Раби ул-сани айының 10-шы жұлдызы – хазірет Масуменің дүниеден озған күні
(last modified Thu, 28 Dec 2017 13:03:20 GMT )
Жел 28, 2017 19:03 Asia/Almaty
  • Раби ул-сани айының 10-шы жұлдызы – хазірет Масуменің дүниеден озған күні

Хазірет Фатима-Масуме Аллаға құлшылық етудің арқасында жоғары рухани орынға жетіп, берекеге толы өмірі кезінде де, дүниеден озғаннан кейін де адамгершіліктің үлгісіне айналды.

Бүгін раби ул-сани айының 10-шы жұлдызы – хазірет Фатима-Масуменің дүниеден озған күнінің жылдығы. Қадірлі бану ағасын көруге асығып, Марв жеріне жолға шығады. Бірақ, көптеген оқиғаға толы сапарында ол мақсатына жетпей, Құм қаласын мәңгілік мекені ретінде таңдайды.

Құм қаласындағы хазірет Масуменің кесенесі

Шынайы кемелдік пен бақытқа Аллаға деген шынайы иман мен Алланың бұйырықтарына сай  адал амал арқылы ғана жетуге болады. Бұл мәселеде әйелдер мен ерлердің арасында айырмашылық жоқ. Ер мен әйелдің физикалық және рухани тұрғылардан айырмашылығы байқалғанымен, Аллаға жақындататын кемелдік пен бақытқа жету тұрғыларынан ешбір айырмашылықы байқалмайды. Яғни, Жаратушыға деген иман мен құлшылық етудің арқасында әйел де, ер де  Құдайға бірдей жақындай алады. Алла Тағала "Наһл" сүресінің 97-ші аятында: "Ер немесе әйелден кім сенген бойда түзу іс істесе, әлбетте оны жақсы тіршілікте жасатамыз. Әрі оларға істеген істерінен жақсырақ сыйлық береміз",- деп айтқан болатын.

Тарих бойында көптеген әйелдер Алла жолындағы талпыныстарымен білім мен ғылымның және иманның жоғары деңгейіне жетті. Олардың кейбіреуі туралы адамдарға  үлгі ретінде Құранда баяндалды. Мұндай әйелдердің бірі – хазірет Исаның анасы хазірет Мәриәм. Алла Тағала "Әли-Имран" сүресінің 42-ші аятында хазірет Мәриәмнің пәк және адалдығына куәлік етіп: "Әй, Мәриәм! Шәксіз, Алла сені таңдады, тазартты және әлемдегі әйелдерден ардақты қылды»",- деді.

Әйелдердің келесі үлгісі – Перғауынның әйелі, Мазахемнің қызы – Әсия. Бұл бану хазірет Мұсаның сиқырларға қарсы мұғжизасын көрген кезде жүрегі илаһи нұрға толып, хазірет Мұсаның пайғамбарлығын қабылдады. Бірақ Перғауынның өзі оның иманынан хабардар болғанша, иманын білдірмеді. Перғауын Әсияның иманы туралы білген кезде оның аяқ-қолын шегелеп, ыстық күннің астында қалдырып, кеудесіне үлкен тас қоюды бұйырды. Бұл қаһарман әйел өмірінің соңғы сәттерінде: "Уа, Алла! Мені Перғауын мен оның істерінен құтқарып, жаннаттан Өзіңнің қасынан жер бере гөр",- деп тіледі. Құран аяттары бойынша Алла Тағала оның дұғасын қабыл етіп, тілегін орындады.

Кемелдікке жетіп, Аллаға жақындаған ең қадірлі әйелдердің бірі – хазірет Фатима-Масуме. Ол екі имамның, яғни әкесі имам Мұса бен Джафар (ғ.с.) мен ағасы имам Реза (ғ.с.)-ның тәлім-тәрбиесін көруімен бірге, өзі де Жаратушыға жақындау үшін көптеген талпыныс жасады. Хазірет Масуменің теңдессіз тұлғалардың бірі болғанын өмірінен алынған оқиғалардың бірінен байқауға болады. Күндердің бірінде пайғамбар әулетінің бір топ жақтасы имам Казем (ғ.с.)-ға діни мәселелерге қатысты сұрақтарын қою үшін Мединеге келеді. Олар Мединеге келіп, имам Казем (ғ.с.)-ның үйіне қарай бет алады. Бірақ, хазіреттің үйіне жеткен кезде ол кісінің сапарға кеткенін естиді. Имамды көрмегендері және сұрақтарына жауап алмағандары олардың сапарда көрген қиындықтарын екі есе арттырып, қайғыға батады. Олар қайтпақ болады. Ол кезде әлі кішкентай қыз болған хазірет Масуме олардан сұрақтарын айтуды сұрайды. Сұрақтарды естіп, ол әр сұраққа жауабын жазып, хаттарды келген адамдарға тапсырады. Кішкентай қыздың өздерінің сұрақтарына жауап беруі керуеншілерді таңғалдырады. Керуеншілер қайтып бара жатқан кезде жолда имам Мұса Казем (ғ.с.)-ды көріп, хазіретке қарай асығып, оқиғаны баяндап, кішкентай қызының жауаптары жазылған хаттарды көрсетті. Имам Казем (ғ.с.) хатты ашып, қызының жазуын көріп: "Мұндай қызы үшін әкесі құрбан болады",- дейді.

