Сионистік режимнің палестиналықтарға қарсы қылмыстарына 69 жыл (1)
(last modified Wed, 17 May 2017 10:42:35 GMT )
Maм 17, 2017 16:42 Asia/Almaty
  • Сионистік режимнің палестиналықтарға қарсы қылмыстарына 69 жыл (1)

2017 жылдың мамырдың 14 күні жалған Израиль режимінің басып алынған Палестина жерінде құрылғанына 69 жыл толды. Соған байланысты бірнеше бағдарлама барысында Израильдің қалай құрылғаны және алпауыт елдердің оны құрудағы рөлі, Израильдің палестиналықтарға қарсы қылмыстары мен халықаралық ұйымдардың Израильдің қылмыстарына қарсы реакцияларына тоқталамыз. Бірінші бағдарламада жалпы осы режимнің қалай құрылғаны және Батыстың рөлі туралы сөз қозғаймыз.

Жалған Израиль режимі 1948 жылы 14 мамырда басып алынған Палестина жерінде құрылды. Палестиналықтар бұл күнді «Некбат күні» (Бақытсыздық күні) деп атады. Атаудың себебі мынада: бұл күні сионистік режим құрылған соң жүздеген мың палестиналық өздерінің туған жерінен қуылды. 2017 жылдың 14 мамыры Израильдің құрылғанына 69 жыл толды. Бұл режимнің құрылғанына осынша жыл өтсе де, оны құрудың алғышарттарын батыстық алпауыттар тіпті 19 ғасырдың аяғынан бастап жоспарлаған болатын.

Теодор Герцль – сионистік қозғалыстың негізін қалаған адам. Бұл қозғалыс 1948 жылы сионистік режимнің құрылуына ұластырды. Сионистердің алғашқы дүниежүзілік конгресі 1897 жылы Швейцарияның Базель қаласында өтті. Герцль сионистік қозғалыстың жетекшілігін өз мойнына алумен қоса, Палестинада еврейлер елін құруды қалайтынын білдіріп, Сионистердің алғашқы дүниежүзілік конгресін мынадай сөйлеммен бастады: «Біз бір үйдің іргетасын қаламақпыз. Ол бір күні еврей халқының тұратын жері болады». 

Герцль 1904 жылы қайтыс болғаннан кейін Хаим Азриэль Вейцман есімді бір химик сионистік қозғалыстың жетекшілігін өз мойнына алып, Англияның жан‑жақты қолдауына ие болды. Бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде Англия үкіметі үшін әскери зерттеулер жүргізген Вейцман Англияның сол кездегі Сыртқы істер министрі лорд Бальфур тарапынан осы елдің теңіз күштеріне жалданды. Сионистік режимнің құрылуы лорд Бальфурдың есімімен тығыз байланысты, өйткені ол 1917 жылы 2 қарашада жариялаған мәлімдемесімен Израильді құруға жағдай жасады. Шын мәнінде, Англия үкіметінің бұл мәлімдемесінде Англияның меншігінде болмаған Палестина жері осы жерде тұратын сионистерге сыйланып, Израильдің іргетасы қаланды.

Британдықтар Палестина жерінде сионистік режимді құрудан бірнеше маңызды мақсатты көздеді. Соның ішінде 4 мақсат басқаларына қарағанда маңыздырақ еді: біріншіден, сионизм Англияның Таяу Шығысқа ықпалының таралуына жағдай жасайды;  екіншіден, Англия сионистерді пайдаланып, Франциямен бәсекелестікте күш теңгерімін қалыптастыра алады, өйткені ол кезде Франция Сирия мен Ливанға үстемдік етіп тұрған болатын; үшіншіден, Англия Таяу Шығыстағы қуат көздерін қолға түсіруді көздеді. Лондон Израильді құруға көмектесу осы аймақтың қуат көздеріне қол жеткізуге мықты негіз жасай алады деп санады; төртіншіден, Израиль басты халқы мұсылмандардан тұратын аймақта құрылды. Ислам әлеміне ықпал ету Англияның Израильді құрудағы мақсаттарының бірі болды.

Израиль режимін құру үшін жермен қоса, тұрғындар да қажет еді. Сондықтан 19 ғасырдың аяғында палестиналықтардың жерлерін сатып алумен басталған еврейлердің әртүрлі елдерден басып алынған Палестина жеріне миграциясы 1920 жылдардан кейін қарқындай түсті. Бұл мәселеде де Англияның рөлі айшықты болды. 1920 жылдардың басында Германия мен Еуропада еврейлерге қарсы сезімдер тарала бастады. Англия еврейлердің басып алынған Палестина жеріне көшуін арттыру үшін осы сезімдерді басқаруда маңызды рөл атқарды. 1930 жылдары Палестинадағы еврейлердің саны екі есе артты. Мұнымен қоса, сионистер басып алынған Палестина жерінде «Хагана» деп аталатын күш құрды. Осылайша олар бір жағынан сол жердегі арабтардың көтерілісіне қарсы тұруды, екінші жағынан сионистерге басып алынған жерлерді дамытуға көмектесуді көздеді. 

