Жетекші көзқарасы
https://parstoday.ir/kz/radio/uncategorised-i27164-Жетекші_көзқарасы
Иран Ислам революциясының жетекшісі х.ш.ж.с.б. биыл ордибеһешт айының он жетісі күні Мұғалімдер күніне орай мұғалімдермен кездесті. Хазірет кездесу кезінде шәһид Моттахариді еске алып, мұғалімдер қауымын ғазиз, құрметті әрі ықпалға ие қауым деп атап, келешек ұрпақты дұрыс тәрбиелеудегі мұғалімнің рөлінің ерекшелігін қуаттап, жақында Иранда өтетін сайлаулар мен ЮНЕСКО-ның №2030 құжатына қатысты маңызды мәселелерді санамалап өтті.
(last modified 2026-03-19T19:42:26+00:00 )
Maм 18, 2017 05:09 Asia/Almaty
  • Жетекші көзқарасы

Иран Ислам революциясының жетекшісі х.ш.ж.с.б. биыл ордибеһешт айының он жетісі күні Мұғалімдер күніне орай мұғалімдермен кездесті. Хазірет кездесу кезінде шәһид Моттахариді еске алып, мұғалімдер қауымын ғазиз, құрметті әрі ықпалға ие қауым деп атап, келешек ұрпақты дұрыс тәрбиелеудегі мұғалімнің рөлінің ерекшелігін қуаттап, жақында Иранда өтетін сайлаулар мен ЮНЕСКО-ның №2030 құжатына қатысты маңызды мәселелерді санамалап өтті.

Иран ислам революциясының жетекшісі х.ш.ж.с.б. ордибеһешт айының он жетісі, жексенбі күні Мұғалімдер апталығына орай мұғалімдер мен Ғылым және білім министрлігінің қызметкерлерін қабылдады. Хазірет қонақтарды жылы қарсы алып, шәһид Моттахариді еске алып, мұғалімдер қауымын ғазиз әрі қадірлі қауым деп атады.

Х.ш.ж.с.б. ордибеһешт айының он екісі шәһид Мортеза Моттахаридің шәһид болған күнінің жылдығы. Иранда бұл күн "Мұғалімдер күні" деп аталады. Шәһид аятолла Мотахари оқыту мен білім беруге деген құштарлығы үшін Иранның тәлім-тәрбиесі саласында мәңгілік есте қалатын тұлғаға айналған діни семинария мен университеттің көрнекті оқытушыларының бірі болған. Бұл ұлы ұстаздың сөйлеген сөздері, өткізген сабақтары мен жазған кітаптары Иранда пәк ислам дінін түсіндіруде және революцияшыл мұсылман жастарды тәрбиелеуде маңызды рөл атқарады. Ислам революциясы жеңісінен бір жылдан кейін, халықтық және исламдық қозғалыс енді бүршік атып, гүлдене бастаған кезде революцияға қарсы лаңкестік топтар Батыс державаларының демеуімен Иранда адамгершілікке жатпайтын ауқымды лаңкестік әрекеттер жасап, бұл қозғалыстың зиялы қауымнан тұрған негіздерін жойып, желбіреген Ислам республикасының туын төмен түсірмек болды. Революция жеңісінің басында  Моттахариге жасалған терроры да дәл осы жағдайға байланысты. Иран ұлы ойшыл, теңдессіз мұғалімнен айрылғанымен ұлы тұлғаның қалдырған жолы және ғылыми еңбегі 38 жыл өткенімен, әлі де жастар мен ақиқат іздеушілер тарапынан жоғары бағаланады. Иран халқы жыл сайын осы ұлы мұғалімді еске алып, мұғалімдер мен оқытушыларға құрмет көрсетеді.

Жетекшінің мұғалімдерді қабылдауы

Хазірет аятолла Хаменеи Мұғалімдер күніне орай ұстаз шәһид Мортеза Моттахариді еске алып: "Ол кісі шын мәнінде нағыз мұғалім болған. Сөзімен, амалымен, өмір сүру салтымен және белгілі бір заман мен сол заманның адамдарымен қатынас жасауда нағыз ұстаз болған. Адамзаттың, елдің, исламның дұшпандары ол кісіні бізден тартып алды. Бірақ, Құдайға сансыз мадақ. Ол кісінің артында құнды еңбектері қалды",- деді. Ол кісі шәһид Моттахаридің еңбектерінің дұрыс исламдық білімге негізделгеніне сілтеме жасап, баршаға соларды оқуға кеңес берді.

