Катар мен Сауд Арабиясы қатынастарының шиеленісуінің себептері
Сауд Арабиясы, Біріккен Араб Әмірліктері мен Бахрейн елшілерінің Дохадан кеткен соң, үш араб мемлекетінің Катармен Катармен қарым-қатынасы бұрығыдан бетер шиеленісе түсіп, тіпті осы мемлекеттер мен Парсы шығанағы ынтымақтастық кеңесіне мүше емес елдердің, соның ішінде Мысырдың Катармен қарым-қатынасын толық үзуіне соқтырды.
Парсы шығанағы ынтымақтастық кеңесі 2017 жылдың мамыр айының жиырма бесі осы ұйымның құрылғанына 37 жыл толды. Тіпті, институтшылдық мен аймақшылдық соңғы 20 жыл ішіндегі аймақтық қауіпсіздіктің ең маңызды үлгілерінің бірі саналғанымен, Парсы шығанағы ынтымақтастық кеңесі Таяу Шығыс аймағының бір бөлігі саналатын Парсы шығанағы аймағы деңгейінде ешқашан осы қауіпсіздік үлгісінің моделі бола алған жоқ. Сауд Арабиясы, БАӘ мен Бахрейн Парсы шығанағы ынтымақтастық кеңесіндегі ішкі келіспеушіліктер мен бұл ұйымның аймақтық қауіпсіздік үлгісінен алшақ болғанының мысалы болып табылады. Жуырдағы шиеленістердің себептері туралы көптеген көзқарас қалыптасқан. Бірақ бұл шиеленістің ең маңызды үш дәлелі келесідей:
Парсы шығанағы ынтымақтастық кеңесіндегі шиеленістің үш маңызды себебі
- Сауд Арабиясының үстемшіл бағыттағы әдісі
- Катардың Сауд Арабиясының Ираннан үркіту саясатымен келіспеуі
- АҚШ-тың жаңа үкіметінің саясаты
- Сауд Арабиясының үстемшіл бағыттағы әдісі
Катар үкіметіне қатысты қастық қатынас пен оған қысым көрсетудің маңызды себептерінің бірі Сауд әулеті режимінің араб елдері әлеміндегі үстемшіл бағыттағы көзқарасы саналады. Сауд Арабиясы Парсы шығанағы ынтымақтастық кеңесіне мүше елдерге өз жерінің бір бөлігі ретінде қарайды. Бұл елдердің тәуелсіздік алғанына шамамен жарты ғасыр өтсе де, әлі де бұл мемлекеттердің тәуелсіз екендігін және Сауд әулеті режимінің қол астында емес екендігін мойындағысы келмейді. Халықаралық қатынастар жөніндегі сарапшы Носратолла Таджиктің пікірінше, қазіргі кездегі келіспеушіліктердің басым бөлігі басқа араб және мұсылман елдеріне үстемдік еткісі келетін Сауд Арабиясының үстемшіл көзқарасына байланысты. Ислам ынтымақтастық ұйымындағы ИИР-дың өкілі әрі елшісі Сабаһ Занганенің ойынша, Сауд әулеті режимінің соңғы онжылдықтағы стратегиясы саналатын Арабстанның негізгі мақсаттарының бірі – Орта Азия, Африканың солтүстігі мен Таяу Шығысты қамтитын үш георграфиялық аймақтағы Риядтың ықпалы мен гегемониясын арттыру мәселесі. Сауд Арабиясының араб әлеміндегі рөлінің артуын қалағанын және қазір өзінің бүлдіргі жоспарларын жүзеге асыра отырып, "Рияд – араб әлемінің жетекшісі" деген жолдауды аймақ пен аймақтан тыс деңгейде әлемдік қауымдастықтың құлағына жеткізуді көздеп отырғанын ашық айтқанымыз жөн.
Арабстан араб әлемінде үстемдік ету стратегиясына сәйкес араб елдерінің саясатында кез келген өзгеріс енгізуге қарсы екенін айтып, «Мұсылман бауырлар» секілді қозғалысты да қауіп санайды. Себебі, «Мұсылман бауырлар» араб диктаторларының орнын басушы ретінде қалыптасты. Сол себепті, Сауд Арабиясы тек «Мұсылман бауырлар» қозғалысының араб елдерінде билікке қол жеткізуіне негізгі қарсылық білдіргендердің қатарында болды. Сонымен қатар ол «Мұсылман бауырлар» ұйымының лаңкестік деп танылуында негізгі рөлді атқарды.