Адам Аллаға құлшылық етіп, илаһи көмектің арқасында жоғары орынға жете алады. Имам Садық (ғ.с.) бұл туралы: "Аллаға құлшылық ету – болмысы басқа жаратыластарға әсер ететін гауһар тас",- деген болатын. Хазірет Фатима-Масуме Аллаға құлшылық етудің арқасында жоғары рухани орынға жетіп, берекеге толы өмірі кезінде де, дүниеден озғаннан кейін де адамгершіліктің үлгісіне айналды. Хазірет Масуменің ерекшелігі материалдық және өмірдің сыртқы көріністеріне байланысты емес, рухани өміріне байланысты.  Мысал ретінде Сафави билігі кезіндегі әйгілі философ Молла Садроны атауға болады. Ол: "Философия саласында мәселемен кезіккен сайын оны шешу үшін Каһактан Құмға жаяу келіп, хазірет Фатима-Масуменің қабірінің қасына барып, көмек сұрайтынмын. Сөйтіп, мәселемді шешіп, Каһак аулыма оралатынмын",- дейтін. Бұл хазірет Масуменің айбындылығы мен оның Ұлы Алланың шексіз рақымына жақын болуының белгілері саналады. 

Хазірет Масуменің рухының айбындылығы мен рухани жоғары орынға ие болуына жағымды мінез-құлқы мен сабырлығы, төзімділігі мен Алла жолындағы табандылығы, сондай-ақ илаһи бұйрықтарға бағынуы себеп болды. Хазірет Масуме өзінің қысқа өмірінде осындай және осыған ұқсас сипаттарға ие болды. Хазірет Масуме өзінің жанұясымен Аббаси әулетінен көптеген зұлымдық көрді. Соның ішіндегі ең үлкені әкесі имам Мұса Каземнің қамауға түсіп, Харун әр-Рашидтің азаптарынан Бағдаттың абақтысында  шәһид болуы, содан кейін ағасы имам Реза (ғ.с.)-ның Мединеден Марвке қоныс аударуға мәжбүр болуы болды. Бұл оқиғалардың әр біреуіне төзу хазірет Масумеге өте ауыр тиді. Бірақ, ол Аббаси халифаларының оның басына түсірген қиындықтарына сабыр сақтауымен бірге, ғылыми және діни  жұмыстармен айналысып, бауырларымен бірге саяси-қоғамдық қозғалыстарға қатысып, күреске шығып, қоныс аударуды қалыптасқан жағдайға наразылық білдіру ретінде қабылдады.

Хазірет Масуме хиджри қамари жыл санағы бойынша 201 жылы Алавиттер мен өзінің бауырларынан құрылған керуенді басқарып, Иранға қарай жолға шықты. Бұл иманы жоғары бану жолында кездестірген әрбір қала мен ауылда  мұсылмандарға өз ағасының зорлық-зомбылық көруі мен жат жерде өмір сүруін және өзі мен пайғамбар әулетінің басқа мүшелерінің Аббаси әулетінің билігіне қарсылық білдіруі туралы баяндады. Бұл мәселе үкіметтің ашуына тиіп, хазірет Масуменің керуені Саве қаласына кірген кезде пайғамбар әулетінің бір топ қарсыласы үкіметтің қолдауымен керуеншілермен бетпе-бет келді. Теңсіз қақтығыста керуендегі барлық ер адам шәһид болды. Бұл жан түршіктірерлік оқиға хазірет Масуменің науқастануына себеп болды. Хазірет Масуме аурудан әлсіреген жағдайда: "Мені Құм қаласына апарыңдар. Өйткені, әкемнен "Құм қаласы шиіттеріміздің орталығы болады" деген сөзді естігем",- дейді. Құмның ақсақалдары бұл хабарды естіген кезде хазірет Масумені күтіп алуға асығады. Хазірет Масуме хиджри қамаридың 201-ші жылының раби ул-аууал айының 23 күні Құм қаласына кіріп, ол жерде 16 күн өмір сүріп, ауруының асқынуы салдарынан дүниеден озды. Хазірет Фатима-Масуме Құм қаласында жерленді. Хазірет Масуме жерленген мекен пайғамбар әулетінің жақтастары жиналатын мекенге айналды. Хазіреттің берекесімен қазіргі таңда Құм қаласы Ислам мен Пайғамбар әулеті ғылымдарының үлкен орталықтарының бірі саналады. Исламдық ғылымдарды менгергісі келген адамдар әлемнің әртүрлі жерінен Құм қаласына келіп, сол жердегі діни оқу орындарында оқиды.

Әлемнің барша мұсылмандарына көңіл айтып, назарымызды хазіреттің нұрлы кесенесіне бұрып, сәлем мен салауат жолдап: "Сәлем саған Фатима – Мұса бен Джафардың қызы әрі оның үміті. Сәлем саған – пәк, қайырымды, иманы мен беделі жоғары бану",- дейміз.  

 

 

Тегтер