Малайзия мен Индонезиядағы ваххабизмнің ықпалына шолу
Сауд Арабиясының королі Малек Салманның жуырдағы Малайзия мен Индонезияға жасаған сапары түрлі топтардың назарын бәрінен бұрын ваххабизмнің Оңтүстік-шығыс Азия аймағында, әсіресе осы екі елде кең етек жаюына аудартты. Бұл бағдарламамызда ваххабизмнің Малайзия мен Индонезияда етек жаюын қарастырамыз.
Малайзиядағы көптеген топтар бұл елде ваххабизм өте шынайы әрі есептелген түрде етек жайып жатыр деп санайды. Олардың пайымдауынша, ваххабизмнің басқа елдерде діни мекендер, саяси және исламдық топтарды пайдаланып ықпал етуіне қарамастан, Малайзияда бұл құбылыс білім беру орталықтарына, атап айтқанда білім беру және тәрбие орталықтары, сот органдары мен мемлекеттік мекемелерге ықпал ету арқылы етек жаюда. Сол себепті Малайзиядағы ваххабисттердің әрекеті мен үгіт-насихаттары қатты сезілмейді. Сондықтан түрлі топтар бірнеше рет Малайзиядағы ваххабистердің үгіт-насихаттарының салдарлары туралы ескерту жасаған болатын.
Саяси мәселелер жөніндегі сарапшы профессор Ахмад Фузи Абдулхамид: "Ваххабистердің талпынысы мен Сауд Арабиясының Малайзиядағы ваххабизм идеологиясының таралуы мен оған ынтыландыруға бағытталған әрекеттері өте алаңдатарлық. Себебі ,Сауд Арабиясы тарапынан бастау алатын әсірешілдік пен ваххабизм Малайзияның мемлекеттік мектептері мен бұл ел қоғамының түрлі топтары арасында кең етек жайып жатыр. Малайзиядағы жоғары оқу орындары да ойлау өрісі тұрғысынан осыған ұқсас түлектерді тәрбиелеп шығаруда",- деді.
Бұл жағдай ваххабизмнің бауырымен жорғалаушы секілді Малайзияның білім беру жүйесі мен сот билігі секілді осы елдің маңызды әрі қуатты органдарымен әріптесе отырып, өз орнын нығайтуына себеп болды. Малайзиядағы діни үлемдер осы мәселе жайлы ескерту жасайтын маңызды жайттардың бірі осы елдегі ваххабизмге тәуелді топтардың исламдық мәтіндерді әсірешіл көзқарас тұрғысынан тәпсірлеуі саналады. Көптеген жағдайда бұл Малайзиядағы қанды әрі діни сипаттағы зорлық-зомбылыққа ұласып жатады. Малайзиядағы соңғы жылдары шиіттерге қарсы жасалған шабуылдарды дәл осы мәселе тұрғысынан қарастыруға болады. Бұл малай мәдениті жан тыныштығы, зорлық-зомбылықтан бас тарту, діни ұстамдылық пен бейбіт өмір сүру қағидаларымен етене араласқан жағдайда орын алып отыр. Сондықтан Малайзияның мәдени және мазхабтық құрылымдарын бұзуға бағытталған ваххабизм идеологиясы ықпалының салдары қатты алаңдаушылық тудырып отыр.
Малайзиядағы саяси мәселелер жөніндегі сарапшы Абдулмуталиб Абдурахман былай дейді: "Куала-Лумпур үкіметі ваххабизм ағымы тағылымдарының таралуының алдын алу үшін шындап іске кірісуі тиіс. Малайзия үкіметі алдын-алу әрекеттері арқылы ақша мен жақсы мүмкіндіктер үшін Сауд Арабиясының баяндамашысына айналған осы елдегі жергілікті топтар тарапынан ваххабизмнің бүлдіргі идеяларының етек жаюына тосқауыл жасауы керек".
Малайзияның Негери-Сембилан штатының мүфтиі ваххабизм ағымының тағылымдары мен оларды ұстануды харам деп жариялады. Себебі, бұл сүниттік тағылымдарға толығымен қайшы келеді. Перлис штатының сүниттері, Джохор қаласының сүниттік қозғалысы, Паханг қаласының сүниттік ағымы мен жалпы сүниттік ағымды ұстанушылар секілді топтар мен ағымдар Сауд Арабиясының қаржылай демеуімен Малайзиядағы ваххабизм идеологиясын таратып жатқан Негери-Сембилан штатындағы жергілікті топтардың қатарын құрайды.
Өткен жылы Малайзияда билеуші партия саналатын Біріккен малай ұлттық ұйымы (UMNO) атты партия басшыларының бірі Мұхаммад Асри Зейнолабедин Перлис штатының мүфтиін ваххабизмді тарату мақсатында мемлекеттік қызметін асыра пайдаланды деп айыптап: "Егер осындай әрекеттердің алдын алмайтын болсақ, болашақта Малайзия ваххабистердің бұл елді секталарға бөлу арқылы көздеп отырған діни зорлық-зомбылықтармен бетпе-бет келеді",- деп мәлімдеді.