Ал Бахрейн болса, сырттай тәуелсіз болып көрінгенімен, шын мәнінде Сауд әулеті тарапынан басқарылып отыр. Оман мен Кувейт Парсы шығанағы кеңесіндегі Арабстанның үстемшілдігіне қарсы болуына қарамастан, Сауд Арабиясымен қарым-қатынасын басқаруға талпыныс жасап отыр. Катар үкіметі ресми түрде Сауд әулеті режимінің аймақтық саясаттарына қатысты дау тудырып, бұған қарсы күрес саясатын ұстанған еді. Араб елдерінің наразылықтары мен "Ихван әл-муслимин" қоғамына қолдау көрсету мүмкіндігін қолдан жібермеу осы саясаттың маңызды көріністеріне жатады. Осы мәселеге байланысты, Джорджио Кафиро мен Дэниель Вагнер америкалық The Huffington Post газетінде жазған мақаласында Катар мен Сауд Арабиясының "Ихван әл-Муслиминге" қатысты келіспеушіліктеріне сілтеме жасап: "Арабстан "Ихван әл-Муслимин" қоғамын қауіп ретінде таныған жағдайда Катар оны өзінің аймақтық ықпалы мен орнын күшейтудің мүмкіндігі санайды. Сол себепті "Ихван әл-Муслимин" Сауд Арабиясы мен Катар арасындағы келіспеушіліктің маңызды мәселелерінің біріне айналды",- деп жазды.
2. Катардың Арабстанның Ираннан үркіту саясатымен келіспеуі
Сауд Арабиясының үкіметі АҚШ үкіметінің Ираннан үркіту стратегиясының ең маңызды қолдаушыларының бірі болып табылады. Бұған қарамастан, 2015 жылы қабылданған Иран мен "алтылық топ" арасындағы ядролық келісім АҚШ-тың Ираннан үркіту стратегиясының сәтсіздікке ұшырағанын білдірді. Сауд Арабиясы ядролық келісімге қарсылық білдіргендердің алдыңғы қатарында болды. Сауд үкіметі соңғы екі жылда Ираннан үркіту стратегиясын жалғыз өзі алға жылжыту және Иран Ислам Республикасын үлкен қауіп ретінде көрсету үшін көп талпыныс жасады. Бұл мәселе Риядта Дональд Трамптың қатысуымен өткен араб-мұсылман мемлекеттерінің отырысында өзінің шарықтау шегіне жетіп, Сауд Арабиясы үкіметінің осы стратегиясының Парсы шығанағы ынтымақтастық кеңесінде Катар, Кувейт пен Оман тарапынан қолдау таппаған жағдайда орын алды. Осыған байланысты, Катардың 37 жастағы билеушісі шейх Тамим бин Хамд әл-Тани Иранды "алып держава" деп атап, Катар мен Иранның қарым-қатынасын жақсы деп бағалады. Катар әміршісі: "Иран ислам әлемі мен аймақтағы алып держава саналады. Мұны назарға алмау мүмкін емес. Катар Иранға қарсы шығуды қаламайды. Иран аймақта тұрақтылық орнату үшін алып мемлекет болып табылады",- деді. Катар билеушісінің бұл сөздері Рияд отырысының негізгі мақсаты, яғни ИИР-ға қарсы келісімге келудің сәтсіздікке ұшырағанын білдірді.
Осы мәселеге қатысты халықаралық қатынастардың сарапшысы Саймон Хендерсон америкалық Foreign Affairs журналында шыққан мақаласында соңғы кездегі Катар мен Сауд Арабиясы қарым-қатынастарының күрделену себептерінің бірін Сауд Арабиясы саясаттарынан айырмашылығы бар Катардың ИИР-бен қатынасына байланысты деп атап: "Катардың Иран Ислам Республикасына көзқарасы Сауд Арабиясының Ираннан үркіту стратегиясының Парсы шығанағы ынтымақтастық кеңесі арқылы сәтсіздікке ұшыруына себеп болды",- деп жазды.
