерісінде өте маңызды рөл атқарды. Осы тұрғыдан жыл сайын Табриз халқының əртүрлі əлеуметтік топтарына жататын мыңдаған адам Иран Ислам революциясының жетекшісімен кездесіп, адалдықтарын растайды.
(last modified 2026-03-19T19:42:26+00:00 )
Ақп 23, 2017 13:07 Asia/Almaty
  • Жетекші көзқарасы: Табриз халқымен кездесу

29 баһман Табриз халқының 1356 жылдың дей айының 19 күнгі көтерілісінің шəһидтерінің қырқын еске алу мақсатында батылдықпен көтеріліске шыққанын еске түсіреді. Бұл көтеріліс Ислам революциясының жеңіске жету үдерісінде өте маңызды рөл атқарды. Осы тұрғыдан жыл сайын Табриз халқының əртүрлі əлеуметтік топтарына жататын мыңдаған адам Иран Ислам революциясының жетекшісімен кездесіп, адалдықтарын растайды.

Жыл сайын 29 баһманда Табриз халқының әртүрлі әлеуметтік топтарының мыңдаған өкілі Иранның Ислам революциясының жетекшісімен кездесіп, ол хазіретке адалдықтарын білдіреді. Бұл кездесу Иран Ислам революциясының жеңісі үдерісінде 1357 жылы 29 баһманда орын алған және Табриз халқының көтерілісі деп танылған өте маңызды оқиғаны еске алу үшін өткізіліп, 29 баһман оқиғасының тарихи мәселе ғана емес, барша халыққа берер ғибраты бар оқиға екенін қуаттай түседі. Ислам революциясының жетекшісі Табриз халқының темекіге санкция салу оқиғасы мен машрутият (конституциялық) қозғалысында, сонымен қатар мұнай өнеркәсібін мемлекеттендіру қозғалысында және Ислам революциясы мен Қасиетті қорғаныста атқарған рөліне тоқталып: «Табриз халқы 120 жылға жуық уақыт бойы барлық маңызды оқиғалар мен саяси және әлеуметтік өзгерістерде күрестің алғы шебінен көрінді»,‑деді.

Табриз халқының аятолла Хаменеимен кездесуі

Иран – көпұлтты ел. Парсы, араб, түрік, лур, бәлуч пен күрд сияқты ұлттар Иранда бір‑бірінің жанында тату-тәтті өмір сүреді. Әрдайым Ислам революциясының дұшпандары осы ұлттардың арасына іріткі салып, қайшылықтарды пайдалану арқылы исламдық Иранның абырой‑айбыны мен тәуелсіздігіне нұқсан келтіруге тырысты, алайда әлі күнге дейін олар сұрқия мақсаттарына жете алмады. Ислам революциясының жетекшісі исламдық Иранның дұшпандарының, соның ішінде Ұлыбританияның үнемі әртүрлі ұлттардың арасына іріткі салуға талпынғанына тоқталып: «Тарих бойында ирандық Әзірбайжанның мұсылман халқы өздігінен іріткі салушылыққа қарсы тұрып, дұшпанға осы тәсілмен Ислам революциясына соққы беруіне жол бермеді. Әзірбайжандықтар  әрдайым елде ұлтаралық дау тудыруды көздеген және қазір де осындай істерді мақсат тұтқан адамдарға бір кісідей қарсы тұрды»,‑деді. Аятолла Хаменеи, сондай‑ақ, Хузистанның арабтары мен сүннит мазхабындағы күрдтер мен Систан мен Бәлучистан тайпаларының революцияны қолдағанына тоқталып: «Иранның ірі ұлттарының өздері дұшпандардың жиіркенішті саясатына қарсы тұрды»,‑деп қуаттады.

Табриз халқының аятолла Хаменеимен кездесуі

Хазірет аятолла Хаменеи Иран халқының бірлігі мен біртұтастығын қайта қуаттап: «Кейбір саяси пікірлердің қайшылығына қарамастан, Исламның мүддесі жайлы сөз болғанда, Иран және оның тәуелсіздігі мен дұшпандарға табандылығы мәселесі көтерілгенде халық бар күш‑қуатымен жұмыла әрекет етті»,‑деді. Ол кейбір басылымдарда «ұлттық бітім» тіркесінің қолданылуын сынап: «Сіздер «бітім» деп айтқан кезде арада бір араздық бар сияқты көрінеді, ал шын мәнінде ешқандай араздық жоқ. Ия, біздің халқымыз Ашура күніне тіл тигізген адамдарға өкпелі. Халық Ашура күні айуандықпен, есерсоқтық және арсыздықпен келіп, көшеде басидж жастарды соққыға жыққан адамдарға ренжулі. Біз бұлармен бітімге келмейміз де. Революцияның принципіне қарсы және «жүйенің негізі – біздің нысанамыз» деп айтатын адамдармен, «сайлау біздің сылтауымыз» деп айтатын санаулы адамдармен бітімге келмейміз. Олар Иран халқының ұлы мұхиты алдында бір тамшы сынды. Бұл мұхит біртұтас. Мұндай бірлік бар, бар болуы тиіс және күн өткен сайын нығая түсуі керек»,‑деді.