Ислам революциясының жетекшісі оқытушылықтың маңызы мен мұғалімдердің  орны жайлы: "Мемлекеттің көзі ашық, көкірегі ояу қоғамы дәл осы мұғалімдерге қарыздар. Бұл – өте маңызды. Дана, хабардар, ғұлама, білімді, сауатты адамның жетістігі мұғалімнің еңбегіне қарыздар. Мұғалімдер тобы қоғамда осындай ерекше орынға ие",- деді. Революция жетекшісі кез келген мемлекеттің күш-қуаты мен абыройының бәрінен бұрын адами күштерге  сүйенетіндігіне сілтеме жасап: "Адами күштерді тәрбиелеп, оларды әрекет пен белсенділікке итермелейтін – дәл осы мұғалімдер",- деді. Хазірет аятолла Хаменеи сондай-ақ, мұғалімнің белгілі бір мекеменің жай қызметкері ғана емес, оның орынға ие екендігін баса айтып: "Мұғалімдер үшін қаражат бөлу инвестиция саналады. Оқытушылар үшін қаржы бөліну керек. Бұл – біздің, яғни мемлекеттік қайраткерлер мен үкіметтің міндеттерінің бірі",- деді. Ол хазірет болашақ мұғалім мен оқытушыларды тәрбиелеп шығаратын педагогикалық жоғарғы оқу орындарын қаржыландыру қажеттігін қуаттады.

Мұғалімдердің жетекшімен кездесуі

Хазірет аятолла Хаменеи мұғалімнің оқушылардың тәрбиесіне теңдессіз әсері мен ықпалын қуаттап: "Математика, физика немесе басқа пәннің мұғалімі сол пәнді үйретумен қоса, кейде айтқан сөздері мен жасаған әрекеттері оқушының санасына кез келген кітаптан артық әсер ететін, ахлақ мұғалімі саналады. Ахлағы жақсы, сабырлы, діндар, қарапайым мұғалім осындай қасиеттер мен ерекшеліктерді оқушыға сөзбен емес, өзінің іс-әрекетімен көрсетеді.

Міне, мұғалімнің рөлінің маңызы осында жатыр. Сондықтан, мұғалімдерді жұмысқа алу мұқият жүзеге асырылу тиіс. Білім және тәрбие ісі елдегі ғылым мен зерттеу саласының негізгі құрылымы саналады. Егер білім және тәрбие ісі өзінің дұрыс саясаттары мен бағдарламаларына сәйкес дұрыс бағытта әрекет етсе, бұл негізгі құрылым күннен күнге жақсарып, нығайа түседі. Ал біздің негізгі қажеттілігіміз саналатын ғылым мен зерттеу саласында еліміз баи түседі",- деді.

Ислам революциясының жетекшісі қоғамдағы мұғалімнің алатын жоғарғы орны туралы сөзінің жалғасында: "Білім мен тәрбие ісінің міндеті болашақ ұрпақты тәрбиелеу болып табылады. Олар иманды, адал, жауапкершілігі мол, батыл, бастамашыл, шыншыл, ержүрек, қарапайым, есті, ақылды, ой таразысына салатын, елі мен елдің жүйесін, халқын сүйіп, мемлекетін жақсы көретін, өз елінің мүдделерін өзінің жеке мүддесі санап, оларды қорғайтын ұрпақты тәрбилеуі тиіс. Бізге табанды, қуатты, жігерлі, кесімді шешім қабылдайтын, ынталы, жетекші, белсенді ұрпақ қажет. Бұл – білім беру және тәрбие ісінің міндеті",- деді.

Иран ислам революциясының жетекшісі "университетке беталыс" үдерісін Ирандағы білім беру және тәрбие ісі мәселелерінің бірі деп атап: "Елімізде университеттік білім және жоғарғы оқу орнының дипломын қажет етпейтін шұғыл, қажетті әрі маңызды қажеттіліктер бар. Олар үшін қабілет қана қажет. Сол үшін техникум мен училищелер және мамандандырылған техникалық оқу орталықтарын нығайту қажет",- деді. Сонымен қатар, ол кісі ғылыми тұрғыдан ілгерілеудің мемлекет үшін қажеттілік екендігіне тоқталып: "Бұл мектеп табалдырығын аттаған әрбір оқушының мақсаты университетке түсіп, академиялық білімді жалғастыру деген мағынаны білдірмейді. Қайта өнер және өнеркәсіп саласындағы көптеген басқа да қажетті жұмыс орындарына орналаса отырып, табыс көрумен қоса, елдің қажеттіліктерін қамтамасыз етіп, жастар үшін жеткілікті шаттық пен құштарлық тудырады",- деді. Ол кісі білім беру және тәрбие ісінде іргелі өзгерістер енгізу қажеттігін қуаттап, жауапты тұлғалардан тез арада осы мақсаттарды жүзеге асырып, қазіргі жағдайды өзгертуді сұрады.

