Хазірет Зейнаптың туған күнінің жылдығы
Мейірім мен адалдықтың қайнар көзі, пәктіктің, қарапайымдылық пен сабырдың үлгісі – Зейнап шиіттер тарихының зейнеті; жаратылыстың зейнеті, әкесінің зейнеті. Ол – барлық жақсылықтар мен ізгіліктердің айнасы; шарапат пен пәктіктің үлгісі; ұлы әйел.
Бүгін – Исламның ұлық пайғамбарының немересі хазірет Зейнаптың туған күнінің жылдығы. Хиджри қамаридің алтыншы жылының осындай күні хазірет Әли (ғ.с.) мен хазірет Фатима (ғ.с.)-ның үйі пәк перзенттің нұрына бөленді. "Зейнап" – Исламның ұлық пайғамбары сәби үшін таңдаған есім. «Зейнап» «әкесінің зейнеті» деген мағынаны білдіреді. Бұл есім сол қыздың хазірет Әли (ғ.с.)-ның алдындағы жоғары орнын көрсетеді.
Хазірет Зейнап өмірін бақыт пен кемелдіктің ортасында бастады. Күн сайын әкесі хазірет Әли (ғ.с.)-ның білімі мен шешендігінен үйреніп, рухы анасы хазірет Фатима (ғ.с.)-ның мейірімге толы етегінде тыныштыққа бөленді. Мұндай жағдай хазірет Зейнап үшін илаһи ғылымдармен танысып, ахлақи ерекшеліктерді түсіну үшін жақсы мұрсат болды. Ол шамамен алты жасында анасы хазірет Фатима (ғ.с.)-ның мағынасы терең толық құтпасын жатқа білді. Бұл пәк ортада тәрбиеленген қыз баланың ақылы мен терең ойының анық белгісі болды. Хазірет Әли (ғ.с.) Куфеде орналасқанына бір жыл толғаннан кейін білім алғысы келген әйелдер мен қыздар хазіретке: «Біз сіздің қызыңыз хазірет Зейнаптың анасы хазірет Фатима-Заһра сияқты білімнің қайнары екенін, әртүрлі ғылымдарды меңгергенін естідік. Егер рұқсат етсеңіз, сол кісінің білім бұлағынан пайдаланайық»,- деген жолдау жіберді. Хазірет Әли (ғ.с.) қызына Куфенің мұсылман әйелдеріне білім беріп, олардың білім мен діни мәселелерін шешуге рұқсат берді. Хазірет Зейнап өзінің әзірлігін жариялап, бастапқы кездесулерден кейін олар үшін Құран тәпсірі сыныптарын ашып, сұрақтарына мейіріммен жауап берді. Хазірет Зейнап көкесінің ұлы Абдолла бен Джафарға тұрмысқа шықты. Абдолла араб байларының бірі еді. Жоғары ойларға ие хазірет Зейнап өмірін тек материалдық мәселелермен шектемеді. Ол еш уақытта және ешбір жағдайда шындықты залымдардың қоғамына құрбан етуге болмайтынын үйренген болатын. Осыған орай ағасы имам Хусейн (ғ.с.)-ның дінді жандандыру және адамды кемелдікке жеткізу қозғалысын қолдап, қоғамды өзгерту жолына түсуге шешім қабылдады. Хазірет Зейнап тұрмыс құрған кезде жұбайы Абдоллаға өмір бойы ағасы Хусейн (ғ.с.)-ның қасында болуды шарт етіп қойған болатын. Абдолла Зейнаптың шартын қабылдайды. Сөйтіп, хазірет Зейнап имам Хусейн (ғ.с.)-ның Мединеден Кербалаға жасаған тарихи сапары кезінде ағасымен бірге болып, мәңгілік Кербала оқиғасы кезінде Омеядтардың залым басшысы Язидке қарсы шықты.
