Ходжаджи – иманы мықты ержүрек шәһид
Мохсен Ходжаджи – ДАИШ-тың ең жабайы лаңкестерімен соғыста тұтқынға түсіп, жазықсыз шәһид болған Иранның иманы мықты ержүрек жастарының бірі. Оның шәһид болуы ирандықтардың жүрегінде қам-қайғының толқынымен қоса, мақтаныш пен құрмет сезімін тудырды. Бүгінгі бағдарламада Қасиетті кесенелерді қорғаушының шәһид болуы және ирандықтардың Сирия мен Ирактағы соғыстарға қатысу жағдайы жайлы сөз қозғаймыз.
Исламдық Иранның мұхаррам мен «кербалалық» көңіл күйге түскеніне бірнеше күн болды. Өткен аптада қайғы, мақтаныш пен асқақ мерей мұсылман ирандықтардың жүректерін жайлаған ортақ сезім болды. Иранның иманы мықты ержүрек жастарының бірі ДАИШ-тың ең жабайы лаңкестерімен соғыста тұтқынға түсіп, жазықсыз шәһид болды. Бұл оқиға, әрине, Таяу Шығыстың бейберекет жағдайында тың оқиға емес, алайда 25 жастағы ирандық Мохсен Ходжаджидің тұтқынға түсіп, шәһид болуы өзгеше дастан. Бұл дастан шәһид Мохсеннің байланған қол, қан қатқан бүйірімен құрбандық шалар жерге бара жатқанда ДАИШ-тың камерасына қараған көздерінен басталады. Сол көздер әлемдік дастанға айналды. Оның жанары қазіргі адамзат баласының құрғап қалған тамағына теңіздей ақиқатты құйды.
Қасиетті кесенелерді қорғаушылардың киімін киген ирандық жас жігіттің ДАИШ-тың қолында тұтқында болған суреттерін жариялау Мохсен көздерінің дастаны үшін бастау болды. Бұл суретте қорыққан сұрықсыз жендеттің ұзын бойлы, мығым жас жігітті қанжармен сес көрсетіп, құрбандық шалатын орынға апара жатқаны бейнеленген. Шөл дала, өртенген шатырлар, қынаптан шығарылған қанжар, түтіннен қарайған аспанда еріндері кезерген тұтқын мойнын тік ұстап, қорқыныштан еш белгі жоқ асқақ көзқараспен кетіп барады... Артынан кесілген бас қанға бөккен кеудеге қойылды. Бұл кеуде бүкіл ғұмырында рақым пайғамбары хазірет Мұхаммед пен оның әулетін қадірлеп өткен жер болатын. Мұндай көрініс Пайғамбар әулетін сүюшілер мен Хосейнге ғашық адамдар үшін таныс еді. Әлгі жендет Мохсеннің бала кезінен шәһидтердің жетекшісіне (ғ.) айтылған жоқтаумен тәрбиеленгенін білмеген болар. Қанішер Хосейн (ғ.) мектебінен тәрбие алып, мереймен өлуді қорлықта өмір сүруден артық көретін адамның басын алайын деп жатқанын білмеген болар. Суретке түсіруші де кербалалықтардың көздерінен Шемр мен Язидтің қанжарының астынан да күмән мен қорқыныштың көрінбейтінін білмесе керек. Мохсен Алланың алдына рухы өр, тәні бекем аттанды.
Соңғы үш жылда ДАИШ тәкфиршіл лаңкестердің Сирия мен Ирактағы қылмыстары көбейе түсті. Олар шиіт пен сүннит мұсылмандардың көбін босқынға айналдырып, қиындыққа ұшыратты. Батыстың ірі елдері, соның ішінде АҚШ-тың ДАИШ-ке қарсы коалиция туралы уәждеріне қарамастан, осы аймақ халқының күнде көріп жүргені бойынша, Батыстың ДАИШ-пен күреске бағытталған ерік-жігерінің шынайы еместігі былай тұрсын, АҚШ пен оның одақтастары ДАИШ аймақта тамыр жайып таралуы үшін қаржылай және қару-жарақ тұрғысынан, тіпті кейде әскери қолдау жасап отыр. Мұнымен қоса, америкалық қайраткерлердің мойындауынша, ДАИШ-ты құру – АҚШ-тың ислам елдерінде, әсіресе Таяу Шығыс аймағында бейберекеттік тудыру үшін ойластырылған жобасы. АҚШ ДАИШ қылмыстарының ислам елдерінде бұрынғыдай жалғаса беруін қалайды. ДАИШ-ты аймақта қалдырудағы мақсаттардың бірі сионистік режимді Иран, Ливан, Ирак пен Сириядан тұратын қарсыласу қозғалысының қатерінен сақтау саналады.