Хазірет аятолла Хаменеи сөзінің маңызды бөлігінде ЮНЕСКО ұйымының №2030 құжатына сілтеме жасап, Иран басшыларының бұл құжатқа қол қоюын өткір сынға алып: "Ненің құрметіне "халықаралық" деп аталатын, бірақ даусыз, әлемнің алпауыт елдерінің ықпалындағы бірлестік әртүрлі мемлекеттер, алуан түрлі өркениеттері, тарихи және мәдени өткені әртүрлі халықтардың орнына қалай әрекет ету керектігі туралы шешім қабылдайтын құқықа ие? Істің негізі қате. Егер де осындай істің негізіне қарсы шыға алмайтын болсаңыздар, тым болмағанда «ИИР білім беру, тәрбие ісі, ахлақ, өмір сүру салтында өзіндік әдіс пен тәсілге ие. Сондықтан мұндай құжатты қажет етпейді» деп айтыңдар. Бұл мемлекетте Құран мен Ислам негіз болып табылады. Бұл – бұзылған батыстың бүлдіргі өмір салты ықпал ете алатын жер емес",- деп қуаттады.

ЮНЕСКО ұйымы тарапынан әзірленген сауаттылық деңгейі мен білім беру сапасын жоғарлату тақырыбындағы "Әлемдік тұрақты даму-2030" атты құжаты сауат ашу және білім беру саласынан да ауқымды саланы қамтиды. Соның ішінде, жұмыспен қамту және қабілеттерді дамыту, техникалық және кәсіби білім беру, жоғары білім беру, денсаулық сақтау және медицина саласында білім беру, әлеуметтік білім беру, азаматтық секілді салаларды қамтиды. "Баршаның білім беру жүйесін пайдалануы" секілді кейбір баптарының пайдалы болуына қарамастан, іс жүзінде мағынасы мен мазмұнынан түсінетініміз халықтың наным-сенімін өзгерту және келешек ұрпақты әлемдік жүйе деп аталатын капиталға ие етіп, билеуші жүйенің саясаттарымен үйлестіру болып табылады. Шынтуайтында, №2030 құжат батыстық өмір сүру салты негізінде әзірленген әрі баршаны АҚШ-қа бағытталған әлемдік үйлесімдікке шақыруда. Мысалы, осы құжатқа сәйкес, мемлекеттер өздерінің діні мен мәдениетіне қатысты кейбір пәндерді алып тастап, оның орнына, Батыс мәдениетіне тән мазмұндағы пәндерді енгізуі қажет. ИИР Конституциясының 125-бабына сәйкес, мемлекет үшін халықаралық қауымдастықта кез келген міндеттеме жүктеу Ислам кеңесі мәжілісінің бекітуін қажет етеді. Бірақ, өкінішке орай, кейбір мемлекет қайраткерлері бұл мәселені құқықтық жолмен шешудің орнына, №2030 құжатына қол қойып, оның жүзеге асуына бастама берген. Сол себепті, революция жетекшісі өзінің жуырдағы кездесуінде құқықтық емес жолмен бұл келісімге қол қоюды сынға алып, оның мәдениетке қарсы мазмұны үшін Иранның бұл келісімге қосылуын мүмкін емес деп атады.

Иран ислам революциясының жетекшісі алдағы Иранда өтетін сайлауларға сілтеме жасап, сайлаулардың маңыздылығын баса айтып, халықтың сайлауларға қатысуын ел мен ұлт мүдделерін сақтау жолындағы шұғыл қажеттілік деп атап: "Біз – ұлы елміз. Көзі ашық, дана халқы, мықты адами күштері мен жастары бар, 80 миллион халыққа ие мемлекетпіз. Міне, дәл осы дұшпанның алдында Ислам республикасы жүйесіне ұлылық сыйлайды. Егер бізге қатысты осы сезім, осы ұлылық, иммунитет сақталсын десеңдер, сайлауларға қатысуларың қажет. Сайлауларға қатысу – еліміздің күш-қуаты мен иммунитетін сақтау деген сөз",- деді. Революция жетекшісі сайлаудағы көзқарастар мен талғамдардың әртүрлі болуын негізгі мәселе емес деп: "Ең бастысы, баршаның сайлауларға қатысып, өздерінің исламды, ислам жүйесі мен ислам республикасын қолдайтындықтарын көрсетіп, қорғауы және елінің қол сұғылмаушылығын сақтап қалу болып табылады. Білгендерің жөн, егер біздің халқымыз осы қолдау мен осы ерік-күшті илаһи құдіретпен дәл осындай салтанатпен жалғастыратын болса, дұшпан ешқашан елімізге қарсы ешбір әрекет жасай алмайды",- деп сөзін тәмамдады.