Аятолла Хаменеи өз баяндамасының осы бөлігінде Иранда 7 жыл бұрын президенттік сайлаудың нәтижелерінде заңбұзушылық болды деген уәждердің айтылуы салдарынан орын алған бүлікке тоқталды. Бұл бүліктер АҚШ пен Ұлыбританияның жан‑жақты қолдауымен Теһранда бірнеше ай бойғы бейберекеттің туындауына себеп болып, ақырында миллиондаған халықтың сол жылы 9 дейде өздігінен шеруге шығуымен аяқталды.

Иран Ислам революциясының жетекшісі елдің революцияшыл халқының биылғы 22 баһман  (Иран Ислам революциясы жеңісінің 38 жылдығына арналған) шеруіне теңдессіз сипатта қатысуына алғыс айтып: «Биылғы 22 баһман революция үшін, исламдық жүйе үшін, исламдық Иран үшін абырой‑беделге айналды... Жыл сайын 22 баһман  шеруін (миллиондаған адамның қатысқанына қарамастан) көзжұмбайлық танытып, бірнеше мың адам ғана көшеге шықты деп айтатын адамдар биыл «миллиондаған» деген сөзді қолданды. Ия, дұрыс. Бүкіл ел бойынша миллиондаған адам көшеге шықты. Адамдардың жүрегін осы бағытқа бұрғаны үшін Құдайға алғыс айтуымыз керек.  Исламның дұшпандары жыл бойында ОББ, Моссад және Ұлыбританияның тыңшылық ұйымының қаражатымен және «Қарундардың» мұнайдан түсетін долларының арқасында жүздеген ақпарат құралдарында революцияға қарсы сөйлейді. Олар осылай революцияның әртүрлі белсенділіктерін кемсітіп, революция мен жүйені айыптап, әлсіретуді көздейді. Бір жыл талпыныс жасайды. Бірақ 22 баһман – Алла рақымының жауатын күні шеруге қатысқан халықтың қалың нөпірі жаңбырдай жауып, осы шаң-тозаңмен ластанған кеңістікті шайып, тазартады. Бұл жауын қасиетті ағымдай көшелерде ағылып, халықтың ой-санасын ластықтан тазартады. 22 баһман деген осы».

Хазірет аятолла Хаменеи дұшпандардың Ислам революциясын сәтсіз деп көрсетуге талпынып жатқанына тоқталып: «Ислам революциясы 38 жылдың ішінде елді дамыту жолында үлкен істер атқарды. Кейбір қиындықтардың болуы жетістіктерді бағаламауға себеп болмауы тиіс»,-деп қуаттады. Ислам революциясының жетекшісі ғылым сияқты кейбір салаларда елдің он-жиырма есе артық ілгерілегеніне тоқталып: «Студенттердің саны мен ғылыми ілгерілеуді, инфрақұрылымдық жұмыстар мен көптеген ірі мәдени мәселелер мен ұлттың абырой-беделін революцияға дейінгі кезеңмен, пұтқа табынушылар басқарған дәуірмен, АҚШ үстемдік еткен заманмен, сионистердің Теһранның Шиан бағына қалаған кезінде келіп, демалып қайтатын кезімен салыстырамыз. Елдің қазіргі жағдайын революцияға дейінгі жағдаймен салыстырамыз. Ел дамыды, ілгері басты, серпіліс пайда болды»,-деді. Хазірет аятолла Хаменеи Пехлеви режимінің  АҚШ пен Ұлыбритания және сол замандағы басқа да елдерге қорлықпен бағынғанына тоқталып: «Бұл режим халықты қор қылып, елдің әлеуеттерін толық тоқтатып, кейбіреуін дұшпанға тапсырды. Революция келіп, осы әлеуеттердің көбін іске қосты. Бүгінде еліміз абыройға ие. Қазіргі таңда аймақтық деңгейдегі барлық мәселелерде Иран қаламаса, Иран қатыспаса, ерік-жігер танытпаса, іс өрге баспайды. Иран халқы табанды екенін көрсетті. Мұның бәрін біздің дұшпандарымыз өздерінің сараптамаларында айтады. Иран халқына қарсы келуге болмайды. Халық мықты, табандылық танытады, дұшпанға тізе бүкпейді деп айтады. Бұл біз үшін абырой. Мұндай абырой-беделді осы халық пен елге таңған қорлық дәуірімен салыстыруға болмайды. Әрине, мұның жастарды қуантатыны анық»,-деді.