Әдептілік пен сауаттылық – өмірде ақыл менпарасаттылықтың критерийі. Жүректің қаралығы мен қараңғылығын кетіретін факторлар адамның болмысындағы нұр мен жарықты арттырады. Хазірет Зейнап әдептілік сабағын имамат мектебінен үйреніп, өз ата-анасының сөздерін шын жүрегімен қабылдады. Оның сөзі мен амалдары достық пен мейірімділікті білдіріп, әділ әрі әдепті болып, әйелдердің көбі хазіретпен сөйлескен теңдессіз ахлағына таңғалып, қызығып, ұнататын. Хазірет Зейнаптың өмірі ислам тағылымдарын сақтап, жаңғырту болғанымен, мұның барлығы Аллаға бағыну мақсатында жасалды. Оның ғибадаттары да ерекше орынға ие болды. Хазірет Зейнап түндерінің көбін Құран оқып өткізетін. Имам Саджад (ғ.с.): "Апам Зейнап Куфеден Шамға дейінгі жол бойы уәжіп және мұстахаб намаздарын орындады",- деп есіне алатын. Имам Хусейн (ғ.с.) өзі де илаһи әрі пәк тұлға бола тұра, қарындасымен қоштасқан кезінде: "Қарындасым, мені түнгі намазыңның дұғаларында еске алуды ұмытпа",- деген. Бұл хазірет Зейнаптың құлшылықтың биік деңгейлеріне жеткенін білдіреді.
Хазірет Зейнаптың келесі маңызды сипаттарына жанкештілігі мен жомарттығы жатады. Күндердің бірінде хазірет Әли (ғ.с.) үйіне мұқтаж адамды ертіп келіп, қызы хазірет Фатимадан: "Үйде қонағымызға беретін тамақ бар ма?" деп сұраған кезде, қызы Зейнапқа қалдырған тамағынан басқа еш нәрсенің жоқ екенін айтады. Сол кезде 4 жастағы Зейнап анасына: "Анашым, тамағымды қонаққа беріңіз",- депті. Хазірет Әли (ғ.с.)-ның қызының жанкештілігі Ашура күні анық көрінді. Деректер бойынша, Ашура күні қасында Мұхаммад пен Ауын деген балалары болғанына қарамастан, хазірет Зейнап имам Хусейн (ғ.с.)-ның қасына келіп: "Бабам Ибрахим баласы Исмаилдың орнына Алладан жіберген құрбандығын қабылдады. Ағашым, бүгін мына екі құрбандықты қабыл ет. Егер әйелдерге жиһадқа шығуға тыйым салынбағанда, мың рет жанымды қиып, сағат сайын мың рет шәһид болуды сұрайтын едім",- деді.
Хазірет Зейнаптың өмірінің ең маңызды әрі ең жарық кезеңі деп шәһидтер басшысының қасында махаббат пен шаһадаттың куәсі болған кезеңді айтуға болады. Негізінде хазірет Зейнапты жақсы түсіну үшін Ашура тарихы мен Исламның ұлық пайғамбары әулетінің тұтқынға түскен кезеңін зерттеу қажет. Сол кезеңнен ұлы банудың мистикалық болмысы мен Жаратушыны жақсы тануы анық көрінді.
Мысырдың танымал жазушысы әрі "Кербала бануы" деген кітаптың авторы доктор Аиша Бент әл-Шатати: "Зейнап – білім мен батылдық, түсінік пен даналық, рухани құдырет пен жағдайды дұрыс анықтайтын адамның ең жоғары үлгісі. Ол мойынына алған кез келген қоғамдық міндетті жақсы орындайтын. Хазірет Зейнап жарқыраған бес күннің көзінің нұрына бөленген және соның әрқайсын дұрыс пайдаланып, әлемге өз жарығын қосқан айдың өзі. Пәк қан, пәк тамыр, пәк сүт, ұлы тәрбиешілер, адамзаттың ең үлкен көтерілісіне қатысу, әртүрлі оқиғалар мен әлемдік өзгерістерді бастан өткеруі хазірет Зейнапты адамгершілік негіздердің үлгісі болатындай етіп тәрбиеледі",- деп жазды.
ИИР хазірет Зейнаптың туған күнін "Мейірбикелер күні" деп атады. Өйткені, хазірет Зейнап өз кезінің имамы хазірет Зейн әл-Абидин (ғ.с.) мен пайғамбар әулетінің жаралылары мен зардап шеккендерін күтіп, оларға қызмет еткен болатын. Хазірет Зейнап имам Хусейн (ғ.с.) қозғалысының жолдауын жеткізуімен бірге Кербала кезінде жаралыларға көмектесіп, қиындықтарға төзіп, діні мен діни басшысына табандылық білдірді. Науқасты күту – ауыр міндет. Күтуші қиындықтардың алдында сабыр сақтауы керек. Науқасты күту әрбір адамның қолынан келетін іс емес. Хазірет Зейнап – олар үшін үлгі. Хазірет Зейнаптың дәрежесінің жоғарылығы сондай, туған күні мейірбикелер күні деп аталды.