Индонезияда да соңғы жылдары ваххабизмнің бұл елге ықпалын арттыруға жасап жатқан талпынысына байланысты діни зорлық-зомбылық жайттарының пайда болуына қатысты алаңдаушылықтар артқан. Ислам дінінің Оңтүстік-шығыс Азия аймағына, әсіресе Индонезияға мұсылмандардың жақсы ахлағы арқылы енуіне байланысты бұл мемлекеттің халқы әрдайым бейбітшілік пен тыныштықта өмір сүріп келген. Сол себепті ваххабисттердің Индонезиядағы құрал мен қаруларының бірі ретінде халықтың көңілін өзіне аудару үшін қаржылай және медициналық көмек беретін қайырымдылық қорларды пайдалануды атауға болады. Сонымен қатар, жастарды өз қатарына тарту үшін білім беру орталықтарын құру мен ваххабистік тағылымдарды үйрету саудиялық басшылардың Индонезиядағы бағдарламаларының қатарын құрайды. Олар Индонезияның жастарын Сауд Арабиясына оқуға жіберіп, олардың әсірешіл мүфтилер тарапынан білім алуы арқылы Индонезияда әсірешілдікті таратуды көздеп отыр. Бұл Индонезия халқының діні, салт-дәстүрі мен ұлттық мәдениетінің салафиттік-ваххабистік тағылымдармен мүлдем үйлеспеуімен қоса, негізінен Аһле бейт (ғ.с), кесене мен мазарларға зиярат жасау, діни мадақ айту секілді жағдайларға жалпы қарсы емес жағдайда орын алып жатыр.
Индонезияның сарапшысы Шейх Сахиб Хаббали: "Өкінішке орай, ваххабизм Индонезия халқының қарапайымдылығын теріс пайдаланып жатыр. Индонезия халқының кейбір бөлігі біреудің Мекке мен Мәдинеден келгенін естігенде, оған қатты құрмет көрсетіп, оның барлық сөздерін дін өкілі ретінде мүлтіксіз қабылдайды",- дейді.
Ваххабистердің соңғы жылдары Индонезияда өз ықпалының етек жаюы үшін жасап жатқан іріткі сипаттағы талпыныстарының бірі шиіттерден үркіту болып табылады. Ваххабисттер Сауд Арабиясындағы өз орталықтары мен ондағы индонезиялық түлектерін пайдалана отырып, «шиіттер кәпір, оларды мүлдем мұсылман қатарына жатқызуға болмайды» деген көзқарасты халықтың арасында таратып келеді. Шиіттердің беделіне нұқсан келітіріп, Индонезияда қайшылықтардың пайда болуына бағытталған ұйымдасқан әрекеттер орын алып жатыр. Сол себепті Индонезияның үлемдері осы елдегі ваххабистердің іріткі сипаттағы қастандық әрекеттері мен сұм мақсаттарын бейтараптандыру мақсатында өз халқын әлемдегі шиіттердің ахлақтық болмысымен таныстыруға байланысты ауыр жауапкершілікті мойындарына алған.
Индонезиядағы саяси істер жөніндегі сарапшы Фабри Нуран былай дейді: "Индонезияда ваххабистер қауымдастығын анықтау қиын. Себебі, олар өздерін таныстырмай-ақ қоғамның дәл ортасында ықпалын нығайтуда. Олар өз тыңдармандары мен оқырмандарын алдайды. Олар мектептерде, тіпті мемлекеттік органдарда өз ықпалдарын орнатқан. Ваххабистер өте қатты белсенділік танытып жатыр. Олардың бұл іске арналған бюджетінің көлемі өте жоғары және соның бәрін осы мақсатта жұмсайды. Олар мәдени бағдарламалар мен шаралар дайындап, оларды іске асырып, халықты өздерінің жиындары мен орталарына шақырады. Олармен күресу үшін халықтың қырағылығы мен хабардарлығы қажет".
Қалай болғанда да Сауд Арабиясы Йеменге шабуыл жасап, бұл мемлекеттің мазлұм халқын өлтіріп, Сирия мен Ливандағы лаңкестерге жаппай қолдау көрсету арқылы Ислам әлеміне іріткі салып, оны әлсірету үшін әлемдік үстемшілдікке бағытталған жоспарларды қадағалап отыр. Лаңкестерге қаржылай және қару-жарақ тұрғысынан қолдау көрсетумен қатар, Сауд Арабиясы мен ваххабизм саналық және рухани тұрғыдан да ваххабизмнің лаңкестіктің түп тамыры ретінде кең етек жаюы үшін үлкен секіріс жасауды көздеп отыр.
Діни медреселер, мешіттер, университеттер мен қайырымдылық қорларын ашу, білім беру мекемелерін пайдаланып, мемлекеттік органдарға ықпал орнату ваххабистердің Малайзия мен Индонезиядағы өз ықпалын арттыру және тарату мақсатындағы құралдардың қатарын құрайды. Бұл құбылыспен күресудің жалғыз жолы жалпы қоғамның қырағылығы мен Куала-Лумпур мен Джакарта үкіметтерінің онымен қатаң күресуі саналады.