Аятолла Хаменеи 22-баһманды халықтың ерік-жігерін көрсету үшін берілген илаһи нығмет пен  мүмкіндік деп атап: «Біз халықтың қиындықтарын шеше алатын дамуды көздейміз, исламды қалаймыз, халықтан бастау алатын исламдық жүйені мақсат тұтамыз. Бұл – жыл сайынғы 22-баһманның ұраны. Халық та табандылықпен қарсы тұр. Халықпен бірге болғысы келмейтін және табанды бола алмайтын кез‑келген басшыны халықтың орнынан алып тастайтыны күмәнсіз»,-деді.

Иран Ислам революциясының жетекшісі сөзінің келесі бір бөлігінде ислам жүйесінің басшыларына қаратып: «Халықтың революцияны қорғау, соның ішінде 22-баһман шеруі сияқты әртүрлі сахналарға теңдессіз атсалысуы жауапты тұлғаларды халықтың қиыншылығынан қапы қалдырмауы керек. Елде болып жатқан көптеген оқиғаларға халық арыз-шағым айтуда. Халық кемсітушілікке төзбейді. Қай жерде кемсітушілік көрсе, қолайсыздық пен ауырлық сезінеді. Дұрыс жұмыс жасалмаған кез-келген жерде осылай әрекет етеді. Қиындықтарға көңіл аударылмайтынын және жұмыстың ілгерілемейтінін көрген кезде халық шағым айтады. 22-баһманның өз есебі  бар. Халықтың 22-баһманда көрсеткен табандылығы – Иранды жұтып қоюға дайын тұрған дұшпанға қарсы жауап, ал халықтың бізден, жауапты тұлғалардан күтетіні мүлдем басқа нәрсе»,-деп қуаттады. Хазірет аятолла Хаменеи биылғы жылдың «Қарсыласу экономикасы: шара мен амал» деген ұранына тоқталып: «Қазір жауапты тұлғалар осы саладағы өздерінің талпыныстарының нәтижелерін көрсетуі тиіс»,-деді.

Иран Ислам революциясының жетекшісі тағы да экономикалық мәселенің маңыздылығын қуаттап: «Дұшпан ел үшін экономикалық қиындықтарды тудыру арқылы халықты мақсатсыздандыруға және үмітсіздендіруде тырысады. Жауапты тұлғалар елдің әлеуеттерін пайдаланып, елді экономикалық тұрғыдан нығайтуы керек»,-деп ескертті. Аятолла Хаменеи сөзінің жалғасында АҚШ-тың жаңа қоқан-лоққыларына тоқталып: «АҚШ-тың бұрынғы үкіметі кезінде де, қазіргі үкіметі барысында да дұшпанның  тәсілдерінің бірі «әскери таңдау жолы қарастырылуда» деген сияқты тәсілмен қорқыту болды. Әлгі еуропалық басшының да біздің жауап тұлғамызға «Егер «Ортақ қадам» жан-жақты бағдарламасы болмағанда, соғыс болар еді» деп айтуы өтірік сөз. Неге соғыс дейді? Олар осылайша біздің зейінімізді соғысқа аударғысы келеді. Алайда шынайы соғыс басқада. Шынайы соғыс – экономикалық соғыс пен санкциялар соғысы. Шынайы соғыс – елдің ішінде жұмыс, белсенділік пен технология салаларын қолға алу. Міне, бұл – шынайы соғыс. Шынайы соғыс – мәдени соғыс»,-деді. Әртүрлі телеарналар мен әлеуметтік желілердің барлығы біздің жастарымыздың санасы мен жүрегін дін мен құндылықтардан, ар-ұждан мен осындай дүниелерден айыру жолында жұмыс істеп жатыр. Олар бұл іске қомақты қаржы жұмсауда. Шынайы соғыс – осы»,-деді.

Табриз халқының аятолла Хаменеимен кездесуі

Иран Ислам революциясының жетекшісі сөзінің соңында Иранның, әсіресе ирандық Әзірбайжанның батыл жастарын мадақтап: «Біз үлкенірек қадамдар жасауымыз керек, ілгері басуымыз қажет. Исламдық жүйе уәде еткен мақсатқа, яғни әділетті, дамыған, айбынды да қуатты исламдық қоғам құру мақсатына Алла сәтін салса, жетеміз. Алланың рұқсатымен, бұған жететінімізге сенімдімін»,-деп қуаттады.