3. АҚШ-тың жаңа үкіметінің саясаттары
Парсы шығанағы ынтымақтастық кеңесінде жағдайдың күрделене түсуіндегі үшінші маңызды фактор АҚШ-тың жаңа үкіметінің саясаттарына байланысты. Сауд Арабиясын "сүтті сиыр" санайтын АҚШ президенті Дональд Трамп мүмкіндігінше одан алтын мен долларды "сауып алу" мақсатында өзінің Риядқа сапары кезінде шамамен 400 миллиард долларға дейін артуы мүмкін құны 110 миллиард долларды құрайтын келісімге қол қою арқылы Сауд әулеті «сиырын» жақсылап «сауып алды». АҚШ пен Сауд Арабиясы арасындағы бұл әскери келісім Катар секілді елдердің алаңдаушылығын тудырды. Себебі, Арабстан қажет жағдайда бұл қару-жарақтарды Катар секілді оның саясатына қарсы шыққан мемлекеттерге қарсы қолдана алады. Тіпті, Сауд Арабиясының Сыртқы істер министрі Адел әл-Джубейр Катарға әскери шабуыл жасау туралы қоқан-лоққы жасаған болатын. Бұл туралы Ресейдің саяси стратегиялар орталығының бастығы Сергей Михеев: "Араб елдерінің арасында қатты дағдарыстың пайда болуына әкеп соқтырған Сауд Арабиясы мен Катар арасындағы дұшпандық АҚШ-тың Таяу Шығыс пен Парсы шығанағы аймағына араласушылық және бүлдіргі саясаттары мен әрекеттерінің салдары болып табылады. АҚШ үстемшілдік пен геополитикалық басымдыққа қол жеткізу секілді өзінің стратегиялық мүдделерін қамтамасыз ету мақсатында әртүрлі мемлекеттерде араласушылық жағдайды тудыру үшін аймақта тек келіспеушілік пен алауыздық тудыру стратегиясын жүзеге асырып отыр. Бұл үдеріс Вашингтонның үнемі қолданатын әдісіне айналған",- деді.
Қорытындылай келе, егер Сауд Арабиясының Сыртқы істер министрі Катарға әскери шабуыл жасау мүмкіндігін айтқанымен, бұл қатер іске асуы мүмкін емес. Мұны Сауд әулеті режимінің араб әлемінде басымдыққа қол жеткізу әдісінен туындап отыр деп айтқан жөн. Тіпті, Катар мен Сауд Арабиясы, БАӘ және Бахрейн арасындағы келіспеушілік күшейе түсіп, Мысыр секілді мемлекеттердің әдісі даудың шиеленісуіне себеп болғанымен екі жобаны назарға алуға болады: алғашқысы келіспеушіліктің маңызды жобасы саналады; оның шешілуі үшінші мемлекеттің араласуы мен татуластыруы арқылы нәтиже бермек. Кувейт – Катар мен Сауд Арабиясы және БАӘ арасында татуластырушы ретінде талпыныс жасап жатқан елдердің бірі. Катардың географиялық тұрғыдан АҚШ үшін маңызды болуына және Катардағы әл-Адид базасының АҚШ-тың елден тыс ең ірі әуе базасы екендігіне байланысты АҚШ үкіметінің бұл дағдарысқа араласып, бітімгерлік рөл атқаруы әбден мүмкін. Осы мәселеге қатысты Ресей саяси стратегиялар орталығының басшысы Сергей Михеев былай деді: "Қоғамдық пікірді алдап, өзін араб елдерінің досы ретінде көрсету үшін АҚШ-тың Сауд Арабиясы мен Катар арасындағы дауды шешуде бітімгер ретінде талпыныс жасайтыны күмәнсіз".
Екінші жоба бойынша, Катардың қазіргі жүйесіне қарсы оппозиционерлерді Катар билеушісі шейх Тамим бин Хамд әл-Таниге қарсы шығуға айдап салып, бұл елде төңкеріс жоспарлау ықтималы бар. 2013 жылы биліктің шейх Хамд бин Халифеден оның ұлы шейх Тамимге көшу туралы болжамдардың бірі де Сауд Арабиясының араласуы мен Рияд пен Вашингтонның шейх Хамд бин Халифені тақтан тайдыру үшін жасаған үйлесімді әрекетіне байланысты болды. Бұл мәселе тағы көтерілгенімен, Сауд әулетінің қазіргі жағдайда Катар үшін мұндай жобаны жоспарлап, жүзеге асыруы екіталай. Сауд әулеті бәрінен бұрын Катарды аймақтық өзгерістерден ығыстыруды көздеп отыр.