Исламның адамгершілікке баулитын тағылымдарынан ешқандай ғибрат алмаған және Ислам пайғамбарының (с.ғ.с.) жолынан алшақ ДАИШ тәкфирлік-лаңкестік тобы шиіт пен сүнниттен тұратын 1,5 млрд жамағаттан тұратын мұсылман әлемін дін жолынан тайған деп санайды. Басында олар
Батыстың ақпарат құралдарының жарнамалық көмегінің арқасында бұл жікшілдікті шиіт пен сүннит арасындағы соғыс деп таныстыруға тырысты. Алайда олардың қырып-жою, талан-тараж бен бұрын-соңды болмаған қылмыстары исламның барлық мазхабтарын нысанаға алды. Бірнеше жыл бойы тәкфиршілердің қылмыстары әлемнің алпауыт елдерінің немқұрайдылығы салдарынан осы аймақтың халқына ауыр жағдай қалыптастырды. Босқынға айналып жылаған балалар, тұтқынға түсіп жылаған әйелдер, парша-паршалары шыққан мәйіттер мен ортағасырлық азаптаулар, жаппай қыру, тірідей өртеу, жермен-жексен болған қалалар, бұзылған тағдырлар осы жылдарда мұсылмандар мен әлем халықтары үшін, өкінішке орай, таныс суреттерге айналды. Мұсылман бола тұрып, өз үйінде кәпір атанып, қырылып, мүлкі таланып, өз елінен тыс жерде мұсылман болғаны үшін лаңкес деп айыпталып жатқан мұсылмандардың жанайқайын қалай естімеуге болады?
Осындай жағдайда шынайы ислам мектебінде тәрбиеленген жастар зорлық-зомбылық көргендерге көмектесуге аттанды. Өйткені, шынайы ислам мәдениетінде зұлымдықтың алдында үнсіздік танытып, жапа шеккен адамның көмек сұрап шақырған айқайына көңіл аудармау қатты сыналған. Алла Тағала Құранда: «Сендерге Алла жолында соғыспайтын не болды? (Меккедегі) шамасыз ерлер, әйелдер және балалардан: “Раббымыз! Бізді осы тұрғындары залым кенттен шығар! Және бізге өз қасыңнан бір ие пайда қыл. Әрі өз қасыңнан бір көмекші қыла көр” дейтіндер бар (Ниса сүресі, 75-аят)»,-дейді. Сонымен қатар хазірет Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с.) айтқандай: «Алла Тағала «Өзімнің ұлылығыммен ант етемін. Залымнан осы дүниеде де, ана дүниеде де кек аламын. Жапа шеккен адамды көріп, оған көмектесе алса да, көмектеспеген адамнан да кек аламын»,-деген. Осындай мықты сенім тірегімен Иран, Ливан, Ауғанстан сияқты исламның әртүрлі елдерінің еркін мұсылмандары Қасиетті кесенелерді қорғаушылар ретінде Сирия мен Иракта жапа шеккен халықтарға көмектесуге асықты. Олар интеллектуалдық және физикалық көмектер беріп, тәжірибе алмасу арқылы мұсылмандардың жаны мен намысын әлемнің ең жабайы лаңкестерінен сақтап қалуды көздеді.