Израильді құру халықаралық бір құжатты қажет етті. Осы негізде БҰҰ Бас ассамблеясы 1947 жылы 29 қарашада №181 қарарды қабылдап,  Палестинаны екі елге еврейлер мен палестиналықтарға бөлуді бекітті. Екінші Дүниежүзілік соғыстан кейінгі екі алпауыт ел АҚШ пен Кеңес одағы БҰҰ Бас ассамблеясында №181 қарардың бекітілуінде маңызды рөл атқарды. Осы қарарға сәйкес, Палестина жерінің 55 пайызы Израильдің иелігіне берілді. Маңызды жайт мынада, ешбір арабтілді ел БҰҰ Бас ассамблеясының бұл қарарына оң дауыс бермеді. Бүгінде Палестинаны қолдау мәселесі араб елдері үшін маңызы жоқ мәселеге айналды. Бұл елдер Израильмен қарым‑қатынастарын кеңейтуде бір‑бірімен бәсеке түсуде. БҰҰ Бас ассамблеясы тарапынан осы қарар қабылданған соң алты айдан аз уақытта, яғни 1948 жылы 14 мамырда Англияның жоғары комиссары Палестинадан шығарылып, Давид бен‑Гурион ресми түрде Израильдің құрылғанын жариялап, өзі Израильдің алғашқы Премьер‑министрі атанды.

Сондықтан сионистік режимнің құрылуында төрт оқиға – 1897 жылы Швейцарияның Базель қаласында сионистердің дүниежүзілік конгресінің өтуі, Бальфурдың 1917 жылы 2 қарашада декларация жариялауы, 1947 жылы 29 қарашада БҰҰ Бас ассамблеясының №181 қарарды бекітуі және Англия жоғары комиссарының Палестинадан шығуы мен Англияның Палестинаға қамқорлығының аяқталуы басқа өзгерістер мен шаралардан көбірек рөл атқарды. Бұл оқиғалардың барлығы Екінші дүниежүзілік соғысқа дейін Англияның басқаруы, жетекшілігі және қолдауымен, ал осы соғыстан кейін АҚШ пен шектеулі түрде Кеңес одағының қолдауымен орын алды.

Англия Израиль құрылған соң да оны қолдауды жалғастырған жағдайда АҚШ та Екінші Дүниежүзілік соғыстан кейін Израильді қолдауын айтарлықтай арттырды. Тіпті, АҚШ Израильді демеуші әлемдегі ең маңызды алпауыт елге айналды. Осы қолдаудың ең маңызды белгісі мынада: Израильдің қылмыстары соңғы онжылдықтарда айтарлықтай артып, аясы кеңейгенімен, 37 жыл бойы БҰҰ Бас ассамблеясы  АҚШ‑тың ветосы салдарынан Израильге қарсы қарар бекіте алмады. 2016 жылы желтоқсанда БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі тарапынан бекітілген Израильге қарсы №2334 қарар қалашық салуды  айыптауға арналды. Бұған дейін аталмыш кеңестің Израильге қарсы соңғы қарары 1979 жылы қабылданған болатын. Өткен 69 жылда АҚШ‑тың Израильді қолдауы халықаралық қауымдастықта дипломатиялық, қаржылай, ақпараттық және әскери қолдаулар қалыбында жүзеге асырылды. АҚШ‑тың барлық үкіметтері – республикашыл немесе демократ болғанына қарамастан өздерін Израильді қолдауға міндетті санайды. Осындай жағдайда Израильдің ең маңызды көрсеткіші мен ерекшелігін қылмыс (халықаралық қылмыстық соттың жарғысында айтылған үш түрлі қылмыс), басқыншылық, соғысқұмарлық, халықаралық ережелерді, соның ішінде  БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің қарарларын бұзу, әсіресе бала өлтіру сияқты сөздермен сипаттау керек. Басқаша айтқанда, Батыс алпауыттары, соның ішінде  АҚШ пен Англия Израильге ешбір шартсыз жан‑жақты қолдау көрсету арқылы осы режимнің барлық қылмыстары мен заң бұзушылықтарына ортақтасып келеді.