АҚШ – адам құқығын бұзушы (3)
2001 жылғы қыркүйектің 11-де болған лаңкестік оқиғадан кейін АҚШ-тың лаңкестерге қарсы соғысқа шығуы бұл елдің адам құқығын ең көп бұзатын елге айналуына жол ашты.
Әл-Каида, сосын ДАИШ секілді лаңкестік топтармен күрес АҚШ үкіметінің адам құқықтарының айқын негіздерін елемей, атышулы Гуантанамо мен Ирактағы Әбу Грейб түрмелеріндегі тұтқындарды азаптап, оларға психикалық, физикалық, кейде жыныстық тұрғыдан жәбір көрсетіп, тиісуіне себеп болды. Сонымен қатар АҚШ үкіметі лаңкестік әрекеттердің қайталануының алдын алу сылтауымен әлемдегі ең көлемді тыңшылық бағдарламасын тек өз азаматтарына ғана емес, бүкіл дүниежүзі бойынша жүзеге асырып, жеке өмірдің кеңістігін бұзды.
Бұл талпыныстар лаңкестік әрекеттердің ушығып тұрған кезімен тұспа-тұс келді. Басқаша айтқанда, терроризмді жоюы тиіс болған лаңкестікке қарсы соғыстың өзі лаңкестіктің әлемге таралу факторына айналып, адам құқықтарының тапталуына әкелді. АҚШ-тың сол кездегі Президентінің орынбасары Дик Чейни 11 қыркүйек лаңкестік оқиғасынан бірнеше ай өткен соң: «Лаңкестікпен күресу үшін АҚШ-тың өзі қараңғылыққа енуі керек»,-деп тура айтты. АҚШ-тың сол кездегі Президентінің соғысқұмар орынбасарының қара істермен лайлануға меңзеуі адам құқықтарының бұзылуынан туындаған. Бұл елдің үкіметі мұны толығымен орындады.
Дүниежүзілік сауда орталығының қос мұнарасы құлаған кезде АҚШ-тың адам құқықтары принциптерін сақтауы да үйіндінің астына көміліп, келмеске кетті. Ақ үй мен Конгресс екінші дүниежүзілік соғыстан кейін АҚШ жеріне жасалған ең үлкен шетелдік шабуыл салдарынан туындаған эмоционалдық және психикалық кеңістікте «отансүйгіштік» деп танылған заңдар топтамасын бекітті. Бұл заң АҚШ Конституциясының кейбір бөліктеріне, сондай-ақ Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясына айқын қайшы келеді. Мысалы, АҚШ үкіметіне лаңкестермен әріптестік жасады деген күдікпен ұсталғандарды мықты дәлелдер болмаса да, шектеусіз мерзімде қамауға алуға және олардың қорғаушы алуын шектеуге рұқсат берілді.
Сонымен қатар, лаңкестермен әріптестік жасағанын мойындату немесе мағлұмат алу үшін бұл адамдарды қатаң тергеуге рұқсат берілді. 11 қыркүйектегі лаңкестік шабуылдың алдын алудағы шарасыздығы мен жеңіл қарағаны үшін ауыр қысымға түскен АҚШ-тың ОББ азаптаудың жаңа түрлерін ойлап тауып, бұл қысымдарды тұтқындарға қолданды. Азаптау түрлерінің бірі – тұтқындарды өлім аузына дейін жеткізетін қасақана суға батыру әдісі. 11 қыркүйек шабуылдарының негізгі жоспарлаушысы Халид шейх Мұхаммедке 200-ден астам қасақана суға батыру әдісі қолданылған көрінеді.
БҰҰ бірнеше жыл бұрын қасақана суға батыруды ресми түрде азаптаудың айқын дәлелі деп атап, бірінші рет АҚШ-ты азаптаушы елдердің қатарына енгізді. АҚШ-тың тергеушілері тарапынан қолданылған азаптаулар тек қасақана суға батырумен шектелмейді. АҚШ-та жарияланған мемлекеттік құжаттар көрсеткендей, тергеушілер ақпарат алу үшін түрмедегі тұтқындарды ұзақ уақыт ұйықтатпай, суық пен ыстық температурада тағаттарын сынап, талайтын иттерді де пайдаланған. Кейіннен ол ақпараттардың көбінің пайдасыз, жалған екені белгілі болды.
АҚШ үкіметі елдегі сот жарғысының аяқ-қолды тұсаулайтын заңдары мен соғыс тұтқындарының құқықтарын сақтау туралы 1948 жылғы Женева конвенциясында белгіленген халықаралық міндеттемелерден құтылу үшін бір жағынан АҚШ армиясының Куба аралындағы әскери-теңіз базасына Гуантанамо түрмесін орналастырды, екінші жағынан «соғыс тұтқындары» деген сөздің орнына «дұшпанның жауынгерлері» деген жаңа термин ойлап тапты. Осы екі шешімнен соң ауған соғысында тұтқынға түскендер АҚШ-тағы түрмелерге тасымалданудың орнына түрмедегілердің құқықтарын сақтаушы сот органдарының бақылауы шеңберінен тыс болуы үшін Куба аралының оңтүстік-шығысындағы Гуантанамо шығанағында орналасқан АҚШ армиясы теңіз күштерінің базасына жіберілді.
