Ливиядағы босқындар дағдарысы
(last modified Sun, 30 Apr 2017 06:53:46 GMT )
Сәу 30, 2017 12:53 Asia/Almaty
  • Ливиядағы босқындар дағдарысы

Еуропалық елдер үкіметтерінің Солтүстік Африка мен Таяу Шығыс аймағынан ағылған баспанасыз босқындарға қатаң қатынасы Еуропада адамсүйгішпіз деп уәж айтатын елдердегі босқындардың асқынған жағдайының апатты көлемінің ұмытылуына себеп болды.

Ливиядағы босқындардың жағдайы

Жуырда адам құқығын қорғаушы кейбір халықаралық ұйымдар босқындардың Еуропаға ағылуына себеп болған негізгі факторлардың бірі саналатын Ливиядағы босқындардың аянышты жағдайы мен кейбір еуропалық елдердегі босқындар туралы қозғау салар статистикалық мәліметтерді жариялады. БҰҰ-на қарасты Халықаралық босқындар ұйымы өзінің жаңа есебінде: «Адам контрабандасымен айналысатындар Ливияны құл базарына айналдырды. Онда Еуропаға бет түзеген босқындарды тұтқындап, мәжбүрлеп жұмысқа салады. Олардың айтуынша, тұтқынға алушылар тұтқындардың жанұяларымен хабарласып, оларды босату үшін ақша сұрайды»,-деп хабарлады. Халықаралық босқындар ұйымының есебіне сәйкес, қазір жаңа әрі алаңдатарлық үдеріс барысында Ливияда құл базарлары ашық түрде жұмыс істеп жатыр. Осы есеп бойынша, құлдарды саудаға салу автотұрақтар мен алаңдарда жүзеге асырылады. Құлдыққа алынған адам цехтар мен қараусыз қалған үйлерде қара жұмысқа салынады. Тұтқынға түскен босқындарға нашар тамақтану, жыныстық зорлық-зомылық, тіпті өлтіру қаупі төніп тұр. Халықаралық босқындар ұйымының басшысы Осман Бельбиси: «Егер базарға барсаңыз, 200-500 долларға сіздің күнделікті шаруаңызды істейтін бір босқынды сатып ала аласыз. Босқынды сатып алып, әлгі кісі сізге берілген соң сіз оның иесіне айналасыз. Олардың көбі біраздан кейін қашып кетеді, бірқатары тұтқын ретінде ұсталады, ал біразы мәжбүрлі түрде жұмысқа салынады»,-дейді. Кейбір куәлердің айтуынша, босқын әйелдер жыныстық құлдыққа сатылады. Халықаралық босқындар ұйымының төтенше істер жөніндегі басшысы Мұхаммад Абдулкарим тұтқынға алынған  босқындардың аянышты жағдайы туралы: «Жағдай өте ауыр. Ливияда көбірек жұмыс істеген сайын, бұл елдің босқындар үшін сорақы жер екенін түсінемін»,-дейді.    

Ливиядағы босқындар саудасы

Африканың кедей әрі дағдарысқа ұшыраған басқа елдерінен Ливияға келген босқындардың жағдайы Италия БҰҰ-ның қолдауындағы үкіметпен келісімге келгеннен кейін нашарлай түсті. Италия мен Триполидегі БҰҰ-ның қолдауындағы үкімет ақпан айында меморандумға қол қойды. Соған сәйкес, адам контрабандасымен айналысатындармен күреске және оқу мен жарақтауға қаражат бөлінеді. Бұл меморандум Еуроодақ басшыларының Мальтада Африкадан Еуропаға ағылған босқындармен күресуге келіскеннен кейін орын алды. Еуроодақ басшылары Мальтадағы отырыста бір жоба ұсынып, Ливиядан келетін босқындар легін азайтуға келісті.  Ливия үкіметі осы жобаларды орындау, соның ішінде жағалау күзетін қамтамасыз ету үшін  200 млн еуро қаржы алады.  Еуроодақ пен Түркия арасында келісім жасалған соң өткен жылы босқындардың Грекияға жолы жабылды. Бұл жолдар босқындардың Еуропаға жететін ең маңызды бағыттары еді. Енді босқындардың Еуропаға қайықпен жететін ең маңызды жолы Ливиядан Италияға баратын жол болып отыр. Бұл жерде адам контрабандасымен айналысатындар оңай әрекет жасауда. Алайда осы келісімнің басты құрбандары – панасыз босқындар. Олар босқындарды жинап, абақтылар мен қосындарда ұстайды. Бұл жерлердің жағдайы адам төзгісіз қорқынышты. Гамбиялық босқын Кита: «Олар Ливияда адамның аяғы мен  басына оқ атады. Олар адамға қарағанда итке жақсырақ қарайды. Олардың түрмелерінен тек қара нәсілділерді көресіз. Олар күн сайын соққы жейді. Тамақ жоқ. Күніне бір мезгіл ғана тамақ беріледі. Өте қорқынышты күндерді бастан өткердім»,-дейді. Шекарасыз дәрігерлер ұйымы  Италия мен Ливия арасындағы адам контрабандасымен күрес туралы келісімнің салдарларына алаңдаушылық білдіріп, Ливиядағы үлкен сахараның оңтүстігінде орналасқан қосындардағы босқындардың жағдайын  олардың орналасқан жері мен санитарлық жағдайы тұрғысынан өте нашар деп атап, бұл абақтыларды «адам қоймасына» теңеді. Шекарасыз дәрігерлер ұйымының бас директоры Арджан Хахнакамп осыған қатысты ұстанымында: «Зорлықшыл жүйе» босқындарды теңізден өту үшін контрабандышыларға баж беру немесе құл болып сатылудың біреуін таңдауға итермелейді»,-деді. Шекарасыз дәрігерлер ұйымы бас директорының бұл сөздері Ливиядағы қосындарда Еуропаға жетуге мұрсат күткен босқындардың ауыр жағдайының шегіне жеткенін көрсетеді.

