Қасиетті Рамазан айында сақталынуы тиіс жайттарға шолу (8)
(last modified Tue, 06 Jun 2017 17:32:46 GMT )
Маусым 06, 2017 23:32 Asia/Almaty
  • Қасиетті Рамазан айында сақталынуы тиіс жайттарға шолу (8)

«Құдайым, қанағаттың аздығынан сенен пана іздеймін».

Ораза адамның рухы мен иманын нығайтып, оның күнә жасаудан аулақ болуға деген ерік-жігерін күшейтеді. Осы тұрғыдан оразаның философияларының бірі – Құранда айтылғандай, адамның бойында тақуалықтың қалыптасуына себеп болады. Алайда мұнымен қатар оразаның басқа да пайдалары бар. Олар да маңызды. Солардың бірі – қанағатшыл болып, ысырапшылықпен күресу.  Қанағат қоғамда әлеуметтік топтар арасында алшақтықтың туындап, кемсітушіліктің пайда болуының алдын алады.

 

Қанағат

Ораза мұсылмандарды материалдық дүниеге салынудан және материалдық ләззаттарға ашкөздік танытудан құтқарып, оларға басқалар жайлы ойлауға, өздерінің физикалық қажеттіліктерін басқаруға және қажет мөлшерде ғана тамақ жеуге қанағаттануға және ысырапшылдықтан бас тартуға үйретеді. Ораза ұстаған қанағатшыл адам басқаларға мұқтаж емес, ол өз тәнін қорлатпайды. Қанағатқа бет бұрған қоғам өз-өзіне сеніп, жөнсіз тұтынудан бас тарту арқылы тәуелсіз болып, бөгдеге мұқтаждықтан арыла алады. Қанағаттың маңыздылығы соншалықты, діни ғұламалар қанағатсыздықтары үшін Құдайдан пана сұрап, өз дұғаларында: «Құдайым, қанағаттың аздығынан сенен пана іздеймін»,-деген.

Қанағат – ақылдың нышандарының бірі. Егер адам ақылды болса, қанағатшыл келеді. Егер адам қанағатшыл болмаса, ақылы кем деген сөз.  Сондай-ақ, адам ашкөз болса, бұл да ақылдың кемдігінен. Өйткені, ақылды адам Құдайдың ризық беретінін жақсы біледі. Егер адам талпынып, ризық табуға ұмтылса, оған бөлінген несібе беріледі. Ол өзінің ризығын жоғалтамын деп алаңдамайды. Шын мәнінде, тәрбиеленген ақыл  монотеистік тұрғыдан оған Құдайдың оны жақсы көретінін, оның абыройын сақтап қалатынын айтады. Бұл ой оған тыныштық сыйлайды. Сондықтан қанағатшыл адам ақылдың күшімен бұл дүниенің қалатын жер емес екенін ұққандықтан, бұл дүние ол үшін мақсатқа айналмайды. Әлем оған құрал ғана болып қалады.  Сол себепті оның көңілін тыныштық жайлайды. Ол материалдық дүниелерге қол жеткізу үшін өзінің болмыс-бітімі, иманы мен дінін  құрбандыққа шалуды қаламайды.

 

Қанағат

Бір хадисте: «Ақылды адам қанағатшыл болады. Қанағатшыл адам бұ дүние де, о дүниеде де қадірлі»,-деп айтылған. Келесі бір хадисте: «Қанағат – таусылмайтын байлық. Ол дәулетті болу үшін жеткілікті»,-деп қуатталған. Яғни, патшалық, билеушілік пен сондай дүниелерді көздеген адам алдымен өзінің тұлғасын басқаратын қасиетке ие болуы керек. Ол – қанағатшылдық. Егер адам қанағат етсе, өз өмірінің сұлтаны әрі қожайыны болады.