Сонымен қатар, АҚШ үкіметі төрт тармақты Женева конвенциясына кірмеуі үшін осы адамдарға «дұшпанның жауынгерлері» деген сөзді қолданды. Осылайша ішкі заңдылықтар мен халықаралық міндеттемелерді елемей, атышулы түрме пайда болып, онда жүздеген адам ешқандай айып пен үкімсіз қамалды. Бертін келе осы түрмедегі ауыр жағдай жайында жарияланған мәліметтерде тұтқындардың сан рет азапталғаны, кейбіреулерінің түрмедегі ауыр тозақтан құтылу үшін өзін-өзі өлтіруге барғаны айтылған. Бұл түрмеден де ауыр жағдай Ирактағы атышулы Әбу Грейб түрмесінде қалыптасқан. Пентагон мен АҚШ ОББ-ның бақылауындағы түрмелерде қолданылатын азаптаулармен қоса, Әбу Грейб түрмесінде әскери тұтқындардың көбі күш-қуаты жеткенше басқа тұтқындарды психикалық, физикалық және жыныстық тұрғыдан азаптау үшін қолданылады. Электр сымына қосылған тұтқындар немесе әйел күзетшілердің алдында жалаңаш тұрған тұтқындардың суреттерін жариялау әлемді сенгісіз жағдайда есеңгіретіп тастады. Әбу Грейбтегі масқара жағдай америкалықтардың адам құқықтарын бұзуда ешбір шек пен шекараны танымайтынын, мұндай жиренішті іс-әрекеттерді жасау үшін Ақ үй мен Пентагоннан ең жоғары саяси деңгейде рұқсат алғанын көрсетеді.
Лаңкестікке қарсы соғыс үдерісінде адам құқықтары критерийлерін бұзу жайттары түрмедегілерді азаптау, Ауғанстан мен Ирактағы қанды шабуылдар барысындағы жөн-жосықсыз қырып-жоюмен шектелмей, азаматтардың, соның ішінде АҚШ азаматтарының жеке өмір кеңістігі құпиялылығын бұзуды да қамтыды. АҚШ-тың NSI ұлтық барлау агенттігінің бір мердігер компаниясының қызметкері Эдуард Сноуден бұрын-соңды болмаған әшкерелеу жасап, америкалықтардың адамзат тарихындағы ең ауқымды тыңшылық амалдарын жылдар бойы жасап келгенін көрсетті.
Осы бағдарлама бойынша дүниенің кез келген жерінде интернет желісі мен телекоммуникациялық байланысты пайдаланған әрбір адам олардың бақылауы мен қадағалауына ілінген еді. Осы арада тіпті Германия канцлері Ангела Меркель немесе сионистік режимнің сол кездегі Премьер Министрі Эхуд Ольмерт секілді Вашингтонның ең жақын одақтастары да ауқымды барлау амалдарынан аман қалмады. Оның алдында АҚШ-тың барлау және қауіпсіздік қызметкерлері «отансүйгіштік заңының» негізінде лаңкестермен әріптестік жасады деп күдіктелгендердің телефон сұхбаттарын тыңдап, электронды хат алмасуларын тексеруге рұқсат алған болатын. Ал "Призма" атты бағдарлама аясында әлемнің түпкір-түпкіріндегі жүздеген миллион адамның күніне ондаған миллиард жеке ақпараты қажет кездерде оларға қарсы пайдаланылу үшін NSI-дың супер компьютерлерінде сақталынып отырған.
Мұндай амалдардың жариялануы дүние жүзі халықтарының АҚШ-қа деген наразылығын тудырды. Сыншылар: «АҚШ үкіметі адамдардың жеке кеңістігін бұзу арқылы іс жүзінде адам құқығын аяққа таптап, атақты британдық жазушы Джорж Оруэллдың «1984» атты әйгілі романында сипатталған тоталитарлық қоғамды тудырды»,-деп мәлімдеді. АҚШ үкіметі ауқымды жаһандық наразылықтардан кейін АҚШ азаматтары мен басқа елдердің азаматтарына қарсы жаппай тыңшылық жасауды тоқтатуға уәде берді.
Бұған қарамастан, АҚШ үкіметінің лаңкестікпен күрес сылтауымен азаматтық және адам құқықтарын бұзудағы әрекеттерін ескере отырып, мұндай іс-әрекеттердің, яғни тыңшылық жасаудың біржолата тыйылатындығына сену қиын.
Қалай болғанда да, қазіргі АҚШ-тың адам құқығын бұзатын елдердің көшбасшысы болып тұрғаны шәксіз. Тұтқындарды азаптауға және азаматтарға қарсы тыңшылық жасауға тиісті рұқсат берген бұл елдің басшылығынан бастап соғыс алаңдарында бейбіт тұрғындарды нысанаға алған кейбір америкалық әскерилерге дейін барлығы осы апаттарға өз үлестерін қосты. Сондықтан, АҚШ үкіметінің тіпті Еуропа елдері немесе Вашингтонның басқа одақтас елдерінің азаматтары тарапынан осыншалықты дәрежеде басып-жаншушы және адам құқығын бұзушы мемлекет ретінде танылуы дәлелсіз емес.
Егер АҚШ өткен ғасырдың аяғына дейін адам құқығының бұзылуына қарсы жаһандық күрестің басшысы болып, оның бұл мәртебесі Еуропа, Азия мен Африка халықтарының көбі тарапынан қабылданса, енді тура осы ел әлемде азаптаушы мемлекет ретінде танымал. Сондықтан АҚШ Мемлекеттік департаментінің жыл сайынғы адам құқығын бұзушы елдердің тізімін жариялаған есебіне сенетін адам кемде кем, өйткені қазіргі таңда АҚШ адам құқығын сақтау мәселесінде қазы да, прокурор да емес, негізгі айыпталушы саналады.