Қасиетті Рамазан айында сақталынуы тиіс жайттарға шолу (7)
(last modified Tue, 06 Jun 2017 05:58:24 GMT )
Маусым 06, 2017 11:58 Asia/Almaty
  • Қасиетті Рамазан айында сақталынуы тиіс жайттарға шолу (7)

Бұл бағдарламада мүмін ораза ұстаушының сабырлы болуы қажеттігі туралы сөз қозғаймыз.

Ұлық пайғамбар (с.ғ.с.) Қасиетті Рамазан айын сабырлық айы деп атап: «Уа, халайық! Бір түні мың түннен жақсы Рамазан айы сендерге саясын төгіп тұр. Алла Тағала бұл айда ораза ұстауды міндеттеді. Бұл – сабырлық айы»,-деді.

Шындығында оразаның ең маңызды әсерлерінің бірі ораза ұстаушының жаны мен рухында сабырлықтың әсерін қалдыруы болып табылады. Өйткені, ораза ішіп-жеу және басқа да істерге қатысты уақытша шектеу қою арқылы адамға сабырлы болу қасиеті және әртүрлі кездердегі ауыр жағдайлармен күресу қабілетін береді. Сабырлық адамның төзімділігін арттырып, әртүрлі қиындықтарда өзін-өзі ұстауға, әрдайым ісінің ақылмен істелуіне және толқып тұрып әрекет етпеуге үйретеді.

 

Иманды адамдар үшін сабырдың орнының маңыздылығы соншалықты, олар сабыр аз болса, Құдайдан пана іздейді. Аяттар мен рауаяттарда келтірілгендей, сабыр иман үшін денеге қажет бас сияқты. Яғни, адам қолы немесе аяғынан айрылса, мүшесінің кемістігіне қарамастан, тірі қалады. Ал егер басы кетсе, тірі бола алмайды. Сабырсыз адамда иман болмайды, ол жұмаққа жіберілмейді. Қызығы мынада: «Рағд» сүресінің 24-аятында қиямет күні иманды адамдар жұмаққа кіретін кезде періштелер олармен сәлемдесіп: «Сіздер мен сіздердің сабырларыңызға сәлем. Мына дүниеде лайықты да тұрақты іс атқарған адамдардың ақыры ізгі болады»,-дейді. Яғни, періштелер барлық амалдар, ғибадаттар, тағаттар мен жұмақтықтардың ізгі істерінің  арасынан олардың сабырлығына назар аударып, оны жұмаққа кірудің себебі деп санаған.

Сабырлық пен төзімділік адамның бақытқа кенелуі мен жұмаққа енуінде маңызды рөл атқарады. Өйткені, сабырсыз күнәдан бойды аулақ салу да, ғибадат ету де, дұшпанмен күресу де мүмкін емес. Бірде сопы жаяулатып Құдай үйіне бара жатқан екен. Түйеге мінген бір араб одан: «Ей, шейх, қайда барасың?»,-деп сұрайды. Сопы: «Құдай үйіне бара жатырмын»,-дейді. «Неге жаяу бара жатырсың?»-деп сұрайды. Сопы: «Менде мінетін ат көп. Көрмей тұрсың ба?»-дейді. Араб: «Бұл не қылған аттар?»-деп сұрайды. «Басыма бәле мен қиыншылық төнгенде сабырдың атына мініп аламын. Нығмет төгілгенде шүкіршілік атына мінемін. Тағдыр басыма іс салғанда ризалық атына мінемін. Бұғаусыз нәпсі мені бірдеңеге шақырғанда қалған өмірімнің өткен өмірімнен аз екенін білемін»,-дейді сопы. Сонда араб: «Онда мен жаяу, ал сен салт атты екенсің»,-деген екен.

 

Тегтер