Имам Реза (ғ.с.)-ның туған күнінің жылдығы құтты болсын!
(last modified Tue, 24 Jul 2018 17:41:54 GMT )
Шіл 24, 2018 23:41 Asia/Almaty

Әлемнің барша мұсылмандарын имам Реза (ғ.с.)-ның туған күнінің жылдығымен құттықтаймыз!

Бүгін – зул-каада айының 11-ші жұлдызы. Бүгін – Исламның ұлық пайғамбары хазірет Мұхаммад (с.ғ.с.)-ның әулетінен шыққан имам Реза (ғ.с.)-ның туған күнінің жылдығы. Мешхед қаласындағы имам Реза (ғ.с.)-ның қасиетті кесенесі безендіріліп, әлемнің түкпір-түкпірінен миллиондаған халық зиярат жасауға жиналады. Бұл жердің рухани кеңістігі жүректерді тыныштандырып, махаббат пен достыққа жігерлендіреді. Имам тірі болмағанымен ол жерге келген әрбір адамның көңілі жұбаныш табады.

Таиландтан келген зияратшы имам әр-Реза (ғ.с.) атындағы дарбазаның алдында айналасына қарап тұр. Үнсіз жылап, әрбір қараған жерінен бір белгіні көрді. Бұрын өзін осы жерде болғандай сезінді. Ол көрген түсін есіне алып, түсі өңіне айналды. Тасним Буа бұл мекенді осыдан бірнеше ай бұрын дәл осы түрде түсінде көрген болатын. Имам Реза (ғ.с.) оған: "Маған зиярат етуге келерден бұрын анаңа бар",- деген болатын. Таснимнің анасы – буддалық. Ол қызының мұсылманға тұрмысқа шыққанын қате санап,  Тасним ренжіп, анасымен қарым-қатынасын  үзген болатын.  Алайда имам Реза (ғ.с.) үшін оның анасының мұсылман немесе мұсылман еместігінің айырмашылығы болмады. Имам өзінің жақтастарына: "Ата-анаға, тіпті олар мүшрік болса да жақсылық жасау перзент үшін –уәжіп",- деген болатын. Бұл қыздың анасы Таиландтың солтүстік қалаларының бірінде өмір сүреді. Ол қала мен қыздың өзі өмір сүретін Бангкоктың арасы өте алыс. Бірақ қашықтыққа қарамастан Тасним мен жұбайы мейірімді имамның кеңесін орындауға шешім қабылдап, аналарын көруге барды. Имам Реза (ғ.с.)-ның мейірімділігі оның өмірінің нұрын арттырып, ол имамның қасиетті кесенесіне шақырылды. Ол қараңғыдан нұрға қарай шықты. Шерктен таухидке, күдік-күмәннен сенімге жетті. Тасним – жаңадан мұсылман болған адам. Оның зиярат кезіндегі көз жасы – ғашықтықтың көз жасы. Ол имам Реза (ғ.с.)-ның алтын күмбезінің алдында тұрып, имамға сәлем беріп:

"Сәлем саған, Алланың орынбасары! Сәлем саған,  Алланың нұры! Сәлем саған, діннің тірегі! Сәлем саған, адал шәһид! Сенің намаз оқып, зекет төлеуге шақырып, жақсылыққа жігерлендіріп,  жамандықтан жирендіріп, дүние салғанша Аллаға құлшылық еткеніңе куәлік етемін",- деп  зияратнаманы оқиды.

   *******************

Шакил Ахмад – Пәкістаннан келген зияратшы. Қасиетті кесенені айналған соң: "Имам Реза (ғ.с.)-ның кесенесін бірінші рет көргендегі сезімдей сезімді еш уақытта өзімнен байқаған жоқпын. Сол кездегі сезімімді сипаттай алмаймын. Бұл рухани сапар кезіндегі сезімді осы уақытқа дейін ұмытқан жоқпын. Мешхедке жасаған сапарым иманымды күшейтіп, шиіттердің мектебі мен имам Реза (ғ.с.)-ның айбынын бұрынғыдан көбірек түсінуге көмектесті",- деді.

Имам Реза (ғ.с.)-ның қасиетті кесенесі

Сохейл Асад имам Реза (ғ.с.)-мен орнатқан рухани қатынасы туралы: "Бұл мекенде имам түсінсін деп араб тілінде сөйлеудің қажеті жоқ. Имам Реза (ғ.с.) өз елінен бөтен жерге қоныс аударған. Сондықтан адамның жат жердегі жағдайын түсінеді. Мен Иранға келген кезде мұсылмандардың әдемі сезімін сезген бірінші мекенім имам Реза (ғ.с.)-ның кесенесі болды. Иран халқымен парсыша дұрыс сөйлесе алмағаныммен, хазірет Реза (ғ.с.)-мен жақсылап сырластым. Сол себепті имам Реза (ғ.с.) менің өмірімдегі ең маңызды әрі ең әсерлі адам болды",- деді.

       

Исламның ұлық пайғамбары әулетінің әр мүшесі – пәктіктің, білім мен ғылым, хикмет пен даналықтың белгісі. Алла елшісі олар мен қасиетті Құран кітабының бірге болуының бақыт пен әділетке себеп болатынын, екеуінің мәңгілік мұра екенін қуаттады. Имам Реза (ғ.с.) бұл туралы: "Имам – жарқыраған күннің көзі сынды. Қараңғы кезеңде оның нұры жердің түкпір-түкпіріне жетеді",- деген болатын.