Ливиядағы босқындардың нашар жағдайы

Еуропаға жету үмітімен Жерорта теңізіне кеткен босқындардың көбі ешқашан жағалауға қайтып оралмайды. Халықаралық босқындар ұйымының есебінше, осы жылы шамамен 32 мың босқын Еуропаға жеткен. Бұл аралықта 650-ден астам адам Еуропаға барар жолда жантәсілім еткен. Мыңдаған адам  еуропалық елдердің патрульдік күштері  тарапынан құтқарылды. Еуропаға жететін босқындардың да жағдайы жақсы емес. Еуропалық елдердің үкіметтері босқындарды қабылдауға қатаң шара қолданды. Бұл шаралар босқындардың тіршілік ету үшін кез-келген қорлыққа төзуіне себеп болды. Германияда жуырда өздерінің күнделікті азығын табу үшін босқын жеткіншектер мен жастардың тән сатуға бет бұрғаны жарияланды. Бұдан бұрынғы есептерде Грекияда  босқын жастардың тән сатуы босқындардың Жерорта теңізінен өткеннен кейінгі мақсаттарының бірі деп жарияланды.  Алайда Германияда Ангела Меркельдің босқындарға көмек көрсету туралы ауқымды жарнамалық жұмысын ескере отырып, босқын жастардың мұнда да тән сатуға мәжбүр екенін елестету қиын еді. Еуропадағы адам құқығын қорғау ұйымының жауапты тұлғасы Карл Коп  босқын жастарды тән сату жолында теріс пайдалану туралы ескерту жасады. Берлиндегі босқындардың құқығын қорғау қоғамының қызметкері Дияна Хенигс осы жөнінде: «Бұл істің Германияда жалғасын табуына алаңдаймын. Бұл – қатер дабылы»,-дейді. RBB телерадио арнасы осыдан бұрын адам құқығы мен босқындар құқығын қорғау ұйымдарының мәліметтеріне сүйеніп, Берлинде тән сатуға бет бұрған босқын жастар санының артып бара жатқанын хабарлады. Жәрдем беру ұйымдарының мәліметі бойынша, өткен жылы олардың қарамағына алынған жастардың саны бірнеше есе көбейген. Жәрдем беру ұйымдары  босқын жастардың тән сатуға бет бұруының басты себебін жеткілікті қолдау бағдарламаларының тапшылығы, бәрінен маңыздысы босқын жеткіншектердің кәмелеттік жасқа толғаннан кейін қаржылай көмек алу жүйесінен шығарылуында деп санайды.

Германияда босқын жастардың тән сатуы көбейді     

Мәжбүрлі түрде тән сатуға салынған жастар мен жасөспірімдердің апатты жағдайының көлемі өте ауқымды. Бұл жастар мен жасөспірімдердің көбі із-түссіз жоғалған, олардан еш белгі жоқ. Германияның қылмыстық істер басқармасының ақпарат өкілі 2016 жылдың қаңтар айында: «Осы елге жетекшісіз келген 4749 бала мен жасөспірімнен еш хабар жоқ»,-деді. Оның айтуынша, осы босқындардың 431-і 13 жастан төмен, ал 4287 адам 14-17 жас аралығында болған. Олардың 31-і 18 жастан жоғары еді. Осыдан бұрын Еуропол өткен 2 жыл ішінде кемінде 10 мың босқын баланың Еуропаға жеткеннен кейін жоғалып кеткенін хабарлады. Еуропол Италия мен Швецияда жоғалып кеткен босқын балалардың санын тәртіп бойынша 5 мың және 1 мың адам деп жариялады. Балаларды қорғау одағының басшысы Хайнс Хильгерз газетке берген сұхбатында: «Бұл балалар  қиын жағдайға ие болғандықтан, қылмыскерлер үшін оңай олжа, сондықтан оңай түрде оларды теріс мақсатта пайдаланады»,-деді.

Еуропол адам контрабандасы және босқындарды қашырумен айналысатын қылмыскерлердің балалар, жастар мен әйелдерді құлдыққа немесе жыныстық тұрғыдан теріс пайдалануға тартуға тырысып жатыр деп хабарлады. Босқындар қазіргі әлемдегі ең панасыз жандар болып табылады. Олар жақсырақ өмір сүру үмітімен емес, тірі қалу мақсатында Еуропаға қоныс аударады. Алайда еуропалық үкіметтердің осы құбылысқа көзқарасы гуманистік емес, толығымен қауіпсіздік сипатқа ие. Олар Еуропадағы босқындармен гуманистік емес қатынасын түсіндіру үшін қауіпсіздік туралы айтып, осы құрлықтағы босқындарды еуропалық болмыс пен қауіпсіздікке қатер деп атайды. Олардың саясаты босқындардың Еуропаға сапарын бастапқы елден мақсатты жеріне жеткенге дейін тарылтып, ауырлататын қауіпсіздік шараларын қабылдау болып табылады. Босқындардың жолдарын тарылтудың бір тәсілі – босқынның шыққан елінен еуропалық өркениеттің ошағы саналатын елдерге дейін босқындарға жасалып жатқан барлық қылмыстарға көзжұма қарау. 

Тегтер