Бұл еркін мұсылмандардың неліктен Қасиетті кесенелерді қорғаушылар атанғаны туралы мынадай рауаят бар. Ол Мұхаммед пайғамбарды (с.ғ.с.) жақтаушылардың ғашық жүректерінен бастау алады. Пайғамбар: «Мен сендердің араларыңда екі нәрсе қалдырамын. Егер соларды үнемі ұстап тұрсаңыздар, ешқашан адаспайсыздар: біріншісі – Құран кітабы, екіншісі – ұрпағым. Уа, халайық! Тыңдаңыздар! Мен сіздерге жеткіздім. Сіздер мен отырған хауыздың жанына келесіздер. Сонда сіздерден осы екі құнды нәрсені, яғни Алланың кітабы мен ұрпағым туралы сұраймын»,-деген. Соңғы пайғамбар әулетінен қалған адамдар осы екі нәрсеге қатысты барлық естеліктерді жан-тәнімен қорғайды. Сондықтан оларды «Қасиетті кесенелерді қорғаушылар» деп атайды. Кербала, Сумейра мен Каземиндегі пайғамбар ұрпағының кесенелері, Дамасктағы Фатима Захраның қызы хазірет Зейнептің кесенесі мен хазірет Руқайенің кесенесі тәкфиршіл даиштықтардың қоқан-лоққысына ұшырағаннан кейін Аһл-е бейтті сүюшілердің қайраттылары жандарын шүберекке түйіп, Аһл-е бейттің қасиетті кесенелерін кез келген теріс әрекеттен қорғап келеді. Бұл адамдар өмір бойы өздерінің мінез-құлықтары мен іс-әрекеттерін Құран және Аһл-е бейтпен бағалап, кемелденген. Сондықтан, олар енді Қасиетті кесенелерді қорғаушылар деген атқа ие болып отыр. Ирандық шәһид Мохсен Ходжаджи Қасиетті кесенелерді қорғаушылардың бірі болды.
Соңғы пайғамбар: «Халық залымды көріп, оны тоқтатпаса, Алла Тағала баршаны азапқа салады деп күтіледі»,-деген. Хазірет Әли (ғ.) «Наһдж ул-Балағе» еңбегінде: «Дұшпанға ілгерілеуге рұқсат бермеу керек. Оларды шекарадан тыс жерде жер жастандыру қажет. Өйткені, дұшпанмен өз үйіңде соғысу өте ауыр әрі шығыны зор болады»,-деп сан рет айтқан. Хазірет Әлидің (ғ.) осы дана кеңесі бүгінде бүкіл әлемде күрес жүргізудің басты стратегияларының бірі саналады. ДАИШ әу бастан Иранды өз мақсаттарының бірі ретінде қоқан-лоққыларының нысанасына алып, Иранға
соққы беруге бар күшін салды. Алайда осы уақытқа дейін бұл жолда сәттілікке қол жеткізбеді. Соғыс пен тынышсыздық жайлаған аймақта қауіпсіздігін сақтауы Иранның аймақ елдерінің үкіметтері мен халықтарының өтінішімен өз шекараларынан тыс жерде майданға қатысуының нәтижесі болып отыр. Иран қазіргі қауіпсіздігі мен мерейін өздерінің тыныш үйлері мен туған-туысқандарынан қол үзіп, Иранның әйелдері мен балаларының қауіпсіздік пен тыныштықта өмір сүруі үшін қырағылық және ержүректікпен майданға аттанған жауынгерлерге қарыздар. Ирандық жауынгерлер Ашура мектебінен тәлім алған.
Ирандың жас шәһид Мохсен Ходжаджи – имам Хосейннің (ғ.) мектебінде берілген дұрыс діни тәрбиенің жемісі. Ол жеткіншек шағынан бастап мәдени белсенділіктермен қатар қайырымдылық жасаумен де айналысқан. Ол еріктілер тобымен бірге Иранның кедей аймақтарындағы мұқтаждықтарды жоюға атсалысқан. Шәһид әлемнің кез келген жерінде әділетсіздікке қарсы күресуді аңсаған. Үйленер алдында да әйелінен бақыт пен шәһидтікке жету жолында көмектесуді сұраған. Ата-анаға құрмет көрсету, жанұяны сүю, тақуа болу, күнәлардан алшақ болу, өзін пида етуге дайын болу, халықтың кем-кетігі мен кедейшілігін жою және мәдениетін жоғарылату, дін мен Аһл-е бейттің тағылымдарын тарату және насихаттау – осының барлығы оның қысқа да жемісті ғұмырында болған. Мохсен әдемі өмір сүрді. Одан да әдемірек дүниеден озды. Бастан айырылған денесімен басынан айырылған имам Хосейнді (ғ.) көруге мұрсат алды.