Имам Реза (ғ.с.) хазірет Мұса бен Джафар (ғ.с.)-ның перзенттерінің арасындағы ең үлкені, ең білімдісі, ең  қасиеттісі және ең тақуа адам  болды. Ол әкесінен кейін имамат пен мұсылмандардың басшылығы міндетін атқарды. Имам Реза (ғ.с.) 20 жыл атқарған имамат міндетінің 18 жылын Медине қаласында өткізіп, ислам үмбетін дұрыс жолға нұсқады. Хазірет әкесінің шәкірттерін айналасына жинап, сабақ беру мен атасы имам Садық (ғ.с.) бастаған діни оқу орындарының жұмыстарын толықтырып, осы салада маңызды істерді атқарды. Имам Реза (ғ.с.)-ның Мәдинедегі жұмыстарының нәтижелері Хиджаздың барлық ғалымдары мен саяси және қоғамдық тұлғаларына әсерін тигізді. Хазірет материалдық және рухани салалар бойынша халықтың тірегі саналды. Мамун хазіретке тақ мұрагері болуды ұсынған кезде имам: «Менің бұл жерде тақ мұрагері болуым жағдайымды өзгертпейді. Өйткені, мен Мединеде хаттарым исламдық үкіметтің шығысы мен батысына жіберілген орында орналастым. Мединеде менен артық ешкім құрметті болған емес. Сондықтан кез келген талап-тілегі бар адам маған келіп, мен мүмкіндігіме қарай мұқтаждардың қажеттіліктерін қамтамасыз ететін едім»,- деді.  Имам Реза (ғ.с.) революцияшыл тұлға ретінде танымал болып, илаһи тағылымдарды қоғамда тарату  жолында халықты бірлік пен тілектестікке жақындатып, зұлымдықтан алыстатып, жақсылыққа шақырды. Имам халықтың дамуын иманы мен ахлағына байланысты санап: «Халықты материалды тұрғыдан қанағаттандыра алмайтындар жақсылықтары және мінез-құлықтарымен олардыңкөңілдерін көтеруге талпынуы қажет»,- деді.

Имам Реза (ғ.с.)-ның революцияшыл қозғалысы отбасы мен қоғамда тұрақтылық қалыптастырды. Бұл салада отбасы ортасындағы әйелдің маңызды рөліне тоқталуына болды. Имам: «Қиямет күнгі жағдай тұрғысынан сендердің араларыңдағы маған ең жақындарың өз отбасында жақсы мінезге ие адамдар болады»,- деген. Хазірет келесі бір сөзінде де: «Иман тұрғысынан ең жақсы адам болып, өз отбасында жақсылық жасайтын сналады»,- деген. Отбасында жақсы қарым-қатынас орнату, себепсіз қатаң ұстаным білдірмеу, перзенттерді дұрыс тәрбиелеу, халал тамақ табу, мүмкіндігіне қарай тұрмысты жақсарту – имам Реза (ғ.с.)-ның көзқарасы бойынша отбасына жақсылық жасауды көрсететін факторлар. Имам Реза (ғ.с.)-ның әйелі Сабике немесе Хизран өз уақытының беделді әйелдерінің бірі еді. Ол әрқашан имамның күресін, жалпы халықтың, әсіресе әйелдердің арасында разави мәдениетін тарату жұмыстарына атсалысты. Имам Реза (ғ.с.) басқа илаһи тұлғалар сынды өзін Алланың пендесі санап, өте қарапайым ұстады. Ол әрқашан Аллаға ғибадат жасады. Хазіреттің  жүрегі Аллаға деген махаббатқа толы еді. Имам ең негізгі ғибадат деп көп ойлану мен ақылды пайдалануды санады. Өйткені, ақыл мен ойланудың аясында әлемнің Жаратушысын танып, Оның алдында қарапайым болу мүмкін іс. Ғибадаттардың арасында имам намазға ерекше көңіл аударып: «Намаз – Аллаға жақындататын құрал»,- деген. Хазіреттің пікірінше,  аспандағы жұлдыздардың жарығы жерге түсетіндей,  түнгі намаз кезінде Құран оқылатын үйлердің нұры аспан мен аспандағыларға жетеді.

Имам Реза (ғ.с.) шындықты көрсету үшін әртүрлі ағымдармен пікірталас жүргізді. Пікірталастарда мықты дәлелдерімен Ислам дініне қарсы әртүрлі ағымдардың қателіктеріне көңіл аударды. Хазіреттің ағартушылық жұмыстары Ислам тағылымдарына сай болды. Имам кейде пікірталастың ортасында, адамдар жауаптар мен тұжырымдарға қанағаттанған кезде пікірталастан кетіп қалатын. Пікірталастардың біріне әйгілі ғалымдардың бірі Имран Саба қатысып, хазіретке әр түрлі сұрақ қояды. Имам Реза (ғ.с.) сабырмен оның барлығына жауап беріп, пікірталас жоғары толқынына жетіп, әйгілі ғалымның ішкі өзгерісі жақындаған кезде имам зуһур намазы уақытының  келген сезіп Мамунге: «Намаз уақыты келді»,- деп орнынан тұрып, намаз оқуға кетпек болады. Имран Саба: «Мырзам, сөзіңіз бен менің сұрақтарыма жауаптарыңызды тоқтатпаңыз. Менің жүрегім шындықты қабылдауға дайын»,- дейді. Имам оның сөзіне бағынбай: «Намазды оқып, пікірталасқа қайта ораламыз»,- дейді.

 

Тегтер